Тұтығу деген не?

Бір сөздің, дыбыстың не буынның үзіліп-үзіліп шығуы тұтығуға тән құбылыс. Тұтық адам өз еркінен тыс тоқталын, қиналып сөйлейді. Үзік-үзік дыбыстар шығарады. Сөйтіп бала бір дыбысты, не бір буынды, болмаса түгел бір сөзді өз ырқынан тыс қайталап айтады. Сөйлеген сайын бұл жиілей түседі. Бұл тіл бұлшық еттерінің тартылып қалуынан болады. Әдетте бұлшық еттің бұлай тартылып қалуы бетке де тарайды.

Мұндай жағдайда бет бұлшық еттері жыбырлап, тартылады. Бұлай тартылып, жыбырлаудың жиілігі, ұзақтығы әр түрлі болады. Кей кезде бұл аталған жайлар бір сағаттан бірнеше сағатқа, ал кей ретте бір-екі күнге созылуы мүмкін. Ол бала организмінің ерекшелігіне байланысты. Сөйлеп тұрып тұтығып қалу сөз басында да; ортасындада, аяғында да бола береді. Кейде бүтіндей бір тіркестерді айта алмайтын, сөйтіп қиналатын сәттер де кездеседі. Мұндай жағдайда баланы қинамаған, сөйлетпей- ақ қойған жөн.

Керісінше біраз демалдырып алған дұрыс.Баланың сөйлеп тұрып, кейде дауысты не дауыссыз дыбыстарға келгенде тұтығатыны болады. Онда тұрған ешқандай заңдылық жоқ екенін айта кеткен жөн. Тұтығу деген ұғым сөз басында, сөйлеп тұрған кезде, сөз тіркесінің ортасында тұрып қалумен, мүдірумен, белгілі бір сөздерді, дыбыстарды болмаса тіркестерді қайталап айта берумен шектеліп қана қоймайды.

Тұтығу тек осымен ғана шектеліп қойса, қауіпті емес қой. Бұларға қоса тұтығу кезінде баланың дем алысы әдеттегіден тыс бұзылады. Сөз немесе сөз тіркесі бірқалыпты шықпайды, өйткені бала демін ішке алу кезінде сөйлейді немесе демін сыртқа шығарып жатып сөйлейді. Содан соң аузын жапқаннан кейін біраз уақытқа шейін сөйлей алмай қиналады. Кейде бала іштегі демін шығарып бола бергенде сөйлеуге тырысады. Мұндай жағдайда ауа жетпей қалады да, сөйлеген сөзі дұрыс болмай шығады.

Тұтығу процесі осылай пайда болады. Сайып келгенде мұның бәрі баланың белгілі жағдайда қиналуына әкеп соқтырады. Сөйтіп ол бүтіндей сөйлемді немесе сөз тіркесін былай қойғанда, бір дыбысты шығарудың өзіне жүрексінеді. Бала терлеп-тепшиді, қиналғанын жасыруға тырысады, айналасындағы адамдардан қымсынады, жүрексінеді, сөйлеуден қашқақтайды. Даусы бұзылып, үні бәсеңдей түседі. Міңгірлеп тұрып алатын жағдайларға тап болады. Аузынан дұрыс сөз шықпаған соң бала кейде тіпті ашуға булығып, жылап та жібереді.

Мұндай жағдайда баланың көңілін аулап, басу айту керек, тыныштандырып, келесі сөйлеткенше тынықтырып алған жөн. Бала тұтыққан кезде көпшілік жағдайда қолы, аяғы немесе басы қимылдап, олардың бұлшық еттерінің тартылып қалу жағдайы жиі кездеседі.

