Несеп мүшелерінің аурулары

Несеп мүшелері дегеніміз — бүйрек, зәр жолдары, қуық, үрпі. Бүйрек — түйе бұршақ тәрізді орган, омыртқаның екі жағында, он екінші арқа омыртқа мен екінші бел омыртқа аралықтарына орналасқан. Адамда екі бүйрек болады оның бір оң жақта, екіншісі сол жақта. Жаңа туған нәрестенің бүйрегінің салмағы 12 грамдай.

Бүйрек 30 жасқа дейін өсіп, салмағы 150 грамға жетеді. Бүйректің құрылымы өте күрделі. Адамның әрбір клеткасында зат алмасу процесі жүріп жататыны белгілі. Осы зат алмасу процесінде организмге керекті әр түрлі қосылыстар мен улы заттар, керексіз өнімдер пайда болады. Бұл керексіз өнімдер, улы заттар дер кезінде сыртқа шықпаса, организмге зиянды әсерін тигізеді, яғни организмді уландырады.

Зат алмасу кезінде пайда болатын улы заттар лимфа тамырларына түсіп, онан қан тамырлары арқылы бүйрекке жетеді. Бүйректің күрделі жұмысының нәтижесінде ыдыраудан пайда болған қан құрамындағы заттар мен зәр бөлініп, несеп жолдары арқылы қуыққа түседі. Несеп жолдары түтік тәріздес, екеу болады. Олар екі бүйрек астауынан қуықпен байланысады, яғни бүйрек пен қуықты жалғастырады.

Ал қуықтың көлемі баланың жасына байланысты болады. Мысалы, 6 айлық сәби кіші дәретке отырған сайын 30 мл, 1 жастағы сәби — 60 мл, 3—5 жастағы бала — 80—90 мл, 7—8 жастағы оқушы — 150—200 мл, 10—12 жастағы — 200— 250 мл зәр сындыруы мүмкін. 1 айлық нәресте күніне 360—380 мл, ал 1 жастағы нәресте — күніне 750—800 мл, 5 жастан асқан бала 1 литрден артық зәр сындыруы ықтимал.

Зәрдің көп, аз болуы баланың ішкен тамағының түріне, көлеміне, құрамына, суды аз не көп пайдаланғанына байланысты. Сондай-ақ бұған ауа райының суық, жылы болуының да белгілі дәрежеде әсері бар.

Қуықтың жұмысын вегетативті нерв жүйесі басқарады. Қуық зәрге толған кезде вегетативті нерв жүйесі арқылы импульс (хабар) жұлындағы орталыққа, одан мидағы орталыққа жетеді. Орталықтан тез арада хабар (импульс) келеді де, қуық қабырғасындағы ет талшықтары жиырылып, соның әсерінен зәр үрпі арқылы сыртқа шығады.

Жаңа туған нәресте алғашқы кезде күніне 2—3 рет қана зәр сындырса, 2 аптадан соң 20 рет, кейде одан да көп, ал 1 жаста күніне 12—15 рет, 2—3 жаста — 10 рет, мектеп жасындағы бала 5—7 рет дәр сындыруы мүмкін.

Бүйрек зәр бөле отырып, организмді улы заттардан залалсыздандырады және су мен зат алмасу процесін реттеп отырады. Ол өзінен ренин деген ферментті бөле отырып, қан қысымын дұрыстайды, қан түйіршіктерінің жасалуына және организмнің барлық мүшелерінің қалыпты жұмыс атқаруына өте қажетті ферменттер, катализаторлар, тағы да басқа заттарды күшейтетін биологиялық заттар шығарады, сөйтіп организмдегі процестерге зор септігін тигізіп отырады.

Бала неғұрлым жас болса, зәрдің тығыздығы солгұрлым төмен болады. Мысалы, жас сәбилер зәріңің тыгыздығы 1.003—1. 005-ке, 2—5 жастағыларда 1.009—1. 012-ге, ересек адамдарда 1.010—1. 025-ке тең, егер зәрдің тығыздығы 1.030-дан көп болса, онда ол аурулықтың белгісі. Зәрдің тығыздығы сонымен қатар, тамақтың құрамына, сусынға, ауа райына, тағы да басқа жағдайларға байланысты.

Жас балалардың зәрі мөлдір, ақшыл сары түсті, тек өзіне ғана тән иісі болады. Егер зәрдің түсі мөлдір болмай, лайланса, онда несеп мүшелерінің бірінің ауырғаны.

Мұндай жағдайда кешіктірмей баланы дәрігерге көрсеткен дұрыс. Қуықтың қабынуы кезінде бала кіші дәретке жиі-жиі отырады және қуығының ауырғанын айтады, ал жас нәресте жылай береді.

