Тұтығушы бала мектепте

Мектеп — оқушы баланың көп жылдар бойы болатын мәдени орны және оның мінезін, тәртібін, сондай-ақ нерв жүйесін қалыптастыратын орта. Бұл орта, әсіресе, тұтығушы балаға үлкен әсер етеді. Оның сөйлеуге үйренуі де мектепте жасалуға тиіс көптеген жағдайларға байланысты.

Тұтығудың бала есейген сайын үдеп күшейе түсетіні бұдан бұрынғы тарауларда айтылған болатын. Дегенмен баланың алғаш рет мектепке баруы оның тұтығуын өршіте түсетінін айта кеткен жөн. Өйткені, бұрын үйде қалыптасқан жағдай өзгереді. Бала жаңа адамдардың ортасына келеді. Бейтаныс коллективтің одан дұрыс сөйлеуді талап ететіндігін жүрексіне еске алады. Ауладағы еркін ойын мектептегі міндетті сабақтармен ауысады. Сөйтіп, бала организміне психикалық салмақ түседі, жауапкершілік артады. Сондықтан мектепке алдын ала дайындалмаған, оның үстіне өз күшіне сенімсіз баланың тұтықпасы өрши түсуі ғажап емес. Бұған қоса бала айналасындағы жолдастарының еркін сөйлейтінін көріп, өзінің солар құсап сөйлей алмайтындығына қиналады әрі қызығады.

Төменгі сыныптан бастауыш сыныпқа, одан жоғары сыныпқа көшкен кездерінде бала тіліндегі кемістіктерге тіпті қатты қынжылады. Өзінің тұтықпа кеселінен ұялған оқушы ауруын жасыру үшін түрлі-түрлі айлаларға барады. Ондай айла, әрекеттері көбейген сайын баланың сөйлеген кездегі тәртібі де өзгере бастайды.

13—15 жасқа келгенде жасөспірім өтпелі кезеңді басынан кешіреді. Бұл кезеңде баланың жалпы дүниетанымы қалыптаса бастайды. Өкінішке орай тұтығушы бала бұл кезде өзін жолдастарынан оқшау ұстайды, бірге жүруге қымсынады. Өйткені ол жолдастарының бәрі оның тұтығып сөйлегеніне қарап, күліп тұрғандай сезінеді. Тұтығу баланың намысына тиеді, не болса соған өкпелегіш болып алады. Бала өзі сөйлеген кезде ұшырасып қалатын қиыншылықтарына қоса оқуда, қоғамдық жұмыстарда кездестіретін сәтсіздіктерінің бәрін тұтығудың салдары деп ойлайды.

Тұтығу өз қабілетін көрсетуге зор кедергі жасайды деп түсінеді. Осының салдарынан барып бала өмірден түңіле бастайды, өзін өзге балалардан, құрдастарынан кеммін деп есептейді. Бара-бара осының бәрі бұрыннан денсаулығы нашар баланы аздырады, сары уайымға салып, нерв жүйесін шаршатады. Соның салдарынан өтпелі кезеңде бала екінші рет тұтығуға тап болады, баланың мінезінде тағы да өзгеріс нышандары ұшырасады. Бір бала жасқаншақтап жұрттан оқшау жүруді қалайды, күдікшіл болып алады, енді біреулері керісінше ызақор болып, тентектік көрсетеді, шамдана береді.

Тұтық жасөспірімдердің кейбіреулері тіліндегі мүкістігін жасырмақ болып, тістерінің арасынан сөйлейді, ауыздарын болар болмас ашады, соның бәрін бейне бір жорта істегендей түр көрсетеді. Әрине, бұдан тұтығу процесін барлық бала бастарынан бірдей кешіреді екен деген ұғым тумауы керек. Әдетте тұтығу барлық балаға бірдей әсер етпейді. Әр бала оны басынан өзінше кешіреді.

Мінез құлықтағы үлкен өзгерістердің 13—15 жасқа келгенде ғана кездесіп қоймайтынын да айта кеткен жөн. Мектеп жасына дейін де, бастауыш сыныптарда да мұндай өзгерістер кездесе береді.

