Шыжың

шыжың неден болады

Шыжың ауруы (энурез). Жас балалардың ішінде түнгі және күндізгі ұйқы кезінде төсегіне зәр сындырып қоятындары кездесіп қалады. Бұл әр түрлі жағдайға байланысты. Шыжың әр жастағы балаларда, кейде сирек болса да ересек адамдар арасында да ұшырап қалады. Статистикалық деректерге қарағанда шыжыңмен балалардың 23— 28,1 проценті ауырады екен. Әрине, бұд цифр дәл деп айтудан аулақпыз. Өйткені шыжың балаңың әке-шешесі жұрттан ұялып, оны дәрігерге көрсетуден қашқақтайды.    .

Балалар есейген сайын ішкі секреция және жыныс бездері дамып жетіле бастайды. Дене құрылыстары да, мінез-құлықтары да өзгереді. Осы кезеңге қарай кейбір балалардың шыжыңдығы емделмей-ақ жазылып кетеді. Мұндай балалар дәрігерге көрінбегендіктен деректерге енбей сырт қалып қояды.

Бірақ шыжыңды өздігінен жазылады екен деп ата-ананың үндемей, баланы дәрігерге көрсетпей жүре беруден аулақ болғаны жөн. Себебі, шыжыңдықтың бала есейген кезде де кетпейтіндігі жөнінде фактілер белгілі. Ол тек кейбір жағдайларда ғана тоқталуы мүмкін. Сондықтан төсекке зәр сындырып қоятын баланы ата-анасы міндетті түрде дәрігерге көрсетуі тиіс.

ІІІыжыңдық — ересек балалардың психологиялық ерекшелігне де ықпал ететін ауру. Шыжың бала қысылып, өзін өзгелерден кем санап, жора- жолдастарынан шеттеп жүреді, олармен қарым-қатынас жасамай, тұнжырап, оқшаулана береді. Мұндай балалар жазғы демалыс орындарына,  қонаққа да бара алмайды.

Шыжың ауруы баланың мінез-құлқын қатты өзгертеді. А. деген бала жастайынан осы ауруға шалдыққанды. Әке-шешесі: «ержеткен соң өзі-ақ жазылып кетеді» деп үміттеніп, дәрігерге көрсетпейді. Бала болса бір нәрседен сезіктенгендей өне бойы алаңдап жүретін.

Сабаққа үлгерімі нашарлап, жора-жолдастарымен араласпай, бөлек кететін. Егер үйіне бара қалсаң, келгеніңді жақтырмай, бір нәрселерді сылтауратып тез кетіп қалғысы келетін. Ол жатқан бөлмеден де жағымсыз иіс шығып тұратын. Мінез-құлқы өзгеріп, тұнжырап, ешкіммен араласпайтын, өзін бір кем адамдай сезінетін.

Балалар лагеріне, қонаққа бармайтын. Ол әскер қатарына да жарамсыз деп табылды және үйленіп, отбасылы да болып жарытпады. Мұның аса өкінішті жағдай екені белгілі. Әрине, егер баласын әке-шешесі дер кезінде дәрігерге көрсетіп емдетсе, ауру әлгіндей асқынып кетпеген болар еді.

Бұл ауру неден пайда болады деген сұрауға ғалымдар әр түрлі жауап береді. Баланың қатты шошынуынан нерв жүйесі бұзылып, ұйықтаған кезде мидағы зәр шығуын реттейтін «күзетші» бөліктің қызметі іске қосылмай қалады. Соның салдарынан бала ұйықтап жатып төсекке зәр сындырып қояды.

Екінші бір пікір бойынша оған қуық нервтерінің бұзылуы себеп болады. Үшінші болжам бойынша тұқым қуалау арқылы беріледі. Оған ауырған балалардың 40 процентінің әкесінің, не шешесінің жас кезде солай ауырғанын дәлел етеді. Несеп мүшелерінің ауруынан, сондай-ақ іште глистердің болуынан деген де пікірлер ұшырайды.

Қалай дегенмен де зәр жіберіп қоюға бірден-бір себеп — зәр шығуын реттейтін мидағы орталық бөлік қызметінің бұзылуы. Бала қатты қорқып шошығанда, ал кейбір жағдайда делбе (менингит), энцефалит және тағы да басқа аурулармен қатты ауырған кезде мидағы зәр шығуын реттейтін орталықтың қызметі бұзылып, бала ауруға шалдығады.

Сондай-ақ мұның өзі зәрді реттейтін орталықтың жақсы дамып, жетілмеуі салдарынан да болуы ықтимал. Оған дәлел кейбір балалардың шыжың болуы.

