Суға батқанда немесе найзағай соққанда көрсетілетін көмек

Суға батып кету

Жаз айларында суға шомылған және қыста мұз үстінде сырғанаған балалар байқаусызда суға батып кетеді. Сондай-ақ үйдегі ванналарда да жас балалардың суға тұншығып қалатыны бар.

Жаз айларында баланы суға шомылдырып, шынықтырып отыру — ата-ананың міндеті. Ересек балалар суға сүңгігенді жақсы көреді. Сүңгіген кезде өте сақ болу керек. Өйткені судың астында темір, тас, тағы да басқа қатты заттар жатуы мүмкін. Бұл заттарға бала басын, аяғын, тағы да басқа жерлерін ұрып, денесін зақымдап алады. Су астындағы қалың болып тұтасып өскен шылауларға оралып қалуы да ықтимал.

Ал батпақты, иірімді жерлер судың астына тартып кетеді. Сондықтан да бұрын шомылып жүрген жер болмаса, кез келген жерге түсуге болмайды. Кейбір жақсы жүзетін балалар мақтанып өте алысқа малтиды. Бұл қауіпті, себебі мұздай суда жүзген кезде дене тоңазиды да аяқтың бұлшық еттері түйіліп, бала суға батып кетуі мүмкін. Суға батып бара жатқандарға жедел түрде көмек көрсетілуі керек. Әрбір адамның көмек көрсету тәсілдерін білгені жөн.

Алдымен суға батқан баланы ту сыртынан, қолтығының астынан қапсыра құшақтай отырып, бетін жоғары қаратқан күйде өзен жиегіне алып шығу керек. Суға батқан баланың денесі өкпесіне су кетпесе, боп-боз болып, су кетсе, көгеріңкірейді. Өкпесіне су кеткен баланың аузынан, мұрнынан су көпіршік аға бастайды.

Тез арада өкпедегі суды сыртқа шығаруға әрекет жасау керек. Шүберекпен абайлап ауыз, мұрын қуысындағы лайды, құм-қиыршықты тазалап, баланы етпетінен, басын салбырата жатқызып, арқасынан бірнеше рет қолмен қаққылау керек.

Сәби суға тұншықса, екі аяғын жоғары көтеріп, басын жерге қарай салбырату қажет.

Өкпедегі су кетісімен қолдан дем алдыруға кіріскен жөн. Жүрек соғысы нашарлаған жағдайда қолмен жасанды түрде дем алдыра отырып, жүрекке сырттай массаж жасаған орынды.

Найзағай соғу

Найзағай соққан баланың денесінде кішкене бөртпе тесіктер немесе шашақталған қызыл із пайда болады да, бірнеше күннен кейін тез жоғалып кетеді.

Күн күркіреп тұрған кезде биік нәрсенің жанында, үстінде тұрмау керек. Биік ағаштарды, жиюлы тұрған шөптерді, биік бағаналарды паналамау және биік қыраттарда тұрмау қажет.

Себебі найзағай биік нәрселерге түседі. Сонымен қатар өзенде, арықта ағып жатқан су да найзағайды өзіне тартады. Сондықтан күн бұлттанып, найзағай ойнап тұрғанда өзеннен қашығырақ жүру керек. Кейбір ересек балалар күн күркіреп тұрған кезде суға түскенді жақсы көреді, мұның дұрыс еместігіне көз жеткізу қиын емес.

Сондай-ақ найзағай соққан баланы жерге көмсе, найзағай зарядтарын топырақ өзіне тартып алады деген ұғымнан аулақ болу қажет. Бұлай етуге тіпті болмайды. Жерге көмген кезде өзі қиналып жатқан баланың тыныс алысы, жүрек соғысы нашарлай түседі.

Қансыраған жағдайда балаға көрсетілетін алғашқы көмек.

Суға кету кезінде алғаш қандай көмек көрсетілу тиіс.

Улы өсімдіктердің гүлінен немесе жеміс-жидектерден улану.

Отқа күйіп қалу және күйікті емдеу жолдары.

   
Пікірлер1
  1. Майра

    Суға кеткен баланы қалай құтқару керек екенін оқыған кезде бір оқиға есіме түсті, бала кезде көршінің бес жасар баласын өзеннің ағысына құлап кеткенде діл сіздер айтқандай алып шығып. өмірін құтқарғам. Арада бірнеше жыл өтседе қазір ержеткен ол ылғи алғысын айтып жүреді.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