Мұғалімнің тұтығушы бала өмірінде алатын ролі ерекше екенін айта кеткен жөн. Практикада мынандай жайларды — өз таланты бойынша ең жақын жанашыры болып табылатын мұғалімдердің өздері кейбір жағдайларда сәби жүрегіне жол таба алмай тұтығуды күшейтіп алатын жайларды кездестіруге болады. Тұтығуды күшейтіп алмаса да оны жазылмайтындай етіп тұрақтандырып алатын ұстаздар да жиі кездеседі.

Кей кездерде біраз мұғалімдердің қатты және ауыр тұтығатын балалардан сабақты бәрінің соңынан және жазбаша түрде сұрайтыны бар. Мұны екі түрлі жағдайда: белгіленген жоспарды орындап үлгіру үшін, тұтығушы оқушыны аяғандықтан істейді. Оқушының қатты тұтығатынын білетін мұғалім оны сыныптағы өз жолдастары алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырмас үшін және балаға қамқорлық жасау мақсатымен осындай жайларға барады.

Оқушыны тақтаға шақырып, оның тезірек жауап беруін талап ететін, баланың ерекшеліктерін, кеселін ескере бермейтін, сөйлемей тұрғаны сабақ білмегендіктен деп ойлап, оған қанағаттанарлықсыз баға қоятын мұғалімдер де кездеседі. Тұтығушы баладан тапсырмаға, сұраққа жауап алу ұзаққа созылады. Сондықтан ондай мұғалім тұтығушы баладан сабақты сирек сұрайтын немесе бірнеше сұрақ қойғаннан кейін оның жауаптарын толық тыңдап алмай жатып отырғыза салатын оңай жол таңдап алады. Тұтық бала мұны жақсы сезеді. Ал мұндай қылық баланың қорлануына, қатты ренжуіне әкеп соқтырады.

Мұғалімдердің көпшілігі сонымен бірге тұтық бала- ның класс пен мектептің қоғамдық өміріне, жұмысына онша араласа бермейтініне де көңіл аудармайды. Баланың бұған мүмкіндігі де жоқ. Баланың логопедтік курсқа қатысатынын ескерсек, онда ондай оқушының қоғамдық жұмысқа араласуы да екіталай екенін естен шығармаған абзал.

Егер бұл айтылған кемшіліктер әдетке айналып қайталана берсе, онда баланың кеселі өріс алып, бұрынғыдан да күшейе түседі, психикасына қатты зиян келеді, мінезінде мағынасыз да жағымсыз өзгерістер пайда болады.

Оқушылар, әсіресе, жоғары сынып оқушылары өздеріне бірдей талап қойылатынын жақсы түсінеді. Сондықтан тұтығушы баланы кемітіп, одан сабақты ұдайы ең артынан әрі жазбаша түрде сұрау — бала психикасын бұзады. Ол өзін өзгелерден кеммін деген пікірге келеді. Ал бұл пікірді уақытында түзетпесе, бала осы ойынан арыла алмайтын жағдайға тап болады.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, бала тұтығатындықтан біліп тұрған сабағын айта алмайды, берген сұрақтарға жауап бермейді. Тұтық оқушының жағдайын ескермей қойылған әділетсіз баға оны қатты қинайды. Өйткені ол өзінің сабаққа жақсы дайындалып келгенін, бірақ тұтығу салдарынан, мұғалімнің шыдамсыздығынан қанағаттанарлықсыз баға алғанына өкінеді. Мұғалім шыдамдылық білдіргенде ол сабаққа дұрыс, мүмкіндігінше толық жауап берген болар еді.

Сайып келгенде мұндай әділетсіздік баланың мұғалімге деген көзқарасын өзгертеді, тіпті оған басқа адамдар да әділетсіз, қатал болып көріне бастайды. Содан барып үлкендердің бала сеніміне ие болуы қиынға соғады.

