Тұтығатын баланың үй режимі

Баланың үй режимін дұрыс та ұқыпты ұйымдастыру — оны тұтығудан сәтті емдеудің басты шарты болып табылады. Үй режимі деген ұғымға баланың оқуы, демалысы, ұйқысы, тамақтануы кіреді. Міне, мұның барлығы сайып келгенде баланын жүйке жүйесін сауықтыруға бағытталуы керек.

Баланың логопедтен алатын сабақтарына, оның үйде сабаққа дайындалуына немқұрайлы қарауға болмайды. Баламен үйде жұмыс істеуге қосымша уақыт бөлу керек. Және оның бір күндік емес, күнделікті дағдыға айналғаны жөн.

Сондай-ақ нақты ойластырылып жасалатын уақыт кестесі жөнінде де ұмытпаған абзал. Бұл баланың уақытында сабаққа баруына, логопедке дұрыс қаралып, дұрыс жаттығуына мүмкіндік туғызады. Әдетте бастауыш сынып оқушыларының уақыт кестесі ұқыпты түрде жасалып, көрнекті жерге ілініп қойылуға тиіс. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Өйткені уақыт кестесі әдемілікке жасалмайтынын естен шығармау керек. Бала уақыт кестесімен жұмыс істегенде ғана оның уақыты жеткілікті әрі ісі нәтижелі болады.

Уақыт кестесін бұлжытпай орындап отыру баланы тәртіпке үйретеді, өз уақытын бағалай білуге тәрбиелейді. Ерік күшін қалыпқа келтіреді. Ал мұндай жақсы қасиеттердің тұтығушы балаға өз кеселін жеңіп шығуға зор көмегін тигізері даусыз. Мұны естен шығармау керек. Уақыт кестесін жасағанда мыналарды есте ұстаған жөн:

  1. Бала логопедиялық жаттығу сабағына баратын арнайы уақыт белгілеу керек. Онда баланың баратын және қайтатын уақыты, сондай-ақ логопедиялық сабақ өтетін академиялық бір сағат толық есепке алынуға тиіс. Сонымен бірге бала өз бетінше тіл сабағына дайындалатын уақыт белгілеуді де ұмытпаған жөн. Бала күн сайын сабаққа кем дегенде екі сағат бойы бірден емес, араға уақыт салып дайындалуға тиіс. Оқушы логопедке баратын күні үй жаттығуларына бөлінетін уақытты бір сағатқа кемітуіне болады.
  2. Бала үнемі бір мезгілде тамақтануға тиіс. Кешкі асын жатардан бір сағат бұрын берген жөн. Бір сөзбен айтқанда, дұрыс тамақтану жөніндегі дәрігерлік кеңесті орындауды естен шығармау керек.
  3. Бала күн сайын далада, таза ауада серуендеуге тиіс. Баланың таза ауада болуы оның көңіл-күйін көтереді, сондай-ақ дұрыс өсіп жетілуіне игі әсерін тигізеді.
  4. Уақыт кестесінде баланың ұйқысына көп мән берілуі керек. Бастауыш сынып оқушылары тәулігіне кем дегенде 9- 10 сағат ұйықтауға тиіс. Олар үшін күндізгі ұйқының да маңызы зор. Ал жоғары сынып оқушылары 8-9 сағат ұйықтаулары керек. Сонымен бірге бала күн сайын бір мезгілде ұйықтауға жатуы тиіс. Ұйқысы тыныш болу үшін бала жатар алдында шытырман оқиғалы кітап оқымағаны жөн, оған үрей туғызатын қорқынышты әңгімелер мен ертегілерді айтып беруге болмайды, телевизор, компьютердің алдында және смартфон мен планшеттерді мүмкіндігінше аз қарағаны жөн.

Баланың үй режимі

Жасына лайық емес телевизиялық хабарларды және интернеттегі видеоларды қарау балаға өте зиян. Өйткені баланың жүйке жүйесіне шамадан тыс салмақ түседі. Телевизиялық хабарлардың бағдарламасын алдын ала, солардың ішінен қажетті деген бір-екеуін ғана таңдап алып, сенбі және жексенбі күндері ғана қарауына рұқсат ететін ата-ананы құптауға болады.

Демалыс пен жаңа жылдық мерекелерде, сондай- ақ каникул кездерінде баланың екі-үш шыршаға, арасында киноға да барып үлгіретіні болады. Немесе күндіз 2-3 сеанс кино көреді, кешкісін театрға барады. Сайып келгенде осының барлығы бала миына орынсыз салмақ түсіреді. Сөйтіп ол тез шаршайтын болады. Айналып келгенде бала мектепке демалып барудың орнына шаршап, шалдығып келеді. Каникулы босқа кетеді.

