Логопед сабағында

Логопедтен көмек алу үшін кімге бару қажет және оны неден бастау керек? Үлкен қалалар мен аудан орталықтарында тұтығушыларға көмекті балалар емханасында және мектеп жанындағы логопед пункттерінде көрсетеді. Егер бала оқитын мектепте немесе аудандық емханада логопедтік кабинет жоқ болса, онда қалалық оқу бөліміне немесе қалалық денсаулық сақтау бөліміне бару керек. Жақын орналасқан логопедтік пунктті сол жерден білуге болады.

Логопедтің қабылдауына бару үшін алдымен дәрігер-психоневрологтың қарауынан өту керек (кей кезде бала әуелі логопедке қаралады да, дәрігер-психоневрологқа сосын барып қаралады).

Баласының дамуы мен өсуі жөнінде анасы дәрігерге қандай мәліметтер беруге тиіс? Екі қабат болған кезі, қалай босанғаны, баланың қандай аурулармен сырқаттанғаны туралы айтуы керек. Әсіресе, баланың тілдік дамуы кезіндегі жайларға — алғашқы сөздері мен сөз тіркестері қашан пайда болғанына, сөздік қоры қалай байи түскеніне, тіл мүкістігі қашан пайда болғанына, бала есейген сайын тұтығу күшейе түсті ме, жоқ па, соған тоқталып өту керек.

Баланың бұрын тұтығудан емделгенін (жатып немесе амбулаториялық жолмен), оның нәтижесі қандай болғанын, бала тілі уақытша түзелсе, кейіннен ненің салдарынан қайтадан тұтыға бастағанын, бала тілінің қазіргі жағдайы қалай екенін дәрігерге толық айту керек. Бала тамақты қалай ішеді, қалай ұйықтайды, басы ауыра ма, таза ауада көп жүре ме, жоқ па — бұл туралы да дәрігердің білгені жөн.

Анамнездік мәліметтерді жинап, баланы тексеруден өткізгеннен кейін дәрігер емдеудің белгілі бір курсын белгілейді. Ата-ана дәрігердің белгілеген ережелерін, нұсқауларын қалтқысыз орындап отыруға тиіс. Олай етпеген жағдайда тілдік бұзылуды комплексті емдеу мүмкін емес. Демек, бұл емнен дұрыс нәтиже шықпайды деген сөз.

Логопедтің қабылдауында

Дәрігер қарап болғаннан кейін бала логопедке келеді. Алғашқы сабаққа ата-ана баласымен бірге келіп, логопедпен ақылдасуға, оның ақыл-кеңестерін тыңдауға тиіс. Бұл кездесуге де ата-ана алдын ала дайындалып келуге, логопедке де жоғарыдағы мәліметтерді айтып беруге тиіс.

Дәрігер баланы қабылдаған кезде медициналық зерттеу жағына, ал логопед педагогикалық жағына көбірек назар аударады. Бала тілінің мүкістігі қашан байқалды, онда сөйлеуден қорқу сезімі қай уақытта, дәл қандай жағдайда біліне бастады және тұтығуға байланысты мінезінде өзгерістер болды ма, жоқ па деген сауалдарға да көп көңіл бөледі.

Логопедтің сұрақтарына жауап бергенде ата-ана баласының мінез-құлық ерекшеліктеріне де — тік мінез бе, күдікшіл ме, өкпешіл ме, жылауық па, бұйығы ма, сөзшең бе, көңілді ме, үн- түнсіз жүруді жақсы көре ме, жасқаншақ па, өзіне-өзі сенімді ме, сенімсіз бе деген сияқты қасиеттерін айтып беруі керек. Логопед баланың жақсылық пен жамандыққа қалай қарайтынына да, тіл алғыштығы мен тіл- азарлығына, танымайтын адамдармен сөйлесетініне немесе сөйлеспейтініне, сыныптас жолдастарымен арасындағы қарым-қатынасына немқұрайлы қарай алмайды. Өйткені, бала мінезі туралы толық білгенде ғана дәрігер емге дұрыс бағыт беріп, логопед бала жүрегіне кілт таба алады.