Сондықтан бала тұтыққан кезде оған қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысу керек. Бала еркін сөйлейтін құрбыларынан ұялады, өз кемшілігіне қатты қиналады. Бір сөзбен айтқанда, сәл тұтығудың өзі баланың тәртібі мен психологиясына түгелдей кері әсерін тигізеді. Ең басты, ең қиын мәселе — осы. Емдеу кезінде де бала психологиясын өзгерту қиындық келтіреді. Сондықтан бала психологиясын түгелдей қайта тәрбиелеу керск болады. Бірақ бұған ұдайы қол жете бермейді.

Тұтығу әдетте екі мен бес жас аралықтарында пайда болады. Кейбір жағдайларда тұтығу бұдан да кеш басталуы мүмкін. Қалай болғанда да бұл ауру бала мектепке барған кезде де бой көрсетеді.

кекештік

Баланың мектепке барысымен осыған дейін қалыптасқан тәртібі де өзгереді, ойын оқумен алмасады, енді ой мен санаға бұрынғыға қарағанда салмақ көбірек түседі. Оған жаңа талаптар қойылады. Сөйтіп тұтығу бала организмінің ауыспалы кезеңінде де пайда болуы мүмкін. Бұл кезде бала дүниетанымының қалыптасуына байланысты оның организмінде физиологиялық күрделі процестер болып жатады. Организм бүтіндей психологиялық күш түсуге икемделуді бастан кешіреді.

Алайда, ғалымдардың басым көпшілігі тұтығу негізінен екі жас пен бес жас аралығында пайда болады деген тұжырымды қолдайды. 

Тұтығудың дәл осы кезде пайда болатын себебі не?

Біріншіден, тұтығудың ерте пайда болмау себебі — бала тілі активті даму кезеңінің екі жастан басталатындығында. Ал тілдің бұзылуы сөйлей бастағаннан кейін ғана кездесетін құбылыс екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Екіншіден, кеш пайда болмау себебі 5-6 жас аралығында бала тілінің дамуы аяқталып, қалыптасуы басталады. Міне, осы кезде де сөздік бұзылу жиі кездеседі. Өйткені тілдің активті дамуы бұл кезде әлі де болса тұрақты болмайды. Сонымен бірге тұтығудың кез келген зақымданудан да пайда болуы мүмкін.

Сонымен тұтығу қандай себептерден пайда болады? Ата-аналардың басым көпшілігі бұл сұраққа: «Балам қорыққаннан кейін, үрейленуден соң тұтыға бастады»,— деп жауап береді. Ал кейбір ата-аналар тұтығудың алғашқы белгілері бала бір науқасқа шалдыққаннан кейін пайда болды дегенді айтады.

Тұтығу бұлардан да басқа себептерден пайда болуы мүмкін. Ондай себептер дененің зақымдануы (көбінесе бастың), сондай-ақ сақаулықтан, психикалық қорлық көру, тілге күш түсу, тұтығушы адамдармен жиі араласып көп сөйлесуден (туысқандарымен, жолдастарымен, көршілерімен) болуы мүмкін. Сонымен бірге бала тілі дамуының кешігуінен де, тез қарқынмен сөйлеу салдарынан да тұтығудың пайда болуы ғажап емес.

Ата-аналардың басым көпшілігінің тұтығу баланың үрейленуінен, қорқуынан пайда болды дейтін себептері не? Оның орнына «Тұқымымызда бар еді», болмаса «Балам біреуге еліктеуден тұтығатын болды»,— деген сөздерді ата-аналар аузынан көп ести бермейтініміз не? Өздеріңіз ойлап көріңіздерші. Өмірде қорыққан, қорқатын, тіпті қорқақ балалар саны аз емес қой. Соған қарамастан тұтығушылар саны соншалықты көп емес.

Шын мәнінде тұтығу негізінен нерв жүйесі әлсіз, сонымен бірге бір сырқатпен ауырып тұрған балаларда пайда болады. Жәбір-жапаны көп шеккен адамдардың да тұтығу кеселіне тап болуы мүмкін. Жүйке жүйесі жетілмеген балалар да тұтығуға икемді келеді. Бірақ олардың бәрі бірдей тұтығу кеселіне шалдыға бермейді. Мысалы, әсер алғыш, жүйке жүйесі берік балалар тұтығуға онша берілмейді.