Егер ауру асқынып қетсе, баланың кіші дәреті жиілеп, кейде сәби сыртқа шығуға немесе түбекке (горшокқа) отыруға үлгіре алмай, орнына жіберіп қояды. Зәрінен анализ алып қарағанда, онда лейкоциттердің мол екенін көруге болады. Мұндайда баланы жылы орап, төсекке жатқызады, қуығының тұсына жылы нәрсе басып, сонан соң дәрігерге қарату керек.

Сырқаттанған баланың жағдайына байланысты үйде не ауруханада емделу қажеттігін дәрігердің өзі шешеді. Баланы үйде емдеген жағдайда дәрігердің кеңесін мұқият орындаған жөн. Себебі, ауру асқынып, қуық созылмалы қабынуға ұшырап қалуы мүмкін. Ал созылмалы қабынуды емдеу ұзаққа созылады әрі басқа несеп мүшелеріне де зиянды әсерін тигізеді.

Бүйректің жедел қабынуы кезінде баланың көңіл-күйі бұзылып, терісі бозғылт тартады, тамаққа зауқы онша болмайды. Әсіресе, кешқұрым, кейде түнге қарай бала қалтырап-дірілдеп, тоңғандай болады. Соңынан қызуы көтеріледі. Бала көп терлейді. Сонан соң денесінің қызуы өздігінен жайлап төмен түседі.

Мұндай жағдай бірнеше рет қайталануы мүмкін. Бала лоқсып құсады, басы айналып, іші ауырады. Мұның өзі тәжірибесіз маманның аурудың түрін анықтауына қиындық туғызады. Ал ата-аналар баланы өз беттерінше емдемей дәрігерге көрсетуі тиіс.

Дәрігер бала зәрінің анализіне қарай отырып емдейді. Дер кезінде ем қабылдаған бала толық жазылып кетеді. Емделіп айыққаннан кейін де бала үшін дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындау керек. Ата-ана баланың суық тигізіп алмауын мұқият қадағалап отырғаны жөн.

Бүйрегі ауырған балаға берілетін тамақ жеңіл, әрі сіңімді болуы тиіс. Тұзы ащы тағамдарды, қурылған етті, кептірілген тұзды балықты, майлы тамақты, бұрыш, сірке суы қосылған асты пайдаланбау керек,. Себебі, мұндай тағамдар бүйректі тітіркендіріп, қызметін бұзады.

Бүйректің жұмысын жақсартуға пайдалы сүттен, өсімдіктен дайындалған тағамдарды, сұйық тамақтарды көбірек ішуге және жеміс-жидектерді, олардың шырындарын мейлінше көп пайдалануға тырысқан дұрыс. Бүйрегі ауырған баланы емдер алдында толық дәрігерлік бақылаудан өткізген жөн.

Себебі, тіс жегісі және баспа сияқты аурулардың алдын алып, емдемесе, олардың бүйрек, асқазан, т. б. ішкі органдардың сырқаттарын асқындырып жіберуі ықтимал. Демек, бұл ауруға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бүйрегі ауырған бала дәрігердің берген нұсқауларын толық орындаумен бірге көрсетілген мерзімде анализ тапсырып отырғаны дұрыс.

Ауру толық жазылып, баланың көңіл күйі жақсарған жағдайда оны 5—6 айдан соң ғана курорттар мен санаторийлерге жіберуге болады. Қандай курортқа бару керектігін дәрігер шешеді.

Адам ағзасындағы Зат алмасу процесі.

Бүйрек пен несеп жолдарының тасы және созлмалы бүйрек аурулары.

Несеп тасы (мочевые камни) қалай пайда болады?

Бүйрек және бүйрек астауының созылмалы қабынуы.

Пікірлер10
  1. Айгерим

    Ма акпараттарды окып тан калып отырмын. Кандай керемет сайт

  2. Дильназ Мухаммедова

    Несеп мүшесі жайында көп акпарат алдым Рахмет

  3. Дильназ Мухаммедова

    Аурулардың түрлері жайлы көп,біраз мәлімет алдым

  4. Дильназ Мухаммедова

    Күшті керемет сайт екен!

  5. Дильназ Мухаммедова

    Қандай күшті ашылған сайт, дәрігерлерге, ата-аналарға пайдасы мол

  6. Акмарал

    қызық ия адамның әрбір мүшесі дамылсыз жұмыс жасап, адам өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызып отырады, ал адам оны мүлдем ойлап, елемей, денсаулығына немқұрайлы қарайды.

  7. Сауле

    Сіздерге алғысым шексіз . Ақпарат адам қабылдауына жеңіл тиянақты жазылған . Әсіресе жас ,опыт жоқ мамаларға таптырмас дүние

  8. Мерей

    пайдалы ақпарат үшін рахмет

  9. Гулайша

    Берілген ақпарат тыңғылықты жазылған. Несеп мүшелерінің атқаратын қызметі туралы оқып білдім. Есте сақтау керек тұсын түртіп алдым. Сіздерге алғысым шексіз.

  10. Ақерке

    Қандай керемет сайт, медбикелерге де , педагогтарға да арналған, алғысымыз шексіз

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