Сөйлеу ережелері

Тұтық балаларға арналған мынандай ережелер бар. Оларды орындау, есте ұстау — тұтық баланың міндеті. Әңгімелескен кезде өзің сөйлесіп тұрған адамның бетіне тура қара. Бұл сенің батыл және сенімді сөйлеуіңе көмектеседі.

Әрқашан баяу, асықпай-саспай сөйлеу есіңде болсын. Сөйлесіп тұрғанда еңкейме, басыңды салбыратпа, артық қозғалыстардан аулақ бол. Денеңді тік және сенімді ұста. Әдетте жауап беруге асықпа. Алдымен айтатын сөзіңді іштей қайталап ал. Сені ешкім асықтырмайды. Сөйлер алдында деміңді ішіңе қарай алып ал, сосын бірден сөйлей баста.

Деміңді сыртқа шығарып жатқан кезде сөйлеуге тырыс. Ауаны дауысты дыбыстарға жұмса. Дауысты дыбыстарды қаттырақ айтуға тырыс.

Дауыссыз дыбыстарға салмақ түсірме. Оларды күш салмай айт.Әр сөздегі екпінді дауысты дыбысты бөліп шығар: оны қаттырақ және басқа дауыссыз дыбыстардан созыңқырап айт.

3-4 сөзден тұратын сөйлемді бір дем алыс арасында айтып қалуға тырыс. Сөз арасындағы үзілістерді сақта. Ұзақ сөйлемдерді мағынасына қарай 3-4 сөзден бө- ліп-бөліп айтуға тырыс, араларында үзіліс болсын, үзіліс кезінде деміңді ішке қарай алып ал.Қысқа сөйлем ішіндегі мағыналы сөзді салмақпен айт. Дауыстап, нықтап, мағыналы сөйле.

Бұл ережелер айтарлықтай қиын да емес, алайда балалардың барлығы бірдей оларды орындай алмайды. Есте жақсы қалу үшін бұл ережелерді үлкен бір параққа жазып, көрнекі жерге іліп қою керек және оларды ұмытпас үшін түгелдей жаттап алған дұрыс.

Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, логопед алғашқы 10-12 күн бойына «үндемеу режимін» сақтауды ұсынады. Яғни тұтық балаға бұл кезде көп сөйлемейтіндей жағдай туғызылуы тиіс. Бұдан бала күні бойы сөйлемеуге тиіс деген ұғым тумауы керек. Бала қажет деген сөздерді ғана айтумен шектелсе, онда оның ешқандай зияны жоқ.

Дегенмен де осы кезеңде оның сөйлеуін шектеуге тырысқан жөн. Баланың өзінің сөйлегісі келуі мүмкін. Олай болса оған негізгі мақсатты түсіңдіріп айту керек. Бала жалықпас үшін оны ойынмен алдандыруға болады. Мысалы, кім шыдай алмай сөйлеп қойса, онда бір ұпай ұтқызғаны деген сияқты ойын ұйымдастырған жөн. Бұл ойынның қорытындысы әр кеш сайын шығарылып, жеңімпаздың есімі аталып отырады.

Бұл кезде сөйлесу қажет болса, балалардың бір-бірімен жазу немесе ымдау арқылы түсінісулеріне болады.

«Үндемеу режимі» кезінде тілдік жаттығулар жүргізу одан әрі жалғастырыла береді. Бала топтағы сабаққа қатысып, берілген тапсырмаларды да орындап отыруға тиіс. «Үндемеу режимін» мектепте де сақтау үшін ата-ана мұғалімге барып, алдағы екі аптада баласынан сабақ сұрамауын өтінеді. «Үндемеу режимінің» тілдік бұзылысты жөндеуге тигізетін пайдасы жөнінде балаға егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Баланың өзі де сол режимді орындауға тиіс. Әсіресе, ол үзіліс кездерінде, көшеде жүргенде жолдастармен көп сөйлеспеуге тырысуы керек.

«Үндемеу режимін» сақтау көпшілік жағдайда нерв жүйесін реттеуге, оны бір жүйеге түсіруге көмектеседі. Енді тілмен жұмыс істеу және тілдік жаттығуларды үйде орындаудың түрлеріне тоқталып өтелік.

Тыныс алу, артикуляция және дауысты дыбыстармен жұмыс істеу

Әдетте топтағы сабақ тыныс алу жаттығуларын орындаудан басталады. Сөйлеген кезде қалай дем алу керектігін логопед айтып түсіндіреді. Сөйлеу кезінде дем алудың жай дем алудан біраз айырмашылығы бар. Әдетте біз сөйлемеген кезімізде мұрын арқылы дем аламыз да, сөйлеген кезде ауыз арқылы дем аламыз.

