Сөзбен жұмыс істеу

Дауысты дыбыстар артикуляциясы әдетте дауыссыз дыбыстарға қарағанда әлдеқайда жеңілірек меңгеріледі. Дауысты дыбыстармен жаттығу жұмыстарын жүргізіп үйренгеннен кейін бала жеке сөздерді айтуға талпыныс жасауы керек. Жекелеген әр сөздегі дауысты дыбыс айқын да нақты айтылуға тиіс.

Қазақ тілінде әдетте екпін соңғы буындағы дауысты дыбысқа түседі. Бұл тұтық бала есте ұстайтын жайлардың бірі. Сондықтан сөзді айтқан кезде соңғы дауысты дыбысты мүмкіндігінше айқын, ашық әрі мәнерлі айтуды естен шығармаған жөн.

Дыбысқа екпін түсіре айту — грамматикалық ереженің басты мәні болып табылады. Орыс тілінен енген сөздерде дауыс екпіні сөздің басында да, ортасында да, аяғында да келе беретінін айта кету керек. Сондықтан ондай сөздердің орыс тіліндегі дауыс екпінін сақтау қажет.

Қазақ тілінде де дауыс екпіні соңғы буынға түсе бермейтін сөздер де кездеседі. Мысалы, барамыз, қайтамыз, аламыз деген сияқты сөздерде екпін екінші буындағы дауысты дыбыстарға түседі. Әдетте екпін түсетін дауысты дыбысты басқалардан гөрі созыңқырап айту керек. Сонда сөз әрі мәнерлі, әрі дұрыс айтылатын болады.

Әдетте а әрпінен басталатын сөздерді, мысалы: арба, айна, алма, арша сияқты сөздерді мүдіріссіз айтып үйрену керек. Сонан кейін барып басқа дауысты дыбыстарға көшкен жөн. Әр халықтың тілінде дауысты дыбыстар саны жағынан да, сапасы жағынан да әр түрлі болып келеді. Кейбір тілдерде дауыстылардың саны көп те, кейбір тілдерде аз.

Мысалы, қазақ тілінде тоғыз жалаңдауысты дыбыс (монофтонг) болса (а, е, ы, і, ә, о, ө, ұ, у), орыс тілінде алты дауысты дыбыс (а, э, и, ы, о, у) бар. Ағылшын тілінде дауыстылардың саны — жиырма бір (оның ішінде он екісі жалаң дауысты), қырғыз тілінде сегіз жалаң дауысты дыбыс бар.

Бала бір апта бойына екі буыннан тұратын сөздерді айтып үйренуге тиіс. Ал буыны екіден көп сөздер тілге салмақ түсіреді. Ең алғашында қысқа сөздерді айтып жаттығу айтарлықтай нәтиже беретінін практика дәлелдеді. Бұдан кейін, яғни екінші аптада үш буыннан, үшінші аптада төрт, тіпті бес буыннан тұратын тіркестерді айтып үйренген жөн.

Сөздердің дауысты дыбыстан басталғаны дұрыс. Айтқызатын сөз таңдаған кезде баланың жасын ескеру керек. Өйткені, 7-10 жас аралығындағы баланың сөздік қоры онша бай болмайтыны белгілі. Сонымен бірге неологизм сөздер болмаса, артикуляция, космонавт, конституция, конспирация сияқты сөздерді баланың білмеуі де мүмкін. Мұндай сөздерді бала практикада жиі қолданбайтын болғандықтан айтуға қиынсынуы да, түсінбеуі де мүмкін.

Сөздермен жұмыс жүргізгенде мына кеңестерді басшылыққа алған жөн

Ең алдымен баланың дәптеріне ол айтып үйренетін сөздерді жеткілікті мөлшерде жазып, екпін түсетін дауысты дыбыстарды қызыл қарындашпен қоршауға алып қою керек. Жаттыққан кезде баланың екпін түсетін дыбысты әндетіп, созыңқырап айтуын талап ету қажет.