Мен қызмет көрсететін учаскедегі 850 баланың 14-і (ұл мен қыз аралас) түнде-төсегіне жіберіп қоятыны анықталды. Оның екеуі туған күннен төсегіне зәр сындырып қоятын болса, ал қалған 12 баланың бірі биіктен құлағаннан кейін, екіншісі жолда иттен қатты қорқып ауруға ұшыраған. Сондай-ақ екі-үш баланың әке-шешесінің өзара-қатынастарының жақсы еместігі, 5—6 баланың әкелерінің үнемі ішіп келіп отбасында ұрыс-керіс, жан-жал шығаратыны белгілі болды.

Кейбір ата-аналар баласының шыжыңдығын бетіне басып, ұялтып, ұрсып, кекетіп, ұрып-соғады. Әрине, бұл дұрыс емес. Мұның баланың психологиясына теріс әсер ететінін түсіну керек. Олай болса, шыдамдылық көрсетіп, баланың сырқатын жұртқа айтуға тыйым салынатындығын ұмытпаған жөн.

Дәрігер шыжыңдықтың не себептен болғанын анықтайды. Баланың анасының екі қабат кезінде қандай аурулармен ауырғанын, көңіл-күйінің қалай болғанын және бала қалай туғанын, оның туғандағы салмағы қандай болғанын сұрап біледі.

Сонымен қатар отбасындағы жағдай, оқитын болса, мұғалімдермен ара қатынасын толық сұрастырып, науқас баланың күндіз немесе түнде ұйықтаған кезінде ғана зәр жіберіп қоятынын, түнде қанша рет — түннің бірінші жартысында ма әлде екінші жартысында ма, міне осы жағдайларды егжей-тегжейлі сұрап, анықтайды.

Баланың зәр сындырып қоюына ішкен тамағының, сұйық заттың, ауа райының, жыл мезгілдерінің әсері бар ма? Сондай-ақ бір нәрсеге қысылып, қиналғанда, телевизор, кино көріп отырып күйзелгенде әлде басқа аурулармен ауырған кезде шыжыңдық жиілей ме, жоқ па, міне оны да білгеннің артықтығы жоқ. Дәрігер осының бәрін толық сұрап, аурудың неден болғанын анықтайды.

Қашан болса да аурудың алдын алған жөн. Оны бала құрсақта жатқан кезден — гигиенаны, тамақтану, еңбек ету режимін қатаң сақтаудан, еңбек пен демалысты дұрыс үйлестіруден бастайды. Демек, екі қабат ананың тамақты дұрыстап ішіп, көңіл-күйінің сергек болғаны да дұрыс. Сөйтіп «шыр» етіп бала жарық дүниеге келгеннен бастап оның денсаулығының зор болуына бар мүмкіндікті жасап отыру керек.

Нәресте жөргегін зәрімен сулап қойған кезде, дереу астын құрғатып, таза жөргекпен алмастырыңыз. Ал түбекке отырғызған күннен бастап баланы белгілі сағаттарда (қуығы зәрге толған кезде) отырғызып үйреткен қолайлы. 2 жастан, кейбір балалар одан да ертерек өз бетінше түбекке отыра бастайтындықтан, оның кереуетінің жанында үнемі түбек тұрғаны дұрыс. Ұйықтап жатқан бала зәр сындырғысы келсе, қозғалады, жылап белгі береді. Сондықтан оны кейде тосып үйреткен де тиімді.

Жас нәрестелерге жалпы жатар алдында сұйық тамақ көп берудің қажеті жоқ. Мұндайда бала бақшаларындағы бүлдіршіндерге тәрбиешілер мұқият қарауы тиіс. Егер бала іш киіміне зәр сындырып қойса, тез арада құрғақ киімін ауыстырып кигізетін болсын.

Бала зәр жіберіп қойған жөргекте қозғаусыз жата берсе немесе зәр сындырған іш киімімен, шалбарымен жүре берсе, ол осыған дағдыланады да, бұтының арасы базданып кетеді және зәр жіберуі жиілеуі мүмкін.

Емдеудің тағы да бірден-бір тиімді жолы — баланың денесін шынықтыру. Егер бала шынығып, организмін суыққа төзімді етсе, онда суық тиіп ауырмайтын болады әрі төсекке де зәр сындырып қоюдан құтылады.

Суыққа шынығып өскен баланы белгілі себептермен уақытша шынығудан қол үздірсе, суыққа төзімділігі 1—2 айдан соң-ақ нашарлайды, сәл ғана суықтың өзінен ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан ұдайы суыққа төзімділікті арттырып, шынықтыруды күшейте түскен дұрыс.

