Асқынған соқыр ішек

Соқыр ішек ауруының асқынған түрлері көбіне көк еттің (перитонит) қабынуына әкеліп соғады. Перитониттің негізі клиникалық белгісі дененің жалпы улануынан, ыстығы көтерілуінен, жүрек қызметі нашарлай, бала құсып, ішінің қатты ауруынан білінеді.

Мұндайда операция алдын ала дайындықсыз жасалатын болса бала өміріне айырықша қауіп төнуі мүмкін. Кейде осылайша тездетіп жасалған операциядан бала өліп кетуі де ықтимал.

Осы жағдайды ескере келіп, соқыр ішектің перитонитпен асқынған түріне операция жасауға алдын ала дайындық жасалады, дайындықтың ұзақтығы 2—4 сағаттан артық болмағаны жөн. Операцияға дейінгі алдын ала дайындықтың негізгі принциптері қалай, енді соған тоқталып өтейік.

  1. Дененің ыстығын басу үшін, дәрі қолданады (анальгин, амидопирин).
  2. Жүрек жұмысын жақсарту үшін жүрек глюкозидтерін (корглюкан, строфантин) қант ерітіндісімен қосып егеді.
  3. Денедегі улы заттар әсерінен зат алмасу процесі бұзылмауы үшін кокарбоксилаза, АТФ және түрлі витаминдер «С», В — В6 мұнымен бірге денедегі қышқылдарды азайтатын, сода ерітіндісін де денеге тамыр арқылы жібереді.
  4. Асқазанды тазалау және перитониттен болатын құсықтан сақтану үшін, асқазанға мұрын жолы арқылы арнайы түтікше (зонд) енгізеді. Мұндайда асқазанды газы шығарылған арасан суымен шайған пайдалы.
  5. Перитонит кезінде баланың құсуынан ішектердің ішіне нәжіс жиналуы және ішке сары су жиналып, көп мөлшерде дене суды жоғалтады. Мұның өзі қанның жүрісін нашарлатып, ұюына әкеліп соғады. Сондықтан да балаға қан тамырлары арқылы көп мөлшерде ерітінді түрінде әр түрлі қан толықтыратын дәрілер енгізіледі (ас тұзының қалыпты ерітіндісі, Рингер ерітіндісі, қант срітіндісі, реполиглюкин, полиглюкин және гемодез). Құятын ерітінділердің көлемі, жалпы денедегі судың кему мөлшеріне байланысты. Орта есеппен оның көлемі бір килограмм дене массасына шағып есептегенде 50 мл ден 200 мл дейінгі аралықта болады. Алайда 2—4 сағаттың ішінде балаға осы ерітінділердің есептелген көлемінің жартысына жуық мөлшері құйылуы қажет.
  6. Жоғарыда, көрсетілген операцияға дайындық кезінде микробторға әсер ететін, антибиотиктер де егіледі Антибиотиктерді қан тамырлары арқылы жіберген пайдалы. Оның егу мөлшері өте жоғары дозада болады.
  7. Осы айтылған дайындықтармен қоса балаларға мұрын жолы арқылы кішкене түтікшемен оттегі беріледі. Осылайша берілген оттегі, өкпе тамырлары арқылы тез қанға сіңіп, денеге тарайды.

Сонымен операция алдындағы дайындық жұмыстары операцияның қауіпсіз сәтті жасау мақсатында жүргізіледі. Операция аурудың денесінің ыстығы төмендеп (37,3°), жүрек жұмысы бір қалыпты, дем алысы жақсарғанда жасалады.

Іш қуысын ашқанда, ішіндегі іріңді мұқият тазалап, жуу қажет. Оған антибиотиктер араластырылған ас тұзының қалыпты ерітіндісі, новокаин ерітіндісі, өте аз концентрациядағы фурациллин, фурагин және 0,02% хлоргексидиннің ерітінділері пайдаланылады.

Шіріген соқыр ішек алынып тасталады да, оның орнына арнайы сигар тәрізді (резинамен қапталған дәкені) сорғыш-дренаж қояды. Сигар тәріздес сорғыш-дренажбен қатар іш қуысына антибиотиктер енгізу үшін арнайы түтікше қалдырылады. Бұл дренаж ішектерге жабыспайдьц іштегі іріңді, экссудаттарды дамылсыз сыртқа шығарып отырады.