Бала үшін не одан да көп буыннан тұратын сөзді айтуға қиналатын болса, онда сөзді ол буын-буынға бөліп айтсын. Ол үшін кішкентай допты пайдалануға болады. Айталық, балапан, балақан деген сөздерді балаға үйреткен кезде әр буын сайын допты жерге соғып, доп жерге тиген сәтте буынды қайталатып отырған жөн.

Сонда іс нәтижелірек болады. Бала сөйтіп ырғақпен сөйлеуді сенімді түрде дағдыға айналдырады. Сөйлеуі оңайлайды, өз күшіне деген сенім пайда болады. Жаттығу үстінде әр сөзді айтқаннан кейін тыныс алуды ұмытпасын. Тыныс алудың да өз мөлшері болғаны дұрыс. Мысалы, бір сөзді бірнеше рет қайталағаннан кейін бала үшке дейін немесе беске дейін санап, аз да болса; үзіліс жасауы керек.

Бала бір сөзді дұрыс айтып дағдылану үшін оны бір алған демі таусылғанша үзбей үш рет қайталап үйренуі қажет. Мысалы балапан, балапан, балапан. Бұл сөздегі соңғы н әрпі мен келесі сөздің басындағы б әрпінің арасында үзіліс болмауы керек, олар бірге айтылуы тиіс. Яғни ол сөз: балапан балапан балапан деп бір сөздей естілуге тиіс.

Әдетте дауысты дыбыстан басталған сөздерді (алаша, алақан, алақай, апатай) айтып жаттыққан кезде балалардың басым көпшілігі тұтықпайды.

Дауыссыз дыбыстан басталатын сөздерді айту тұтығатын балаға қиындық келтіреді. Бала көп жағдайда екпінді дауысты дыбысқа емес, дауыссыз дыбысқа түсіруге тырысады: Сөйлеу ережелері деген тақырыпта дауысты дыбыстардың барлығы болмағанымен, кейбіреулерін қалай айтуға болатынына назар аударылған.

Сөз үйреткенде сол ережелерді басшылыққа алуды ұмытпаған жөн. Дауысты дыбыстарды дұрыс меңгеру — дауыссыз дыбыстарды меңгеруге де септігін тигізеді. Дауысты және дауыссыз дыбыстарды өз алдына бөліп, жеке-жеке үйрену нәтиже бермейді. Сондықтан оларды бір-бірінен бөлмей үйренген жөн.

Тұтық балалардың әдетте п, б, т, д, к, г дыбыстарын айтуға қиналатыны белгілі. Соған қарамастан олардың артикуляциясы айтарлықтай қиын да емес.

Дауыссыз дыбыстарды айтқанда, дауыс шымылдығы жиырылып қысылмаса және дауыс қатты шықпайтын болса, онда қатаң дыбыстар жасалады. Мысалы, қ, к, т, п, с және т. б. Егер дауыссыз дыбыстарды айтқанда, дауыс шымылдығы үн шығарарлық қалыпта болса, онда ұяң дыбыстар жасалады. Мысалы ғ, г, д, б, з және т. б.

Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін дыбыстау мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін жете білу керек. Дыбыстау мүшелеріне өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, тілшік, таңдай, тіс, ерін т. б. жатады. Дыбыстау мүшелерінің жиынтығын сөйлеу аппараты деп атайды.

Дыбыс шығаруда дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады

Тіл — ауыз қуысындағы мүшелердің ең бастысы. Тілдің бірде ілгері, бірде кейін жылжуынан, біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылдауынан әр түрлі дыбыстар пайда болады. Мысалы, тілдің ұшы жоғары тістерге тиюінен тіс дыбыстары (т, д), ал тілдің артқы шетінің таңдайға тиюінен немесе оған жуықтауынан тіл арты дыбыстары (к, ғ, к, г) жасалады.

М, п, б сияқты дыбыстардың жасалуына ерін ерекше үлес қосады. Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндік дауысты дыбыстар (о, у, ө, т. б) жасалса, екі еріннің өзара жымдасуынан ерін дауыссыздары (м, б, п) жасалады. Астыңғы еріннің үстіңгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиаленталь дыбыстар (ф, в) пайда болады.

