Қазақ халқы анаға, ана мен балаға өте үлкен құрметпен қараған халық. Сонау батыстықтар біздің дала заңдарымызға, біздің дала көкжиегінен, табиғаттан алған білім нанымымызға қарап таң қалған. Әлі де таң қалып келеді. Неге дейсіз ғой, себебі қазақ білімді, тағлымды, ғылымды, табиғат ана мен адамның байланысын өте керемет түсінген халық. Сондықтан да жүкті әйелдің, жаңа түскен келіннің, болашақ ананың, үйде жүрген ару қыздың жағдайын жасап, соның болмысының мықты болуына баса назар аударған. Себебі оның болашақ ана екенін ешқашан естен шығармаған.
Жүктілікті жоспарлау дегеніміз не?
Бүгінде жүктілікті жоспарлау біздің де өмірімізге дендеп еніп келеді. Шынында да жоспарлы жүктілік көптеген қиындықтардың, көптеген жайсыз жайттардың алдын алады. Бүгінде елімізде медицина саласы болашақ аналарға жоспарлы жүктіліктің маңызын өте орынды түсіндіріп, өте дұрыс насихат жасап келеді. Әрбір ананың арманы өмірге дені сау ұрпақ әкелу. Осы тұста жоспарлы жүктіліктің маңызы зор. Егер ата-ана өмірге сәби алып келуге ниетті болса, онда ең алдымен дайындықты бастау керек. Біріншіден, болашақ жүктілікке ағзаның дайындалуы маңызды, екіншіден, психологиялық дайындық керек. Ағзаның дайындалу дегеніміз 6 ай бұрын, ең аз дегенде 3 ай бұрын ағзаңызды тексеруден өткізіп, қажетті дәрумендермен толықтырып, кейбір көзге көрінбейтін денсаулықтағы ақауларды жою маңызды.
Нені білу маңызды?
Бірінші әйелдер консультациясына немесе отбасын жоспарлау бойынша мамандарға жолығуыңыз тиіс ол жерде сізге ең қажетті деген тексерулерді тағайындайды. Ең алдымен ата-ананың генетикалық үйлесімділікке (ата-ана тапсырады) қан тапсыруы тиіс. Одан соң АИД қан тапсыруы, гепатитке және басқа да ауруларға тапсыру керек. Сондай-ақ, жыныстық жұқпалы аурулардың да бар жоғын анықтау міндетті. Мысалы – хламидиоз, уреплазмоз, стрептококк, трихомониаз, гонорея және т.б. аурулардың бар-жоғын анықтайтын анализдер тапсыру керек-ақ.
Егер қандай болмасын ауру анықталса, содан керекті ем алу қажет, негізінен әр жұқпалы ауру іштегі нәрестеге қауіпті. Сонымен қатар терапевт, тіс дәрігері, көз дәрігері және басқа мамандардан кеңес алу маңызды. Тағы бір назарда ұстауға тиіс дүние салауатты өмір салтын ұстаныңыз.
Психологиялық дайындық
Ана болу үшін, болашақ ананың психологиялық дайындығы да ең маңызды рөл атқарады. Әдетте қазақ халқы өте дана халық. Психологиялық жағын өте мықты дайындап. Бала кезде қыз санасына болашақ ана екенін ұғындырып өсірген. Бүгін де болашақ ананың психологиялық дайындығы өзектілігін жоймаған. Жүктілік кезінде гармондардың ауытқушылығынан жүкті әйелдің мінезінде құбылмалы өзгерістер пайда болады.
Бұған дейін жақсы көретін тамағын мүлдем ұнатпай қалуы мүмкін. Кейбір кездерде мезгілдік аллергиялық ақаулар пайда болады. Жүйкесі шаршаңқы болып, көңіл-күйі жиі бұзылып жүруі фактілер тіркеледі. Мұның барлығында да болашақ ананың жары мықты, түсінуге тырысуы маңызды. Ең бастысы бұл уақытша, өтпелі кезең екенін болашақ ана да, әке де толық қанды сезінуі керек.
Баланың денсаулығына жүкті әйелдің психологиялық дайындығының мықтылығы да үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан рухани жағынан да ана болуға толық дайын болып кездесетін уақытша қиындықтарға төтеп бере алу маңызды.
