Остеомиелиттің мұндай түрлеріне Броди іріңі (абсцессі), склероз түрінде білінетін Горре остеомиелиті, альбумин түрінде сүйек ішіне жиналатын сары суымен білінетін остеомиелит және антибиотиктер әсерінен басылып қалған остеомиелит жатады.
Броди іріңі
Сүйектің буынға жақын жерінің және кемік сүйектердің іріңдеп ауыруы. Клиникасы аса қатты білінбейді, дегенмен оқта-текте баланың ыстығы көтеріліп, буыны сырқырап ауырады. Әсіресе бала ауыр зат көтерсе, қатты қимылдаса ауырады. Бұл ауырудан операция жасап, іріңнен тазалаудың нәтижесінде құтылуға болады.
Гарренің склероз түріндегі остеомиелит
Сүйек қабаты қатайып, жіліншік іші тарылады. Ондай сүйектерді гистологиялық жолмен тексергенде сүйек қабатында іріңге толы кішкене кеңістіктердің бар екені анықталған.
Бұл аурудың клиникасы да аса айқын емес, баланың ыстығы көтеріледі, кейде ауырған сүйектің тұсы сырқырап ауырады. Емдеу негізінен антибиотиктерді көп дозада берумен және түрлі физиотәсілдерін қолдану арқылы жүргізіледі. Операция өте сирек жағдайда жасалады.
Альбуминоз түріндегі остеомиелитте сүйек майындағы қабыну процесі іріңге айналмай, тек сары су түрінде сүйек ішіне жиналады.
Клиникасындағы ерекшелігі: баланың ептеп ыстығы көтеріледі, көңіл-күйі нашарлайды, тамаққа тәбеті болмайды. Көп жүргенде ауру сүйектің тұсы ісінетіні байқалады. Сүйектің жіліншігін тесіп сары суын сорып алу арқылы емдейді.
Остеомиелиттің антибиотик әсерінен бірде басылып, бірде қайта пайда болатын созылмалы түрінде аурудың клиникасы алғаш тез білінгенімен (ыстығы көтеріліп, денесінің белгілі бір жері ауырып) кейіннен антибиотиктерді үлкен дозада қолданғаннан соң басылып қалады.
Баланың көңіл-күйі жақсарады. Алайда, ауырған органның тұсы ісініп көгеріңкіреп тұрғандай болады, буын тұстары үлкейіп көрінеді. Сүйекке күш түсіргенде ауыратыны байқалады. Емдеу жолы: сүйекті тесіп іріңнен тазарту.
Остеомиелиттен болатын асқынулар. Остеомиелитпен ауырған кезде де басқа да түрлі іріңді асқынулар болады. Олардың ішінде ең жиі кездесетіні өкпенің іріңдеп шіруі. Өкпеге ірің остеомиелит ауруы кезінде қан арқылы түседі. Яғни, остеомиелит ауруы кезінде өкпенің немесе басқа да органдардың қабынуы мүмкін бұл организмнің сепсис жағдайында тұрғанын көрсетеді.
Остеомиелит салдарынан бала өкпесі қабынып жағдайы күрт нашарлайды, ыстығы қайта көтеріліп„ тамаққа тәбеті болмайды, ентігіңкіреп, жүрек соғысы жиілейді. Сонымен қатар аурудың іші кеуіп, бауыры да ісінеді.
Қан қысымы төмендеп, оның анализінде ірің мен қабыну процестеріне тән өзгешеліктер көбейеді. Диагнозын дәл қою үшін кеуде қуысын рентгенге түсіру қажет. Рентген суретінен өкпенің жоғарғы бөлігінің іріңдеген жері көрінеді.
Кейбір кезде өкпенің іріңі өкпе қабын тесіп, кеуде қуысына қарай жайылуы мүмкін. Мұндайда баланың тынысы тарылып, жүрегі ауырмаған жағына ығысып, соғуы нашарлайды. Ауруды асқындырып, алмас үшін баланың кеуде қуысын тесіп, оның ішіне жиналған ірің мен ауаны тездетіп сорып алу қажет.
Кеуде қуысын көбіне бесінші немесе алтыншы қабырғаның тұсынан, қолтықтың сыртынан тескен қолайлы. Осы тұстан кеудеге енгізілген түтікшені ішінде фурациллин құйылған ыдысқа салып қояды. Өкпе ішінде пайда болған ірің бронхы арқылы немесе кеуде арқылы шықпаса, өкпе ішін іріңнен тазарту қажет.
Мұны бронхоскоп аспабымен іске асырады. Өкпе ішін қарағанда іріңдеген бронхылардың тесігінің білеуленіп ісініп, қызарып тұрғаны көрінеді. Осы бронхылардың тесігіне арнайы катетр енгізіп кеңейтіп, іріңді сорып, жуып тазалаған соң баланың жағдайы тез жақсарады.
Кейде асқыну баланың остеомиелитке шалдыққан органының дұрыс бітелмеуіне байланысты болады. Қабынған орган ұзақ уақыт гипсте болғаны жөн. Гипсте жүру уақыты сүйектердің денедегі атқаратын қызметіне тікелей қатысты. Яғни, аяқтың сүйектері, қолдың сүйектеріне қарағанда ұзақтау бітеледі.
Орта есеппен гипспен бітелу ұзақтығы 2—3 айдай. Егер түрлі себептермен қабынған орган осы айтылған уақыттан ұзақ бітелсе, онда буындардың да қимылы азайып, олардың қызметі нашарлайды. Остеомиелит әсерінен сынған сүйектерді емдеу ұзақ уақытқа созылады. Сынықтарды бір-біріне сәйкестендіріп гипспен бекіткен соң, ауық-ауық рентген арқылы тексеріп отырған абзал.
Жедел остеомелитті басқа аурулардан ажыратуға болады.
Созылмалы остеомиелитті қандай жолмен емдеуге болады.
Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.
Сүйектің бүлініп қабынған бөлігін емдеу жолдары.