Тұтығу кеселіне ұшырау үшін жүйке жүйесіне сырттай күшті әсер қажет. Олардың қатарына өте қатты қорқу, қайғы-қасірет шегу, өмірде шешілмейтін мәселеге байланысты жайларды бастан кешіру, ұрыс-керістер т. с. с. жатады.

Бір мысал келтіре кетелік. Бірінші сыныпта оқитын он шақты бала мектептен келе жатқанда алдарынан бұқа шығып, оларды сүзбек болып қуады. Балалардың бәрінің жүрегі ұша қорқады. Өзгелері аман. Бірақ солардың ішінен бір бала ғана осыдан кейін тұтықпа ауруға шалдығады. Өйткені оның әлсіз жүйкесі үшін әлгі қорқудың өзі жеткілікті болған.

Тұтығу кейбір жағдайларда жұқпалы аурулардан кейін немесе қатты шаршаудан кейін пайда болуы мүмкін. Тұтығу тұқым қуалайды дегенді ғылым мойындамайды. Керісінше бұл пікірді жоққа шығарады. Оған көпшілік жағдайда ата-аналары тұтық балалардың тұтығуға шалдықпайтыны дәлел бола алады. Алайда, кейбір жанұяда ата-анасы тұтық балалардың оларға еліктеп тұтығуы мүмкін. Іс жүзінде ата-ананың тұтықпа ауруы балаға жұқпайды.

сақаулықты емдеу

Көпшілік жағдайда тұтығу психикалық зақымға байланысты пайда болады. Мысалы, баланы ұзақ уақыт мазақ қылса, еріксіз бір нәрсені істеуге көндірсе, не оған тым ерекше қатал болса, үрейлендірсе, шамадан тыс қорқытса, жазаласа тұтығудың пайда болуы мүмкін.

Мына мақаламызда жазғандай бала шапшаң сөйлеуге тырысса да тұтығудың пайда болуы мүмкін дедік. Мұндай жағдайда бала өзінің ішкі сезімін сөз арқылы тез жеткізуге асығады. Бірақ оған оның қабілеті жете бермейді. Өйткені, баланың сөздік қорының аз болуы мүмкін.

Сөйтіп ол ойын жеткізетін қажет сөздерді тауып сөйлей алмайды. Ал екі, не үш тілді араластырып сөйлейтін бала қапелімде сөйлеп тұрған тіліне қажет сөзді таба алмай қиналуы да мүмкін. Міне, сол себептен де ата- ананың немесе баланың айналасындағы адамдардың бір тілде дұрыс, тілді шұбарламай сөйлеуінің осындай маңызы бар екенін тағы да ескерген жөн.

Тұтығу процесі әр түрлі жағдайда өтеді. Жүйке жүйесі мықты балаларда көп жағдайда тұтығудың екінші мәні ғана болады. Былайша айтқанда мұндай балалар тұтықпа ауруға шалдыққанмен одан тез жазылады. Ал кеселін неғұрлым ауыр әрі қайғырып қабылдайтын адамдарда ауру ұзаққа созылады. Әсіресе, жас балалар тұтығуды қинала қабылдайды.

Олар өздерінің өзгелерден кем екендіктеріне қапаланады, қатты қайғырады. Соның салдарынан тіл бұлшық еттерінің тартылуы жиі- жиі қайталап, тұтығу асқына береді. Мысалы, бала жаттап алған өлеңін айта алмайтын, тұтыға беретін қалге жетеді. Сабақ үстінде де бала жақсы меңгерген тақырыбының өзін айтып тұрып, тұтығуға тап болады. Мұның бәрі шартты рефлекске байланысты.

