KZ RU

Емен мен қамыс

«Емен мен қамыс» — Ахмет Байтұрсынұлының мысалы желісімен Тұяқбаева Бағжан Сүлейменқызы құрастырған балаларға арналған суретті ертегі. Өзен жағасында өсетін зәулім емен мен нәзік қамыстың мінезі бір-біріне ұқсамайды. Бірі өз күшіне мақтанса, екіншісі сабырлылық пен икемділікті бағалайды. Олардың қасиеттері қатты дауыл кезінде сыналады. Бұл туындыны үйде, бастауыш сыныптағы әдебиеттік оқу сабағында немесе тәрбие сағатында оқуға болады. Ертегі балалармен кішіпейілділік, өзгені құрметтеу және қиын жағдайда ақылмен әрекет ету туралы әңгімелесуге негіз болады.

Ертегінің толық мәтіні

Өзен жағасындағы емен мен қамыс бейнеленген ертегі мұқабасы

Баяғыда кең өзеннің жағасында заңғар көкке бой созған зәулім емен өсіпті.Оның діңі сондай жуан,ал тамырлары жерге терең бойлаған екен.Емен өзінің мықтылығына мақтанып: «Мені ешқандай күш құлата алмайды, мен ең қуатты ағашпын деп шіренетін.

Өзен жағасында бой көтерген алып емен

Ал оның дәл іргесінде, судың жиегінде нәзік қана қамыс өсетін.Ол өте жұқа әрі иілгіш еді.Жеңіл самал жел соқса-ақ, қамыс басын иіп, су бетіне сәлем бергендей тербеліп тұратын.Қамыс өзінің қарапайым қалпына риза болып, күн нұрына шомылатын.

Емен мен өзен жағасындағы табиғат

Бір күні емен төменге, қамысқа қарап күлді: «Ей, байғұс қамыс! Сен сондай әлсізсің.Кішкене жел соқса, жерге жабыса қаласың.Неге мен сияқты мықты болып, бойыңды тік ұстамайсың? Сенің мына түрің аянышты-ақ»,- деп мазақтайды.

Емен қамысқа қарап сөйлеп тұр

Қамыс саспастан: «Емен мырза, менің иілуім-менің қорғаным.Мен желмен бірге тербелгендіктен аман қаламын.Ал сіз тым қаттыссыз, тым тәкәппарсыз.Күндердің күнінде қатты жел соқса, бұл қаттылығыңыз сізге қиын болар»-деп жауап берді.

Қамыс еменге жауап беріп тұр

Кенет аспанды қара бұлт торлап, күн күркірейді.Қатты дауыл басталады.Айнала алай-дүлей болып, желдің гуілі құлақты тұндырды.Емен: «Қазір менің нағыз күшімді көресіңдер!»-деп, кеудесін кере дауылға қарсы тұрды.

Емен дауылға қарсы тұр

Жел үдей түсті.Қамыс дереу басын төмен иіп, судың бетіне жабыса қалды.Ол желдің бүкіл екпінін өзінен өткізіп жіберу үшін мейлінше төмен еңкейді. Қамыстың икемділігі оны үзіліп кетуден сақтап қалды.

Қамыс қатты желден иіліп тұр

Ал емен болса, дауылмен арпалысып, бір де бір еңкейгісі келмеді.Ол өзінің мықтылығына сеніп, желмен белдесті.Жел оның діңін жан-жаққа жұлқылап, қалың жапырақтарын ұшыра бастады.Емен бар күшін жинап, тіресіп тұрды.

Емен дауылмен арпалысып тұр

Дауыл тіпті күшейіп, нағыз құйынға айналды.Еменнің жуан діңінен «тырс-тырс» еткен дыбыстар шыға бастады.Ол еңкейе алмағандықтан, желдің барлық екпіні оның діңіне соққы болып тиді.Кенет оқыс дыбыс шығып, еменнің тамыры жерден суырыла бастады.

Дауыл еменнің діңін зақымдады

Зәулім емен гүрс етіп жерге құлады.Оның тәкәппарлығы мен иілмеген қаттылығы өзіне сор болды.Ал қамыс болса, әлі де жер бауырлап жатып, дауылдың басылуын күтті.Ол кіп-кішкентай болса да, ақылдылығының арқасында аман қалды.

Құлаған емен мен иілген қамыс

Дауыл басылып, күн қайта шықты.Қамыс жайлап бойын түзеп, қайтадан тіп-тік болып тұрды.Ол жап-жасыл қалпында аман еді.Қамыс жерде жатқан еменге қарап: «Күш-тек қана қатайып тұруда емес, кішіпейіл болып иіле білуде екен ғой»,- деген ой түйді.

Дауылдан кейін бойын түзеген қамыс

Құрастырған: Тұяқбаева Бағжан Сүлейменқызы

***

Емен мен қамыс ертегісі не туралы?

Емен өзінің күшіне сеніп, қамысты әлсіз деп мазақтайды. Дауыл соққанда қамыс иіліп аман қалады, ал емен құлайды. Кейіпкерлердің әрекеті күш пен ақылдың айырмашылығын көрсетеді.

Негізгі ойы: нағыз күш тек қайратта емес, жағдайға қарай бейімделе білуде, сабырлылық пен кішіпейілділікте де жатыр.

Ертегінің тәрбиелік мәні және жас ерекшелігі

Суреттері мен оқиға желісіне қарай ертегіні 6–10 жастағы балаларға ұсынуға болады. Емен мен қамыстың әрекеттерін салыстыру арқылы бала мақтаншақтықтың салдарын түсініп, өзгенің ерекшелігін құрметтеуді үйренеді.

Баламен қалай жұмыс істеуге болады?

  • Суреттерге қарап оқиғаның ретін айтқызыңыз.
  • Емен мен қамыстың мінезін салыстырыңыз.
  • Қиын жағдайда сабыр сақтаған кезін еске түсіруін сұраңыз.

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Емен неге қамысты мазақтады?
  2. Қамыс еменге қандай жауап берді?
  3. Дауыл кезінде екі кейіпкер қалай әрекет етті?
  4. Ертегіден қандай сабақ алдың?

Жиі қойылатын сұрақтар

«Емен мен қамыс» ертегісін кім құрастырған?

Тұяқбаева Бағжан Сүлейменқызы Ахмет Байтұрсынұлының мысалы желісімен құрастырған.

Қамыс дауылдан қалай аман қалды?

Қамыс желге қарсы тіреспей, төмен иілді. Оның икемділігі үзіліп кетуден сақтады.

Емен мен қамыс ертегісі неге үйретеді?

Өз күшіне шектен тыс мақтанбауға, өзгелерді құрметтеуге және қиындық кезінде сабырмен шешім қабылдауға үйретеді.

Ұқсас шығармалар

«Өгіз бен бақа» — күншілдік туралы; «Маймыл мен айна» — өз мінін көре білу туралы; «Шымшық пен көгершін» — өзгені мазақтамау туралы.

Достарыңызбен бөлісіңіз
WhatsApp Telegram

Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.

Erketai-ға жазылу

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз. Сұрағыңыз болса, мына сілтемені басыңыз.