Сөйлемеген кезде дем алу мен дем шығару ұзақтығы біркелкі болса, ал сөйлеген кездегі дем алу мен дем шығару ұзақтығы әркелкі. Атап айтқанда дем алу қысқа әрі тез, ал дем шығару ұзағырақ болады. Бұл арада біз тыныс алуды түзету әдістеріне тоқталып жатпаймыз. Мақсатымыз да ол емес. Оның есесіне бұл арада ата-аналардың назарды қандай жағдайларға көбірек аударуы керек екендігін айтып өткен жөн. Ол жайлар мыналар:

— бала демін ішіне алғаннан кейін барып сөйлеуге кірісетін болсын;

— демін шығару үстінде сөйлессін;

— демді ішке қарай алған кезде ауаны мұрын арқылы емес, ауыз арқылы жұтсын;

— дем алу жәй әрі қысқа, ал дем шығару — ұзағырақ болсын;

— дем алған кезінде баланың иығы қозғалмасын;

— Дем алғанда баланың кеудесі көтерілмесін, дем шығарғанда төмен түспесін;

— тыныс алғаннан кейін мүдірместен сөйлесуге кіріссін;

— сөйлеу кезінде дем алуға салмақ түспесін.

Әдемі де дұрыс сөйлеудің басты кепілі — дыбысты анық әрі айқын шығару. Тұтық балалардың сөйлеген кездегі басты кемшіліктері — тістің арасынан сөйлейтіндіктері. Өйткені олар көп жағдайда ауыздарын толық ашпай сөйлейді, сөзді жұмарлап, жұтып қояды. Сөйтіп, сөздері жалғаулықсыз шығады. Бұл кемшілікті түзету үшін логопед балаға тіл органдарының гимнастикасынан жаттығулар береді. Бұл жаттығуларды айна алдында тұрып істеуді дағдыға айналдыру керек.

Логопед әдетте тапсыратын жаттығулар мыналар:

  1. Иекті бос еркін түсіріп жіберу.
  2. У және И әріптерін айтқан кездегідей етіп ерінді дөңгелетіп ұстау, сонан кейін босатып жіберу.
  3. Жоғарғы ерінді көтеру. Бұл кезде жоғарғы тістер мен тіс еті көрінетін болсын.
  4. Төменгі ерінді түсіру, төменгі тістер мен тіс еті көрінетіндей болсын. Бұл гимнастика ерін мен мұрынның төменгі жағының дамуына әсер етеді.

Дауысты дыбыстар — біздің тіліміздің негізі. Сөйлеу ырғағының бірқалыпты және дұрыс шығуы барлық дауысты дыбыстарды дұрыс айтуға байланысты. Дауысты дыбыстар сөйлеген кезде айқын естіледі де, дауыссыз дыбыстар байқалмай қалып отырады.

Әдетте тұтық балалар дауысты дыбыстарды шығаруға онша қиналмайды. Дауысты дыбыстармен жұмыс істеу дегеніміз — тыныс алу жолдарымен, артикуляциямен және дауыспен жұмыс істеу. Сондықтан да логопед дауысты дыбыстарға көп көңіл бөледі. Алғашқыда тұтық бала әрбір дауысты дыбысты бөлек оқып үйренеді.

Логопед оған әр дыбыстың қалай шығатынын үйретеді, олардың артикуляциясын көрсетеді. Мысалы, а дыбысын ауызды кең ашу арқылы айтады. Тұтық балалардың а-аа-ааа деп созып бұл дыбысты айта алмайтын жағдайлары жиі кездеседі. Бұл дыбысты айтып үйрену үшін төменгі иекті салбыратып жіберу керек, яғни төмен түсіру қажет.

Жоғарғы тістер мен төменгі тістер аралығында қос саусақ сиятындай кеңістік қалуға тиіс. Ә дыбысын айтарда тістердің арасы а дыбысын айтқан кездегіден гөрі жақындайды. Тіс аралықтарының қашықтығы бір жарым саусақ сиятындай болуға тиіс. О дыбысын айтқанда тіс аралықтарындағы қашықтық бір саусақ сиятындай болады.

Бұл кезде қос ерін дөңгеленіп, сүйірленеді, сондай-ақ Ө әрпін айтқанда да қос ерін сүйірленіп, тіл аздап кейін шегінеді, У дыбысын айтқанда ерін алға біраз шығады; Ы дыбысын айтқанда ауыз жартылай ашылады да, тіл кейін шегінеді; Ү дыбысын айтқанда еріндер сүйірленіп, алға шығады, У әрпін айтқандағыға қарағанда тіл аз да болса алға жылжиды; И дыбысын айтқанда да солай, бірақ мимика күлкіге ұқсайды т. с. с.

