Балалар жеке сөздерді ешбір қиналмай айтатын дәрежеге жеткен кезде логопед оларды сөз тіркестерімен жұмыс істеуге көшіреді. Жаңа жаттығуларға кіріспес бұрын логопед әр баладан үйреткен әр сөзін үш рет тұтықпай қайталап айтуын талап етуге тиіс.
Сөз тіркестерімен жұмыс істеу ережелері
Яғни бала:Үш төрт сөзден тұратын қысқа сөйлемдерді толық бір дем ішінде айтуға тырысуы керек. Сөйлем арасындағы үзілістер дұрыс сақталуға тиіс.Ұзын сөйлемдерді 3-4 сөзден бөліп, тыныс алып алу.
Қысқа сөйлем ішіндегі екпін түсетін сөзді мүмкіндігінше анық әрі жеткізіп айтуға тырысу. Сөздер бір-бірінен ажырап қалмайтындай болуы керек.
Сөз тіркестерімен жұмыс істеу — логопедтік жаттығулар бөліміндегі ең маңызды әрі үлкен сала. Бұған жай сөздермен, екі, үш, төрт сөздерден тұратын қысқа тіркестермен, біршама одан да ұзын тіркестермен жұмыс істеу кіреді. Сөз тіркестерін айтқан кезде дауыс ырғағы мен логикалық екпінді үйретуге көңіл бөлінеді.
Сөз тіркестерін дұрыс айту — тіл дамыту техникасынан кәдімгідей сөйлеуге ауысудың алғашқы баспалдағы болып табылады. Сөзбен жұмыс істегенде назарды негізінен нақтылыққа аударса, ал сөз тіркестерімен жұмыс істегенде басты назар тіркестердің мағыналылығына аударылады.
Тіркес түсінікті, сауатты және мәнерлі болуға тиіс. Бұған жету үшін ойды жеткізетін сөз таңдап, сөйлемді дұрыс құра білу керек. Сонымен бірге дауыс ырғағын сақтап, сөйлемдегі ең басты ойды жеткізе білу қажет. Бұларға қоса сөйлемді ұзақтығына қарай ықшамдап бөліп, сөйлем арасындағы үзілісті сақтай білу керек.
Әдетте баланы қарапайым тіркестерден, соның ішінде бастауыш пен баяндауыштан тұратын сөз тіркестерін айтқызып жаттықтырған жөн. Бұл орайда баланың бұрыннан білетін сөздерін де кірістірген дұрыс. Тіркестерді түрліше құруға болады.
Атап айтқанда: екі сөздің де дауысты не дауыссыз дыбыстан болуы немесе бірінші сөз дауысты да, екінші сөз дауыссыз дыбыстан басталуы, болмаса керісінше болуы да мүмкін. Тіпті екі сөздің де дауыссыз дыбыстан басталуы мүмкін.
Мысалы: Ит үреді. Арба сықырлайды. Машина жүреді. Жұлдыздар жымыңдайды. Құстар ұшады. Күн күлімдейді. Балық жүзеді. Радио сөйлейді. Жел соғады. Бала жылайды. Ағаш өседі т. с. с.
Балалар осы үлгі бойынша үйде жаттығу жазып келуге тиіс. Үйге тапсырылған тіл жаттығуларының орындалуына ата-аналар көңіл бөліп, бақылау жасап отыруға тиіс. Балалардың үйге берілген тапсырманы жазба жұмыс тәрізді көшіріп жазумен тынатыны логопедтерде жиі кездеседі.
Ал шын мәнінде бұдан тұтық балаға пайда келмейтіні белгілі. Нәтиже шығу үшін балалар үйге берілген тапсырманы көшіріп жазумен шектелмей, оған қоса сол сөздерді, сөз тіркестерін айна алдында бірнеше рет қайталап айтуға дағдыланулары керек. Яғни сөздер немесе сөз тіркестері әбден ойда жатталып қалғанша жұмыс істеуге дағдылану қажет.
Тек сонда ғана тілдік жаттығуларды орындалды деп есептеуге болады. Әрине, бұл жайды логопедтің сабақ үстінде айтатыны белгілі, бірақ бұған ата-ана да саналы түрде қарап, баласының тапсырманы мұқият орындауына бақылау жасап отыруы қажет.
