KZ RU

Өгіз бен бақа

«Өгіз бен бақа» — күншілдіктің салдары мен өз ерекшелігіңді бағалаудың маңызы туралы қазақша ғибратты ертегі. Көл жағасында үлкен өгізді көрген бақа соған ұқсағысы келеді. Жолдасының ескертуіне құлақ аспаған бақаның әрекеті қайғылы аяқталады. Шығарманы ата-аналар мен мұғалімдер балалармен бірге оқып, өзгені күндеу, орынсыз еліктеу және ақылға құлақ асу туралы әңгімелесе алады. Ертегі «Әлін білмеген әлек» деген нақыл сөздің мағынасын түсіндіруге де негіз болады.

Ерте,ерте,ертеде, шілденің ыстық күнінде, зор денелі, еңселі бір өгіз шөлдеп, айдын шалқар көлдің жағасына келеді.Өгіз мөлдір судан қанша ішсе де тоймай, салқын суға сүйсініп, көл жағасында рахаттанып тұрды.Сол көлдің жағасында іші тар, күншіл бір көлбақа өмір сүреді екен. Ол суға қанып, зор денесімен айбатты болып тұрған өгізді көріп, іші тарлықтан жарыла жаздайды.

-Мен де осы өгіздей үлкен, еңселі болам!- деп шешеді көлбақа. Ол секіріп қасындағы жолдасының жанына барып, ішіне ауаны толтыра жұтып, қарнын үрлей бастайды.
-Қарашы, жолдасым, мен анау тұрған өгіздей болдым ба? Ішім үлкейді ме?- деп сұрайды. Жолдасы оған қарап:-Әй, шырағым-ай! Өгіздей болу қайда саған? Араларың жер мен көктей ғой.Өгіздей болмақ түгіл, өз қалпыңнан сәл де болса өзгерген жоқсың- деп шындықты айтады.

Ашуланған көлбақа ақылға қонбай, тіпті қаттырақ күшеніп, қарнын одан сайын кере береді.-Міне, енді қара!Қалай өстім? Толдым ба?-дейді ол демігіп.Жолдасы басын шайқап: -Қанша тырыссаң да, сен онымен бірдей бола алмайсың, тек өз денеңді қинайсың,-дейді.

Бірақ күншіл бақа тоқтамай, өгіздей боламын деп қарнын барынша кергенде жұқа қарны шыдамай, тарс етіп жарылып кетеді. Біреудің бағы мен денесін күндеуден адам ешқандай пайда таппайды. Әркім өзіне бұйырған қалпын бағалап, өз орнын білуі тиіс. «Әлін білмеген әлек» деген нақыл сөз осындай әуре болған жаннан кейін қалған екен.

***

Ертегі не туралы?

Бақа өгіздей үлкен болғысы келіп, жолдасының ескертуіне қарамастан қарнын керумен болады. Ақырында өзіне зиян келтіреді.

Негізгі ойы: өзгені күндемей, өз қадіріңді біліп, мүмкіндігіңді бағалай білу маңызды.

Қай жастағы балаларға арналған?

Мәтіннің көлемі мен қайғылы аяқталуын ескеріп, 7–10 жастағы балаларға ересек адаммен бірге оқуға ұсынуға болады.

Ертегінің тәрбиелік мәні

Шығарма өзгенің ерекшелігін құрметтеу, ақылға құлақ асу және өзіне зиян келтіретін әрекеттен аулақ болу туралы ой қозғайды.

Баламен талқылауға арналған сұрақтар

  1. Бақа өгізге неге ұқсағысы келді?
  2. Жолдасы бақаға не айтты?
  3. Бақа қандай шешім қабылдаса, оқиға басқаша аяқталар еді?
  4. Өзіңнің қандай қасиетіңді бағалайсың?

Бақаның әрекетін қайталауға болмайтынын балаға түсіндіріңіз.

Жиі қойылатын сұрақтар

Ертегінің басты кейіпкерлері кімдер?

Өгіз, көлбақа және оның жолдасы.

«Өгіз бен бақа» ертегісі неге үйретеді?

Өзгені күндемей, өз ерекшелігіңді бағалауға және орынды кеңеске құлақ асуға үйретеді.

«Әлін білмеген әлек» деген сөздің мағынасы қандай?

Өз мүмкіндігін ескермей әрекет еткен адам қиындыққа тап болуы мүмкін деген ойды білдіреді.

Ұқсас шығармалар

«Алтыннан да қымбат достық» — адалдық пен сенім туралы ертегі. «Бұлақ неге жылады?» — жауапкершілік туралы ертегі. «Әкеге қарап ұл өсер» — тәрбие туралы шағын қойылым.

Достарыңызбен бөлісіңіз
WhatsApp Telegram

Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.

Erketai-ға жазылу

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз. Сұрағыңыз болса, мына сілтемені басыңыз.