Бала үйде қалай сөйлейтінін, меймандар келгенде сөйлеуі қалай өзгеретінін, жанұяда болып қалатын ұрыс- керістің оған қалай әсер ететінін, тұтығудың кез келген жағдайда пайда болатынын немесе белгілі бір жайдың әсерінен пайда болатынын да ұмытпай айтып беру керек.

Бала өзін үйде, мектепте қалай ұстайды? Логопед осы жайында да толық білуге тиіс. Сондықтан ата-ана логопедке баласы туралы мектептен мінездеме әкеп беруге міндетті. Осыдан кейін логопед алғашқы сабақта балалардың өздеріне өздері туралы мінездеме жаздырады (5-сынып оқушыларына). Бұл мінездемесінде бала өзі туралы: мінезі, еңбекке қабілеті, сабақ үлгірімі, сөйлеуге қаншалықты қиналатындығы туралы толық мәлімет беруге тиіс. Ескеретін жай — мінездеме жазу ісіпе ата-ана қатыспауға тиіс.

Логопедтің баламен жұмысы

Тұтығушы балалармен сабақ топтарда өткізіледі. Кейбір жағдайда «топ» деген сөз бірсыпыра ата-аналардың көңілдеріне секем тудырады. Сөйтіп олар баламен жеке сабақ өткізуді талап етеді. Әр баламен жеке өткізілген сабақ қана нәтижелі болады дегенді айтады олар. Бұл — қате пікір. Топпен сабақ өткізудің әр баламен жеке сабақ өткізуден көптеген артықшылықтары бар. Балалардың өздері жеке қалғанда тұтықпай, сәтті сөйлейтінін әрбір ата-ана жақсы біледі.

Біреулер өзін тыңдап тұрса ғана бала тұтыға бастайды. Яғни тұтығу бөгде адамдармен сөйлескенде ғана пайда болады. Тыңдаушылар, яғни бөгде адамдар неғұрлым көп болса, сөйлеу солғұрлым қиындай түседі. Белгілі бір топта сабақ өткізу мектептегі сабақ өткізуге жақын. Бір сөзбен айтқанда, баланың топтағы сабағы өтуі жағынан неғұрлым табиғи әрі еркін жағдайға жақын өткізілсе, нәтижесі де солғұрлым жақсы болады.

Сабақты табиғи жағдайға жақындастырып, еркін жүргізу баланың да сенімін арттырады. Ол өзін өзгелермен тең ұстайды. «Өзгелерден кеммін» деген ой көңіліне келмейді. Бұл жай баланың бөтен адамдар арасында «еркін сөйлеуіне» мүмкіндік береді, баланың сақаюға деген үмітін арттыра түседі.

Тілмен жұмыс істеген кезде, әсіресе, бастапқы кезде, баланың логопед айтқан ережелер мен қағидаларды дұрыс орындап отыруына бақылау жасаған жөн. Мұндай бақылауды топта бірге оқитын жолдастары жақсы жүргізе алады. Бала да жолдастарының қойған талаптарына құлақ асатын болады.

Өйткені, ескерту жасайтындар да өзі сияқты тұтығады ғой. Ал тұтығушы балалар ренжіспей-ақ бір-бірін жақсы түсінісе алады. Логопедтік жаттығулар кезінде баланың біраз қиындықтарға кездесіп қалуы мүмкін. Оған жолдастарының, әсіресе, өзімен бір топта оқитын балалардың қамқорлығы, қолдауы осындайда қажет.

Топтағы балалардың барлығы бірдей саналы түрде жұмыс істемейтінін айта кеткен жөн. Кейбір балалардың жақсы сөйлей бастағанын байқағаннан кейін логопед ынтасыз балаларға оларды үлгі етіп тартуы керек. Тілдің бұзылуын тек ынтамен жұмыс істегенде ғана жоюға болатынын ескертіп, түсіндіріп отыру керек.

бала логопедтік сабақта

Жаттығуларды топта жасау жұмысты түрлендіруге мүмкіндік береді, сонымен бірге ол (топ) сол балаларды жолдастыққа баулиды.

Топтар балалардың жасы мен класына қарай құрылады. Әдетте бір топта 5—7 бала оқиды. Сабақ аптасына бір сағаттан үш рет өткізіледі. Жаттығу шамалап алғанда 3—4 айға созылады.

