Сары ауру немесе вирусты гепатит

Сары ауру (вирусный гепатит) — өте жұқпалы дерт, Бұл — қара бауырдың (жігердің) қабынуы. Қара бауыр оң қабырғаның астында орналасқан. Дені сау жас балаларда бауыр қабырға астынан 1 -2 сантиметрге дейін шығыңқырап тұрады, бұл— жас балалар ерекшелігінің бірі.

Бауыр организмде болып жататын барлық процеске толық қатысады, сондықтан да оны организмнің ең күрделі лабораториясы деп те атайды. Шын мәнісінде солай да. Бауырда өт жасалып шығады. Ересек адамдардың бауырынан күніне 1 литрге дейін өт қышқылы бөлініп, ішкен тамақты қорытуға қатысады.

Организмге керекті белоктар күнделікті ішкен тамақ арқылы ас қорыту жолдарына түсіп, ішектің қан тамырлары арқылы бауырға барады. Бауырда белок өте майда бөлшектерге ыдырап, организмдегі клеткаларға қажетті белокты заттар жасалынады да, қан тамырлары арқылы әрбір клеткаға жеткізіледі.

Бауыр біраз белокты сақтап қалып, организмге қор жинайды. Кей жағдайда адам ашықса немесе тамақпен организмге белгілі мөлшерде белок түспесе, жиналған қордан белгілі мөлшерде белок бөліп, клеткалардың «ашықпауына» жағдай жасайды.

Сол сияқты бауыр ағзадағы көмірсутектің алмасу процесіне де қатысады.Бауыр тамақпен келген суды, тұзды реттеуде де зор роль атқарады. Ол минералды, тұзды, суды реттей отырып, қан қысымының бірқалыпты болуына жағдай жасайды. Сондай-ақ бауыр витаминдерді, әсіресе А, С, К, РР және В витаминдері тобын реттеуде үлкен роль атқарады.

Сонымен бірге организмде зат алмасу нәтижесінде пайда болған және сырттан түскен (тамақпен, кейде микробтардың өздері аздап та болса шығарған) улы заттар осы бауырда залалсызданады. Сондықтан да бауыр ауырған кезде жоғарыда айтылған көптеген органдар өз қызметін нашарлатады.

Сары аурудың жұқпалы екендігі ерте заманнан белгілі болатын. Бұл ауруды қоздыратын А және В вирустары өте ұсақ, жай көзге көрінбейді. Бұл вирустар алдымен қан құрамына түсіп, одан бауырға шоғырланады. Бауырда өсіп-өне отырып, оны клеткаларын зақымдайды.

Зақымдаудың әсерінен бауыр клеткалары өзінің қалыпты қызметін бұзады да, біртіндеп өле бастайды. Бауырдағы өт майда қан тамырлары (капиллярлар) ісініп, қан құрамындағы ертінділер, белоктар бауырдағы клекаларға түседі де, клеткаларды бір-бірінен ажыратады.

Осылардың әсерінен сары ауру кезінде бауыр ісініп, үлкейеді, ауырады. Оны саусақпен сипап көрсеңіз қатты болып тұрғанын байқайсыз. Бауырды қаншалықты ісініп, үлкейгеніне қарай ауруды жеңіл-ауыр түрін және оның ауырғанына қанша уақыт болғанын білуге болады.

Клеткалары зақымданған бауырда жасалынған өт қан құрамына барып араласады (өт өт пигментерінен, минералды тұздардан, өт қышқылдарына тағы да басқа қоспалардан тұрады). Қан құрамындағы өт пигменттері қан арқылы бүйрекке жетіп кіші дәретпен (зәрмен) араласады, сөйтіп көздің терісі, ауыздың сілекей қабығы сарғаяды.

Ауру бауырдан бөлінетін өт ішекке жеткіліксіз түсетіндіктен үлкен дәреттің түсі ақшыл болады. Ағзада ұдайы болып жататын алуан түрлі процестер кезінде бөлінетін улы заттарға ауру бауырдан бөлінетін улы заттар қосылып, организмді одан бетер улай түседі. Баланың жағдайы күннен-күнге нашарлап, әлсірегендіктен тамаққа зауқы болмай, селқос жата береді.

Ауруды қоздыратын А вирусы көбінесе ішетін тағам, су арқылы жұғады. Ол организмге барып түскеннен кейін 7—50 күн аралығында аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды.

