Өзен мен қарасу
АвторТұяқбаева Бағжан Сүлейменқызы Мазмұны
«Өзен мен қарасу» — еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылудың маңызын танытатын қазақша ғибратты ертегі. Шығармада Ағыс есімді өзен мен Тоқтал есімді қарасудың тіршілігі суреттеледі. Олардың өмірге деген көзқарасы екі түрлі: бірі алысқа жетуді армандаса, екіншісі тыныштықты қалайды. Кейіпкерлердің таңдауы мен оның салдары арқылы бала табандылықтың, ізденістің және өзгелерге көмектесудің мәнін түсіне алады. Ертегіні отбасымен бірге оқуға немесе бастауыш сыныптағы тәрбие сағатында талқылауға болады.
Ерте,ерте,ертеде,биік таулардың етегінде мөлдір де асау Ағыс есімді өзен болыпты.Ол бір орнында тұра алмайтын өте еңбекқор еді.Күн демей, түн демей, тастарды аралап, гүлдерді суарып, алысқа қарай жүретін.Ағыс әрқашан көңілді ән айтып, айналасына өмір сыйлайтын.
Ағыстың дәл жанында, шөбі шүйгін ойпатта Тоқтал есімді қарасу жататын.Ол Ағысқа қарағанда мүлдем басқаша еді.Тоқтал қозғалғанды жек көретін, күні бойы күн көзіне қыздырынып, мамықтай жұмсақ балдырлардың арасында ұйықтағанды ұнататын. Оған ешқайда асығудың қажеті жоқтай көрінетін.
Бірде Ағыс таудан төмен қарай гүрілдеп ағып келе жатып, жағада су ішіп тұрған кішкентай елікті көрді.Өзен оған ең дәмді, ең салқын суын ұсынды.Елік шөлін қандырып, Ағысқа алғысын айтты.Ағыс бұған мәз болып, бұдан да қаттырақ аға жөнелді.Ол өзінің пайдалы екенін сезінгенде бақытты болатын.
Мұны көрген Тоқтал ерініп қана көзін ашты, «Ей, Ағыс, сен неге сонша әуре боласың?»-деп сұрады ол дауысын созып. «Күні-түні тыным таппай жүгіресің, шаршамайсың ба? Міне, маған қарашы, бір орында жайбырақат жатырмын. Ешқандай жұмыс жоқ, ешқандай уайым жоқ. Демалу керек қой!»
Ағыс тоқтамастан жауап берді: «Досым-ау, қозғалыс деген – өмір! Мен аққан сайын тазарамын, күш жинаймын.Егер мен Тоқтасам, бойымдағы мөлдірлігімнен айырыламын. Менің жолым алыс, мен үлкен теңізге жеткім келеді.Ол үшін көп еңбектену керек, білім жинап, жаңа жерлерді көру керек».
Тоқтал мырс етіп күлді. «Теңіз дейсің бе? Ол тым алыс.Оған жетем дегенше діңкең құриды. Одан да осында қал, балдырлардың арасында бірге ұйықтаймыз.Қарашы, менің қасымда басқалар қалай рахаттанып жүр.Ешқайда барудың керегі жоқ»,-деді ол есінеп.
Арада біраз уақыт өтті. Күн ысып, аптап ыстық басталды.Ағыс қиналса да, таудың басындағы мұздықтардан күш алып,ағысын тоқтатпады. Ол ыстыққа берілмей, адамдардың егінін суарып, ағаштарды қуратпай сақтап қалды. Оның суы әлі де салқын әрі мөлдір еді.
Ал Тоқталдың жағдайы мүшкіл тартты.Ол бір орында тұра бергендіктен, суы сасып, бетін жасыл қоймалжың басты. Күннің ыстығы оны аяған жоқ. Ол азая берді, азая берді.Ешқандай жаға су келмегендіктен, Тоқталдың Түбі көрініп, балшыққа айнала бастады.
Ақыры, Ағыс өзінің арманына жетті.Ол үлкен, көгілдір мұхитқа барып құйды. Енді ол шексіз әрі мәңгілік ағысқа айналды.Оның еңбегі еш кетпеді, ол әлемді шарлап, үлкен кемелерді арқалап жүретін алып күшке айналды.Ағыс бақыттан бал-бұл жанып, көк аспанмен астасып жатты.
Ал Тоқтал болса, мүлдем суалып, орнында тек кепкен лай ғана қалды.Ол қозғалғысы келмеді, еңбектен қашты, соның кесірінен жоқ болып кетті. Бұл хикая бізге «Еңбек етсең- өнесің, білім іздесең-өсесің» дегенді үйретеді. Әрқашан алға ұмтылу, іздену және еңбек ету ғана бізді биіктерге жеткізеді.
***
Ертегі не туралы?
Ағыс өз жолында жануарларға, өсімдіктерге және адамдарға пайдасын тигізіп, ақыры мұхитқа жетеді. Ал Тоқтал бір орында қалып, аптап ыстықта суалып қалады.
Негізгі ойы: мақсатқа жету үшін еңбек ету, іздену және қиындыққа мойымау маңызды.
Қай жастағы балаларға арналған?
Ертегіні 6–10 жастағы балаларға ұсынуға болады. Кіші жастағы балаларға қарасу мен ағыс сөздерінің мағынасын түсіндірген жөн.
Ертегінің тәрбиелік мәні
Шығарма еңбекқорлықты, табандылықты және өзгелерге көмектесуді бағалауға шақырады. Еңбекпен қатар демалыстың да қажет екенін балаға түсіндіріңіз.
Баламен бірге талқылауға арналған сұрақтар
- Ағыс қандай мақсат қойды?
- Тоқтал неліктен Ағыспен бірге барғысы келмеді?
- Ағыс өзгелерге қалай көмектесті?
- Өз мақсатыңа жету үшін бүгін қандай қадам жасай аласың?
Жиі қойылатын сұрақтар
Ертегінің басты кейіпкерлері кімдер?
Ағыс есімді өзен және Тоқтал есімді қарасу.
«Өзен мен қарасу» ертегісі неге үйретеді?
Еңбек етуге, білім іздеуге және мақсатқа табандылықпен ұмтылуға үйретеді.
Ағыс арманына қалай жетті?
Ол қиындықтарға қарамастан жолын жалғастырып, мұхитқа құйды.
Ұқсас шығармалар
«Екі шыбын» — адал еңбек туралы мысал. «Бұлақ неге жылады?» — табиғатты қорғау және жауапкершілік туралы ертегі. «Өгіз бен бақа» — өз мүмкіндігіңді бағалау туралы шығарма.
Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.
Erketai-ға жазылу