KZ RU

Әкеге қарап ұл өсер

«Әкеге қарап ұл өсер» — Гүлмекен Қасенбайқызының отбасындағы тәрбие, әкенің бала өміріндегі орны және мектептегі әлімжеттік туралы шағын қойылымы. Шығармада ата, әке, ана және жеті ұлдың қарым-қатынасы арқылы батылдық пен қатыгездіктің айырмасы ашылады. Кейіпкерлердің әңгімесі баланы мейірімділікке, өзгені құрметтеуге және қиын жағдайда көмек сұрауға шақырады. Қойылымды мектептегі тәрбие сағатында, ата-аналармен кездесуде немесе отбасылық құндылықтарға арналған сахналық іс-шарада пайдалануға болады.

Қойылымның толық мәтіні

(Шағын қойылым)

(Сахнада үйдің ауласы. Ата кітап оқып отырады. Келіні Мейіргүл әндетіп шығады.)

— Сен керексің!
Сен ғана керексің! (Сосын аузын дүрдитіп, көзін бақырайтып, бетіне маска жапсырады. Есіне қалтасындағы шақырту түсіп, атасына келеді.)

Мейіргүл:
— Ата!

Ата:
— АстағфируЛлаһ! Келін, бұл сен бе?

Мейіргүл:
— Мен ғой ата! Бетіме маска қоймасам, құрғап кетті.. Жаңа тойға шақырып кетіп еді.. Міне шақыру қағазы!

Ата:
— Е, Сұрхандариядан құш хабар! — десеңші..

Мейіргүл:
— Сол «құш хабарлар» келсе, шошитын болдық қой… «Бұл тойға тағы қанша апарамыз?» — деп.

(Қағазды қолына алып оқиды. Мейіргүл сахнаны жинап кетеді. Сахнаға інілерін қолтықтап Өктем шығады. Ортаға келіп тоқтап, інілерін тәрбиелей бастайды.)

Өктем:
— Ей, шиглы! Бері келіңдер! Мектепте сендерге ешкім тиісіп жүрген жоқ па?

Айбар:
— Тиседі!

Өктем:
— Кім тиісіп жүр? (Даусын зорайтады.)

Елдар:
— Жоғары сыныптың ұлдары тисе береді!

Өркен:
— Баха, Мухалар көрген сайын ақша сұрайды. Дүкенге жүгіртеді….

Өктем (ашуланып):
— Бәрің маған қараңдар! Егер біреу ұрып қалса, бастарыңды тез еңкейтіп, сол қолдарыңмен салып қаласыңдар. Ешкімге есе жібермеңдер! Мектепте ешкім тиіспеуі үшін, алдымен өздерің барлығын қорқытып алыңдар! Байдың балалары болса, ақшаға отырғызыңдар. Күніге мың теңге әкелмесең, екі жұдырықтан жеп тұрасың деңдер! Ешкімнен қорықпаңдар! Біреу тиіссе маған айтыңдар!

(Атасы ашуланып жалт қарайды.)

Атасы:
— Өктем, сен інілеріңе не үйретіп жатсың, а?

Өктем:
— Жай.. ата! Мектепте жоғары сыныптың ұлдарынан таяқ жемесін деп, жұдырықтасуды үйретіп жатырмын…

Атасы:
— Сенің «ақша бопсала!» — деп айтқаныңды естімеді дейсің бе? Барлығың түгел бері кел!

(Ұлдар бастары салбырап, атасының жанына барып отырады)

Атасы:
— Оң құлақтарыңмен тыңдап алыңдар! Өзгеге мейірімділік танытпағанға, ешкім мейірімді болмайды. Зұлымдық жасаушыға тек зұлымдық жасалады. Өмір — айна! Айнала — сенің істегеніңді сөзсіз қайтарады. Ойламаңдар, әркімді ұрып, ойнап-күліп, бақытты болып жүре береміз! — деп. Әрбір адамның назасы болады. Әр қиянаттың жазасы болады!

Өркен:
— Ата «наза» деген не? «Жаза» деген не?

Атасы:
— «Наза» — деген балам, — жазықсыз жапа шеккен адамның көз жасы, өкпе-назы мен реніші. Қазақ адам түгілі, «киелі құс» — деп аққуды атпайтын. Бей-берекет ешбір аңды өлтірмейтін. Ал қазір күллі жаратылыстан ардақты жаратылған адамды адам қорлайды, ұрып-соғады, әлімжеттік жасайды. Бұл барып тұрған зұлымдық!

