Кеңірдек тармағындағы сілекей қабығының қабынуы

Кеңірдек тармағындағы сілекей қабығының жедел қабынуы (острый бронхит). Көмейдің төменгі бөлігі кеңірдекке ауысатыны белгілі. Ал кеңірдек — бірнеше шеміршектен тұратын түтік орган. Бұл түтіктің (кеңірдектің) ұзындығы ересек адамдарда 12 см болса, ал балаларда олардың жас шамасына байланысты әр түрлі болады.

Кеуде қуысына келгенде кеңірдек оң және сол жақ тармақ болып екіге бөлінеді. Кеңірдектің және бұл тармақтардың ішкі жақтары шырышты қабықпен жабулы тұрады. Осы шырышты қабықта майда бүртіктер бар. Олар (бүртіктер) танаудан өтіп кеткен шаң-тозаңды ұстап қалып отырады. Шаң-тозаң және басқа заттар түскенде бұл бүртіктер тітіркенеді, сөйтіп адам жөтелуге мәжбүр болады. Жөтелгенде бөгде заттар сыртқа шығады.

Жедел бронхит кезінде кеңірдектің және оның тармақтарының шырышты қабығы қабынады. Бұлай ауырған баланың жағдайы нашарлап, тамаққа, тәбеті шаппайды, ойнамайды. Көңіл-күйі бұзылып, басы ауырады, денесі ауыр тартады. Алғашқы күндері құрғақ жөтел тиіп, мазасы кетеді. Қызуы көтеріліп, ұйқысы бұзылады. Жас нәрестелер емшек еме алмайды, демігеді және қатты жөтелетіндіктен ұйықтай алмайды, құсады. 3—4 күннен кейін жөтелі ылғалданып, ересек бала қақырық тастайды.

Баланы дер кезінде дәрігерге көрсетіп емдетпесе, ауруы асқынып, өкпесін қабындыруы мүмкін. Науқас бала дәрігердің айтқаны бойынша үйде емделгені дұрыс, өйткені үйде оның көңілі сергек болады, оның үстіне таза ауада көп жүргізуге де, құнарлы тамақ ішкізуге де үйде мүмкіндік мол. Құнарлы тамақты кейбіреулер майлы ет, қамырлы тамақ деп түсінеді.

Құнарлы тамақ дегеніміз — белокты, углеводты, майлы, витаминдері мол, минералды тұздар мен микроэлементтерге бай тамақтар. Баланың тамағы үнемі өзгермейтін біркелкі емес, әр түрлі, өте дәмді, тәбет ашатын болуы керек. Айран, сүттен дайындалған тағамдар бала ішетін астың құрамында үнемі болуға тиіс.

Тамақты баланың режим бойынша белгілі бір мезгілде ғана ішкені жөн. Сонда ас қорыту органдары осы белгіленген уақыттарда сөл бөлуге үйреніп, тамаққа тәбет ашады, астың дұрыс қорытылуына жағдай туады. Жеміс-жидектерді, олардың шырындарын, сусындарды көп пайдалану — баланың тез айығуына зор көмегін тигізеді.

Науқас баланың бөлмесі таза, жарық болуға тиіс. Күн сайын бөлме еденін, есік-терезесін дымқыл шүберекпен сүртіп алып отыру қажет. Баланың көңілі көтеріңкі, ұйқысы қанық, таза ауада ұзақ болса, оның үстіне ата-ана дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындап отырса, аурудан тез айығып кетеді.

Баланың өкпесі қабынғанда қандай медициналық көмек көрсетіледі.

Демікпесі (астмасы) бар балаға көрсетілетін көмек.

Сірлі қабық дегеніміз не?

Қызылша ауруы туралы мәліметпен танысыңыз.

Пікірлер1
  1. МАРЖАН

    Балаларымыз ауырмасын.журттымыз аман болсын

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