Үйде дәптерге жазылған сөйлемдерді бірнеше рет қайталап айту — табыс кепілі екені даусыз. «Қайталау — білім анасы» деген мәтелді әрдайым есте ұстау керек.
Тіркестерді айтып үйренген кезде оларды жіктеуге үлкен мән берген жөн. Сондықтан логопед бұл істе жіктеуге ерекше көңіл аударады. Жіктеу кезінде әр сөйлемді бала алты рет қайталап айтады. Жіктеу — сонысымен құнды.
Бұл грамматикалық тәсіл кезінде есімдік те, басқа сөздер де өзгеріп отырады. Осылай бірнеше рет қайталап жаттығу баланың тілін орамға келтіреді, жіктеп сөйлеуге әдеттендіреді. Жіктеу бірінші жақтан айтылатын болғандықтан оның психологиялық жағынан сендіретін қасиеті де бар. Мысалы:
Мен еркін және батыл сөйлей аламын.
Сен еркін және батыл сөйлей аласың.
Ол еркін және батыл сөйлей алады.
Біздер еркін және батыл сөйлей аламыз.
Сіз(дер) еркін және батыл сөйлей аласыз(дар)
Олар еркін және батыл сөйлей, алады.
Балаға төмендегі тіркестерді көрсетілгсн үлгі бойынша жіктеп, айтқызып үйретуге де болады:
Мен күнде жаттығамын.
Мен телефон арқылы күдіктенбей сөйлеймін. Мен өзімді сыныпта сенімді ұстаймын.
Мен жалықпай оқуға барамын, т. с. с.
Баласының мінезі мен тілдік сабақтарды, жаттығуларды меңгеру ерекшеліктерін ескере отырып, ата-ана оған осындай бірнеше сөйлемдер құрып берсе тіпті жақсы. Ол сөйлемдерді бала күніне бірнеше рет: ертеңгісін дыбыстық жаттығулар жасағанда, күндіз сабақ дайындағанда және кешкісін жатар алдында қайталап айтуы керек.
Мұндай жаттығулар баланың көңіл-күйін көтереді, тыныштандырады, өз бетімен еңбек етуге дағдыландырады, өз күшіне деген сенімін арттырады. Баланың жаттығуларды маған, менікі, менде, менімен деген сияқты толып жатқан есімдіктермен алмастырып сөйлеуге жаттыққаны жөн. Мысалы:
Менің режим сақтауым дағдыға айналған.
Ата-анам менімен сабақты логопедтен де тыс жүргізеді.
Менде сөйлей алмаймын деген күдік болмайды.
Мені қол жеткен табыстарым қуантады.
Маған логопед сабақтарды сеніп тапсырады.
Менің тұтығуым бәсеңдеп келеді, т. с. с.
Әдетте бұл сөйлемдерді бала бір дем алыс кезенінде айтып үлгіреді. Осындай қысқа сөйлемдерді айтып жаттыққаннан кейін бала құрмалас сөйлемдерге көшуі керек. Бастапқыда олар үшін екі сөйлемнен аспауы керек. Мұндай сөйлемдерді дұрыс айту үшін оларды екіге бөліп, ара-арасында үзіліс жасауды, қай жерде тыныс алу керектігін баланың ұмытпағаны жөн.
Сөз немесе сөйлем арасындағы тыныс алу немесе үзіліс жасау мөлшері шамадан асып та кетпейтін, кем де болмайтын болуы керек. Сөз, сөйлем арасындағы үзілістің маңызы зор. Оған мысал келтірелік.
«Үш-төрт сөзден тұратын сөйлемді бір-дем алыс ішінде айтып қалуға тырыс»,- деген сөйлемде бала үзіліс жасамаса, онда «дем алыс» деген сөзді «демалыс» деп ұғып қалуға болады. Немесе: «Әркім өзінің сүйікті ісімен шұғылданады»,- деген сөйлемде «сүйікті ісімен» деген екі сөз аралығында үзіліс жасамаса, «сүйіктісімен» яғни «жақсы көретін адамымен» деп ұғып қалуы мүмкін.