Ал ауруды қоздыратын В вирусы бұрын сары аурумен ауырған адамдардың қанын құйған кезде және соларға салынған инені, щприцті жақсылап қайнатпай пайдаланған жағдайда жұғады.Бұл вирус организмге түскеннен кейін 40—180 күн аралығында аурудың алғашқы белгілері білінуі ықтимал.

Ауру біртіндеп басталады да, алғашқы күндері адам бір түрлі шаршаңқырап әлсірегенін сезеді. Сырқат балалардың көбісінің тамаққа тәбеті болмайды, ойынға зауықтары соқпайды. Көңіл күйлері нашарлайды. Кейде бастары ауырып жүректері айниды, лоқсып құсады.

Ересек балалар оң қабырғаларының асты ауырғанын, ал жас балалар іштерінің ауырғанын айтады. Жас нәресте мазасызданып жылайды, ұйқысы нашарлайды. Ал кейбір балалар селсоқ күйде маужырап ұйықтай береді. Ауру баланың температурасы бастапқы кезде 37—37,5 градусқа, кейде тіпті 40 градусқа дейін көтеріледі. Ал кейбір балалардың қызуы көтерілмей-ақ бауырлары ісінеді.

Соңғы кезде бұл сырқат көбінесе суық тиіп тұмауратқан сияқты болып басталып жүр. Балаға суық тиеді, жұтынғанда тамағының ауырғанын айтады, мұрнынан су ағып, тамағы қызарады. Қызуы көтеріледі, басы ауырып, ұйқысы нашарлайды мазасы кетеді. Кейбір балалардың іші өтеді.

3—10 күн өткеннен соң көздің, ауыздың сілекей қабығы, дененің терісі сарғыш тарта бастайды. Күннен-күнге баланың терісі қатты сарғайып, зәрі қоңыр түске енеді, ал үлкен дәреті ақшыл тартады Кейбір балалардың мұрындары қанайды, өйткен бауыр ауырғанда өт ішекке керекті мөлшерде түспейді.

Өттің көмегімен К витамині қанға таралып, бауырда қан тоқтатуға ықпал жасайтын протромбин және де басқа заттар түзіледі. Өт ішекке аз түсетіндіктен К витамині де қанға аз түседі мұрыннан қан кетіп, жарақаттанған жағдайда қанның ұзақ уақыт тыйылмауының себебі осыдан.

Организмдегі күрделі процестерге зор ықпал ететін кейбір ферменттер тікелей бауыр клеткаларында жасалады дедік. Ал бауыр клеткалары зақымданған жағдайда бұл ферменттер қан құрамына барып түседі, анализ алып байқап көргенде ферменттер көп болады.Бауыр ауырған кезде ас қорыту органы қызметін бұзады. Жүрек пен қан тамырларының соғысы нашарлайды, қан қысымы төмендейді.        ‘

Ауру жеңіл түрде де, ауыр түрде де кездеседі. Сырқаттың қоздырғышы А вирусы болса, онда ауру жеңілдеу түрде, ал қоздырғышы В вирусы болса, онда ауырлау түрде өтуі мүмкін. Науқастанған баланы дер кезінде дәрігерге көрсетіп, толық емдетсе, 2—3 аптадан соң беті бері қарай бастайды.

Көңіл күйі жақсарып, тамаққа тәбеті ашылады. Ұйқысы тынышталып, денесінің сарғайғаны азая түседі. Бірте-бірте бауырының ісінгені қайтып, ауырғаны басылады. Кіші және үлкен дәретінің түсі қалпына келеді. Дер кезінде дәрігерге көрінбей, уақытты өткізіп алған жағдайда ауру асқынып кетеді де баланың айығуы қиындайды.

Ауруханадан жазылып шыққан баланың дәрігердің нұсқауларын орындап отырғаны жөн. Жұқпалы аурудың зардабынан өт жолдары қайта қабынып, ауру созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін.Сырқат барынша асқынып кеткен кезде бауыр клеткалары жаппай зақымданып өледі, соның әсерінен бауыр тез жиырылып қалады. Мұндай жағдайда науқасты аман алып қалу қиынға соғады.

Сондықтан да ауру білінісімен науқас баланы дер кезінде дәрігерге көрсетіп, ауруханаға жатқызу керек. Ауру баланың бірінші күннен бастап-ақ төсекте қозғалмай жатқаны жөн. Жатқан кезде бауырдың қан айналысы жақсара түседі де, тезірек жазылып кетуге оның көп әсері болады.

