Бұлақ неге жылады?
АвторАйбек Қосан Мазмұны
«Бұлақ неге жылады?» — балаларға табиғатты аялаудың маңызын түсіндіретін Айбек Қосанның қазақша ертегісі. Шығармада адамдардың қоқыс тастауынан мөлдір бұлақтың ластануы және орман тұрғындарының оған көмекке келуі баяндалады. Түлкінің іс-әрекеті арқылы бала сенімнің қадірін, қателікті мойындаудың және ортақ іске жұмылудың маңызын түсіне алады. Бұл табиғат туралы ертегіні үйде бірге оқуға, бастауыш сыныптағы тәрбие сағатында немесе экологиялық тақырыптағы сабақта талқылауға болады. Оқиғаны оқығаннан кейін баламен суды таза ұстау және қоршаған ортаға қамқорлық жасау туралы әңгімелескен жөн.
Аспанмен таласқан асқар таудың бауырынан мөлдір бұлақ бастау алатын. Суы тұп-тұнық еді: түбіндегі әр тасы көзге анық көрініп, жақұттай жарқырап жататын. Жағасына біткен қалың ағаш сыбырлай сырласып, тынымсыз тіл қатысатын. Айналасын көмкерген жасыл желек те тәнге қуат, жанға шуақ сыйлайтын. Қырдан ескен самал жел бұлақтың шаттық үнін шартарапқа жайып, айналаға қуаныш сыйлайтын.
Содан бері бұл маңнан адам аяғы үзілмейтін болған. Демалушылар табиғаттың көркіне көз суарып, сұлулығына тамсанғанмен, оның қадірін білмеді. Олар суды лайлап, жағалауды ластап, қайтарда артына тау-тау қоқыс қалдырып кететін болған. Бұлақтың өне бойы қоқыр-соқырға толғандықтан ағысы ауырлап, тынысы тарылды. Балбыраған балауса шалғыны қуарды. Ішінде балықтар тулауын, сыртында құстар шулауын қойыпты. Ағыл-тегіл ақтарылған ақ бұлақ енді жылап аққан жіңішке жылғаға айналыпты.
Бір күні бұлақтан су ішуге Түлкі келді. Сақтығын ұмытпай, құлағын ақырын тігіп еді, сыңғырлаған күміс күлкінің орнына күңіреніп күрсінген бір дыбысты естіді. Жағаға жақындаған бетте тұмсығына жағымсыз иіс келді.
– Уа, табиғаттың сылқым еркесі, саған не болған? Неге жабықтың, неге қамықтың? Әнің қайда, сәнің қайда баяғы? – деп сұрады Түлкі алаңдай.
Сонда бұлақ лай басқан бетін әрең ашып:
– Тұншығып барамын, Түлкі. Бұрынғыдай бұлқынып, буырқанып аға алмаймын, – деді булыққан дауыспен.
Түлкі жан-жағына қараса, бұлақ арнасы пластик, пакет, темір қалбыр, бос шөлмектерге толып қалған екен. Соның кесірінен ағысы бөгеліп, суы борсып кетіпті. Түлкі жанұшырып орманға қарай жүгірді.
– Достар! Сусағанда шөлімізді қандырған ерке бұлақ хәл үстінде жатыр! Жүріңдер, қол ұшын созайық! – деп орман тұрғындарына ұран тастады.
Мұны көрген Қасқыр мырс етіп:
– Әй, қу Түлкі, бізді тағы алдап соғып, тұзағыңа түсірмексің бе? О заманда, бұ заман, бұлақ ауырушы ма еді? – деді күдігін жасырмай.
Аю да басын шайқап:
– Осы сенің кімге жаның ашушы еді? Өз пайдаңды ғана ойлап, бізді жұмсамақсың ғой, айлакер неме! – деп ақырды.
Түлкі мұңайып:
– «Өтірікшінің шын сөзі зая» деген осы екен-ау. Сендерді алдап, сенімнен айырылған өзіме де обал жоқ. Бірақ бұл жолы рас айтып тұрмын. Жә, мейлі, сенбесеңдер қойыңдар, өзім-ақ бәрін тындырамын, – деп жорта жөнелді.
Сөйтіп ол қоқысты жалғыз өзі жинауға кірісті. Суға малшынып ауыр тартқан пакеттерді тісімен сүйреп шығарды, шөлмектерді бір-бірлеп терді, қалбыр қалдықтарын жалықпай жағаға тасыды. Сынған әйнектер табанын тілсе де, жүніне қоқым жабысса да, тоқтаған жоқ. Әрбір қоқысты судан суырып алған сайын: «Бұл менің бұрынғы өтіріктерімнің өтеуі болсын», – деп іштей күбірлеп, өз-өзін қайрады.