Логопедтік тексеріс кезінде балалардан көбіне: «Менен ауызша аз сұрайды», «Мен сабақ үстінде жауап бермеймін, менен сабақтан кейін ғана сұрайды», — деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Бала мұны қинала- қинала, өзінің дәрменсіздігін, өзгелерден кем екенін сездіргендей болып айтады.

Мұғалімді де түсінуге болады. Оның сыныбында 20—30 бала бар. Уақытта жетпейді. 45 минут ішінде балалардан сабақ та сұрау керек, оларға жаңа материалды түсіндіру де қажет. Мұндай жағдайда тұтығушы баладан сабақ сұрау мұғалімнің жоспарын бұзады. Бірақ бұдан мұғалімді де ақтауға болмайды.

Тұтығудың ауыр кесел екенін естен шығармаған жөн. Бұл ауру ұзаққа созылады, сонымен бірге ол психиканы бұзып, бүкіл организмнің қалыпты жұмыс істеуіне зардабын тигізеді. Сондықтан мұғалім балаға ең жоғары педагогикалық ізет білдіруге тиіс, ол баланың намысына тимеуді ойлап, сондай-ақ тұтығуды бәсеңдету мақсатымен қолдан келген жағдайдың бәрін істеуге ұмтылуға тиіс. Мұғалімдердің: «Тұтық балаға мұндай жағдайларды қалай туғызамыз?» — деулері де ия мүмкін, әрине, барлық жағдайды жаса деп үзілді-кесілді айту қиын. Алайда, бұл арада мұғалімге бірнеше кеңес бере кеткен жөн сияқты.

Сыныпқа тұтығатын бала келген жағдайда оқушыларға бұл жайды ескертіп, оны мазақ етпеуді талап еткен жөн, сондай-ақ балаларға тұтығудың өте ауыр кесел екенін, тұтығатын баланың да өз ауруынан қатты қысылып, қайғыратынын айтқан жөн. Оқушылардан тұтық баланы келемеждемеуді, керісінше, оған жолдастық көмек көрсетуді өтінген дұрыс. Сондай-ақ тұтық балаға мүмкіндігінше адамгершілікпен қарау да талап етіледі.

Мұның бәрін тұтығатын бала сыныпта жоқ кезде айту керек. Сонымен бірге олар тұтық балаға күлетін болса, онда жасқаншақ болып үлгіре алмайтынын айтқан жөн. Тұтық бала өз ауруын сездірмес үшін тақтаға шыққанда жауап беруден қашқақтайтынын, тұтығып жауап бергеннен «екілік» алуды қалайтынын түсіндіріп айту қажет. Сондай-ақ оқушыларға тұтық баланың ауруы жауап беру үстінде күшейе түсетінін түсіндіру керек.

Міне, осындай қиналған кездерінде сыныптас жолдастары тұтығушы балаға қалай көмектесулері керек? Олар ең алдымен тұтық бала жауап беріп жатқанда, ол тұтығып қалған сәттерде бір-бірімен сыбырласып, оған күлмеуге тиіс. Тұтық бала қобалжуын басып, сабағына түгел дерлік жауап беріп болғанша шыдамдылық көрсетулері керек.

Мұғалім сонымен бірге олардың жаңа келген оқушымен достасып кетуіне жағдай туғызуды да ұмытпауы қажет. Сонда ғана тұтығушы бала сыныптағы тәртіпке үйренеді, жолдастарына деген сенімі артады, тұтығуы да азая түседі деуге болады. Бұған қоса тәртіпті төрт-бес оқушының баланы шефтік қамқорлыққа алғандары жөн. Олар тұтық баланың сабаққа әзірленуіне көмектеседі, сәтсіздікке ұшыраған кездерінде қолдау көрсетеді, жәбірлеушілерден қорғайды.

Мұндай әңгімені оқушылардың ата-аналарымен де жүргізген жөн. Ата-аналар да өз балаларының тұтығушы баланы мазақтамай, жәбірлемей, онымен дұрыс қарым-қатынаста болуларын талап етулері керек.