Бір сөзбен айтқанда, сөз жасайтын дыбыстар дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының өзіне тән белгілі бір қызметі болады. Бірақ ол қызметтер өз алдына жеке-дара емес, мүшелердің бірінің қызметі екіншісінің қызметіне бағынышты. Дауысты дыбысты дауыссыз дыбыстан бөлежарып қарауға болмайды дейтініміз де сондықтан.Бала бүтін сөзді толық айтуға дағдылануға тиіс. Ал жеке сөзді бөліп айтатын болса тұтығу сирек болады.

Жаттығу кезіндегі табысын ата-анасы баласына дер кезінде айтып, мақтап қойса, онда оның сөйлеуге деген сенімі артады, ойындағы күдігі жойылады. Сөйлеп отырып баланың кейбір жеке сөздерден тосылып, тұтығып қалуы мүмкін. Мұндай кездерде ата-ана: «Сен бұл сөзді бұрын дұрыс айтқансың, саспа, тағы бір қайталап айт»,- деп балаға дем беріп қоюы керек.

Баланың кейбір жекелеген сөздерді қайталап айта беруі, тосылып қалуы, тұтығуы не дұрыс айтпауы — оның бұрынғы жаман, үйреншікті әдеттеріне еліктеуінен деп білу керек. Не тұтығу бала өз күшіне сенбеген жағдайда қайталанады.

Баласының сөйлеудегі аз да болса қол жеткен табыстарын ең бірінші ата-анасы көруге тиіс. Сөйтіп олар баланы мақтап ынталандырып, жетістіктерін баса көрсетіп айтып отырғандары дұрыс.

Көп жағдайда бұлай бола бермейтіні өкінішті. Мысалы, бірде мұғалім 6 сынып оқушысы Қ. деген баладан оның үйде қалай сөйлегенін сұрады. Бала: «Мен үйде дұрыс сөйледім, қателескен жоқпын, тұтықпадым»,- деген кезде анасы сөзге араласып: «Неге шыныңды айтпайсың? Сен үйде дұрыс сөйлеген жоқсың. Әр сөз сайын тұтықтың»,- деп баланы ұялтып, қағып тастады. Бала қиналып біраз тұрды, бірдеңе айтқысы келді, алайда реніштен тұтығып, ешнәрсе айта алмады.

Мұны шешесінің өз баласына жасаған үлкен қиянаты деп білу керек. Бірақ мұнысын баланың анасы сезген жоқ. Бала шынымен үйде дұрыс сөйлемеген болса, тұтыққан болса, онда оны логопедке баланың көзінше емес, оңашада айтуы керек еді. Бала өзін үйде қатесіз, тұтықпай дұрыс сөйледім деп ойлауы да мүмкін.

Өйткені, бала өз қатесін байқамайды. Әдетте мұндай жайлар тұтығушылар арасында жиі кездеседі. Баланың өз жолдастары арасында немесе бөгде адамдар арасында саналы түрде өтірік айтуы да мүмкін. Мұндай жағдайда да баланы әшкерелеп, абыройын төгіп ұялтып жатудың қажеті жоқ. Өйткені, әшкерелеу, ұялту — балаға шексіз зиян.

Бұдан басқа да жайлар кездесуі мүмкін. Мысалы, бала логопедиялық сабақ үстінде жақсы сөйлейді дейік. Сабақ біткеннен кейін логопед мұнысы үшін баланы мақтайды. Баласының дәл осындай қуанышты сәтінде ата- анасының бірі тұрып: «Мақтаудан қандай пайда бар? Ол осында қазір жақсы сөйлеп тұр, үйге барған соң қайтадан тұтыға бастайды, әдеті сол»,- деп баланың жарқын үмітіне өз қолымен су құятыны бар.

Ата-ананың бұл қылығын кешіруге болмайды. Өйткені, бала логопедтің айтқанынан нәр алып, қуанып қалды, кеудесінде: «Мен сөйлей аламын»,- деген үміт оты ұшқындады. Оның бұл сәттегі қуанышында шек жоқ. Ал ата-анасы болса оны аяқ астына салып, бәрін жоққа шығарып отыр. Соның салдарынан осыған дейін істелген істің нәтижесі жоқ болатынын, еңбектің еш болатынын кейбір ата-аналар біле бермейді.