Осы кезде күтпеген жағдай болды. Шақырайған күн сәулесі бір шыныға шағылысып, жанындағы қураған шөп лап ете түсті. Қызыл жалынның жалаңдаған тілі үйілген қоқысқа тиіп, ол да бықсып жана бастады. Будақтаған түтінді аспанда ұшып жүрген торғайлар бірден байқап:
– Аттан, ойбай, аттан! Өрт шықты, өрт! – деп бүкіл орманға шырылдап хабар таратты.
Аңдар асыға басып бұлақ бойына келді. Түлкі байғұс түтін арасында түтігіп жүр екен. Біресе құйрығымен отты сабалайды, біресе шөлмекпен су әкеп шашады. Қанша дегенмен, жалғыздың аты жалғыз ғой, әбден әлсіреп, діңкесі құрыпты. Аю мен Қасқыр бірден сояудай тырнақтарымен ор қазып, орманға беттеген өрттің жолын кесті. Құстар қанатымен су сеуіп көмектесті.
Өртті сөндірген соң Түлкінің өтірік айтпағанына орман тұрғындарының көзі жетті. Қасқыр қанша қатал болғанымен, қатыгез емес еді. Жүрегі сыздап тұрып:
– Кешір, Түлкішек! Біз қателесіппіз, – деп бағанағы қылықтарын мойындады.
Қорбаңдаған қоңыр Аюдың қимылы олақ болғанымен, ақылы шолақ емес еді. Ол да Қасқырды қостай сөйлеп:
– Иә, достарым, кінә Түлкіде емес, табиғатқа жаны ашымаған адамдарда екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қане, бәріміз жабылып мына бұлақтың көзін ашып, сауапты іс жасайық! – деді гүрілдеген даусымен.
Сөйтіп бәрі бірігіп, бұлақты мұнтаздай қылып тазалады. Жиналған қалдықтарды орманнан алыс жерге апарып тастады. Дертінен айыққан ақ бұлақ асыр салып еркелеп, достарына мөлдір тамшыларымен алғыс жаудырды. Тастан тасқа соғылып, арнасынан асардай орғып ағатын ойнақы мінезін қайта тапты.
Көп ұзамай аңдар бұлақ басына үлкен тақтайша орнатты. Онда «Табиғат – ортақ үйіміз. Тазалықты сақтайық!» деген ескерту жазылды. Осы оқиғадан кейін Түлкінің абыройы артып, ормандағы «өтірікші», «айлакер» деген жаман атынан біржола құтылды.
Бұлақ та содан бері ешқашан жылаған емес.
***
Ертегі не туралы?
Адамдар қоқыс тастап, бұлақты ластайды. Түлкі оны тазартуға кіріседі. Өрт шыққанда орман тұрғындары көмекке келіп, кейін бұлақты бірге тазартады.
Ертегінің негізгі ойы: табиғатты қорғау — ортақ міндет. Сенім адал іспен нығаяды, ал бірлік қиындықты жеңуге көмектеседі.
Ертегі қай жастағы балаларға лайық?
Мәтіннің көлемі мен көркем тілін ескеріп, 7–10 жастағы балаларға ұсынуға болады. Кіші жастағы балаларға ересек адам оқып, күрделі сөздерді түсіндіргені жөн.
Ертегінің тәрбиелік мәні және баламен талқылау
Ертегі суды ластамауға, шындық айтуға, жауапкершілік танытуға баулиды.
- Бұлақтың ластануына не себеп болды?
- Аңдар Түлкіге неге бірден сенбеді?
- Орман тұрғындары бұлақты қалай құтқарды?
Баламен таза және ластанған бұлақтың суретін салыстырыңыз. Қоқысты сұрыптау туралы сөйлесіңіз. Өрт шықса, қауіпсіз жерге кетіп, ересектерге хабарлау керегін түсіндіріңіз.
Жиі қойылатын сұрақтар
«Бұлақ неге жылады?» ертегісінің авторы кім?
Авторы — Айбек Қосан.
Бұлақ неге жылады?
Адамдар қалдырған қоқыс оның арнасын бітеп, суын ластағандықтан.
Ертегі балаларды неге үйретеді?
Табиғатты аялауға, адал болуға және бірлесіп әрекет етуге үйретеді.
Ұқсас ертегі
«Алтыннан да қымбат достық» — Айбек Қосанның достық, сенім және кешірім туралы ертегісі.
Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.
Erketai-ға жазылу