Сүзек ауруы

Сүзек — өте ерте заманнан белгілі ауру. Оның белгілері біздің дәуірімізге дейінгі 460—377 жылдарда Гиппократ еңбектерінде сипатталып жазылған.

Ал Россияда 1804 жылдары алғаш рет аурудың белгілерін жазып, жария еткен И. И. Пятницкий болды. Оның ауру қоздырғышын бірінші рет 1874 жылы Брович, ал 1976 жылы Н. И. Соколов анықтап тапты.

Сүзектің ауру қоздырғышы — эберт таяқшасы сыртқы ортаға өте төзімді келеді. Мысалы, жеміс- жидекте 5—10 күн, етте, майда 1—3 апта, ылғалды жылы топырақта 2—3 ай бойы өмір сүреді.

Ауру қоздырғыш, әсіресе мынадай антибиотиктерден — левомицетиннен, ампицилиннен, тетракциклиннен, т. б. тез өледі.

Бұл аурудың түрімен адам да, мал да, құс та ауырады. Ауру адамның организмінен оның қоздырғышы түкірік, сілекей, кіші және үлкен дәрет арқылы шығады да, сыртқы ортаны ластайды. Ластанған тамақты пайдаланған сау адам ауру жұқтырып алады.

Ауру қоздырғыш микробтар жылылықты жақсы көретін болғандықтан, онымен адамдар маусымның жылы мезгілдерінде көбірек ауырады.

Сүзек ауруы түпкілікті толық жойылып кеткен жоқ. Оның әлі де болса әр жерлерде жеңіл түрлері кездесіп қалады, әлеуметтік тұрмыс жағдайының және медициналық қызмет көрсетудің жақсаруына байланысты сүзектің эпидемиясы мен ауыр түрі жойылды.

Сау баланың организміне ауру қоздырғыш микробтар түскен соң 7—25 күннен кейін (көбінесе 9— 14 күн аралығында) аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды.

Ауру қалай басталады? Ендігі жерде соған тоқтала кетелік. Ауру көбінесе жайлап, онша білінбей басталады. Сырқаттанған баланың алғашқы күндері тамаққа тәбеті шаппайды, қай жерінің ауырғанын да айыра алмайды, денесі ауыр тартып, селқос жүреді. Ойынға зауқы соқпай жата береді.

Көңіл күйі төмендеп, реңі бозғылт тартады, басының ауырғанын, тамақ ішкісі келмейтінін айтады. Бірте-бірте басы қаттырақ ауырып, мазасы кетеді. Жағдайы күннен күнге нашарлап, әлсірей береді. Денесінің ыстығы жайлап көтеріледі де, 2—3 күн өткен соң, кейде 1 —1,5 аптадан кейін 39—40 градусқа дейін жетеді.

Ыстығы 2—3 апта бойы төмен түспейді. Ауру баланың беті домбығып, жата бергісі келеді. Ерні мен тілі кезеріп, тілі үлкейеді, тілдің үстіне тістің дағы түседі. Ауру басталған соң 8—11 күннен кейін баланың қарнында, кеудесіне аздаған ірілеу бөртпелер пайда болады да, 2—3 күн өткеннен кейін біртіндеп кете бастайды.

Басы ауырғаны күннен күнге күшейе түседі, баланың көңіл-күйі селқос тартып, ұйқысы бұзылады, мазасыздануы күшейе түседі. Тамақ ішпейтін болады, кейде құсып, іші ауырады, іші кеуіп, қара бауыры (жігері) мен көк бауыры ісінеді. Кейбір балалардың іші өтеді, ал кейбірінің үлкен дәреті 3—4 күн, кейде 5—6 күнге дейін жүрмей қалады.

Ауруханаға 10 жасар М. деген баланы алып келді. «Жедел жәрдем» машинасымен жеткізілген баланың ауырғанына бір жарым аптадай уақыт өтіпті. Алғашқы күндері суық тиген болар деген оймен оның ауруына мән берілмейді. Ауру күннен күнге күшейе түседі, баланың басы қатты ауырып, бір-екі рет құсады, тамаққа тәбеті болмай жатып қалады.

Алғашқы күндері денесінің қызуы 37,1— 37.5 градус болады да, 3—4-күндері 38—40 градусқа дейін көтеріліп, баланың беті домбығады, басы айналады, түнде ұйқысы бұзылып, күннен күнге әлсірей береді. Ешкіммен сөйлеспей, сұлық, жатады Дәрігер баланың сүзекпен ауырғанын анықтап ауруханаға жатқызды.

Ауырған бала ауруханада емделуге тиіс. Сүзек ауруына ұшыраған балаға левомицитин, ампициллин, тетрациклин және тағы да басқа антибиотиктер беріледі. Витаминдер және тамаққа тәбетін ашу үшін әр түрлі тәбет аштыратын дәрілер ішкізіледі.

