KZ RU

Алтыннан да қымбат достық

Орман төрінде көкке бой созған, діңі жуан алып емен ағашы өсіп тұр. Жерге қашан дән болып түсіп, жапырақ жайып жайқалғанын білетіндер некен-саяқ. Әйтеуір орман тұрғындары ес білгелі алып ағаштың саясында тіршілік етіп келеді. Осы қасиетті, кәрі еменнің жоғарғы бұтақтарында ақкөңіл Тиін мен парасатты Үкі көрші тұратын. Олар жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, араларынан қыл өтпейтін адал досқа айналған еді.

Күздің алтын шуағына малынған бір күні Тиін қысқы азығын қамдап, бұтақтан бұтаққа еппен секіріп жүрген. Кенет көршісінің ұясынан көз қарықтырар ерекше сәуле шашырағанын байқап, жақын барды да:

– Армысың, көршім! Көңіл күйің қалай? – деді Тиін тіл қатып. Үкі:

– Ә-ә, Тиінжан, аманбыз. Өзің қалайсың, қайдан жүрсің? – деді.

– Күздің қоңыр күнінде құр отырмайын деп жаңғақ жинап жүрмін. Жолай өзіңмен амандасып кетейін дедім.

– Жөн-жөн, – деді Үкі. – Мен мына бабамнан мұра болып қалған сағатты сүртіп, қызықтап отырғам. Бұл көне жәдігер атамнан әкеме, әкемнен маған аманат болып қалған.

Әдемілігіне көзі тоймаған Тиін сағатты ұстап көруге рұқсат сұрады. Үкі:

– Талай жылдан бері туысымдай боп кеткен көршімсің, неге болмасын?! Мә, көре ғой, – деді. Күн шуағына шағылысып, жылтырағанда Тиін таңдай қағып тамсанды:

– Расымен тамаша дүние екен! Нағыз шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр, – деді де, шаруасына қамданып, өз жайымен кетті.

Тиін ұясына келіп, ойға батты. «Үкінің бабалары қандай болды екен? Мұндай бағалы дүниені аманаттап қалдырғанына қарағанда, тегін құс болмағаны-ау сонда…» – деп өз-өзімен күбірлеп отырғанда қасына шаңқ етіп Сауысқан келе қалды да, ойын бөліп жіберді.

– Әй, Тиін, отырсың ғой ой үстінде,
Дәл таптым, дөп түстім бе? – деп қутыңдап сөз бастады. Бұл ала құсты орманда көбі жақтыра бермейді. Оны өзі де біледі, бірақ ұйқастырып сөйлеп, көсемсіп жүргенді жаны сүйетін.

– Иә, ойланып кетіппін, – деді Тиін.

– Құпия емес шығар, айтшы болмаса, бөліспесең бәрі – далбаса! – деді Сауысқан сыр суыртпақтағысы келіп.

Тиін шыдамай:

– Жаңа Үкі көршімнің бабасынан қалған алтын сағатын көрдім. Қандай керемет дүние! – деп тамсанғанын жасыра алмады.

Мұны естігенде Сауысқанның көзі оттай жанып, қауырсыны қозғала бастады.

– Алтын дейсің бе?! – Дауысы қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.

– Иә, алтын! Күнмен шағылысқанда тіпті керемет, көз жауын алады, – деп Тиін одан сайын мақтай түсті.

– Ее, қызық екен… Жә, жарайды, мен кеттім онда, – деп Сауысқан сыр білдірмеген күйі ұшып кетті.

Ұясына жылдам жетіп, жиған-тергенін бей-берекет ақтара бастады. Құдай-ау, Сауысқанның үйінде не жоқ десеңші! Талғамсыз құс жылтырағанның бәрін алтын деп таси берген ғой. Сағат туралы естігенде тіптен мазасы кетті. «Менде оған парапар не бар еді?» деп үйін төңкеріп тастай жаздады. Тиін сипаттағандай зат табылмаған соң қатты ызаланып, қитұрқы жоспар құрды. Бар ойы, қайтсе де, Үкінің сағатын ұрлап, қызығын өзі көруі керек. «Алтын еді сенікі, болады енді менікі!» – деп шықылықтады. «Қалай тауып айттым!» деп өзі-өзіне тамсануды да ұмытпады.

Күндер сырғып өтіп жатты. Сағаттың әңгімесі ұмытылғандай еді. Бірақ сақ Сауысқан дамыл көрмей әдейі уақыт өткізіп, Үкінің қай уақытта жемтігін аулауға аттанатынын, қашан ұясына қайтып келетінін есептеп, сырттай бақылап жүріпті. Ақыры бір күні жоспары піскендей болып, іске кіріседі.