Сондықтан да осы ОКА-1 дренажын тек перитонит қана емес, барлық іріңдерді тазалау үшін қолдануға болады. Егерде баланың ішінде соқыр ішектің асқынуынан түрлі ірің пайда болса, оны емдеу жолдары да әр түрлі. Бұл кезде де операция алдында балаға арнайы дайындық қажет.

Операцияға дайындау ұзақтығы бала денесіндегі жалпы улануға байланысты. Ірің оң жақ үлкен жамбастың ішінде жатса, оны көк етті ысыра отырып осы жерден ашу арқылы босатады. Ірің ішіне арнайы «ОКА-1» дренажы енгізіледі. Жамбастың ішіне немесе тік ішек пен қуықтың ортасына орналасқан ірің тік ішектің алдыңғы қабырғасын тесіп, іріңге дренаж түтік шені қою арқылы емделеді.

Бұл кезде ішті ашудың қажеті жоқ. Соқыр ішектің асқынуынан пайда болатьн іріңнің бір түрін іш қуысы мен кеуде қуысын бөліп тұратын диафрагманың (көк ет) астынан кездестіреміз. Мұндай асқыну көбіне оң жақта кездеседі.

Оны қалай емдеуге болады? Ол үшін оң жақтағы 11 — 12-ші қабырғаның тұсынан тері кесіліп, осы екі қабырғаны қиып алады. Содан сон өкпе қуысының сыртқы қабын ығыстырып, диафрагманы кесіп іріңдеген жерді ашады. Ірің ішіне арнайы дренаж бен түтікше енгізіледі.

Соқыр ішектің қандай асқынған түрі болса да операция жасасымен-ақ бала қозғалуға түрлі қимыл, демалыс гимнастикасын жасап, аяқ-қолын қимылдатып, тезірек отырып, ертерек жүруге ұмытылғаны жөн. Соқыр ішек операциясынан кейін көк еті қабынып ішектер түйіліп, түрлі іріңдер пайда болып, ішектер тесіліп асқынуы мүмкін.

Ал енді ауру неліктен асқынады, оны қалай емдеуге болады? Операция жасағаннан кейін көк ет қабынса (перитониттің) баланың іші қатты ауырады. Іш бірқалыпты ауырады, алғашқы кезде ауру оң жақ үлкен жамбастың тұсынан басталады, кейіннен ішке түгел таралады.

Перитонит басталар кезде іштің алдыңғы қабатына орналасқан еттері қатыңқы болады. Перитонит дендеген сайын баланың іші кебеді, ықылық атып, құсады, Бала жел шығара алмай, үлкен дәретке де отыра алмай қиналады. Денесінің ыстығы көтеріліп, тамыр соғысы жиілейді.

Бұл кезде баланың бет әлпеті қуарып, ерні кезеріп, таңдайы кеуіп әлсірейді. Перитониттің соңғы сатысында қолменен ұстап көргенде іштің қуыстарына жиналған іріңді, суды байқауға болады. Тік ішектің ішіне сұқ саусақты тығып көргенде, сол ішектің алдыңғы қабырғасының ісінгені және қатты ауыратыны байқалады.

Мұның өзі көк еттің қабынуының белгісі. Осы кезде алынған қанның анализінен ақ қан түйіршіктері — лейкоциттердің шамадан тыс (20—30 мыңға дейін) көбейгенін байқаймыз. Операциядан кейін пайда болған перитонитті тездетіп емдеген дұрыс. Ол үшін баланың ішін қайта ашып, іріңнен тазартады.

Операцияның қайта жасалуына байланысты балаға басқа да көптеген дәрі-дәрмектер беріледі. Бірнеше рет қан құйып, қан айналысын жақсартатын тағы да басқа дәрі ерітінділерін пайдаланады. Өте ауыр жағдайда гемосорбция, кварцпен қанды күйдіру әдістерін қолданған жөн.

Ішектің түйіліп, тамақ жүрмей қалатын жағдай да кездеседі. Ол негізінен іштегі органдардың іріңдеп бір- бірімен жабысуынан болады. Кейде жабысып тұрған ішекке екінші бір ішек жабысып, одан да тамақ жүрмей қалады.

Ішектердің тамақ жүрмей түйілуі алғашқы операциядан соң 1—2—3-күннен кейін де, немесе бірнеше жыл өткен соң да кездеседі. Алайда ыждағаттылықпен жасалған операциядан аурудың асқынуы өте сирек кездеседі.

