Жүктілік мерзімін анықтау

Екі қабат болған кез бен босанатын уақыттың ұзақтығын дәл анықтап беру мүмкін емес. Әдетте, есептеу соңғы етеккір келген бірінші күннен басталады. Сондықтан осы есеп бойынша жүктіліктің ұзақтығы 280 күнге, яғни 10 айға немеср 40 аптаға созылады. Әрине, әр түрлі ауытқулар да болуы ықтимал. Кейбір реттерде жүктіліктің мерзімі бұл айтылғаннан аз (240) күндей, ал тағы бір жағдайда көп (320 күндей) болуы да мүмкін.

Әйелдің босану мерзімін мынадай жолдармен анықтауға болады. Соңғы етеккір келген бірінші күннен бастап үш ай мерзімді санап, шегеріп тастау керек, сосын одан шьіққан санға 7 күнді қосады. Сонда шамамен босанатын күннің мерзімі шығады. Мұны мына мысалмен түсіндірейік. Әйелдің соңғы етеккірі 1 мамырда келді делік.

Міне, осыдан үш айды шегеріп тастаймыз, сонда 1 ақпан болады. Бұл санға 7 күнді қоссақ, 8 ақпан болмақ, яғни осы күні босанамын деп күту керек. Алайда, біз жоғарыда айтқандай, жүктіліктің ұзақтығы көп күнге созылып кетуі ықтимал. Демек, біздің әлгі жасаған есебіміз, шамамен ғана алынған.

Баланың алғашқы қимылдауына қарап, босану мерзімін анықтау тәсілі де дұрыс шықпайды. Бір жағынан баланың қимылға келуі 18-ші аптада да, 20-шы аптада да байқалуы мүмкін. Екінші жағынан, жүкті әйел барлық уақытта да баланың бірінші рет қимылдауын дәл біле қоймайды, себебі бұл қимылды ішек-қарынның қозғалысымен шатастырушылық та аз емес.

Босану мерзімін жатырдың көлемі мен баланың өсуіне қарап тек әйелдер консультациясы жағдайында ғана анықтауға болады. Сонымен жүктіліктің мерзімін анықтайтын әдістердің барлығын біршама дәл деуге болмайды. Сондықтан да әрбір әйел жүктіліктің алғашқы белгілері білінісімен, әйелдер консультациясына қаралғаны жөн.

Екі қабат болу сырқатты құбылыс емес, ол нағыз физиологиялық жағдай. Оның (жүктіліктің) басталуы организмнің жыныс сферасы қызметінің бірқалыпты екендігін дәлелдейді. Бұл тұрғыдан алғанда аяғы ауыр әйел, денсаулығы мықты әйел болып та саналады.

Ал екінші жағынан, екі қабат кезде әйел организмінде денсаулығы нашар, ауру адамның жағдайына бірқатар жуық келетін өзгерістер де жиі пайда болып отырады. Сәл ғана қателікке жол беріліп, күтім болмаса — екі қабат дені сау әйел сырқат әйелге айналады.

Сонымен екі қабаттық толық мәнінде физиологиялық құбылыс, дегенмен, мұның барлығы да белгілі бір қауіппен байланысты, ал олардан тек әр түрлі профилактикалық шаралардың көмегі арқылы ғана құтылуға болады. Бұл шаралардың жиынтығы — екі қабат әйелдің гигиенасын құрайды.

Егер әйел бұрын саналы әрі гигиеналық талапқа сай тұрмыс құрса, жүкті болған кезінде сол дағдыны өзгертудің керегі жоқ. Ақыл- ойыңа немесе шамаңа қатысты болғанымен, қайсыбір артық, орынсыз нәрселерді жасауға өзіңе ерік бермеу керек.

Ауыр заттарды көтеруден, ұзақ билеуден, велосипедке мініп жүруден немесе тауға шығудан аулақ болған жөн. Бастың (мидың) қатты шаршауы және түнгі ұйқыны бұзатын ойын-сауық өте зиянды.

Мүмкіндігіне қарай, болуы ықтимал барлық жұмыстан, көңіл-күйдің шырқын бұзатын ренішті жайлардан аулақ болған дұрыс. Мұндай жағдайлар көбінесе білінбей өткенімен, кейбір кездері қайта бала көтермейтіндей дәрежеге жеткізуі мүмкін.

Егер денеге және миға күш түсу, шаршау зиянды болса, қиналмайтын бірыңғай, жай жұмыс өте пайдалы. Екі қабат әйелдің күн сайын таза ауада серуен құруына, кітап оқып, музыка тыңдауына, шаршатпайтын үй шаруасымен айналысуына болады. Мұның барлығы да зияндығы жоқ, тіпті керісінше екі қабат әйелдің жалпы жағдайы мен көңіл-күйіне игілікті әсер етеді.

Осының есесіне ешнәрсе істемей, бөлмеден шықпай, төсекте жатып алу, әйелдің денесін дел-сал етіп, ауырлатпай қоймайды. Оның үстіне, осылайша тұрмыс құру ішек-қарынның босаңсып, астың сіңбеуіне, ұйқысыздыққа, асқа тәбеттің болмауына соқтырады. Сөйтіп, мұның бәрі де жүкті әйелдің жалпы жағдайына зиянды әсер етіп, босануын қиындатады.