Тұтығатын балалардың басым көпшілігі күдікшіл келеді. Олар айналасындағы адамдардың барлығы өздерінің (балалардың) кемшілігіне күліп тұрғандай, аяушылық, мүсіркеушілік білдіріп тұрғандай көрінеді. Сайып келгенде мұның бәрі баланың қысылуына, қымтырылуына әкеліп соқтырады, баланың намысына тиеді. Ал бұл жайлар баланың сөйлеуге деген құштарлығы мен сенімін жоғалтады. Әсіресе, ол көпшілік алдында сөйлеуге қорқатын болады.

Бара-бара бұл әдетке айналады. Сөйтіп, бала көпшіліктің алдын былай қойғанда, жеке адамның алдында сөйлеуден жасқанады. Жалтақтық пайда болады. Көпшіліктен дара жүреді, сөйлесуден қашқақтайды. Тіпті өзінде бар мүмкіншіліктен де қорқатын болып алады. Ал бұлай етпесе ол сол ауыртпалықтарды оңай ғана жеңуі мүмкін. Тек ол үшін балаға ерік, күш қажет, ата-ананың, педагогтың дер кезіндегі көмегі керек. Бұл орайда ата-ана мен педагогтың байқампаз, сергек болуы қажет екенін айта кеткен жөн.

Бала көпшілік алдында сөйлеуге қаншалықты қатты қорқатын болса, соншалықты дәрежеде тұтығуы жиіленіп, бұрынғысынан да күшейе түседі. Тұтығуды болдырмас үшін баланы алдын-ала психологиялық жағынан дайындап алу керек. Бала айналасындағы адамдарды жақсы білуге тиіс. Абыржымауға, жасқаншақтанып қобалжымауға тырысуы керек. «Сөйлей алмай қаламын-ау, тағы да тұтығып қаламын-ау»,— деп күдіктенуден бойын аулақ ұстағаны жөн.

Адам неғұрлым батылырақ болса, солғұрлым оның сөйлеуге деген сенімі де арта түседі. Сенімсіздік, күдіктену — кеселдің басты жауы. Күдіктенген сайын тұтығу процесінің өрши түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда организм сол тұтығу жағдайына бейімделе түседі. Тіпті жай тұтығудың өзі осындай кезде үдеп, өсе түсуі мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше баланың «тұтығып қаламын-ау» деген ойдан аулақтау, қашықтау болуы керек.

Тұтығу проблемасын ғалымдар да, осы аурумен айналысып жүрген дәрігерлер де тұтығуды бәсеңдетудің бірден бір жолы — ол адамның өзін-өзі сендіруі, қиыншылыққа қарсы тұруға өзін дайындауы болып табылады деген пікірді айтады. Бұл да дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Тұтығу — органикалық емес, функционалдық кесел. Демек, медицина тілімен айтқанда бұл оны емдеуге болады деген сөз. Сөйлеп тұрған кезде тұтығып қалсаңыз оны тежеуге болады: тек оған шыдамдылық керек, қобалжымау қажет. Қалыпқа түсіп, баяу сөйлеуге тырысқан жөн. Сонда ғана тұтығуды жеңуге болады.

Қазіргі логопедтер бұл айтқанның мүмкін екендігін практика жүзінде дәлелдеп отыр. Дұрыс емдеу нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балалардың 70 пайызы бұл кеселден біржолата құтылатынын, 20 пайызы сөйлеу процесін бұрынғыдан гөрі жақсарта түсетінін, тек 10 пайызы ғана тұтығу кеселінен арыла алмайтынын айта кеткен жөн. Көпшілік жағдайда есейіп кеткен адамдардың тұтығудан арылуы қиын.

Өйткені, тұтығу адам организміне біржола сіңісіп қалады, сонымен бірге психологиялық тұрғыдан алғанда «тұтығамын» деген ой ересек адам санасына біржола орнығып алады. Сөйтіп оны жеңу оншалықты оңайға соқпайды.Тұтығудан біржола құтыла алмау, емнен нәтиже шықпауы — өзін-өзі сендіре алмаудан, емделуге оншалықты мән бермеуден деп білу керек.