Тұтық баланың өзімен де оңаша сөйлесіп, оған да ептеп ескертулер жасаған жөн. Бұл кезде оған тіл кемістігінен ұялмауды, өйткені тұтығумен кез келген адамның ауырып қала алатынын айтқан дұрыс. Сондай-ақ кейбір балалардың мазағына да көңіл аудармауын айтып, біреудің кемшілігіне күлу тек мәдениетсіздік пен тәрбиесіздікті көрсететінін түсіндіру керек.

Тұтық баладан сабақты өзге балалармен бірдей сұрауды естен бір сәт те шығармау қажет. Ол үшін тұтық баладан сабақ сұрайтын күнді алдын ала белгілеп алған жөн. Жоспарлы түрде жұмыс істеп, белгіленген күні сабақты тұтық баладан түгел сұрап үлгірген дұрыс. Практикада мұғалімнің балаға сабақты одан қай күні сұрайтындығын ескертіп қоюы кездесіп жүр. Жұмысты бұлай істеу балаға да, мұғалімге де қолайлы жағдайлар туғызады. Бұл жүйенің артықшылығы сол — тұтық бала өз кеселінен онша көп қорғаншақтана бермейтін болады, сонымен бірге мұғалімнің сырқат бала жауабын аяғына дейін тыңдауына мүмкіндік береді.

Тұтық бала сабаққа жауап беріп жатқан кезде сыныптағы басқа балалардың шулап кетуі мүмкін. Сондықтан басқа балаларға жазбаша тапсырма беріп қойған жөн.

Көп жағдайда тұтық оқушы мұғалімнің сұрақтарына жауап берген кезде алғашқы сөздерді айтуға қиналады. Ондай кезде мұғалімнің өзі қосылып, баланы жауап беруге жетектеп отыруға тиіс. Көп ретте мұның өзі баланың «сөйлеп» кетуіне игі әсерін тигізеді.

Бала сабаққа жауап бергенде дұрыс сөйлеп тұрып та қайта тұтығып қалуы мүмкін. Мұндай кезде мұғалім баланың не айтқысы келетінін әдетте сезеді. Сондықтан оны. асықтырмай, тек «жетектеп» кетсе, ол тұтығуын қайта қояды.

Оқушыдан жазбаша жауап алған кезде де осы жайларды аракідік болса да пайдалануға болады. Қайткенде де тұтық баланы састырмау, шыдамдылық көрсету, оған тиісті жағдай туғызу — басты принцип болуға тиіс.

Кей кездерде оқушы өзінің тұтығатынын пайдаланып, сабаққа жауап беруден қашқақтауы да мүмкін. Ондай кезде тұтығушы баланы «әшкерелеуге» асықпау керек. Ол да өте зиян. Баланың «қулығын» сезіп қалған сәтте оның теріс қылығын өзіне ғана түсіндіріп айту керек. Әдетте оқушының өз кеселін бұлай пайдалануға тырысуы сирек кездеседі. Керісінше баланың сұраққа жауап бермеуі сабаққа дайындалмағандықтан емес, тұтығудан болады.

Тұтығу кездейсоқ құбылыс емес екенін, оның көзге көрінбейтін факторлары көп болатынын ұмытпау керек. Тәжірибесі мол мұғалім ол факторлардың бәрін жүрегімен сезеді. Баланың үзіліс кезінде еркін сөйлеуі тақта алдында да ол солай еркін сөйлей алады деген жалған пікір туғызбауға тиіс. Күні бойы тұтық бала басынан бірнеше жағдай өтуі мүмкін. Ол бірде еркін сөйлесе, енді бірде тіпті сөйлей алмайтын дәрежеде болуы да ғажап емес.

Баланың сөйлеуіне оның эмоциялық жағдайы да қатты әсер етеді. Өлеңді оқу немесе жатқа айту, мұғалімнің өзіне «жақсы» не «жаман» көрінуі, сабақтың қиын не жеңіл болуы тұтық балаға ілгерілі-кейінді ықпал етеді. Демек, тұтық бала әр түрлі жағдайда өзін әр түрлі ұстайды. Сондықтан да оның әр кезде әр түрлі сөйлеуі мүмкін.