Сол түні орманды қалың тұман басты. Үкі ұясынан ұшып шықты. Осы сәтті көптен күтіп, жаны жанығып жүрген Сауысқан алтын сағатты көзді ашып-жұмғанша жымқырып әкетті. Бірден ұясына келіп: «Бұл әлгі иесі ауысқандыкі, сағат енді Сауысқандыкі!» – деп мәз болды. «Ұрлық қылсаң жалғыз қыл, екеу болсаң – бірі айғақ!» деген. Әкесі үнемі айтатын мақалды бұл да іштей қайталады. Бірақ «Ұрлық түбі – қорлық» екенін қайдан білсін байғұс…

Орманда таң қылаң бере түнгі серуеннен оралған аң-құс ұйқыға кетіп, ал күнмен таласа оянған өзге жануарлар күнделікті тіршілігіне кірісіп жатты. Түс ауа ұйқысы қанып оянған Үкі әдеттегідей сағатын қолына алып, орындығына жайғаспақшы еді. Бірақ тұрған жерінде көзі алақандай боп: «Мәссаған! Қайда кеткен?» – деп қанатын сабалады да қалды.

«Ешкім білмеуші еді ғой…» – дей бергенде, Тиінге көрсеткені есіне түсті. Парасатты Үкі алғашында бұған сенгісі келмеді. Бірақ ішіндегі күдік пен баба аманатының жоғалуы сабырын тауысты. Көршісіне аяңдап барып, мұңды дауыспен:

– Тиін, мен саған досымдай сеніп едім… Қанша жыл көрші тұрып, қолыңның сұғы бар екенін қалай білмегем? Аманатқа қиянат жасағаның қалай? – деді.

Ештеңені түсінбеген Тиін:

– Досым-ау, саған не болған? Қандай қиянат? – деп аңтарылып тұр.

– Сағат туралы сенен басқа ешкім білмейтін еді. Енді, міне, орнында жоқ, – дегенде Үкінің дауысы дірілдеп шықты.

Адал жүріп, ешкімнің ала жібін аттамаған Тиін намыстанып:

– Мен ұры емеспін! Қажет болса, ұямды тінтіп көр! – деп шыр-пыр болды.

Дәл осы даудың үстіне Тоқылдақ ұшып келді. Ол ормандағы тәртіп сақшысы еді. Тыныштық бұзылмасын деп бәрін қадағалап жүретін. Бұл жолы да сөйтті.

– Сабыр сақтаңдар! – деді қатал үнмен. – Әрбір даудың өз ережесі бар. Үкі, біреуді айғақсыз айыптау дұрыс емес. Ал, Тиін, сен күдікке ілінген соң шындықты айтуға міндеттісің. Мен әрқайсыңнан жеке-жеке жауап аламын.

Тоқылдақ Тиінді оңаша шығарып, байыппен:

– Ойлан, Тиін. Бұл жәдігер туралы басқа кім білуі мүмкін? Сенің сөзің – бұл істің басты кілті. Егер біреуге айтқан болсаң, тап қазір есіңе түсіріп көр. Бұл адалдығыңның айғағы болады.

Тиін сәл ойланып:

– Әп, бәлем, Сауысқа-а-ан! – деп санын соқты. – Сол ғой өткенде сөзге тартып, біліп алған!

Тоқылдақ дереу Үкі мен Тиінді бастап, Сауысқанның ұясына бет алды. Олар жеткенде ала құс сағатты ары-бері айналдырып қарап отыр екен.

– Үкіге бабасынан – дүние, ал бізге тәмсіл қалған. Осының арқасында жарқырап жүрміз! – деп сақ-сақ күлді. Ала құс ормандағы «ең ақылды, ең әккісі – мен» деп іштей масаттанып, өз-өзіне сүйсініп отыр еді. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Тоқылдақ алға шығып:

– Әй, Сауысқан! Бұл әрекетің орман тәртібіне мүлдем жат. Енді сағатты иесіне қайтар, – деді.

Үкі өз мұрасын көргенде Тиінге соқтыққаны үшін қатты ұялды. Сауысқан өтірік мүләйімсіп:

– Мен мұны тауып алып едім… – деп міңгірледі.

Үкі оған өткір жанарымен сұстана қарап:

– Сенің жылтырақ көрсең, жымқырып кететініңді бәрі біледі. Екінші рет маңыма жолама, қанатыңды қайырамын! – деді де, ұшып кетті.