Тұтығу бір кездерде өзінен-өзі емделу нәтижесінде жоқ болып кетіп, бірнеше айдан соң немесе жылдардан соң қайталануы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Бірақ бұрынғысына қарағанда ол жеңіл формада болуы мүмкін. Бұл — жиі кездесетін, қайталайтын құбылыс.

логопедттің кеңестері

Тұтығу неліктен қайталайды?

Оның себептері көп. Сонда да ең басты себептердің бірі — жүйке жүйесінің бұзылуы дер едік. Сонымен бірге аурудың қайталануына тұрмыстық қажулардың, ұрыс-керістердің және т. б. тигізетін салдары аз емес дер ек. Сондай-ақ организмнің шаршап-шалдығуы, ауыр ой еңбегі де, кей жағдайда тұтығушы адаммен кездесіп қалу да тұтығу процесінің қайталануына әкеліп соқтырады. Бұлар — ауру толық емделмегендіктен, адам өзін өзі сендіру жұмысымен толық шұғылданбағандықтан кездесетін құбылыс.

Тұтығудың қайталануынан қаймықпау, қорықпау керек. Оның орнына сырқаттың себебін, салдарын іздеу керек. Ең алдымен дәрігерге, маманға көрініп, тиісті шара қолдану қажет. Кейбіреулер тұтығудан толық болмаса да біршама арылудың жолдарын өздері іздеп тауып жатады. Түрлі жаттығулар жасайды, жазылатынына өзін-өзі сендіреді. Тұтығу қайталаған сәтте сол қажетті жаттығуларды қайталаған жөн.

Көп жағдайда тұтығу басылғаннан кейін өзін-өзі сендіру, логопед пен дәрігердің кеңесін естен шығару сияқты жайлардың жиі кездесетінік айта кету керек. Тұтығу — ауыр кесел. Бұдан бұрын айтқанымыздай ол біршама уақыт өткеннен кейін тағы қайталауы мүмкін.

Сондықтан тұтықтан емделген бала маман мен дәрігер айтқан кеңесті әр уақытта естен шығармай, дер кезінде орындап жүруді дағдыға айналдыруға тиіс. Сайып келгенде кеселмен күрес кезінде орындайтын шарттарды естен шығармау, түрлі жаттығуларды жасап отыруды ұмытпаған жөн.

Тұтығу кеселіне әр адам әр түрлі қарайды. Кейбіреулер оған онша қайғырмайды, адамдар арасында өзін бірқалыпты ұстайды, қатты қысылмайды. Өз бетімен емделушілер мен дәрігердің немесе маманның кеңесі бойынша емделушілердің мінез-құлықтарын зерттеу барысы тұтығудың күрделі кесел екенін дәлелдеді.

Сол себептен кеселдің ағымы да, психикалық қамығу да әр түрлі жағдайда өтеді. Әрбір тұтығушы адам кеселді өз басынан өзінше кешіреді. Сондықтан бұл ауруды емдеу жолдары да әр түрлі. Бір тұтығушы бір жағдайда жақсы сөйлесе, екінші тұтығушы мұндай жағдайда сөйлей алмай қиналады. Демек, әр адамның кеселіне әр түрлі қарау керек.

Қорыта айтқанда тұтығу — белгілі бір органдар құрылымының анатомиялық өзгерісі емес, керісінше солардың қызметінің бұзылуы. Олай болса тұтығудың пайда болуының кейбір жолдарына тоқталып өткен жөн. Өйткені оларды ата-ана да, ауру адам да білуі қажет.

Қорқу

Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, ата-аналардың басым көпшілігі баласының тұтығуы қорыққаннан кейін пайда болғанын айтады. Ал бала қорқатын себептердің түрінде шек жоқ. Ол күннің күркіреуі, кенет естілген автомобиль сигналы, иттің үруі, сиырдың мөңіреуі, шыққан өрт, тасыған су, отбасында шыққан ұрыс-жанжал болуы мүмкін. Қорқудан кейін пайда болған тұтығу түрліше өтеді.