Бауырдың қызметіне салмақ түсірмейтіндей жеңіл де сіңімді, тез қорытылатындай тамақтар беріледі. Белокты және майлы тамақтарды шектеу керек. Айран-сүтті, сүзбені және сүттен жасалған тамақтарды, жеміс- жидектер мен шырындарды, компотты, кисельді, вареньені мейлінше көп берген жөн.

Құстың, балықтың, сиырдың етін суға қайнатып аз мөлшерде беруге болады. Қант, бал жегені пайдалы. Науқастың жағдайының жақсаруына қарай тамақтың да құрамын біртіндеп молайта түсу керек. Сұйық заттарды алғашқы күннен бастап мол беру қажет.

Витаминдерге бай тамақтармен қатар, поливитаминдер берілгені жөн, 5 процент магний сульфаты, аллахол, холасос және тағы да басқа өт жолдарының қызметін жақсартатын дәрілер беріледі. Сырқаттың ауыр түріне ұшыраған жағдайда қан тамырына тамшылатып 5 процент глюкоза ертіндісін, гемодез, полиглюкин, реополиглюкин, неокомпенсан, рингер және тағы да басқа сұйық дәрілер құйылады.

Егер баланың жағдайы өте нашар болса, гормоналды дәрілер, қан, плазма құйылады. Халық медицинасында қолданылатын шайқурай, шөпшай, әріпдәрі, жүгері шашағын, зирек, киікоты, дәрілік купен, жалбыз, сары марал отының тамыры мен жапырағы, шандра, шытыра, шыршай, шашыратқы, сол сияқты басқа да дәрілік өсімдіктерді қайнатып беруге болады.

Бұл дәрілік өсімдіктердің қай айда өісетінін, қай кезде жинау керектігін білген дұрыс, және кептірген кезде күн көзінде емес, көлеңкелі жерде кептіру керектігін ұмытпаған жөн. Асқабақ, қара қарақат, орман бүлдіргені, құлпынай, сәбіз, грек жаңғағын пайдаланғанның да пайдасы көп.

Науқас баланың жағдайы жақсарып, анализдері дұрыс бола бастаса, онда 21 күннен соң ауруханадан шығарылады. Ауруханадан жазылып шыққан бала 10—12 күннен соң дәрігерге тексерілуге келеді, оған дейін мектепке, бала бақшасына, баруға рұқсат етілмейді.

Науқастан айыққан бала 6 ай бойы дәрігерлік бақылауға алынады. Тамақ режимі мен күнделікті жағдайы бақыланады. Бауырдың ісігі толығымен қайтпаса, баланың тамаққа тәбеті жақсармаса, дәрігерлік бақылау 1—1,5 жылға дейін созылуы мүмкін.

Ауруханадан шыққан күннен бастап дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау керек. 6 ай бойы баланың тамағын, күнделікті жағдайын міндетті түрде қадағалау керек. Күнделікті жағдайы деп баланың көп шаршамауын, жүгірмеуін, ауыр жұмыс істемеуін, ауыр зат көтермеуін, суықтап қалмауын қадағалауды айтып отырмыз.

Баланың көңіл-күйінің көтеріңкі болуына ата- ана арасындағы қарым-қатынастың тигізетін пайдасы көп. Сондықтан үйде ұрыс-керіс, шатақ, жан- жал болмауға тиіс, балаға жекіп, ұрысып сөйлеуді тыйған жөн. Ауырған баланың онсыз да жұқарып тұрған жүйкесін қоздырмау қажет.

Науқас баланы қайталап ауырып қалады деп үйден шығармай қою дұрыс емес. Мүмкіндігінше сырқаттың таза ауада көбірек болғаны денсаулығына пайдалы. Күндіз бір уақыт ұйықтатқан жөн. Жататын бөлмесін үнемі таза ұстап, шаңын дымқыл шүберекпен сүртіп отыру керек.

Баланың төсек-орны ауыстырылып, іш киімі таза болуға тиіс. Түнгі ұйқысының тыныш болуын қадағалау қажет. Мектеп жасындағы бала дене шынықтырудан, спорттың ауыр түрлерімен айналысудан 6 айдан бір жылға дейін босатылады. Бірақ жеңіл жаттығуды тастамау керек, ол организмнің қызметін жақсартып, баланың тамаққа тәбетін ашады, ұйқысының тыныш болуына әсер етеді.

