Тілдің құбылысы неге бұзылады?

Сәби дүниеге келгенде айқайлап, бар дауысымен шыңғырып жылай келеді. Бірақ осылай дауыс шығарып жылаумен баланың саналы түрде сөйлеуіне дейінгі аралықта біраз уақыт өтеді. Жаңа туған нәрестеде сөйлеу қабілеті болмайды, бірақ одан өзге қасиеттері іштен қалыптасып туады.

Оларға есту, көру қабілеті, инстинктивті сезімдерін білдіру, т. б. жатады. Туа біткен қасиеттер сәбидің болашақта тілі шығып сөйлеуіне игі әсерін тигізеді. Алайда, сәбидің тілі дұрыс қалыптасып, дұрыс сөйлеп кетуі үшін тиісті жағдай керек. Ең бастысы — сәбидің өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауы.

Былдырлау — сәбидің сөйлеуге деген талпынысының алғашқы көрінісі. Сондықтан сәби былдырын сөйлеу аппаратының (тілдің) қызмет істей бастауының алғашқы қадамы деп білу керек. Сәбидің 8 бен 12 ай арасындағы тілінің дамуы оны қоршаған ортаға (адамдарға) байланысты.

Бала айналасын дұрыс түсініп, сөйлеуге ұмтылған алғашқы талпынысы дұрыс дамыса, тілдік құбылыстың дұрыс жолға түсуіне ықпал етеді. Біз үлкен адамдардың аузынан бір жасқа толған сәби туралы: «Бәрін түсінеді, бірақ сөйлей алмайды» деген сөздерді жиі естиміз. Ол — рас.

Бала тілінің кемістігі

Сәби бір жасқа келгенде бірлі-жарым сөздерді айта бастайды. Қыз балалардың сөйлеу қабілеті ер балалардың сөйлеу қабілетіне қарағанда ертерек дамитынын да айта кету керек. Бір жас пен екі жас аралығында сәбидің сөздік қоры тез молаяды. Оның алғашқы сөздері өзі күн сайын көріп жүрген заттарымен тығыз байланысты болады. Өйткені сөз күнделікті практикалық қажеттіліктен туындайды. Ал бала екі жасқа аяқ басқанда алғашқы сөздерді сөйлемге құрап айтуға тырысатынын байқау қиын емес.

Бала тілінің балдырған кезден қалыптасуына ең алдымен үлкендер — ата-аналар, балалар бақшасы мен яслилерінің тәрбиешілері қатты ықпал етеді. Бұл — кейінгісі, іс жүзінде бүлдіршіннің былдырлап сөйлеуге алғаш талпынуы дүниеге келген сәттен басталады деуге болады. Біз оған оншалықты мән бере бермейміз, сондықтан оны байқамаймыз.

Сәби тілінің дұрыс әрі таза қалыптасу процесінің заңдылықтарын білу — баршамыз үшін асқан жауапты парыз. Сәби туа сала икемді, қабілетті болмаса да, сөйлеу аппараттары, ауыз қуысындагы мүшелер өз міндеттерін орындауға кірісіп те кетеді.

Баланың дұрыс та, бірқалыпты сөйлеп кетуі үшін ми қабығының белгілі бір уақытқа дейін табиғи дамуына, қатаюына дұрыс жағдай жасай білу керек. Ол үшін сәби жастығы жұмсақ, шағын, кедір-бұдыры жоқ болуға тиіс. Бала басын зақымданудан сақтай білу де керек.

Сөз жасайтын жылжымалы анализаторлардың сөйлеу процесіне ерте қатысатынын естен шығармауға тиіспіз. Сол себептен де бала үш айлығынан соң уілдеп, сөйлеуге талпынады, дәлірек айтқанда осы кезде баланың көру, есту, иісті, жарықты сезу қасиеттері де қалыптаса бастайды. Сондықтан баланың ойыншыққа дұрыс қашықтықтан қарауына мән беру керек. 7 ай мен 9 ай аралығында бүлдіршін сөздің интонациясын, тонын (ұрысқанды, еркелете сейлегенді) ажырататын дәрежеге жетеді.

Әдетте сәби 9—10 айлық кезінде екі буыннан тұратын «мама», «папа», «гу-гу» деген сияқты сөздерді жиі- жиі қайталап айтса, бір жасқа келгенде «ата», «апа», «су» сияқты өмірде жиі қолданылатын 10—12 сөзді айта алатын дәрежеге жетеді. Осы кезде сәби бойында еліктеу процестері қалыптасады.