Кей жағдайда сөздегі мүдіріс бірден байқалса, енді бір жағдайларда бала қатты қорқудан кейін мүлдем сөйлей алмауы мүмкін. Бұл жайт бірнеше күнге дейін созылады. Осыдан кейін бала қайтадан сөйлей бастаған кезде тұтығу пайда болады. Ал кей ретте қорыққаннан кейін тұтығудың пайда болмауы да мүмкін.

Бұған керісінше бала сөйлеп тұрып сөз арасында тұрып қалады, болмаса бір сөзді қайталап айта бастайды немесе кекештене түседі. Бір дыбысты, бір буынды немесе бір тіркесті түгел қайталап айту, созып сөйлеу пайда болады, яғни тұтығу басталады.

Күрделі кекештену, сақаулану

Бұл жағдайда бала бір немесе бірнеше дыбысты дұрыс айта алмайды, кекештеніп, сақауланып, сөйлеген кезде қинала бастайды. Ол сөзді айта алмайтынын біліп, өзгелерден қысылады, кекештенетін сөздеріне келгенде шатысып мүдіре береді, сөйтіп айтқан сөздері іртік-іртік болып, сөз, сөйлем арасында үзіліс пайда болады.

Тіл дамуының кешеуілдеуі

Бұл жағдайда бала кейбір сөздерді үшке немесе бес жасқа келгенде ғана айта алатын болады. Әдетте бала бұл кезде емін- еркін сөйлеп, бір сөзді ғана емес, бүтіндей сөз тіркестерін айту дәрежесінде болуы керек. Тіл дамуының кешеуілдеуі баланың кеш сөйлеуінде ғана емес, сонымен бірге оның сөздік қорының аз болуында, дыбыстарды бұзып айтуында, сөздердің грамматикалық құрылысын бұзып сөйлеуінде. Ойлау қабілеті мен сөйлеу мүмкіншіліктерінің нашарлауы сөйтіп тұтығуға әкеп соқтырады.

Ұзақ психикалық жайтты бастан кешіру

Отбасында немесе балалар бақшасында, мектепте бала әділетсіздікті басынан кешірсе қамығушылыққа ұшырайды. Баланың көзінше отбасында жанжал шығару, төбелесу, оны қорқыту, орынсыз маза бермеу, балалар коллективіндегі реніштер де түбінде тұтығуға ұрындырады.

Эмоциялық салмақ түсіру

Ата-аналар балаларына жан-жақты тәрбие беру үшін оларды жиі-жиі киноға апарады, цирк ойындарын тамашалатады, бірнеше сағат бойына үзбей мультфильмдер, ертегі-ойындар көруге рұқсат етеді. Бала осылардың бәрінен шамадан тыс әсер алып, сол алған әсерлерін басқаларға тезірек жеткізуге тырысады.

Сөйлеу үстінде қақалып, дыбысты жұтып қояды, сөздің аяғын жеп, бір ойын айтып болмай жатып, екінші ойға көшеді. Осындайдан барып шатасу, кекештену, сақаулану пайда болады. Міне, осы кездерде тез әрі тиісті шара қолданбаса, онда ұзақ мерзімді кекештену тұрақты тұтығуға айналып кетуі мүмкін.

Сөздік салмақ түсіру

Кейбір балалардың шамадан тыс сөйлейтіні және жақсы сөйлейтіні болады. Мұның ата-аналарды да, баланың айналасындағы үлкендерді де сүйсіндіретіні рас. Баланың бір өлеңді немесе ертегіні тез жаттап алып, өзгелерге айтып беріп жатқанын естіп, мақтаныш сезімге бөленген ата-ана оған (балаға) үсті-үстіне күшіне сай емес өлеңдерді жаттата бастайды. Оларды көршілеріне немесе келген қонақтарына айтқызып, баласына сөздік салмақ түсіреді. Бұл — үлкен қате, кешірімсіз қате демекпіз. Ата-ана тілдік аппарат пен сөздік салмақ түсірудің арасындағы алшақтықты байқамайды. Ал мұның өзі баланы тұтығуға әкеп соқтыруы мүмкін.