Осы тұста ескерте кететін ең маңызды дүние жоспарлы жүктілік, дені сау ананың, дені сау баланың ең басты кепілі. Өкінішке орай кейде жоспарланбаған жүктіліктен денсаулығы нашар, кейде денсаулығында кінәрат бар сәбилер дүние есігін ашады. Есте сақтай жүріңіз дені сау сәби, ең алдымен дені сау анадан рухани жан дүниесімен ана болуға дайын анадан туылады. Әкенің денсаулығының да маңызды екенін осы тұста естен шығармаған абзал.
Қажетті дәрумендер
Ағзаға қажетті дәрумендерді қабылдамас бұрын, зиянды әдеттерден арылу керек. Спортпен шұғылдану да маңызды фактор.
Денсаулық жақсы болу үшін дәрумендер мен ағзаға қажетті минералдармен де толығып тұруы керек.
Фолий қышқылы (В9),Е витамині, С витамині және мырыш, селен. Бұл әке атануға дайындық барысында ер азаматтарға маңызды дәрумендер
Әйелдер жүктілікке дейінгі дайындық кезеңінде мына витаминдердің ағзаға толық жетуін қадағалағаны жөн. Фолий қышқылы (В9), Е витамині, D витамині, К витамині, Н витамині, А витамині, С витамині. Йод.
Йод -бұл витамин емес, минерал. Алайда, оның тапшылығы ана денсаулығына ғана емес, сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс дамымауына әсер етуі мүмкін. Е, С витаминдері антиоксиданттар құрамына жатады. Олар иммунды жүйені қорғайды.
Жоғарыда аталған витаминдер болашақ сәбиге де қажет екенін естен шығармаңыз. Жүктілікті жоспарлай білу де өнер. Жоспарлы жүктіліктен, дені сау, ақыл-есі бүтін, саналы ұрпақ дүниеге келеді.
Жүктілікке қатысты қызықты деректер
Ең ұзақ жүктілік бір жылдан астам уақытқа яғни 375 күнге созылған, солай бола тұрса да дүниеге дені сау сәби келген.
Құрсақтағы сәби жылай алады екен, күле де алады, тіпті жанға жағымды әуенге билей де алатын болып шықты.
Жүкті кездегі құрсақтағы судың құрамы мұхит суының құрамына ұқсас, өте тұзды болып келеді екен.
Жүкті әйелдің заты алмасуы төмендейді, сондықтан жүкті ана әдеттегіден көбірек тамақтануы тиіс екен.
Әлемде әр үш секундта дүниеге бір сәби келеді.
Жүктіліктің екінші жартысында құрсақтағы шараны тәулігіне 1 литр зәр шығарып, тура сол көлемде су қабылдайды екен.
Толық және ұзын әйелдерде егіз не үшем босану пайызы жоғары болады екен.
Соңғы жылдардың статистикасына назар салған ғалымдар уақыт өткен сайын жаңа туылған сәбилердің салмақ қосып келе жатқанын анықтаған..
Құрсақтағы сәбидің жылауы оның жағдайының нашарлауы емес, ол болашаққа, дүние есігін ашуға дайындықтың басталуы болып табылады екен.
Жүктілік кезінде асқазан қыжылының салдарын әжелеріміз «шашы шығып келеді» деп болжайтын, шынында да ғылыми тұрғыдан дәлелденген екен. Расында шаш пайда болу барысында асқазан қыжылы пайда болады екен.
Қос сәбидің дүниеге келуін егіздер не сыңарлар деп атаған. Егіз дегеніміз бір ұрықтан бір орамда жатады, және олар бір жынысты не ұлдар, не қыздар болып туылады. Олар бір-біріне өте қатты ұқсайды.
Ал сыңарларда керісінше екі бөлек жынысты, бір ұл, бір қыз болып туыла береді. Сондай-ақ олар бір-біріне мүлдем ұқсамай туылуы да мүмкін. Яғни бірі анасына, екіншісі әкесіне ұқсауы мүмкін. Мұндай жайт үшем, төртемдерге де қатысты.
пайдалы ақпарат көп екен
Ширкин айел адамнын 40 жаны бар деген рас
Жоспарлау арқылы адам өзін басқарады деп ойлаймын.Адам ағасының қаншалықты дайын екендігін, болашақ ананың жауапкершілігі бәрі жоспарлы түрде болуы керек.
Жоспарлаудың арқасында көп аурулардың аллын алып. Емделуге мүмкіндік береді
Маңызды ақпараттарды алдым рахмет