Сақшы Тоқылдақтың қатал ескертуінен кейін көп ұзамай Сауысқан орман сотында жауап берді. Оған барлық ұрланған затты қайтару бұйырылды. Кінәсін түсінген ала құс көпшілік алдында:

– Ала жіпті бұдан былай аттамаймын, жаман істі ешқашан жақтамаймын! – деп ант берді.

Қоңыр күз өтіп, айнала ақ мамыққа оранды. Бұл қыстың алғашқы айына аяқ басқанның белгісі еді. Ұзақ жыл айнымас дос болған Үкі мен Тиіннің арасы сол оқиғадан кейін суыды. Тіпті көріскенде сәлемдеспейтін болды.

Бір күні парасатты құс сағатына қарап отырып, іштей толғанды: «Бұл сағат – өткеннің белгісі, ал Тиін бүгінгі тірегім еді. Достықты жылтыраққа айырбастағаным қалай?» – деп өкінді. Ол «Ұлық болсаң – кішік бол» деген сөзді еске алып, көршісіне бет алды.

Жапалақтап жауған қар айналаны күмістей жарқыратып, қара жердің бетіне жайылған кілемдей орманның ажарын аша түсіпті. Көршісінің есігін имене қағып, біраз іркіліп тұрды да:

– Тиінжан, бармысың, бауырым? – деді биязы үнмен.

– Есенбіз, – деді Тиін салқын амандасып.

– Айналайын, құдайы көршім! Талай жыл әй-шәй деспей тату тұрдық. Бір-бірімізге алты ай қыста талай көмектестік. Мына қу дүниеге бола өзіңмен араздасам деп ойламап едім. Менен бір ағаттық кетті, Құдай үшін кешірші, – деп ағынан жарылды.

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Тиін де бұл сөзге жіби түсіп:

– Кештім, Үкі. Сен де мені кешір. Тіліме ие болмай, сырыңды сақтай алмадым, – деп құшағын айқара ашып, ілгері ұмтылды.

Осылайша екі достың құшағы айқаса кетті. Бір-бірін өкпеге қимаған ежелгі достар қайта татуласты. Сол сәтте қыстың аязды күні жылынып сала бергендей әсер қалдырды. Көршілердің достығы одан бетер беки түсті. Содан бері олар ешқашан ренжіспеген деседі. Себебі ашу үстінде шешім қабылдамауды, сыр сақтай білуді және шынайы достықтың алтыннан да қымбат екенін түсінген еді.

***

Ертегі не туралы?

«Алтыннан да қымбат достық» — Үкі мен Тиіннің достығы жайлы тәрбиелік қазақ ертегісі. Үкіге ата-бабасынан қалған алтын сағат жоғалғанда, ол жақын досынан күдіктенеді. Кейін шындық анықталып, екі дос сенімнің, кешірімнің және татулықтың қадірін түсінеді.

Ертегінің негізгі ойы: шынайы достық алтыннан да қымбат. Досыңды дәлелсіз айыптамау, сыр сақтау және кешірім сұрай білу маңызды.

Балаға қандай құндылықтарды үйретеді?

Бұл ертегіні балалармен бірге оқып, адалдық, достық, сенім, жауапкершілік және кешірім туралы әңгімелесуге болады. Оқиға кейіпкерлерінің таңдауы жақсы мен жаманды ажыратуға көмектеседі.

Оқып болған соң балаға қойылатын сұрақтар

  1. Үкі неге Тиіннен күдіктенді?
  2. Тоқылдақтың әрекеті неге дұрыс болды?
  3. Сауысқанның қателігі неде?
  4. Екі дос қалай қайта татуласты?
  5. Сен досыңды ренжітіп алсаң, не істер едің?

Жиі қойылатын сұрақтар

«Алтыннан да қымбат достық» ертегісінің авторы кім?

Ертегінің авторы — Айбек Қосан.

Бұл ертегінің басты кейіпкерлері кімдер?

Басты кейіпкерлер — Үкі мен Тиін. Оқиғаға Сауысқан мен Тоқылдақ та қатысады.

Ертегінің тәрбиелік мәні қандай?

Ертегі адал достықты бағалауға, өтіріктен аулақ болуға, дәлелсіз кінә артпауға және кешірім сұрай білуге шақырады.

Тағы бір ертегі

«Бұлақ неге жылады?» — табиғатты қорғау және ортақ жауапкершілік туралы Айбек Қосанның тағы бір ертегісі.

Достарыңызбен бөлісіңіз
WhatsApp Telegram

Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.

Erketai-ға жазылу

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз. Сұрағыңыз болса, мына сілтемені басыңыз.