тұтығудан құтылу

Тұтығушылардың арасында көп болу

Мұндай жағдайда тұтығу еліктеу әсерінен пайда болуы мүмкін. Егер бала тұтығушылардың арасында көп уақыт болса, еліктеу әсерінің күшті болуы салдарынан кекештеніп сөйлеуге дағдылануы ғажап емес. Жоғарыда аталған жайлардың бәрі бала өмірінде кездесуі мүмкін.

Алайда оларға кездескен, ұшырасқан балалардың барлығы бірдей тұтығуға шалдыға бермейді. Демек, бұларды тұтығудың себебі емес, жәй ғана дәлелі деп есептейді. Ең басты себеп — жүйке жүйесінің бұзылуында.Кейде отбасында бір адамның тұтығуы мүмкін. Бұл жағдайда жоғарыда айтқанымыздай баланың тұтық болуы міндетті нәрсе емес. Кейде жүйке жүйесінің әлсіздігі тұқым қуалауы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда да тұтығудың балаға берілуі шарт емес. 

Практикада тұтығушы адамның логопедке кеш көрінетін жайы жиі кездеседі. Араға жылдар салып барып өзінің кеселі туралы шағым айтатын адамдардан: «Логопедке неліктен кеш көріндіңіз?» деп сұрасаңыз: «Есейген соң өзі кетер деп ойлаған едім»,— дегенді жиі естисіз. Мұндай адамдар өз ойларының қаншалықты зияны бар екеніне кезінде мән бермегені өкінішті-ақ. «Есейе келе кетуі мүмкін» деген түсінік — қате түсінік.

Керісінше, есейген сайын тұтығу бәсеңдеудің орнына бұрынғысынан да күшейе түседі. Адам жасы ұлғайған сайын тұтығу жаңа сипатқа ие бола бастайды. Өзі байқай бермейтін қимылдар, әрекеттер пайда болады. Мысалы, сөйлеп тұрып қиналған сәттерінде әр түрлі қимылдар жасайды: қолын көтеріп қалады, аяғымен жерді тепкілейді, болмаса қолын бетіне жүгіртеді, сонда ғана «қиын» деген сөзі аузынан «еркін» шығып жүре береді.

Мұндай қимылдар бұдан былай бала санасына «қиындықты» шешетін қимыл сияқты болып көрінеді де тұрады. Сөйтіп ол бұдан былай қиналған сәттерінде әлгі қимылдарды қайталай беретін болады. Айналып келгенде бұл қимылдар тұтығудың құрамдас бөлшегіне айналады. Кейіннен өзінің артық, оғаш қимылдарын сезген бала олардан арылудың жолдарын іздестіреді. Сөйтіп, шамадан тыс оғаш қимыл баланың бойына біржолата сіңісіп, қалыптасады. Айналып келгенде баланың психикалық кеселге тап болуы да мүмкін.

Оның үстіне бала өсе келе өз кемістігіне қынжылуды дағдыға айналдырады. Сөйлеген сайын айналасындағы адамдардан ұялып, өзінің дәрменсіздігіне налиды. Баланың бастапқы мінез-құлқы өзгере бастайды, бұрынғы жайдары, күліп-ойнап жүретін қылығынан қалады, көп ашылып сөйлемейді, тұйық болып қалады. Бұрын жайбарақат жүретін баланың бойында енді не болса соған ашулану, өкпелеу, тепсіну қылықтары пайда болады.