Жалпы науқас адам еңбекпен, спортпен айналысуға міндетті, ал науқас бала жағдайына, ауруының түріне қарап жеңіл, арнаулы емдік денешынықтырумен, спорттың жеңіл түрімен шұғылдануы тиіс. «Ауру-астан» демекші, науқастың ішетін тамағына баса көңіл бөлу керек. Баланың аш жүруіне, майлы, қуырылған, тұзды тамақты жеуіне мүлдем болмайды, ауру асқынып, бауыры қатайып баланың жағдайы нашарлап қалуы мүмкін.

Тамақты көбінесе мал майына емес, өсімдік майына дайындау керек. Сары аурумен сырқаттанған балаға ет жеуге болмайды деп ет жегізбейтін ата-аналар бар. Ет күнделікті тамақ құрамында болғаны дұрыс, негізінен жас ет берген жақсы. Жас балалар көбінесе шоколадқа құмар келеді, оны уақытша тыя тұру керек.

Кофе, какао, торт және әр түрлі майға пісірілген нан беруге болмайды. Сарыағаш минералды суының шипалық қасиеті зор. Осындай минералды суларды ішер алдында газын шығарып алған дұрыс.

Тамақтанардан 30—40—90 минут бұрын белгілі мөлшерде, жас шамасына қарай бұл суларды 2—4 апта бойы береді. Ересектеу балаларға тюбаж жа сауға болады. Ол былай жасалады. Таңертең аш қарында жылытылған бір стакан минералды суға (жас мөлшеріне байланысты бір шай қасығы әлде одан да аз ба, көп пе) кисилит немесе 25 процент магний сульфатының ертіндісін араластырып 10—15 минут ішінде ұрттатып ішкізу керек.

Баланы оң жағына аударып, бауырының тұсына жылы грелка қойып,2 сағат жатқызу керек. Тюбаж апта сына 1 рет немесе 2 аптада 1 рет дәрігердің кеңесі мен жасалынады. Оны өне бойы жасай беруде балаға зиян. Дәрілік шөптерді де ретімен қолданған жөн.

Мысалы, мынадай дәрілік шөптердің қоспасын: сарыбас шөп пен укроптың гүлін, жүгеріні шашағын, түймедақ қоспаларынан (барлығы бірдей көлемде араластырылады) үлкен 1 ас қасық алып қайнатылған бір жарым немесе екі стакан итмұрын тұнбасына салып бөктіреді. Жарты сағаттан соң дәкеден өткізіп салқындатады.

Итмұрын тұнбасы былай дайындалады. 100 грамм итмұрынды (шиповникті) бір литр суға қайнатып, 2 стакан тұнбаға жоғарыда айтылған дәрілік өсімдіктерді бөктіреді. Алынған тұнбаны тамақ ішерден 15—2 минут бұрын 50- 60 грамына жарты қасықтан бал салып ішкізу пайдалы.

Дәрілік шөп тұнбасын 2 аптадан ұзақ беруге болмайды. Ауырып жазылған балалар бір жылға дейін ауруға қарсы егілмейді Баланы өзін-өзі күтуге, организмнің суыққа төзімділігін арттырып отыруға үйрете білу керек. Тамақ ішер алдында, даладан үйге келгенде қолды сабындап жуған дұрыс, жеміс-жидекті ағын сумен шайып жеген жөн.

Саусақтарын аузына салмауын тұрып қалған суды ішпеуін қадағалап, үйдің ішіндегі шыбын шіркейді жойған, ауланың таза болуына көңіл бөлген дұрыс. Әсіресе бұлақ басын, құдықтың айналасын таза ұстап, мал жүрмеуін қадағалаған жөн. Тазалықты, жеке бастың гигиенасын сақтай білген жағдайда әр түрлі жұқпалы аурулардан сақтануға болады.

Сары ауру қалай пайда болады және оның белгілері қандай болады?

Сальмонеллез қандай ауру және ол қандай жолмен жұғады.

Бүйрек және бүйрек астауының созылмалы қабынуы.

Баланың өкпесі қабынғанда қандай медициналық көмек көрсетіледі.

Пікірлер3
  1. Айжан

    желтуха жана туган балалларда ол баска ауру емес па,? или мен дурыс тусинбедим

  2. Ақбаян

    балада сары ауру яғни желтуха болғанда лампаға емес күннің көзі өте пайдалы екен

  3. элеонора

    көп рахмет малиметке)!!!!!»

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