Үш жастан асқан балалар соқыр ішегі

Ауру белгісі алғашында іштің сол жағында немесе асқазан тұсынан бірқалыпты сыздап ауырудан басталады. Ол бірте-бірте күшейіп, іштің оң жақ бөлігіне, оң жамбас тұсына ауысады. Бала іштің ауруы қинағанда ғана ата-анасына айтады. Аппендицитке тән белгінің бірі — ол іштің ауруының тоқтамауы.

Сондықтан тосыннан іш ауырса дер кезінде ден қойып, оны мұқият қадағалап, дәрігерлік бақылау ұйымдастыру қажет. Ал аурудың белгісіне дер кезінде көңіл бөлінбесе бір-екі күннен кейін ауру асқынып, соқыр ішек өсігінің жарылып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдайда іштің көк еті қабынып, ол іш пердесінің қабынуына жалғасады.

Кейде соқыр ішек өсігі жарылар алдында оң жаңбас тұсының ауырғаны басылады, бұл қабынудың әсерінен нерв клеткаларының өлуіне, байланысты болатын құбылыс. Кейде іштің ауырғанын басу үшін, бала өзіне ыңғайлы жағымен жатуға тырысады. Әсіресе ол аяқ-қолын бауырына жиып, оң жаққа қарай қырынан жатады, артық қимыл жасағысы келмейді.

Соқыр ішектің және бір белгісі — жүректің айнуы, құсу. Алғашында ол рефлекстік нерв доғасының қозуына байланысты болса, кейіннен организм улануының нәтижесінен пайда болады. Балаға құсудан ешқандай жеңілдік болмайды, жағдайын аз уақытқа жақсартуы мүмкін. Ал бұл аурудың тағы бір белгісі — балалардың ішінің өтуі. Іштің көп өтуі бұл ауруға шарт емес. Шамамен 2—3 рет іштің өтуі мүмкін, бұл рефлекторлық қозудың әсерінен пайда болатын процесс.

Дене ыстығының көтерілуі соқыр ішек ауруында жиі кездеседі, алайда, соқыр ішектің асқынбаған түрлерінде — дене ыстығының көтерілуі өте жоғары болмайды, ол 37° пен 38° арасында болуы ықтимал. Дене ыстығының 39—40° көтерілуі көбіне соқыр ішек ауруының асқынған түрінде кездеседі.

Диагнозды дұрыс қою үшін ауырған баланы көріп, тез арада қанын, зәрін тексереді. Дәрігер баланы шешіндіріп өкпесін тыңдап, денесінің тазалығын қарайды, содан соң баланың ішін ұстап тексере бастайды. Алдыменен іштің сол жағын одан соң бірте-бірте оң жаққа қарай жылжытып басып көреді. Ішті сипағанда, басқанда, оң жақтағы жамбас тұсына баса назар аударады.

Дәрігер қолының жылуы, балаға деген мейірімі жүзінен, қимылынан білініп тұрса, бұл бір үлкен ғанибет. Дәрігер баланы өзіне тартып, мейірімділік таныта алса, бұл үлкен жеңіс, дұрыс диагнозға апарар төте жол. Бала сөйлесе отырып ішінің ауырған жеріне тигенде қолды қағып, әңгімені тоқтата қояды.

Салыстырмалы түрде тексергенде іштің оң жақ жамбас тұсының еттері қатайып тұрғандай болады. Егерде қолдың саусақтарымен іштің алдыңғы жағын тез сипап өтсек, бала іштің ауырған бөлігін дәл анықтап көрсете алады. Іштің ауырып тұрған бөлігін перкуссия арқылы да анықтауға болады.

Осы айтылған тексерулерге, дененің ыстығын өлшеу, тамыр соғуының жиілігін анықтау, ауыз ішін қарауды да жатқызуға болады. Асқынбаған соқыр ішек қабынуында баланың денесінің қызуы онша көтерілмейді, тамыры бір қалыпты соғып, тілі жұмсақ, ептеп ақ қабыршақтанып тұрады. Қанның анализінен ақ қан түйіршіктерінің 10—15 мыңға дейін көбейгенін байқаймыз, мұнымен бірге эритроциттердің реакциясы да жоғарылайды (СОЭ). Зәрдің анализінде де көбіне айтарлықтай өзгерістер байқалмайды.