Бұған керісінше ата-ана логопедтің жақсы пікірін қоштап, баланың табысын көре білсе, мақтаса, онда баланың жарқын үміті жалғаса түсер еді. Үйге қайтып келе жатып та баланың қуанышына ата-ана қоса қуанса, балаға сездірмей жаттығуды одан әрі жалғастырса құбақұп болар еді.

Тұтығудың ауыр кесел екенін әр ата-ана жақсы білуге тиіс. Тұтығу тез емделе қоятын ауру емес. Емделу үшін балаға да, ата-анаға да үлкен шыдамдылық пен төзімділік керек. Дұрыс сөйлеп кету үшін сонымен бірге ыждағаттылық қажет. Баланың тілдік дамуындағы болмашы табыстың өзін дер кезінде көріп, бағалау — табыс кепілі екенін бір сәт естен шығармау керек.

Тамшыдан теңіз құралса, кішкентай жетістіктен табыс құралады. Тұтықпа кеселге шалдыққан балалардың біраз жылдан кейін дұрыс әрі мәнерлі сөйлеп кетуі логопедиялық тәжірибеде аз кездеспейді.

Логопед сабақ кезінде баламен ешқашанда толық жұмыс істей алмайды. Олай болуы мүмкін де емес, уақытта жетпейді. Сондықтан ата-ана баланың үйде түрлі жаттығулармен айналысуына, сабақ оқуына жан-жақты жағдай жасауға тиіс.

Әдетте тұтығатын балалардың сөздік қоры аз болады, олар сөйлескен кезде қажет сөзді таба алмай қиналып қалады. Логопедиялық сабаққа келіп жүрген мектеп оқушыларының көп жағдайда өздерінің пікірлерін, ойларын толық айтып жеткізе алмайтындығы бұған дәлел.

Тіпті оқып шыққан кітабының мазмұнын айта алмайтын оқушылар практикада жиі кездеседі. Ондайлар көрген қызықты кинофильмінің мазмұнын да жолдастарына жеткізіп бере алмай қиналады. Содан барып тұтық бала сөйлегенде көптеген қыстырма сөздерді пайдалануды әдетке айналдырады.

Мұндай жағдайда ата-ана не істеуі керек? Сөйлеген кезде баланың мүмкіндігінше қыстырма, басы артық сөздерді пайдалануына жол бермеген жөн. Бала сөз таба алмай қиналған кезде ата-ананың қажетті сөздерді тез айтып жіберуді дағдыға айналдырғаны дұрыс. Бұл баланың сөздік қорының қыстырма, қоқыс сөздермен ластанбауына жағдай жасайды.

Сонымен бірге баланың сөздерді орнымен айтуына, мәнерлеп сөйлеуіне ерекше мән беру керек. Сөзбен жұмыс істеген кезде әртүрлі сөздіктердің атқаратын мәні зор. Егер бастауыш сынып оқушыларына орфографиялық сөздік жететін болса, жоғарғы сынып оқушылары үшін түсіндірме сөздіктер өте қажет. Сөздіктерді ұдайы және тыңғылықты пайдалану — баланың сөздік қорын байытады, сөздерді дұрыс пайдалануына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сөзбен жұмыс істеген кезде бала мына ережелерді есте ұстауы керек:

Ауаны негізінен дауысты дыбыстарға жұмса.

Дауысты дыбыстарды анық та айқын айтуға тырыс.

Дауыссыз дыбыстарға салмақ түсірме.

Оларды әдеттегіден жеңіл айт.

Әр сөздегі екпінді дыбысқа ерекше көңіл бөл және оны созыңқырап айт.

Меңгерген тілдік ережелерді бекіту үшін сөз ойындарының алатын ролі ерекше. Бұдан бұрын оқушының күн режимін дұрыс сақтауы туралы, оның маңыздылығы жөнінде айтылған. Баланың демалысы белсенді әрі мазмұнды болуға тиіс. Төменгі сынып оқушылары да, жоғары сынып оқушылары да ойын арқылы көңіл көтерулері керек.

