Ботулизм — уланудың ең ауыр түрі. Ботулизмнің ауру қоздырғышы негізінен бұзылыңқыраған консервіде, компотта, шұжықта, балықта болады. Ауру қоздырғыш өзінен өте күшті у бөледі. Бөлінген у адамды, сонымен қатар малды да, құсты да, судағы балықты да уландырады.
Уланған тамақтардан у тез арада қанға түсіп, қан тамырларын зақымдайды, нерв жүйесін улайды. Ботулизммен уланған кезде оның белгісі 2 сағаттан соң, кейде одан да кейін (8—10 сағат өткен соң) барып біліне бастайды. Жас бала қатты шырылдап жылайды, ересек балалардың асқазандары қатты ауырып, құсқылары келеді, лоқсиды, бастары айналады. Кейбір балалардың ыстықтары көтеріледі, кейде бірден әлсіреп, дәрмендері кете бастайды. Жүрістері өзгереді. Мас адамдарша теңселіп басады. Көздерінің алды тұманданып, бір нәрсенің екеу болып көрінгенін айтады.
Уланған баланың көзі қылиланып, үстіңгі қабағы түсіп кетеді, тілі күрмеліп, жақсы сөйлей алмайды. Тамағына бір нәрсе тұрып қалғандай сезінеді. Тамақ жұтысы қиындайды, аузы кеуіп, қатты шөлдейді. Іші ауырып, лоқси береді, құсады. Іші өтеді. Егер шұғыл түрде көмек көрсетілмесе, баланың өліп те кетуі ықтимал. Сондықтан баланың уланғанын біле салысымен-ақ асқазанын жуу керек, қайнаған суды жиі ішкізуі қажет.
Ауырған баланы жедел түрде ауруханаға жеткізген жөн. Бұл арада ботулизмге қарсы сыворотканы белгілі мөлшерде, белгілі уақыттарда салады. Қан тамырына тамшылатып глюкоза, полиглюкин, гемодез ертіндісін, реполиглюкин және басқа сұйық дәрілер жіберіледі. Баланың жағдайына байланысты басқа да дәрілер қолданылады.
Егер улану өте ауыр болса, балаға қан құйылады. Ауру баланың асқазаны жақсы жуылмаса, қайта жуып, клизма жасалынады. Егер ішінің кепкені қоймаса, 0,05 процент прозерин қолданылады. Оның өзі де баланың жасына байланысты, белгілі мөлшерде беріледі.
Қазір көптеген отбасы вареньені, шырынды, т. б. өздері әзірлейді. Осындай бастырылған тағамдар дайындағанда тазалықты мұқият сақтаған дұрыс. Шұжық, кептірілген балық, тағы басқа тағамдарды жеген кезде өте абай болған жөн.
Сальмонеллез қандай ауру және ол қандай жолмен жұғады.
Улы өсімдіктердің гүлінен немесе жеміс-жидектерден улану.
Нәрестелерде кездесетін Диспепсия сырқаты жайлы біз не білеміз?
Бала дәріден немесе газдан уланса қандай көмек көрсету керек.