Біздің жоғарыда айтып өткен соқыр ішек ауруының белгілеріне қарап, аурудың диагнозын қою аса қиын емес. Әлбетте балалар соқыр ішегінің клиникалық белгілері — біз жоғарыда атап өткендегіден басқаша болуы да мүмкін. Ол соқыр ішектің және оның іскенінің іште әр түрлі болып орналасуына тікелей байланысты.

а) соқыр ішектің астына орналасқан аппендициттің белгілері (ретроцекальный). Мұндай жағдайда соқыр ішектің белгісі баланың оң жақ бүйір тұсының ауыруы арқылы білінеді. Қолыменен басып көргенде оң жамбас ауырады. Ішектің алдыңғы етқабаты білеуленіп тұтасуы едәуір бостау болып көрінеді. Бүйір тұсынан қолдың қырымен ұрып көргенде, ауырудың күшейгенін аңғаруға болады (Пастерницкий белгісі).

Мұндай белгі бүйрек ауруында да жиі кездеседі, сондықтан кейде дәрігерлер ажырата алмай жиі шатастырып жатады. Оған әсіресе зәр анализіндегі өзгерістер де қосымша себеп болады. Мысалға, осы кезде зәр анализінде ақ қан түйіршіктері (лейкоциттер), қызыл қан түйіршіктері (эритроциттер) және белоктардың көбейе түскені байқалады. Міне осындай жағдайлар қате диагноз қоюға әкеп соқтыруы мүмкін.

Қателікке жол бермес үшін баланы ауруханаға жатқызып, зәр жолдарын арнайы тексерген жөн. Кейде шұғыл түрде анықтау қажет болса, онда қан тамырларына арнайы дәрілер (верография, т. б.) енгізіп рентгенге түсіреді. Сөйтіп осылайша бүйрек, қуық жолдары ағзаларының ауру, ауру еместігі анықталады.

б) Соқыр ішектің жамбас қуысы ішіне орналасуы. Соқыр ішек жамбас қуысына, қуыққа жақын жатса, баланың кіші дәреті жиілейді. Іштің жамбас сүйектерінің қосылған жері өте қатты ауырады. Зәр анализінде лейкоциттер мен эритроциттер көбейе түседі. Егер соқыр ішек өсігі тік ішекке жақын орналасса, онда соқыр ішектің белгісі баланың іші өтуімен де білінеді.

Нәжістен қызыл және ақ кан түйіршіктерін және түрлі қорытылмаған заттарды байқауға болады. Жамбас қуысының ішіне орналасқан соқыр ішек өсігінің қабынуын, қуық қабынуынан, жуан ішекте пайда болатын жұқпалы аурулардан (дизентериядан) ажырата білу қажет. Ол үшін науқас ауруханаға жатқызылып анализдері қайта тексеріліп, сырқаты анықталады.

в) Кіндікке жақын орналасқан соқыр ішек өскінінің қабынуы. Соқыр ішек өскінінің мұндай жағдайда қабыну белгісі өте тез білінеді. Ол өзін қоршаған ішектердің шажырқай нервтерін қатты қоздырады, бала жиі-жиі құсып, кіндік түбі қатты ауырады. Соқыр ішек ауруының белгілері 1—3 сағат аралығында айқын білінеді. Бұған тездетіп операция жасамаса соқыр ішек өскіні жарылып, көк еттің қабынуы ішке жайылады.

г) Сол жаққа орналасқан соқыр ішек. Соқыр ішек өсігінің іштің сол жағына орналасуы өте сирек кездеседі. Ол көбіне барлық органдардың теріс орналасуынан болады, соқыр ішектің біліну белгісі де жоғарыда айтқандай, ауыру сол жақтан басталады. Ауыру белгісі сол жақ жамбас тұсының ауыруынан білінеді, сырқаттың клиникалық ерекшеліктерін арнайы тексерумен (анализдер) толықтыра түседі.

Соқыр ішек ауруының асқынған түрлері қандай болады.

Соқыр ішек ауруы және оның алдын алу жолдары.

Үш жасқа дейінгі балалардың соқыр ішек ауруы, біліну ерекшеліктері.

Соқыр ішек ауруының түрлері және белгілері туралы не білесіз?

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер1
  1. Меруерт

    Осындай сайттар көп болсын!

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