Суыққа төзімділікті арттыруды судан бастайды. Шынығуды бала 5 жастан асқан кезде жасаған қолайлы. Ол үшін бірінші күндері баланың аяғын жылы (18 градус) суға 5—6 минут, ал келесі күндері одан да көбірек салуға тура келеді. Мысалы, 4-к\ні — 8 минут, 6-күні—10 минут, 10-күні—14 минут т. б.

Сонымен қатар 7—8-күндері аяқты 18 градус жылы суға 10—12 минут сала отырып, 25— 24 градус жылы суға малынған шүберекпен немесе сүлгімен қолын, мойнын, арқасын ысқылау қажет. Ал 9—10-күндері сүлгіні 23—22 градус жылы суға малып, мойынды, желкені, қолды, арқаны ысқылайды. 11—12-күндері сүлгіні 21—20 градус суға малып, дененің барлық жерін сүртеді. Аяқты 18 градус жылы суға батырып, 16 минутқа дейін отырғызуға болады.

Сонан соң келесі күндері баланы осы қалыпта тағы да 25—24 градус жылы суды үстіне сорғалатып құйып жуындыру керек. Аяқты салатын судың жылылығы 16 градустан төмен болмасын және бөлме жылы болуы тиіс. Судан шыққан баланың денесін сүлгімен жақсылап, терісі қызарғанша ысқылап сүртіп, сонан соң денесіне массаж жасау қажет.

Дене шынықтыруды, гимнастиканы күндіз жасаған дұрыс. Тамақты ұйықтардан 2—3 сағат бұрын ішкен жөн. Жатар алдында қою шай, кофе, какао бермейді, себебі олар ұйқыны бұзады. Түстен кейін су, сұйық тамақтарды аз ішкізу керек.

Несеп шығару — адам ағзасынан зат алмасу кезінде түзілетін еритін өнімдерді несеп шығару жүйесінің мүшелері арқылы сыртқа шығарудың табиғи әдісі. Әрбір адам несеп шығарар алдында несеп қуығының толғанын сезеді де, бұл жағдай оны әжетханаға баруға мәжбүр етеді.

Бірақ кейбір адамдар түнде ұйқыдан ояна алмай, несепті өзінің астына, төсекке шығаруы мүмкін. Егер бұл жағдай жиі қайталанса, ол шыжың деп аталатын аурудың белгісі болып саналады. Әрине, бұл жай кішкентай балаларға қатысты емес, өйткені оларда ағзаның бірқатар қызметтері әлі толық қалыптаспағандықтан, олар кез келген жерде несеп шығара береді.

Бірақ, ересек адам ұйықтап жатып несеп шығаратын болса, бұл олардың миында орналасқан несеп шығару орталық жүйке қызметінің бұзылғандығы болып табылады.

Шыжың ауруы отбасында әртүрлі ауыр психикалық күйзеліске ұшыраған немесе несеп шығару мүшелерінің ауруына шалдыққан балаларда көп кездеседі. Бұл ауруды бала дәрігері, невропатолог-дәрігер, психиатр және уролог-дәрігерлер бірігіп емдейді.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Стресс дегеніміз не және оның адам денсаулығына әсері.

Психикалық аурулардың дамуының негізгі себептері.

Жыныс мүшелерінің жұқпалы аурулары (венерические болезни).

Ұйқыға байланысты аурулар туралы біз не білеміз?

 

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер10
  1. Нұргүл

    Аллаһ разы болсын өте жақсы түсіндірілген мақала

  2. Айгерим

    Қажетті ақпарат алдым. Балаларымда бұндай проблема болмады

  3. Дильназ Мухаммедова

    Шыжың ауруының не екенін өте жақсы түсіндім, Рахмет

  4. Лаура

    өзіме керегін алғаныма риза болып отырмын барлық информация бар екен. көөөөөөп рахмет

  5. Камшат

    Саламатсызба Маган жаксы осы сип коюдан емдейтин врач номери барма

    1. Алишер

      Маған да емдейтін врач керек еді . Тел. 8747***1552

  6. Акмарал

    Ата аналар баламен ашық сөйлесіп, қандай қиындықтар мазалайды, бәрін ескеріп отыруы қажет

  7. Акбота

    Рахмет керекти кенес ушин

  8. Аяулым

    Спасибо за ответ

  9. Акерке

    Көп ауру суықтан болады. Көп мағұлмат алдым.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