Тұтығу оқушы баланың қоғамдық жұмыс атқаруына ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Баланың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, оған қолынан келетін қоғамдық жұмысты тапсырып қою керек. Ол сонда ғана өз терезесін өзгелермен тең санайды. «Қатарларыммен теңмін» деген пікірде болады. Тұтық балаларды көркем — өнерпаздар үйірмелеріне тарту абзал екенін айта кеткен жөн. Өлеңді жатқа айтқан кезде көп жағдайда баланың тұтықпайтынын немесе шамалы ғана тұтығатынын еске сала кету де артық емес. Сондықтан тұтық оқушының мектеп үйірмесіне қатысуына, сынып кештерінде өлең немесе тақпақ оқуына болады.

Тұтығу, әсіресе, өлең (ән) айтқан кездерде жоғалып кетеді. Сондықтан оқушының балалар хорына қатысқаны да өте пайдалы.

Мұғалімнің тұтық бала ата-анасымен тығыз байланыста болғаны жөн. Жанұядағы жағдайын, үйдегі тәртібін, рухани өмірін білгенде ғана тұтық оқушымен мектепте дұрыс жұмыс істеуге болады.

Мұғалім ата-анаға балаларын мектептегі немесе емхана жаныдағы логопедтік пунктке апару туралы ұсыныс (қажет болған жағдайда талап етуі) жасауы керек. Ал оқушы логопедтік жаттығуларға кіріскеннен кейін мұғалім оған мінездеме жазуға тиіс.

Алғашқы күннен бастап-ақ мұғалім баланың тілдік жаттығулармен қалай жұмыс істейтіндігіне бақылау жасауға тиіс, сонымен бірге логопедпен атқарған жаттығуларға назар аудару да қажет. Алғашқы 10—12 күн бойына логопед уақыт кестесіне «үндемеу режимін» енгізуге тиіс, яғни тұтық баланың айналасындағы адамдармен сөйлесуін азайтуы керек.

Бұл баланың бұрын қалыптасқан тілдік патологиялық рефлексін сөндіріп, нерв жүйесін нығайтады. Үндемеу режимін мүмкіндігінше мектепте де сақтаған жөн. Бұл кезде мұғалім оқушыны тақтаға шақырып, одан сабақ сұрамауға тиіс. Мұны баланың білмегені жақсы. Балаға аталған жайларды сездірмес үшін мұғалім оған тек кішігірім сұрақтар қойғаны жөн. Сонымен бірге мұғалімнің логопедтік дәптердегі жазуларды да ұдайы бақылап отыруы керек.

Әр жауаптан кейін мұғалім оқушының тілдік ережелерді қалай сақтағаны жөнінде логопедтік дәптерге жазып отырады. Баладан тілдік жаттығуларды логопедтің айтқан ережелеріне сай жасауы талап етіледі. Мүғалімнің өзі де бұл талаптарды білгені жөн. Біз бұл жайында бұған дейін айтқан болатынбыз.

Мектепте тиісті жағдай туғызып, мұғалім мен ата- ана балаға қатаң бакылау жасағанда, ғана, ең бастысы — оқушы жүйелі түрде жұмыс істегенде ғана тілді дұрыс қалпына келтіруге, тұтығудан құтылуға болады.

Жанұя мен мектептің логопедиялық шаралар кезінде атқаратын ролі.

Тұтығатын баланың үйде тілмен жұмыс жасауына арналған кеңестер.

Логопед көмегін алуға баратын баланы қалай дайындау керек.

Тұтығатын баланың үй режимін қалай ұйымдастыруға болады.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер2
  1. Айгүл

    Тұтықпа ең жаман комплекс ұстайтын диогноз сол үшін логопед өте қажет рахмет инф ға

  2. САМАЛ

    кітапты тұтығып оқитын оқушымен қандай жұмыстар жүргізуге болады/

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