Сөйлем арасына үзіліс жасап үйренген кезде үшке дейін (бір, екі, үш деп) санап жаттыққан жөн. Бала келе-келе дағдыланады да, санаусыз-ақ үзіліс жасай алатын дәрежеге жетеді.
Сөйлеу барысында тыныс алудың, үзіліс жасаудың мәні орасан зор. Үзіліс жасаған кезде бала тыныс алады, сонымен бірге тілдік аппарат та дем алады. Үзіліс неғұрлым дұрыс әрі дер кезінде жасалса, солғұрлым бала шаршамайтын болады. Сөйлемнің аяғын жеп қоймай, толық айтуға мүмкіндік туады.
Үзіліс кезінде бала келесі сөйлемді қалай айту керектігіне өзінше барлау жасап үлгереді, ойын қалыптастырады. Бұған қоса үзіліс тілді анық, түсінікті әрі мәнерлі етіп жеткізуге көмектеседі. Сондықтан да балаға үзіліс пен тыныс алудың қаншалықты пайдалы екендігін жете түсіндіру керек.
Сөз тіркестерімен жұмыс істеуде, тыныс алу жолдарын ретке келтіруде мақал-мәтелдердің атқаратын ролі зор. Мақал-мәтелдер өзінің формасы жағынан қарапайым және терең мазмұнды болып келеді. Оларда терең философиялық ойлар тұжырымдалып жатады. Мақалдап, мәтелдеп сөйлеген кісінің сөзі ұтымды әрі өткір келеді.
Сөйлеуші тыңдаушысын еліктіріп алады. Балалар мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы көркемдеп, өткірлеп сөйлеуге машықтанады. Мақал-мәтел айтылған ойдың мағынасын тереңдетіп, сөздік қорды байытады. Сонымен бірге мақалдар мен мәтелдер көбінесе екі бөлімнен тұрады. Бұл тыныс алуды реттеуге де қолайлы.
Мақал-мәтелдерді тек жоғары сынып оқушыларының сөздік жаттығуларына енгізген жөн. Өйткені төменгі сынып оқушылары мақал-мәтелдердің мазмұнын жете түсіне бермейді.
Үйде жаттыққанда мынадай мақалдарды пайдаланған қолайлы
Ер еңсесін еңбек көтереді.
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Өз еліңде ұлтан бол.
Ит тойған жерінде,
Ер туған жерінде.
Еңбек түбі — береке,
Көптің түбі – мереке
Туған жердің түтіні де тәтті.
Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
Осынау мақалдар мен мәтелдердің мәнін жете түсініп, бала оларды өмірде (сөйлегенде) қолдануға тырысуы керек.
Қорыта айтқанда, тұтығудан құтылудың жолдары көп демекпіз. Ол үшін тек тыңғылықты әрі ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ата-ана, педагог, логопед және бала бәрі бірлесе жұмыс істегенде ғана ауыр кеселден құтылуға болады. Кейде тұтығудан бала толық жазылып кете алмаса да, жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру — белгілі жағдайда сөйлеуді жеңілдететіні даусыз.
Ал мұның өзі тұтығу кеселімен ауыратын бала үшін аз қуаныш емес екені белгілі. Сөйтіп өмірде өзінің басқалармен тең құқылы азамат екендігіне деген баланың сенімі арта түседі.
Тұтық балаларға арналған сөйлеу ережелері.
Тұтық баламен бірге cөзбен жұмыс істеу ережелері.
Тұтығатын баланың үйде тілмен жұмыс жасауына арналған кеңестер.
Бала тілінің дамуының кешігуін алдын алуға арналған логопед кеңесі.
Шарттарды орындадым
Шартты қайта оқыңыз.
Осында мақаланы қазақша жазғандарына рахмет.
өте жақсы керекті материалдар бар екен рахмет сіздерге. жұмыстарыңызға табыс еңбектеріңіз жана берсын
Бұндай ақпараттарды еш сайттан тарпайсың шығармашылық табыс және өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында төгілген теріміз ақталсын