Маймыл мен айна
АвторТұяқбаева Бағжан Сүлейменқызы Мазмұны
«Маймыл мен айна» — өз мінін байқау мен өзгелерге құрмет көрсету туралы қазақша ғибратты ертегі. Орманнан айна тауып алған маймыл ондағы бейнені басқа мақұлық деп ойлайды. Оның бұл қылығына ақылды аю назар аударып, айнадағы бейненің сырын түсіндіреді. Шығарма баламен сыртқы келбетке қатысты әдеп, өз қателігін мойындау және сынды дұрыс қабылдау жөнінде әңгімелесуге мүмкіндік береді. Ертегіні үйде бірге оқуға немесе бастауыш сыныптағы тәрбие сағатында пайдалануға болады.
Ерте, ерте, ертеде, жап-жасыл қалың орманның шетінде кішкентай маймыл өмір сүріпті.Маймыл өте ойнақы әрі қызыққұмар еді.Бір күні ол ағаштан ағашқа секіріп жүріп шөп арасынан күнге шағылысқан бір жарқыраған нәрсені тауып алады.
Маймыл ол затты қолына алып, ары-бері аударып қарады. Бұл орманға келген саяхатшылар ұмытып кеткен кішкентай айна еді.Маймыл айнаға үңіле қарағанда оның ішінен өзіне қарап тұрған біртүрлі мақұлықты көрді де, селк ете қалды.
«Мәссаған!Мынау не деген сұрықсыз бейне?Түрінің жамандығын-ай!Көзі де, мұрны да бір түрлі екен-ау!»- деп Маймыл айнадағы бейнеге тілін шығарып, түрліше майысып, мазақтай бастады.Ол айнадағы өзінің бейнесі екенін мүлдем сезбеді.
Сол кезде жақын маңнан ауыр басып аю өтіп бара жатыр екен.Аю- орманның ең салмақты әрі ақылды тұрғыны. Маймыл оны көре сала: «Аю!Аю! Бері келші, мына қызықты қара!»- деп айғайлап, оны қасына шақырды.
Маймыл айнаны аюға көрсетіп, тоқтамай күлді: «Мына маймылдың түріне қарашы!Қандай ұят, қандай күлкілі! Егер менің туыстарымның арасында осындай біреу болса, мен ұяттан жерге кірер едім!»-деп, ол айнадағы бейнені келемеждеуін тоқтатпады.
Момын аю айнаны қолына алып, оған байыппен қарады. Ол бұл заттың адамдар қолданатын айна екенін бірден түсінді.Аю айнадағы өз бейнесіне бір қарап, сосын маймылға бұрылды.Оның жүзінде сабырлылық пен аздаған мұң бар еді.
«Ех, маймыл досым-ай!Сен босқа күліп тұрсың.Сенің мына күліп тұрған маймылың-ол сенің өз бейнең ғой. Бұл зат айна деп аталады, ол сенің қандай екеніңді қаз-қалпында көрсетеді»-, деді аю дауысын бәсеңдетіп.
Маймыл сасып қалды.Ол айнаға қайтадан ұзақ үңілді. Ол басын шайқап еді, айнадағы маймыл да басын шайқады. Ол қолын көтеріп еді, айнадағы бейне де соны қайталады. Сонда ғана маймыл өзінің сонша уақыт бойы өз-өзін мазақтап келгенін түсінді.
Біреуді мазақтап, өзгеден мін іздемес бұрын, алдымен айнаға қарап, өзіңе үңілу керек.Өз қатеңді көріп, оны түзесең, өзгеге күлуге уақытың да болмайды»,-деп аю маймылдың иығынан қақты. Бұл сөздер маймылдың жүрегіне терең ұялады.
Маймыл сол күні үлкен сабақ алды.Ол айнаны орнына тастап, орман ішіне ойланып кетіп бара жатты.Содан бері ол өзгелерді сынаудан бұрын, әрдайым өз ісіне есеп беріп, өзін жақсартуға тырысатын болды.Өйткені өз мінін көрген адам ғана нағыз ақылды жан екен.
***
Ертегі не туралы?
Маймыл айнадағы өз бейнесін танымай, оны келемеждейді. Аю оған шындықты түсіндірген соң, маймыл өз қателігін байқайды.
Негізгі ойы: өзгеден мін іздемес бұрын өз әрекетіңе ой жүгіртіп, басқаларды құрметтей білу керек.
Қай жастағы балаларға арналған?
Ертегіні 6–10 жастағы балаларға ұсынуға болады. Кіші жастағы балаларға «мін іздеу», «келемеждеу» сөздерінің мағынасын түсіндіріңіз.
Ертегінің тәрбиелік мәні және баламен жұмыс
Балаға адамның сыртқы келбетін мазақтау дұрыс емес екенін түсіндіріңіз. Аюдың сабырлы сөйлегенін мысалға алып, қатені ренжітпей қалай айтуға болатынын талқылаңыз.
Оқып болған соң
- Маймыл неліктен айнадағы бейнеге күлді?
- Аю маймылға шындықты қалай түсіндірді?
- Маймылдың әрекеті қалай өзгерді?
- Досың қателессе, оған қалай көмектесер едің?
Айнамен шағын тәжірибе жасап, қимылдың бейнеде қалай қайталанатынын бірге бақылаңыз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Ертегінің басты кейіпкерлері кімдер?
Маймыл мен аю.
Маймыл айнадан нені көрді?
Ол өзінің бейнесін көрді, бірақ алғашында оны танымады.
«Маймыл мен айна» ертегісі неге үйретеді?
Өз қатесін мойындауға, өзгелерді келемеждемеуге және сыйластыққа үйретеді.
Ұқсас шығармалар
«Өгіз бен бақа», «Шымшық пен көгершін», «Екі шыбын» шығармаларын да оқып, кейіпкерлердің мінез-құлқын салыстыруға болады.
Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.
Erketai-ға жазылу