Жасыратыны жоқ, көптеген балалардың каникул кездерінде аз қыдыратыны, серуендейтіні рас. Шын мәнінде демалыс күндерін дұрыс пайдаланып, таза ауада көбірек болған жөн. Соған қарамастан әдеттегі уақыт кестесін сақтауды естен шығармаған абзал. Тек демалыс күндері баланың таза ауада болатын уақытын көбейту қажет. Бірақ баланың таза ауада болғанының жөні осы екен деп оны таңертеңнен кешке дейін далаға жіберіп қоюға да болмайды. Ойынның да, жүрудің де өз мөлшері болуға тиіс.

Тұтығушы баланың спортпен айналысқаны жөн. Бірақ оған күреспен, штангамен, хоккеймен, футболмен, баскетболмен, бокспен шұғылдануға болмайды. Басқаша айтқанда бұлшық еттерге қатты күш түсіретін спорттың түрлерімен шұғылдануға рұқсат етілмейді. Тұтығушы балаларға негізінен суда жүзу, шаңғы және коньки тебу сияқты спорт түрлері пайдалы. Спорттың бұл түрлері дұрыс қозғалысты қалыптастырып, тыныс алу жолдарын реттейді.

тұтығатын баламен үйде жұмыс

Спорттың бұл түрлерімен айналысқан жақсы, бірақ олардан өткізілетін жарыстарға қатысуға болмайды. Өйткені, кез келген спорт жарысы эмоциялық қозуға әкеп соқтырады. Сөйтіп, жүйке жүйесін шаршатады. Ал мұның тұтығушы бала үшін өте зиян екенін естен шығармаған жөн. Уақыт кестесінде күн сайын дене шынықтырумен айналысуды енгізуді де ұмытпау керек.

Қазіргі кезде көптеген ата-аналар балаларының жан-жақты, эмоциялы, әр нәрседен хабардар болып өсуін қалап, мәнерлеп коньки тебуге, шет тілін үйретуге, музыка мектебіне түсіруге немесе сабақ алғызуға тырысып жатады. Іс жүзінде бір бала бұлардың бәрін түгел игеріп, не спортшы, не шет тілін жақсы білетін адам немесе музыкант болып шықпайды. Ол мүмкін де емес қой. Ауру бала түгіл дұрыс сөйлейтін баланың өзіне көп күш түсіреді. Сайып келгенде осындай ауыр салмақ түсіру баланы тұтығуға әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бала бұрыннан тұтығатын болса, онда оған мұншалық салмақ түсіруге тіпті де болмайды.

Ең алдымен балаға не қажет? Ата-ана осы жайды бірінші ескеруі керек. Баланың дұрыс сөйлеуін ең басты мәселе деп ұқсаңыз, онда қалған мәселелерді артқа ысырып қоясыз. Өйткені, логопедиялық жаттығулардың өзі бала үшін аз емес.

Бала мен ата-ананың арасындағы дұрыс қарым- қатынас логопедиялық сабақтардың нәтижелі өтуінің кепілі. Жанұядағы жақсы қарым-қатынас белгілі бір жағдайда бала тілінің қалыпқа келуіне игі әсерін тигізеді. Үйдегі ұрыс-керіс, жанжал, келіспеушілік баланың жүйке жүйесін шаршатады. Сәбидің жан дүниесі барометр іспеттес, оған ұрыс-керіс, теріс көріністер тез әсер етеді. Ол отбасындағы келіспеушіліктерді қатты қынжылып қабылдайды. Жиі-жиі жылауды шығарады, не болса соған ренжиді, ұдайы көңілі көншімей, ызаға булығып жүреді. Ал осының салдарынан баланың сөйлеуі бұрынғысынан да бұзыла түседі, тұтығуы күшейеді. Тіпті ем қонбайтын жағдайға көшуі де мүмкін. Сондықтанда логопедиялық жаттығулар ешқандай нәтиже бермейді.

Бұдан ойластырылмаған режим, дұрыс тамақтандырмау және ұйықтатпау, ересектердің самарқаулығы мен отбасындағы кикілжің жайлар баланың тұтығудан құтылуына кері әсерін тигізеді деген қорытынды шығаруға әбден болады.