Егер операция кезінде дәкеден жасалған тампондарды көп пайдаланбай, арнайы ірің сорғыш насос қолданылса, онда ауру сирек асқынады. Ауру қалай асқынады, оны қалай емдеуге болады? Операция жасалғанына 2—3 күн болса да баланың жағдайы жақсармай төмендей береді.

Іштің ауруы үдеп, бала әлсін-әлсін құса бастайды. Іші үлкейіп кеуіп, анықтап қарағанда, буын-буын болып жатқан ішектердің қимыл-қозғалысын байқауға болады. Құсықта алғашында өт, асқазан сөлдері, желінген тамақ болса, біраз уақыт өткен соң нәжіс шыққанын да аңғаруға болады.

Бара-бара баланың терісі көгеріңкіреп аяқ-қолы мұздап, дем алысы жиілейді, жүрек соғуы нашарлайды. Жедел түрде емдемесе онда баланың қан қысымы төмендеп, жүрек қызметі нашарлайды. Осылайша жағдайы күрт төмендеген балаға дұрыс диагноз қою үшін арнайы тексеру жасалынады, яғни рентгенге түсіріледі.

Рентгеннен ішектердің шамадан тыс кеңейіп төңкерілген табақшаға ұқсаған суретін көруге болады (Клойбер табақшасы). Бұл табақшалар іштің бір бөлігіне бір-біріне жақын орналасады. Ішектің түйілген жерінің төменгі жағы, іште ауасы жоқ «өлі» дене секілді болып тұрады.

Ішектің түйілуін анықтау үшін барийдің ерітіндісін пайдаланып та рентгенге түсіруге болады.  Ішек «түйілді» деген диагноз қойылған сәттен бастап операциясыз емдеу тәсілдерімен операцияға дайындық қатар жүргізіледі.

Біріншіден, балаға тамақ беруді тоқтатып, асқазанға арнайы зонд қою қажет. Зонд арқылы асқазанды жуып тазалайды және тыныс жолдарына түсетін құсықты азайтады.

Екіншіден, балаға арнайы сифон тәсіліне негізделген клизма жасалынады. Клизма жасалған кезде ішек байланған жерінен шығып өзінің қалыпты жағдайына келуі мүмкін.

Үшіншіден, бүйрек майының айналасына аз концентрациядағы (0,25%) новокаин дәрісін жібереді, соның әсерінен ішектер еркін қозғалады, сөйтіп түйілген жерінің жазылуына қолайлы жағдай жасалынады.

Төртіншіден, ішектердің ет қабатын босаңсытатын арнайы спазмалитик дәрілер егіледі (атропин, платифилин, но-шпа).

Бесіншіден, организмдегі судың және тұздың кей мөлшерін толтыру пайдалы. Ол үшін қалыпты тұзды ерітіндісін, Рингер тұзының ерітіндісін, гемодез, реополиглюкин дәрілерін вена қан тамырларына енгізеді. Егер емдеуден баланың жағдайы жақсарып, ішінің ауырғаны басылмаса, онда тездетіп операция жасаған жөн.

Операция үстінде ішектердің түйіліп, байлануына әсері сіңірлі тканьдер кездессе, оған тимеу қажет. Оны кесіп тастағанымен қайта өсіп шығады. Яғни, мұның өзі шын мәнінде ішектердің қайта түйілуіне әкелуі мүмкін. Ішектің қозғалуына кедергі жасап тұрған сіңірлі тканьдер кесіледі.

Егер ішектерді ажырату қиын болса, инемен немесе арнайы тескішпен тесіп, ішектердің ішіндегі нәжісті, улы сөлін сорып алу керек. Бұл ішектің түйілген жерінен ажыратуды жеңілдетеді. Тесілген жерді жібек жіппен тігіп тастайды.

Соқыр ішекке операция жасағаннан кейін — ішек тесіліп асқынуы мүмкін. Ішектердің тесілуі екі түрлі болып кездеседі. Бірі ащы ішектің тесілуі де, екіншісі тоқ ішектің тесілуі. Ішектің тесілуіне іште қалған ірің перитонит, ішке қойылған түрлі (дренаждардың) түтікшелердің, дәкеден жасалған тампондардың көп тұрып қалуы себеп болуы ықтимал.