Ал науқас баланың жағдайы нашарлау болса, онда аспа уколмен қан тамырына тамшылатып сұйық дәрілер: гемодез, полиглюкин, реополиглюкин, глюкоза, тағы да басқа дәрілер жіберіледі. Егер жүрек соғысы нашарласа, кордиамин, корглюкон немесе строфантин, сол сияқты жүрек қызметін реттейтін басқа да дәрілер қолданылады.

Науқастың тамағы құнарлы, витаминдерге және минералды тұздарға бай, дәмді болуы керек. Алғашқы кездерде және бала толық жазылғанша сұйықтау, жеңіл қорытылып, тез сіңетін тамақ берілуі тиіс. Айран, сүзбе, сүттен дайындалған көже, ботқалар, кептірілген (сухари) нан, сары май, майдаланып суға пісірілген балық, ет, қайнатылып пісірілген жұмыртқа, картоп, сәбіз ботқасы, суға пісіріліп, қабығы аршылған алма, қолдан жасалынған жеміс-жидек шырынын, компотын беруге болады.

Дененің қызуы басылған соң 5—6 күннен кейін, тамақтың құрамын күшейтіп, ауруханадан шығарда кәдімгі пайдаланып жүрген тамақтарды толық бере беруге болады. Бала температурасы төмендегенше және төмендегеннен кейін 5—6 күнге дейін төсек тартып жатуы тиіс, сонан соң оны аздап отырғызуға болады, ал денесінің қызуы төмендеген 9—10 күннен соң жайлап, аздап жүруге рұқсат етіледі. «Режимді неге қатаң сақтау керек?» деген сұрақ тууы мүмкін.

Ауру басталғанына 2 апта болған кезде іштегі лимфа бездері аш ішектің ішкі қабаты мен ет қабаты ісініп, ыдырап іріңдей бастайды. Ал аурудың 3—4 аптасында іріңдеу процесі асқына түседі де, аш ішектің ішкі қабаты мен ет қабаты жұқара бастайды.

Дәл осы уақытта ауру бала қатты қимылдаса немесе отырса, жүрсе, жоғарыда айтылған ауру қоздырғыштың зақымдаған жері жарылып кетіп, аш ішектің ішіндегі заттар іш қуысын қабындырады. Іш қуысының қабынуын медицина тілінде перитонит дейді. Перитонит кезінде баланың жағдайы қатты нашарлайды. Осы перитонит болған кезде жедел түрде хирургиялық көмек керек.

Сүзек ауруы кезінде режимді қатаң сақтап, баланы орнынан тұрғызбай емдеу керек.Науқас дәрігердің айтқанын мұқият орындап, дәріні уақтылы қабылдап отырса, сырқаттың жағдайы 5—6 аптада тәуір бола бастайды.

Баланың температурасы төмендегенге дейін ауыз қуысын, тісін күніне 2—3 рет тазартып, 2 процент сода ертіндісіне малынған шүберекпен сүртіп отыру керек. Ал еріндері кезерген кезде вазелин немесе қайнатылған өсімдік майын жағып, жарылып кетпеуіне жағдай жасайды.

Науқас балаға жиі-жиі аз мөлшерде сусын беріп отырған жөн. Ауру бала өне бойы бір қалыпта жата берсе қатты шаршайды әрі зерігеді, сондықтан науқасты жиілетіп, жайлап бір жағынан екінші жағына аударып жатқызу керек. Сырқаттанған баланың денесін жылы суға малып алған шүберекпен сүртіп, денесінің кірлемеуіне көп көңіл бөлу қажет. Іш киімінің, төсек-орнының таза болуын қадағалау— басты міндет.

Баланың жағдайы дұрысталып, көңіл-күйі жақ сара бастаған соң, әр 5 күн сайын 3 рет үлкен және кіші дәретінің анализін алады. Егер бәрі жақсы болса, онда науқас бала үйіне шығарылады.Ауруханадан жазылып шыққан бала балалар емханасында белгілі уақытқа дейін диспансерлік арнаулы есепте тұрады.

Ауру баламен қарым-қатынастағы адамдар 25 күн бойы дәрігердің бақылауында болады. Олардың да үлкен және кіші дәретінің анализі алынады. Бала бақшаға барып жүрсе оған 25 күнге дейін бақшаға баруға рұқсат берілмейді.Баланың бөлмесін, ойнаған, ұстаған заттарының бәрін толық дезинфекциялап, тазартудан өткізеді.

Полиомиелит ауруының негізгі белгілері қандай?

Қызылша ауруы туралы мәліметпен танысыңыз.

Шошқа мойын (Паротит) ауруы жайлы біз не білеміз.

Тілме дегеніміз қандай ауру?

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