анасы және қызы

Ата-ана мына жайларды естен шығармауға тиіс

Бала ересектердің әңгімесіне араласпауы керек. Әке де, ана да, отбасының басқа да мүшелері бірдей қарауға тиіс. Оған ешқандай «артықшылықтар» жасамаған жөн. Баланың үлкендер талап еткен затты орындауын қадағалап отыру керек. Сондай-ақ балаға «жұмсақтық» жасаудың да шегінен шықпаған жөн. Мысалы, көңіліңіз түсіп баланың ересектерге арналған телевизиялық хабарларды қарауына рұқсат етпеңіз.

Режимді, тәртіпті бір бұзсаңыз, оларды екінші, үшінші рет бұзуды да талап ете бастайды. Содан барып тәрбие де, ем де, жаттығулар да бұзылады. Ал бала денсаулығын ойлаған адамның бұған жол беруіне болмайды. Сондай-ақ баланы айналып, толғанып қорғаштай беруге де болмайды. Қиындықтардан сақтандыра беру де айналып келгенде баланы жасқаншақ етеді. Сондай-ақ өзгелердің көзінше балаңыздың дәрменсіздігін, кеселін әңгіме етуге тырыспаңыз. Өйткені, бала өз кемшілігінен ұялады, оны жасыруға тырысады. Ал бала мінезінің қалыптасуына мұның бәрі белгілі бір жағдайда кері әсерін тигізеді.

Тұтығушы балаға да кәдімгі дені сау бала сияқты қарау керек. Егер балаңыз сөйлеп тұрып тұтығып қалса, онда балаңызға өзіңіздің абыржығаныңызды, қобалжығаныңызды көрсетпеңіз, сездірмеңіз. Үйде «тұтығу» деген сөздің бала құлағына шалынбағаны жөн. Өйткені ол да балаға теріс әсер етеді. Сондай-ақ бала тұтыққанда оны ашуландыруға немесе мазақтауға болмайды.

Жолдастарының көзінше тұтығып қалса, баланың сөзін түзеуден, қатесін бетіне айтудан сақ болған жөн. Тұтыққан кезде жасалған ескерту бала намысына тиеді. Сөйтіп ол біртіндеп ата-анасын жек көре бастайды. Әлбетте бұдан бала өзінің сөзіне жауапсыздықпен қарайтын болса, онда оған ескерту жасауға болмайды деген қате ұғым тумаса керек. Балаға жасалатын ескертудің орынды болғаны жөн.

тұтығатын балаға көмек

Баланың асықпай сөйлеуін талап ете отырып, сөйлегенде өзіңіз де асықпаңыз, саспаңыз. Баяу, бірқалыпты және ақырын сөйлеңіз. Баланың да сізге еліктейтінін есте ұстаңыз. Егер ата-ананың өзі баланы састырып, сұрақтарды үсті-үстіне қойып жатса, онда бала да солай асығыс, жылдам жауап беруге тырысады. Осының салдарынан тұтығуы асқынып, өрши түседі. Баланың тұтығып сөйлеуін тілге тиек ете беруге болмайды.

Керісінше, баланың бір сәт те болса сәтті, тұтықпай сөйлегенін мақтап, баса көрсетіп отыру керек. Ол баланың өзіне деген сенімін арттырады. Осындай мақтаудан, бағалаудан келіп, бала бірнеше күнге дейін тұтықпай сөйлеп кететін жайлар да кездеседі.

Егер отбасында баламен бірге ересектердің бірі тұтығатын болса, онда жағдай басқаша. Бұл жағдайда не істеу керек? Ең алдымен ата-ананың өзі логопедтік курстан өткені жөн. Сайып келгенде, курстан өздері тәлім алған ата-ана баласына да сабақ бере алады. Сөйтіп баланың тұтығудан құтылуына септігін тигізеді.

Баланы логопедтік курсқа жіберер алдында үй режимін ұйымдастырумен бірге балаға жағдай туғызуды да ұмытпаңыз. Сондай-ақ баланың логопедиялық сабақтарға деген сенімін арттыруды да естен шығармаған жөн.

Жанұя мен мектептің логопедиялық шаралар кезінде атқаратын ролі.

Логопед көмегін алуға баратын баланы қалай дайындау керек.

Тұтығушы балаға мектепте қандай жағдай жасалуы керек.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер1
  1. Айгүл

    Ата аналарға өте керек мәлімет балаларыңыз керемет таза сөйлесің десеніз логопедке немесе өзіңіз көмектесіңіз

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