Әдетте топта өтетін сабақ бала үшін жеткіліксіз. Сондықтан бала үйде көбірек жаттығуға тиіс. Ол айна алдында жаттығуға тиіс. Жоғарыда аталған жаттығуларды орындаған кезде назарды неге аудару керек? Ең бастысы — әр дауысты дыбыс созып айтылатын болсын. Әр дыбыстың артикуляциясы басынан аяғына дейін бірқалыпты анық естілуге тиіс. Бұл айтылғанның, әсіресе, А дыбысына қатысы бар.

Тұтық балалар көбіне мынадай қателер жібереді: олар А дыбысын аузын ашып тұрып айтады да, сонан соң көпке шыдай алмай дыбыстың артикуляциясын бұзып, аузын жұмады. Дыбыс сонан барып шорт үзіледі. Қателеспес үшін жаттығуды күшті дауыспен сенімді түрде жасау керек.

Дауысты шығарған кезде дыбыс дірілдемеуге әрі біркелкі шығуы керек. Әр жаттығудан кейін баланың дұрыс тыныс алуын қадағалау қажет. Баланың келесі дыбысты айтуға асықпағаны жөн. Әр дыбысты бөлек-бөлек айтып жаттыққаннан кейін, логопед балаға дыбыстарды қосып айтуды үйретуге кіріседі.

Ол үшін әуелі екі әріп, сосын үш, төрт, бес, алты, т. с. с. әріптер біріктіріліп айтылады. Жаттығу кезінде басты элементті ескеру керек, яғни сөз тұтастай айтылуға тиіс. Бала сөзді бөлшектеп айтатын болса, онда оны сөзді тұтас айтып үйренгенге дейін жаттықтыру керек. Тұтық бала әдетте жалығып, сөйлеуден қашқақтайды. Ондай кезде баланы зорлап сөйлетуге болмайды. Олай етпеген жағдайда еңбек еш болады. Мұндайда шыдамдылық қажет. Тек шыдамдылық көрсету арқылы ғана көздеген мақсатқа жетуге болады.

Алғашқы кезде дыбыстық жаттығулар балаларға көп қиындық келтіреді. Олар үшін сабақ қызғылықты емес сияқты болып көрінеді. Ата-аналардың басты міндеті — балаларын осы ауыр кезеңді жеңе білуге үйрету. Балаларды қызықтыру үшін сабаққа ойын элементтерін енгізуге болады. Ол үшін ересек адамдардың біреуі тұтық балалармен «дауысты дыбысты кім ұзақ созып айтар екен?» деп жарысқа түседі.

Дауысты дыбыстарды айтып үйренген кезде ата-ана баласының дыбыстарды үзбей, біртұтас айтуын да қадағалауы керек. Дыбыстарды үзбей айту үстінде ерін мен тілдің қалпы ғана өзгеріп отыруы қажет, ал айтылуы жағынан да, шығуы жағынан да олар біркелкі болуға тиіс.

Бірнеше дауысты дыбысты бір тұтас етіп айту үшін терең дем алу қажет. Логопед осы жағын ескеріп, әр жаттығудың дұрыс орындалуын қадағалап отыруға тиіс. Нақты артикуляцияға дағдылану үшін көп шыдамдылық және ыждағаттылық қажет дедік. Сондықтан да бірнеше дауысты дыбыстар тіркесін бір-екі рет қана қайталап қою жеткіліксіз.

Сондықтан күніне 10-15 минуттан бірнеше рет жаттығу өткізу керек. Сонымен бірге бала артикуляциялық аппаратын дұрыстау үшін тілдік жаттығуды да дағдыға айналдырғаны жөн. Әдетте, мұндай жаттығулар ешқандай қиындықсыз орындалып, баланың өз күшіне деген сенімін арттыра түседі. Бара-бара баланың өзі бұл жаттығуларды күнделікті әрі үйреншікті әдетке айналдырады. Сөйтіп, бұл жуыну мен таңертеңгілік дене шынықтыру секілді қажеттілікке айналады.

Тұтығатын баламен бірге сөз тіркестерімен жұмыс істеу.

Тұтық баламен бірге cөзбен жұмыс істеу ережелері.

Тұтығатын баланың үйде тілмен жұмыс жасауына арналған кеңестер.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер5
  1. Молдир

    Мақала жақсы жазылған. Өзіме керекті мағлұмат алдым. Рахмет!

  2. Увалиева Жанна

    Пайдалы ақпарат алдым рақмет сізге.

    1. Лаура

      пайдалы ақпарат алдым іс тәжірибемде қолданатын боламын

  3. Айгүл

    Рақмет шығармашылық табыс өзіме жұмыста жетістік тңлеймің

  4. Бекназарова Гульмира

    Сөйлеу ережелері мен тыныс алу жаттығулары өте жақсы жазылған. Әсіресе тұтығып сөйлеуге арналған кеңестеріңіз қатты ұнады. Баяндама жоғары деңгейде нақты әрі жүйелі жазылған.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