Жоғары сыныптарда ауызша сабақтар көбейе түседі. Оның үстіне баланың коғамдық өмірге жиі араласу қажеттілігі де келіп туады. Мектеп өмірі де баладан осыны талап етеді. Міне, осы кезде сөйлеу қажеттігі өз бағасын сездіреді. Енді тұтығу қайтадан жаңа сипат алады. Бала бойына: «Тұтығып қаламын»,— деген қорқынышқа енді: «Сөйлей алмаймын»,— деген үрей қосылады.

Адамдармен сөйлесуден үрейленү факторы мінез-құлыққа түрлі өзгерістер енгізеді. Өйткені, тұтығу баланың психикасына барлық жағынан әсер етеді, ерік күшін билеп алады, санасына сенімсіздік қасиеттер ұялатады, ол өзін-өзі толық билеуден қалады, көңіліне түрлі ойлар келіп, кейде өзіне қастандық жасауды жоспарлай бастауы да мүмкін.

Бала өзін өзгелермен салыстырып қарайды. Сөйтіп, оны «мен олардан кеммін» деген ой мазасын алады, өмір ол үшін тауқыметке айналады. Міне, дәл осы кезде ата- ана, педагогтар, айналасындағы адамдар тұтығушы балаға ерекше назар аударып, қамқорлық жасаулары керек. Бала бойына оптимизм мен үмітті ұялатудың жолдарын іздестірген жөн. Тұтығушы бала әдетте кінәмшіл келеді. Сондықтан бала осылай торыққан кездерде үлкендердің сақ болғаны жөн. Соңғы уақытта біздің елімізде тұтығу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі кезде жалпы балалар бақшаларының жанында логопедтік топтар, сондай-ақ тұтығуға шалдыққан балаларға арналған балалар бақшалары бар. Балалар поликлиникалары жанында логопед кабинеттері жұмыс істейді. Мұндай кабинеттер мектептерде де және психоневрологпялық диспансерлер жанында да бар. Қалаларда логопедтік жартылай стационарлар мен барлық жастағы балаларға арналған стационарлар жұмыс істейді. Дәл мұндай стационарлар жоқ жерде баланы жақын елді пункттегі арнаулы орындарға көрсету керек.

Тұтығатын мектеп оқушылары логопедтік көмекті амбулаториялық жолмен де ала алады. Ол үшін тұтығушы бала мектеп жанындағы немесе аурухана жанындағы логопед пункттеріне барып, сабақтарға қатысып, жаттығулар алып тұрулары керек. Егер тұтығушы бала логопедия сабағы кезінде жаттығуларға немқұрайлы қарайтын болса, онда ол айтарлықтай нәтижеге жетпейді. Ата-ана да баласының логопедке барып, сабаққа уақтылы қатысып тұруына қатаң бақылау жасаған жөн. Сонда ғана бала психикасының сауығуы мүмкін.Баланың өсіп жетілуінде тілдік дамудың кешігуі кездескен жағдайда тұтықпаның басқа түрлері кездесіп қалуы мүмкін.

Логопед көмегін алуға баратын баланы қалай дайындау керек.

Тұтығушы балаға мектепте қандай жағдай жасалуы керек.

Жанұя мен мектептің логопедиялық шаралар кезінде атқаратын ролі.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер7
  1. Айгерим

    Балам 5 жаста тұтығады. Осындай ақпараттар көбірек болса

  2. Диана

    Оте жаксы макала еркетай рахмеет

  3. Дильназ

    Тұтығуды дәл қазір басуға болама

  4. Айгүл

    Тұтықпаны кемднгенде 6ай логопедке бару керек сонда нәтежесі орасан зор болады

  5. Меруерт

    логопед мамандарының жұмысы аса төзімділік пен уакытты,еңбекті қад\жет етеді.Тұтығатын балалармен жұмыс истеп нәтижеге жету ерлік деп білемін

  6. Айгерим

    Өте пайдалы мақала екен.Рахмет

  7. Нургиса

    МЕНІҢ жасым 22де тутыгамын орташа

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