Жігер:
— Ата, жәндіктерді ше… Өлтіре берсек бола ма?

Айдар:
— Сен онсыз да жәндіктерді өлтіріп жүрсің ғой?! Ата Жігер шегіртке-шыбындарды ұстап, аяқтары мен қанатарын жұлып жүр!

Елдар:
— Сен ше? Бір жыланды қуып жүріп өлтіріп едің ғой…

Атасы:
— Далада өз жөніне кетіп бара жатқан жәндікті өлтіруге мүлдем болмайды. Қарғысы мен наласы тиеді. Ал үйіңе кіріп, көбейіп, зияны тиетін болса…. амал жоқ!

Өктем:
— Ата, нала-пала дегеннен қазір ешкім қорықпайды. Жігіттер ақша үшін рингте бір-бірімен төбелеседі. Арасында мүгедек болып қалатындары қаншама..?!

Атасы:
— Егер олар құдайдан қорқып, заңнан сескенуді білсе… тіпті құмырсқаға да зәбір көрсетпейтін еді.. Бір кем дүние!

Қайсар:
— Әлімжеттік мектепте де, әскерде де, тіпті жоғары оқу орындарындарында да болып тұрады ғой, ата? Егер біреу кеп жөнсіз соқтықса, қалай ұрмай қарап тұруға болады?

Атасы:
— Біреу ұрса, бірден заң жүзінде құқыңды қорға! Сен біреудің қолы қышыса ұратын, құм толтырған қабы емессің! Бәлкім бір үйдің үміт артқан ұланысың! Біреуді бей-берекет ұрып-соғуға ешкімнің құқы жоқ!

Айбар:
— Егер әскерде таяқ жегенін айтса «тоқылдақ» дейді екен. Сол үшін ешкім өзін ұрған адамды сатпайды.

Атасы:
— Әлімжеттік жасаған адам, өз қылмысын жасыру үшін, түрлі айла-тәсілдерді ойлап табады. Ондай арандатуға көнбеген жөн!

Жігер:
— Ата, сіздердің кезде әлімжеттік болды ма?

Атасы:
— Біздің кезде адамдар қазіргідей мейірімсіз емес еді. Жігіттер өздерінен әлсіз, жасы кіші адамдарға күш көрсетпейтін. Олай істеу ұят саналатын. Бірақ сайысқа түсіп, белдесіп, күш сынасудан қашпайтын.

Өктем:
— Ата, «Байдың малында, кедейдің ақысы бар!» — деп, күніге айтасыз ғой.. Сол үшін байдың балаларынан ақша алып тұру керек!

Атасы:
— Сен түсінбеген екенсің ғой?! Мен жаңағы сөзді қай кезде айтып жүрмін?

Өктем:
— Каспийден.. садақа беретін кезде..

Атасы:
— Мен өзімді бай санап, елге беріп жүрсем, сен өзіңді кедей санап, жұрттан ақша жинап жүрсің бе?

Өркен:
— Енді анам үнемі «ақша жоқ, ақша жоқ, ақша жетпейді!» — дейді ғой.

(Атасы келіні жаққа ала көзбен бір қарап, немерелеріне былай дейді)

Атасы:
Ай, балам-ай! Жүріңдер, қалған әңгімені бақшада жер ойып жүріп айтайық.

(Ата мен ұлдар кетеді. Сахнаға Қамбар шығады.)

Қамбар:
— Өктем, Өркен, Жігер, Қайсар, Айбар, Айдар, Елдар! Жеті арыстаным менің! Қайдасыңдар! Әкелерің келді..!

Мейіргүл:
— Әкесі, не болды сонша айқайлап? Тыныштық па? Ерекше көңілді келсеңіз, қорқатын болдық қой?!

Қамбар:
— Уайымдама Мика! Бәрі жақсы. Бүгін айлығымды түсті! Соған ұлдарыма (ықылық атады) ақша берейін дегенім ғой..

Мейіргүл:
— Ұлдарға тек ақша бере бергенше, бір уақыт ақыл да айтып қойсайшы, әкесі.. Жаңа атам балаларға аямай ақыл айтты.. Естіп жүріп мен ұялдым!

Қамбар:
— Мика, миыма тыныштық берші! Шаршап келдім…

Мейіргүл:
— Отағасы, сонда сізбен қай кезде сөйлесуге болады? Басқа кезде телефоннан босамайсыз! Үнемі бір сөз айту үшін, бір үйде отырып хат жазып жүрем.. Шынайы өмірге оралсаңызшы..! Әкеңізбен сырласыңыз. Жұбайыңызбен сөйлесіңіз. Ұлдарыңызды мейірімділікке шақырыңыз!