Жаттығу кезінде балаға үлкен айна керек. Ол белгілі бір тұғырға орнатуға қолайлы болуы қажет. Қалтаға салатын айна бұл мақсатқа жарамайды. Өйткені, жаттығу кезінде оны ұстап тұру қажет болады әрі қимылға да кедергі келтіреді. Сонымен бірге үйге берілген тапсырмаларды орындау үшін балаға қалың дәптер, тағы басқа да құралдар керек.

Бала сабаққа он минут ерте келуі керек. Егер бала сабаққа өз еркімен емес, тек ата-анасының зорлауымен келетін болса, онда сабақтан келер пайда жоқ. Саналы түрде, ынтамен жұмыс істемей тұрып, тілдік бұзылысты жөндеу өте қиын. Сабақ басталған кезде бір баланың дәптерін немесе айнасын үйде ұмытып кеткенін, қаламсабын жоғалтып алғанын айтатыны, енді бір баланың сабаққа бірнеше минут кешігіп келетіні болады. Сөйтіп, өзі аз, қымбат минуттар босқа өтіп кетеді. Сондықтан ата-ананың мұндай жағдайды болдырмауға тырысқаны жөн.

Логопедтің сабақтарында тілдік жаттығуларға үйрену үшін көптеген әдеби материалдар (шығармалар) қажет. Бұларды да ерте бастан қамдап алған жөн. Мысалы, логопед үйде орындап келуге тақпақ не ертегі берді делік. Оқушы оны үйде орындамай келіп, қажет материалдарды таба алмағанын сылтауратады. Мұндай жайды болдырмас үшін алдын ала, баланы логопедке апарарда кітапханадан қажетті әдебиеттерді жаздырып алып, жинақтап қою керек. Үйде балалар журналы, газеттері, күнтізбелері болуға тиіс.Тілмен жұмыс істеу үшін орфографиялық сөздік те керек.

Сонымен бала логопедтік сабақтарға дайын болды, үй ішінде де тиісті жағдайлар жасалды делік. Енді баланың екінші үйі — мектеп болатынын, өйткені жарты күнін ол сонда өткізетінін ұмытпау керек.Тұтығушы бала мектепте қандай қиыншылықтарға кездеседі, ол үшін ата-ана тарапынан қандай көмектер керек екенін келесі мақалада оқисыздар.

Жанұя мен мектептің логопедиялық шаралар кезінде атқаратын ролі.

Тұтығатын баланың үйде тілмен жұмыс жасауына арналған кеңестер.

Тұтығатын оқушы балаларға арналған Логопедиялық ойындар.

   
Пікірлер7
  1. Нұрлан

    Баламыз кішіорталыққа барған кезде азадап тілі шыға бастаған, қазір үй маныңдағы балабақшаға ауымтырғанбыз баланың дамуы тоқтап қалған сияқты. Соңдықтан осындай материалдар көмегімен өзіміз айналысып көрсек дейміз.

  2. М

    Логопедке ерте жастан апару керек

  3. Перизат

    Балаңыз 3 ж асқанда толық дұрыс сөйлемесе огопед көмегіне жүгінген абзал. Ерте жаттыққан баланың тілі де тез шығады. 1 сағат логопедке апарып қана қоймай үй жағдайында да балаларға арналған монтессори ағаш ойыншықтары, жазуға арналған кітаптармен жаттықтырып отырған дұрыс Неғұрлым 2жақтан да жаттығу жүрсе бала тілі тез шығып ерте дамиды

    1. Арахова Райис

      Өте кажетті малеметтер бар екен керек малемет көп екен 2жаста қызым бар со логепедке апарам деп журм садикее бердім жай жай солеп жур уй жагдайвндада жаттыктырган дурыс шыгар

  4. Айгүл

    Ия сіздің баланыздың болашағы өз қолдарыңызда

  5. Акерке

    Ата- ана баласының әр сөзіне мән беріп, уақытылы логопедке апарса еш қиындық туғызбайды?

  6. Бердибекова Айгул

    Үйден оқып серификат алуға мүмкіндік бола ма (қалай)

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