Сөйтіп ол ата-анасының, жақын, туыс адамдардың айтқан, үйреткен сөздерін қайталап айтуға талпынады. Сондықтан осы кезең бала өміріндегі ең бір жауапты кезең болып есептеледі. Сол себептен де бала тілі шығып келе жатқанда еркелетіп сөйлеймін деп дұрыс сөздерді бұзып үйретуге болмайды. Мысалы, ата-ананың, басқа да үлкендердің «келе ғой, су керек пе?» деген сияқты сөздерді «кейе ғой, шу кейек пе?» деп бұзып айтып, дұрыс акустикалық заңдылықтарды бала санасына бұзып, бұрыс бағытта сіңіруі дұрыс деп есептемейміз.

Өйткені осындай қателіктер салдарынан бала көпшілік жағдайда «р», «л», «б», «п» сияқты дыбыстарды үлкен адамдардың теріс үйреткеніндей қабылдап, сақау болып қалады. Сөйтіп сәби: «көрші» деудің орнына «көйші», «ара» деудің орнына «ая» деп сөйлейтін болады. Сөзді бұзып сөйлеудің, тіл кемістігінің, сақаулықтың болашақта бала психикасына қаншалықты зиян келтіретінін ата-ана жақсы білуге тиіс.

әріпті дұрыс айтпауы

Сондықтан ата-ана да, үйге келген меймандар да, балалар бақшасы мен яслилеріндегі тәрбиешілер де әр сөзді мүмкіндігінше нақты әрі дұрыс айтулары тиіс екенін тағы да ескертеміз. Осы себептен балалар мекемелеріне әдетте сөйлеу дикциясы дұрыс, қатесіз, ақаусыз сөйлейтін адамдар ғана қызметке қабылданады.

Ойыншықтарды, бала көзіне түсетін заттарды мейлінше дұрыс, нақты өз атымен атауды да естен шығармаған жөн.Бір жас шамасындағы балалардың лексиконында жоқ пассив сөздерді де оларға біртіндеп үйрете бастаған жөн. Мысалы, ондай сөздерге «қол», «көз», «ауыз», «мұрын», «қасық», «ойыншық», «мысық» деген сияқты сөздер жатады. Осындай жекелеген пассивті сөздерден келе-келе активті сөздер, сөз тіркестері қалыптасады. Сөйтіп бала шамамен екі жасқа келгенде сөздік қорында 250—300-ге дейін сөз болады.

Міне, осы кезде сәби сөздерді жасырақ кезіндегідей буынға бөліп емес, мүмкіндігінше толық, буынға бөлмей айтуға тырысады. Бүтіндей сөз тіркестерін қалыптастырады. Мысалы, «су берші», «ойыншығымды бер», «мысығым қайда», «әжем маған келе ме?» деген сияқты бүтіндей сөз тіркестерін айта алатын болады. Тіптен соның өзінде баланың сөйлеу мәнерін, сөздерінің алдына артық қыстырма сөздер қоспай сөйлеуін қадағалап отыру керек.

Үш жасқа келгенде бала пассив сөздерін толық пайдаланатын болады, ал сөздік қорындағы сөздер саны 800—1000-ға жуықтайды. Сөздерінің тіркесі күрделіленіп, оның, яғни сөз тіркестерінің, сөйлемдерінің ұзақтығы да біршама артады. Егер бала бұл кезге дейін дұрыс сөйлеп, сөз тіркестерін жекелеген қиын сөздерді қиналмай айта алатын болса, онда оның дұрыс өсіп, дұрыс тәрбиеленіп келе жатқандығы деп түсіну керек.

Балдырған тілі, әсіресе, екі-бес жас аралығында қарқынды түрде дамиды. Бөбек бұл кездерде сөздік қорды тез қарқынмен жинай бастайды. Сөзінің грамматикалық жігі қалыптасады. Сөйлегенде белгілі бір әріптерді немесе сөйлем арасындағы сөз тіркестерін тастап сөйлей бастайды. Кей жағдайда сөздерді не әріптерді алмастырып айтады. Мысалы, «велосипед» деудің орнына «велописед», «тауық» деудің орнына «туық» деп өзінше бұрмалап сөйлейді.

Мұның бәрі табиғи заңдылық. Сондықтан одан қорқуға болмайды. Ол балалардың 80—90 процентіне тән процесс. Егер балаңыз үш жасында «ш» дыбысының орнына «с» (шананың орнына «сана») немесе «р» дыбысының орнына «л» («барамын» деудің орнына «баламын») десе, онда ол онша қауіпті емес.