Қамбар:
— Ей, қандай мейірімділік? Ер бала ешкімнен қорықпауы керек! Керісінше барлығы аяқ тартатындай, мықты болғандары дұрыс!

Атасы:
— Шырағым, Қамбар, атыңа затың сай бала ма десем… Өктемге зорлықшыл болуды үйретіп жүрген сен екенсің ғой?!

Қамбар:
— Ата, мен не істеппін? Тек ешкімнен қорықпай, батыл болсын деп жүрмін…?!

Атасы:
— Сен «батылдыққа» емес «зұлымдыққа» тәрбиелеп жатырсың! Дәл қазір неге әскерде өлім көп? Өйткені әке-шешесі ұлдарын: «Ұр, соқ, ешкімді аяма!» — деп өсіріп жатыр. Бұрын әкелер «мейірімді бол!» — деп өсіруші еді ұл-қызын. Қазір… (қолын бір сілтеп тұрып қалады). Айтпақшы, мен жұмсағаннан балаларың жаман болмайды. Өткенде мектептегі жиналыста мақтады емес пе? Мұғалім қағазды жыртып, еденге шашып қойып, кім жинайды екен — деп қараса, Айбар мен Қайсар ғана жинапты. Ол кімнің тәрбиесі? Артынан қақсап жүріп істететін біздің тәрбиеміздің жемісі. Ал ертең ұлдар біреудің баласын ұрып, жаман атағы шықса, ол сендердің тәрбиелеріңнің жемісі болмақ! Біз РЕПРЕССИЯға шыдаған жақсылардың ұрпағымыз! Біздің немерелеріміз «ата ақылы» деген ДЕПРЕССИЯ-ға шыдайтын шығар? Шыдамаса… отырамыз да үнсіз.. «білгеніңді қыл» — деп. (Атасы бұрылып кетіп қалады. Мейіргүл Қамбарға қарайды)

Мейіргүл:
— Ризасың ба, Қамбар? Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер», «Әке көрген оқ жонар» — дейді. Сен қандайсың, ұлдарың сондай болады!

(Жұлынып шығып кетеді. Қамбар ойланып тұрып қалады. Атасы шығады.)

Атасы:
— Қамбар, келін дұрыс айтады. Кезінде бізді Кеңес үкіметі үй бетін көрсетпей жұмыс істетті. Сенің қалай өсіп кеткеніңді де білмей қалдым. Ал сенде балаларыңа үлгі-өнеге болуға барлық мүмкіндік бар! Кеш болмай тұрып, балаларыңның тәрбиесімен айналыс балам! Біз қашанғы жүре береміз… Отбасыңа ие бол!

(Ата кетеді. Қамбар мұңайып отырып қалады. Сосын өз-өзімен сөйлеседі.)

Қамбар:
— Жұмысқа барсам, бастық ұрсады. Үйге келсем, әкем ұрсады. Одан қалса.. келіншегім ренжиді! Қайда барып күн көрем…?!

( Осы кезде Өктем шығып, інілерін сапқа тұрғызып, сыбырлап сөйлейді)

Өктем:
— Өткендегі өлеңді ұмытып қалмадыңдар ма?

Өркен:
— Қай өлеңді?

Өктем:
— Иса Омар ағаның «Әке» деген өлеңі ше?

Өркен:
— Аа, болды, болды! Кеттік!

(Ұлдар әкелерінің артынан келіп, өлең оқи бастайды.)

Өктем:
— Айтылса да, кейде мақтау, кейде сын,
Білеміз бе, нағыз әке бейнесін?
Әке жайлы көрген-білген және де,
Ойға түйген тұжырымдарым сөйлесін!

(Әкесі артына қарап, қуанып кетеді.)

Әке деген — асқар тау ғой еңселі,
Әке деген — ақ кеменің желкені.
Құжатыңда таңбаланған есімі —
Әке атымен танып-білер ел сені.

Өркен:
— Әке деген — қамқоршың да, қорғаның,
Әке деген — басыңдағы зор бағың.
Ең алдымен сол әкенің арқасы,
Ел қатарлы сенің адам болғаның.

Айдар:
— Әке деген — ақылшың да, кеңесшің,
Ол тұрғанда шеттетпейді сені ешкім.
Сол әкенің арқасында алаңсыз —
Кемдік көрмей, төрт құбылаң тең өстің!