Ішектер тесілгенде нәжіс іш қуысына түсіп, баланың организмін улайды, перитонитті күшейте түседі. Егер тесілген ішектен нәжіс дер кезінде (соқыр ішек жарасы арқылы) сыртқа шықса, ол жерде нәжісті жыланкөз пайда болады. Нәжісті жыланкөздің екі түрі бар. Ол тесілген ішектердің операция жарасына тікелей ашылатын түрі, ал екіншісі ішектердің ет қабаттарының және ішектердің арасында тереңде орналасқан түрі.

Егер ащы ішек тесілсе, онда жыланкөз арқылы көк жасыл түсті нәжіс шығады, бұл бауыр сөлінің тамаққа араласуынан болады. Мұндай жағдайда бала тез арықтайды. Жеген тағамдары қорытылмай ішектің жыланкөзінен сыртқа шығады.

Сондықтан да ащы ішектерде пайда болған жыланкөздерге тездетіп операция жасаған дұрыс. Негізгі операциялар қатарына тесілген ішектерді тігу, сол тесілген жерді айналып өтетін ішектерді қайта жалғау операциялары жатады.

Тоқ ішекте пайда болған тесіктер (жыланкөздер) кезінде баланың тамақтануы өз қалпында болып, арықтай қоймайды. Жуан ішектен пайда болатын тесікшелердің көбі соқыр ішектің кесіп тіккен орнында кездеседі.

Яғни жыланкөз тоқ ішектің тесілуінен болса, онда балаға операция жасауға асықпаған жөн. Көп жағдайда мұндай жыланкөздер операциясыз-ақ жазылып кетеді.

Операциядан кейін пайда болатын түрлі іріңдер

Іште пайда болған жыланкөздерге тездетіп операция жасаған кезінде ішек араларында, іштің түрлі қуыстарында қалған экссудат-іріңдер әсер етеді. Асқынудың клиникасы — операциядан соң бала ыстығының көтерілуінен білінеді.Әсіресе кешкілік пен ертеңгілік уақыт аралығында дененің қызуы көтеріле бастайды.

Баланың іші жалпы жұмсақ болады, көп шөлдейді, бірақ кейбір жерлерінде инфильтраттың бар екені байқалады. Бұл жерді басып көргенде бала оны ауырсынып қарсыласады. Ал бірнеше күннен кейін сол инфильтрат болған жер былқылдайды, ауруы күшейіп, Шеткин мен Блюмберг белгісі пайда болады.

Егер ірің жамбастың ішіне орналасса, онда бала үлкен немесе кіші дәретке көп отырады. Кейде тенезм (бостан-босқа күшену) белгісі байқалады. Тік ішектің ішін саусақпен байқағанда, одан оның алдыңғы қабатының қатайып ішектің ішіне қарай түсіп тұрғанын байқаймыз. Онымен бірге іштің ауыруы күшейе түседі.

Егер ірің диафрагма (көк ет) астына орналасса, баланың дем алысы жиілейді. Дем алған кезде арқасы, жота тұсы ауырады. Кейде арқасы ісініп тұрғаны байқалады. Бауыры үлкейіп, ішін басқан кезде бауыр тұсы ауырады. Мұндайда рентген, ультрадыбыс және компьютерлі томограф аппараттарын қолданып дұрыс диагноз қоюға болады.

Егер ірің кеуде диафрагмасының астында жатса, диафрагманың қозғалысы нашарлайды дем алуы жиілейді. Рентгеннен кейде диафрагма астындағы ауа мен іріңнің мөлшері анық көрінеді.

Іште іріңнің пайда болғанын ақ қан түйіршіктерінің азайюы және (СОЭ) артуынан да көрінеді. Оны көбіне операция арқылы емдеп жазады. Яғни ірің пайда болған жердің тұсынан іш қуысын ашып, іріңді жуып тазалайды. Іріңнің орнына арнайы «ОКА-1» дренажы қойылады.

Операциядан кейін де осы қуысты дәрімен жуып, тазалайды. Ал егер ірің жамбасқа жақын тұста пайда болса, онда тік ішектің алдыңғы қабатын тесіп, сорып шығарады. Ірің қуысына түтікше енгізеді. Бұл асқыну іштегі органдарға байланысты болмағандықтан бала өміріне қауіпті емес. Әрине олардың бәрі де арнайы дәрігерлік емдеуді қажет ететіні сөзсіз.

Соқыр ішек ауруын қандай емдеу жолдары болады.

Соқыр ішек ауруының асқынған түрлері қандай болады.

Соқыр ішек ауруының түрлері және белгілері туралы не білесіз?

Созылмалы остеомиелитті қандай жолмен емдеуге болады.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