Мұндай өтпелі кезең барлық баланың басында болады. Мұндай табиғи процесс бала 4—5 жасқа келгенше созылуы мүмкін. Ал бала 5—6 жасқа келгенде сөзді бұзып айтуды осылай жалғастыра берсе, сақауланса, онда мұндай жағдайда логопедтің көмегіне жүгіну керек.

сақаулық

Егер сәби 5-6 айлық шамасында дауыстап шақырғанда, ал 7-8 айлық кезінде ата-анасы атаған өзіне таныс затқа қарамаса, оны көзімен іздеп таппайтын болса, онда мұны қауіпті белгі деп түсінген жөн. Өйткені бұлай болған жағдайда баланың есту қабілетінің төмен немесе тіпті жоқ болғаны. Мұндай жағдайда бөбекті құлақ дәрігеріне көрсеткен жөн.

Сәби екі жасқа келгенде сөздік қоры 2-3 сөзден аспаса, онда бұл да тілдік дамудың нашар екенін көрсетеді. Сондықтан баланы дәрігер-психологқа, психоневрологқа көрсетіп, тілінің уақытында шықпау себептерін айқындау керек. Әлбетте айқындаумен бірге оларды жоюдың жолдарын да қарастыру шарт. Егер бала төрт жасқа келгенде бір-екі сөз емес, бірнеше сөзді дұрыс айта алмайтын болса немесе сөздерін түсініксіз айтса, бұл жағдайда да сәбиді мүмкіндігінше тезірек маманға көрсету қажет.

Бөбектің тілдік аппаратын неғұрлым жас кезінде қарап тексерген жөн. Бала тілін қозғап, жоғары қарай көтеріп қозғай алатын, алмайтынына бақылау жасау керек. Сәби егер тілін көтере алмайтын болса, онда оның екі түрлі себебі болуы мүмкін. Оның біріншісі — тіл асты буынының әлсіз болуы, екіншісі — тілдің жалпы қозғалмауы.

Мұндай жағдайда баланың қалай тістенетініне қарау керек. Өйткені кейбір бала тістенгенде не астыңғы жағындағы тістері, не үстіңгі жағындағы тістері алға шығып кетеді. Бұл баланың тістеу қабілетінің дұрыс дамымағандығын көрсетеді. Мұндай жағдайда да баланы тіс дәрігеріне көрсеткен жөн. Сонымен бірге сәбидің мұрнымен дұрыс дем алуын да қадағалау қажет. Осы кезде бала таңдайында кейбір ақаулардың пайда болуы мүмкін екендігін де ескерген жөн.

Сондықтан баланың таңдайын тексеріп тұруды да ұмытпаған дұрыс. Таңдайда кішкене ғана ақаудың болуы — сөздік аппараттың, тілдік норманың бұзылуына әкеп соқтырады. Сондықтан таңдайда ақау байқалған сәтте баланы дереу дәрігерге көрсеткен жөн.

Сонымен қорыта айтқанда, бірқалыпты дұрыс дамыған бала бес жасқа жеткенде дұрыс әрі жақсы сөйлеуге, біраз сөздік қоры болуы тиіс, ұзақ-ұзақ сөз тіркестерін айта алатын дәрежеге жету керек. Сондай- ақ бұл жаста бала барлық дыбысты таза айтатын дәрежеде болады.

Сөздің қалыптасу процесі кезінде көптеген бала физиологиялық тұтығу кезеңінен өтеді. «Бұлай болатыны неліктен?»—деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Өйткені баланың ойы сөзден әлде қайда алда жүреді. Сөйтіп ол өз ойын бірден құрастырып, сөзбен айтып бере алмайды. Ол үшін сөздік қор керек. Сөздік қор бола қалғанның өзінде бала сөзді құрастырып үлгіре алмайды. Физиологиялық мұндай тұтығу кезінде сөздің алғашқы буынын немесе оны тұтастай қайталай айту әдеті кездеседі.

бала ойлануда

Бұл — негізінен өтпелі, өсіп-жетілу құбылысы. Көп жағдайда баланың тілдік аппаратының дұрыс дамуы нәтижесінде төрт жасқа таман келгенде бұл «кесел» өзінен өзі жоғалып кетеді.

Баласының тұтығуын, оның себебін, сипатын ата-аналардың өз беттерінше білуі мүмкін емес. Сондықтан алдын алу мақсатымен біз бала тұтығуға тап болған жағдайда оны мүмкіндігінше дәрігерге немесе логопедке көрсеткен дұрыс деп ойлаймыз.