Жігер:
— Әке деген — тәлімгерің, ұстазың,
Ол қой сойса, бір сирағын ұстадың.
Әкеңменен шу асауды үйретіп,
Көлік жөндеп, лай илеп, үй сыладың.

Елдар
— Әке деген — таусылмайтын берекең,
Әкең барда — киімің бүтін, бар теңгең.
Әкең барда — даусың да зор шығады,
Біреу тисе жасымайсың әсте сен!

Қайсар:
— Әке деген — сақшы емес пе, білгенге?
Ол тұрғанда жау көрінбес іргеңде.
Әттең кейде білінбейді қадірі,
Аман-есен жаныңда ол жүргенде.

Айбар:
— Әке деген — қаймықпайтын қара нар,
Әке деген — мұзжарғышпен пара-пар.
Әттең… бірақ, нақ осындай әкені —
Бірде-бір рет, қуантпаған бала бар!

(Қамбар балаларын құшақтап, көз жасын сүртеді.)

Өктем:
— Әке, уайымдамаңыз! Біз сізге жаман атымызды естіртпеуге уәде береміз!

Қамбар:
— Менің жеті арыстаным! Егер сендерге жақсы әке бола алмай жатсам, кешіріңдерші…?! Мен де сендерге дұрыс Әке болуға уәде берем!

Айбар:
— Әке, онда бізге балмұздақ әперіңізші.. Өткенде айтып едіңіз, әлі әпермедіңіз ғой?

Қамбар (күліп):
— Тәтті жегіштерім менің! Жүріңдер! Бүгін балаларыма қалаған заттарын әперейінші?!

(Балалар қуанып, айқайлап сахнадан шығып кетеді. Кейін барлығы бірге шығып, көрерменге тағзым етіп, сахнадан кетеді)

Гүлмекен Қасенбайқызы
20.10.2026

***

Қойылым не туралы?

Өктем інілерін әлімжеттікке күшпен жауап беруге үндейді. Атасы мұндай әрекеттің дұрыс еместігін түсіндіреді. Қамбар да балаларына берген тәрбиесі туралы ойланып, оларға жақсы әке болуға уәде береді.

Негізгі ойы: бала ата-анасының сөзінен ғана емес, күнделікті іс-әрекетінен де үлгі алады.

Қойылым кімдерге арналған?

Мәтіннің көлемі мен көтерілген тақырыптарына қарай 12 жастан асқан оқушыларға, ата-аналарға және педагогтерге ұсынуға болады. Бұл — редакциялық жас шамасы.

Кейіпкерлер мен сахна

Ата, Мейіргүл, Қамбар және жеті ұл: Өктем, Өркен, Жігер, Қайсар, Айбар, Айдар, Елдар. Барлығы — 10 кейіпкер. Оқиға үй ауласында өрбиді.

Тәрбие сағатында қалай қолдануға болады?

  1. Рөлдерді бөліп, кейіпкерлердің сөздерін талқылаңыз.
  2. Батылдық пен күш көрсетудің айырмасын мысалмен түсіндіріңіз.
  3. Әлімжеттікке ұшыраған балаға сенімді ересек адамнан көмек сұрау жолдарын көрсетіңіз. Сахнада шынайы күш қолданбаңыз.
  4. Отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуі туралы пікір алмасыңыз.

Жиі қойылатын сұрақтар

Қойылымның авторы кім?

Гүлмекен Қасенбайқызы.

Қойылымның тәрбиелік мәні қандай?

Әкенің өнегесін, мейірімділікті, жауапкершілікті және зорлық-зомбылықтан бас тартуды дәріптейді.

Қойылымда неше кейіпкер бар?

Он кейіпкер бар: үш ересек адам және жеті ұл.

Қойылымды қандай іс-шарада көрсетуге болады?

Тәрбие сағатында, отбасы тақырыбындағы мектеп іс-шарасында және ата-аналармен кездесуде.

Қосымша материалдар

Адалдық пен өзара құрмет туралы «Алтыннан да қымбат достық» ертегісін де оқуға болады. Басқа тәрбиелік материалдарды Erketai.kz порталынан іздеңіз.

Достарыңызбен бөлісіңіз
WhatsApp Telegram

Балалар туралы пайдалы ақпарат — Erketai-дың Telegram арнасында.

Erketai-ға жазылу

Пікір қалдыру

Мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз. Сұрағыңыз болса, мына сілтемені басыңыз.