Мектептер мен балалар бақшаларына тіл дамытуға арналған жұмбақ, шарада, викторина, сөзжұмбақ сияқты ойын түрлері аса тиімді болып табылады. Мұндай ойындардың жақсылығы сол — олар балалардың көңіл-күйін тез көтереді, іздемпаздығын, тапқырлығын, ойлау қабілетін арттырады, олардың сөздік қорын көбейтеді.

Сөйтіп, мұндай ойындар әдебиет, тарих, қазақ тілі, орыс тілі пәндерін меңгеруге сөзсіз көмектеседі. Ойын — тілдік кешеуілдеуден, тұтығудан құтылуға көмектесетін шаралардың бірі. Ойынның тіл дамытуды көздейтін түрлері тапқырлықты қажет етеді, сондықтан да логопедия ілімі басқа шаралардан гөрі ойынға ерекше мән береді.

Тілдік кешеуілдеуді, тұтығуды мүмкіндігінше ертерек жеңудің басты шарты — ойын дедік (біз бұл арада тіл дамытуды көздейтін ойындарды айтып отырмыз) олай болса мұндай ойындарды ата-ана мүмкіндігінше күн сайын аз дегенде бір сағаттан өткізіп отыруға тиіс. Ойынды жанұялық демалысқа айналдырған жөн.

Мұндай шараны бір-екі аптаға созса болғаны, кейін балалардың ойынға деген құштарлығы өзі-ақ артады, дағдыға, қажеттілікке айналады. Келе-келе бала тіл дамытуды көздейтін ойындарды өзге балалармен өзі де ұйымдастыратын болады. Біз оны практикадан көріп те жүрміз.

Мектептегі сабақ пен үйдегі ойынды бір-бірімен үнемі алмастырып отыру — айтарлықтай нәтиже беретіні даусыз. Тілдік мақсаттағы ойындар, жаттығулар баланың әдеттегіден тезірек сөйлеп кетуіне тікелей әсерін тигізеді. Әдетте тұтығушы балалар ата-анасына онша жақын болмайды.

Бойларын алшақ ұстайды, ата-анасыпың өздерімен сөйлесуін қалай бермейді. Ал жоғарыда аталған ойын түрлері ата-ана мен баланың арасын жақындатары сөзсіз. Сөйтіп, көп жағдайда ата-ана балаға мсктептегі мұғалім мен логопедтен гөрі сенімді серікке айналады.

Баланың тілдік мақсаттағы ойынға деген тілегін қанағаттандыруды естен шығармау керек. Қайткен күнде де ойынға уақыт таба білген жөн. Тілдік мақсаттағы ойындарды өткізуде үзілістің болмағаны дұрыс, ойынды күн сайын бір мезгілде ұйымдастырып отыру керек. Ойынға тек ата-ана ғана емес, сонымен бірге жанұяның басқа мүшелері, бірнеше адам қатысса тіпті жақсы.

Жанұяда екі-үш бала болып, олардың біреуі ғана тұтығатын болса, онда тұтықпайтын балаларды ойынға тартқан дұрыс. Кейде тұтық баланың өзге балалардың ойынға қатысуын қаламайтыны болады. Мұндай жағдайда балаға басқа балалардың да ойынға қатысуы қаншалықты пайдалы екенін айтып түсіндірген жөн.

Ойынның мақсаты баланың бос уақытын толтыру, оны алдандыру емес. Негізгі мақсат — дұрые сөйлеуге үйрету, тұтықпа кеселден арылту. Ойын тезірек нәтиже бермесе кейбір ата-аналардың асығыстық білдіріп, бұл шараны доғара салатын жайлары да болады. Бұл дұрыс емес. Ол балаға жасалған қиянат болып табылады. Сондықтан шыдамдылық қажет.

Тұтығатын оқушы балаларға арналған Логопедиялық ойындар.

Тұтығатын баламен бірге сөз тіркестерімен жұмыс істеу.

Тілдік құбылыстың бұзылуы деген не?

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер3
  1. Молдир

    Білімді, білікті болайық! Рахмет!

  2. Айгүл

    Білім инемен құдық қазғандай рахмет білімді болайық

  3. Асель

    Іздегенім осы ғой,алдымнан шықты

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