Физиологиялық тұтығу қауіпті құбылыс емес екенін айттық. Бірақ ол балаға жанұяда дұрыс жағдай тудырмаса, күтім жасамаса немесе тілдік сөйлеу ережесіне салғырттықпен қараса нағыз тұтығуға айналып кетуі мүмкін.

Баланы сөйлеуге тәрбиелеуде көбіне қандай қателіктер жіберіледі?

Енді осы мәселеге тоқтала кеткен жөн сияқты. Ата-аналардың көпшілігі баламен «бала тілінде» сөйлесу керек деген ой-пікірде болатыны жалған емес. Олардың ойынша бала сонда ғана үлкендерді жақсы түсінетін сияқты. Ал шын мәнінде олай емес. Бала бұрыс айтқан сөзді бұрыс естиді. Сөйтіп сөздің мәнін бала түсінбейді. Біз бұған бұдан бұрын мысал келтірген болатынбыз. Соған қарамастан тағы да мысал келтіре кеткен артық емес. Мысалы, баласының: «Апам маған қуыршақ бере ме?»—деген сөзін анасы әдейі бұрып: «Апаң саған қуишақ бейеді» деп сөйлейді. Сөйтіп, бала ата-анасына еліктеп, өзінше ол да сөзді бұзып сөйлей бастайды.

Соның салдарынан баланың тілдік аппаратына бұрыс сөздің қалай еніп кеткенін ата-ананың өзі де байқамай қалады. Осылай тілдік процесі, сөйлеу процесі дұрыс дамып келе жатқан баланың тілін өздері бұзған ата-анаға не дерсіз. Осындай теріс қылықтар салдарынан баланың сөзді дұрыс айтуға машықтану мерзімі ұзара түседі. Сайып келгенде ата-ана баласының тілін ерте дамытудың орнына өздері кедергі жасайды. Бір сөзбен айтқанда, баланы емексіте сөйлеу тілдік аппараттың бұзылуына, сәбидің сөздерді бұзып айтуына жол береді. Одан әманда аулақ болған жөн.

баланың әріптерді дұрыс айтуын қадағалау

Сәби тілі алғаш қалыптасып келе жатқан кезден ата-анасының баласымен сөзді бұзбай дұрыс сөйлесуі сәби тілінің дұрыс дамуына игі әсерін тигізеді.Өмірде ата-ананың баласының көзінше екінші бір адаммен қалай болса солай сөйлесетіні де болады. Бұл жағдайда да олар бала ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды. Іс жүзінде олай емес. Тіпті бала ойынмен алаң болып, ешнәрсемен ісі жоқ болып отыр дегеннің өзінде оның құлағына үлкендердің сөзі құйылып жатады. Орыс және қазақ сөздерін араластырып сөйлеудің өзі бала тілінің қалыптасуына теріс ықпалын тигізеді.

Мына бір жайды көз алдымызға елестетелік. Ана көршісімен сөйлесіп отыр дейік.

-Ау, Қадиша,— дейді ол,— понимаешь, кеше мен сондай торопилась, тамақты на скорую руку істедім де кеттім. Күйеуім келген соң өзі бірдеңе қылар. Балаларға да что попала істеп беруге болмайды ғой. Салат жасадым, оладьи пісірдім. Одан артыққа қолым занято болды.

-Менің де сенен артықшылығым жоқ,— дейді көршісі.— Ештеңеге успеть ете алмадым. Подумаешь — маған кейиді. Кейісе кейи берсін, если надо, пускай в ресторан сходит. Онан қайта прическамды жасатып алдым парикмахерскаяда…»

Осылай екі тілді араластыра сөйлеген ата-ана өз баласына қаншалықты қиянат жасап жатқанын біле бермейді. Бала ешнәрсеге түсінбей аң-таң болады. Бірақ құлағына шұбарланған біраз сөздер сіңіп қалады. Қазір информацияның барынша дамыған кезі. Бала ата-анасынан естіген ала-құла сөзді екінші біреуден тағы естиді. Сөйтіп ол да енді қазақ тіліне басқа тілдің сөздерін қосып айтуға дағдылана бастайды.

Мұның не дұрыс, не бұрыс екенін бала біле бермейді. Осының салдарынан сөз (тіл) қойыртпағы пайда болады. Ата-ана өздерінің кінәсін ойларына да алмай, баладан дұрыс, ақаусыз сөйлеуді талап етеді. Ал бала болса жадына сіңген сөздерден енді оңайлықпен арыла алмайды. Бойға сіңген теріс ықпалдан құтылу қиын. Сондықтан балаңыздың лексиконын (сөздік қорын) сөз қоқысынан таза сақтауға тырысыңыз.

Бала еліктегіш, қабылдағыш келеді. Бұл — заңды құбылыс. Ол өсе келе сіз айтқан сөздерді өз лексиконында пайдалануға тырысады. Жанұяда ата-ана сөзді айшықтап, мақал-мәтелдеп сөйлесе, бала да солай сөйлеуге тырысады. Өсе келе мақалдап-мәтелдеп сөйлеу оның да дағдысына айналады, шешендік өнерге деген құмарлық пайда болуы да мүмкін. Баланың сөйлеген сөздері қойыртпақсыз таза болса, шешен де өткір сөйлесе, ата-ана үшін де мақтаныш емес пе!

«Не ексең соны орасың». Оның үстіне «Баланы — жастан» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бала дүниеге келген алғашқы күннен дұрыс тәрбиелеп, тілі шыға бастағанда дұрыс, ешқандай қойыртпақсыз сөйлеуге үйрету — ата-ананың парызы.

тіл жаттығулары

Бала тіліне бақылау жасап отыру керек. Сөзді таңдап, екшеп сөйлеп үйренуге дағдыландыру қажет.

Көптеген балалар өздерінің шыдамсыздықтарынан, ыждағатсыздығынан тез сөйлейді, көрген-түйгенін, есіткенін жылдам, асыға-аптыға айтып қалғысы келеді, сөйтіп сөздерінің «құйрығын» жеп, шатасып не айтып, не қойғандарын өздері де, өзгелер де түсінбей қалатын жәйттер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ата-ана баласын тежемей, өздері күбірлеп оған қосылып қалай болса солай сөйлесе, жүрдім-бардым жауап бере салса, онда оны құптауға болмайды. Шапшаң сөйлеу шамадан тыс күшті — логопедиялық көмекті талап етеді. Сонымен бірге шапшаң сөйлеудің тұтығуға апаратын басты жолдардың бірі екенін де есте ұстаған жөн.

Баяу, асықпай сөйлеуге баланы жас кезінен үйрету керек.

Бала тілі шығып, сөйлей бастасымен күн сайын ата- анасына ондаған сұрақтар қойып жатады. Өйткені ол үшін айналадағының бәрі қызық, бәрі шешілмеген жұмбақ. Баланың «неліктен?», «не себепті?» деген сұрақтарын қалай болса солай ескерусіз қалдыруға болмайды. Оған дер кезінде жауап беріп отыру керек. Егер ата-ана сәбиді ынтықтырған сұраққа немқұрайлы қарайтын болса, жауап бермесе, бала ой-өрісінің дамуы баяулайтынын естен шығармаған жөн.

Баланың бір ғана дыбысты дұрыс айта алмауының өзі (сақау болуы) оның өміріне, психикасына зиянды із қалдырады, нұқсан келтіреді. Өз қатарымен сөйлескенде қиыншылықтарға кездеседі, өз сөзінен өзі ұялады, қымсынып, адаммен сөйлесуден қашатын болады. Қөп адам жиналған жерге барудан қашқақтайды. Өз пікірін, көкейдегі ойын ортаға сала алмайды. Сайып келгенде бәрі баланың дамуына теріс ықпал етеді.

Тілдің күрделі бұзылуы бала мінезінің қалыптасуына теріс ықпал тигізетіні практикада жиі кездесіп жүр. Сондықтан ата-ана баласының тілі дұрыс дамысын десе, қолдан келгеннің бәрін істеуі қажет, тіл кемістігін байқаса, ең алдымен дер кезінде мамандарға көрсетуге тиіс.

Дұрыс сөйлеу мен жалпы тәрбие шарттарын бұлжытпай орындағанда ғана балаңыздың дұрыс қалыптасуына жағдай жасайтыныңызды естен шығармаңыз.

Бала тілінің дамуының кешігуін алдын алуға арналған логопед кеңесі.

Логопед көмегін алуға баратын баланы қалай дайындау керек.

Тұтық баламен бірге cөзбен жұмыс істеу ережелері.

Пікірлер4
  1. Лаура

    керемет кеңестер айтылған. балалардың дамуын ата-аналар үлкен үлес қосапдысол себепті логопедтердің кенесің алуды әдетке айналдырыңыздар, сіздерге рахмет

  2. Нұрлан

    Баламен ата-анасы айналысу өте қиын еркелеп тіл алмайды. сондада да тырысып көрудміз.

  3. Гулжан

    Рахмет бізге өте пайдалы ақпараттар екен. Кеңестерді қолданып. Көрем

  4. Айгүл

    Өте әсерлі болып оқып шықтым еңбек бәрің жеңбек рақмет дайындаған әр адамға

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