Екі қабат әйел өсіп, жетіліп келе жатқан баланың да өзі сияқты оттегін қажет ететінін ұдайы естен шығармауы керек. Таза ауа — ана мен баланың дені сау болуы үшін қажетті шарттың бірі. Күндіз ауасы тар, кісілер көп бөлмеде ұзақ отырып қалуға болмайды. Сонымен қатар түнде де таза ауамен дем алу үшін, ұйықтар алдында міндетті түрде бөлмені желдетіп алуды ескерген дұрыс.

Екі қабат әйел басты дағдыға айналдыратын нәрсе — өз денесін таза ұстау әрекеті болуы керек. Денені таза ұстау терінің ауа жіберіп, шығаруын жақсартумен қатар, организм үшін зиянды заттардың термен бірге сыртқа шығуын қамтамасыз етеді, сол арқылы ол екі қабат кезде ауырлық түсетін бүйректің жұмысын да жеңілдетеді.

Душқа немесе моншаға жиі түскен жақсы (бірақ, өте ыстық суға жуынуға болмайды), мұның өзі бірқатар жұқпалы аурулардан сақтайды. Ыстық моншада ұзақ жуынуға да болмайды. Отырып немесе аяғын салып ванна (былау) қабылдауға үзілді-кесілді тиым салынады. Босануға екі ай қалғанда, ваннаға шомылуға болмайды. Себебі, патогендік микробтар суда терінің сыртына және т. б. түсіп, екі қабат кезде, сондай-ақ босанғаннан кейін де әр түрлі ауруларды қоздыруы ықтимал.

Душқа түсу немесе моншаға шомылуға қосымша бүкіл денені күн сайын суға малынған сүлгімен ысқылап, сүртіп тұру керек. Егер әйел денесін екі қабат болғанға дейін салқын су малынған сүлгімен сүртіп келген болса, мұны жүкті болғаннан кейін де жалғастыра беруі керек. Салқын суға дағдыланбаған жағдайда, бөлме температурасындағы сумен сүртінгені жөн.

Ал жыныс мүшелерін таза ұстау жайына келетін болсақ, мұнда да күн сайын жыныс мүшелерінің сыртын гигроскопиялық мақтаны пайдалану арқылы жуып, сүртіп тұру керек. Қайсыбір құрал арқылы іші-сыртына сұйық затты шашып, бүркіп жууды (сприн- цевание) тек дәрігердің кеңесі бойынша ғана істеу керек.

Сонымен қатар омырауды — емшекті де күн сайын мұқият бөлме температурасындағы сумен жуып тұруды дағдыға айналдырған жөн. Егер әйелдің емшегінің ұшы жалпақ немесе басыңқы болса, онда алдын ала дәрігермен кеңескеннен кейін, оның ұшын ептеп созуға болады. Мұндайда емшекті жуылған таза қолмен ұстап сыртқа қарай жайлап, бірнеше рет тартасыз. Мұны күніне 2—3 рет істеу керек.

Жұқпалы ауруы бар адамдармен қарым- қатынас жасамауға тырысқан дұрыс, өйткені жұқпалы ауру екі қабат әйелге өте қауіпті. Сондай-ақ іріңді аурулары және іріңді жаралары бар адамдармен жақын жүру де қауіпті. Іріңдегі микробтар жыныс мүшелеріне түсіп, босанғаннан кейін қабынатын зардапты ауру тудыруы ықтимал.

Дененің тазалығын сақтаумен қатар, бөлмені де ұдайы таза етіп ұстау керек. Бөлмені күніне бірнеше рет желдетіп алған дұрыс, ал жаз айларында терезені ашып қою керек.

Тістің күтімі мен ауыз ішінің тазалығына ерекше мән беру керек. Екі қабат әйелдің тістерінің бұзылып, түптерінің босап, қанауы аз кездеспейді. Екі қабат кезде ауру тістердің болуы өте қауіпті, себебі оның қуыстарына микробтар ұялап, босанғаннан кейін ауыр дерттің тууына себепші болуы мүмкін.

Сондықтан тісті күн сайын тіс щеткасымен және пастамен, ал тамақтанғаннан кейін қайнаған сумен шайып тұру керек. Жүктіліктің бірінші жартысында әйелдер консультациясындағы тіс дәрігеріне немесе поликлиникаға барып ауру тісті емдетіп, болмаса жұлдырып тастау қажет.

Екі қабат кезде киетін киім де үлкен роль атқарады. Ол өте ыңғайлы, еркін, кеуде клеткалары мен ішті қыспайтындай болсын.Қынама бел немесе резеңке белдікті көйлек, ышқыры мен тізесі тар резеңкелі трико (іш киім) киюге болмайды. Киюге бәрінен де қолайлысы кең көйлек немесе аспалы бауы бар юбка.

Шұлық байламалы ұзын резеңкеге түймеленіп, белге бекітіледі. Іш киім қыспайтындай, қан айналысына кері әсер етпейтіндей етіп кию керек. Емшекқап кеудені қыспай, емшекті тек көтеріп тұратындай ғана болсын. Сондықтан да емшекқаптың іші қашанда кең, емшектің көлемі мен формасына сәйкес келуі керек.

Екі қабаттық кезеңінің екінші жартысында қарынды қыспай, қайта оның төменгі жағынан демеп көтеріп тұратын арнайы бандажды міндетті түрде киген жөн. Оны жатып кию керек. Бандажды кию қарынның алдыңғы жағының қатты созылып, салбырап кетуінен сақтайды, сонымен қатар белге түсетін салмақты азайтып, екі қабат әйелдің еркінірек қозғалуына жағдай жасайды.

Екі қабат кезде биік өкшелі аяқ киім киюге болмайды. Бұл әсіресе, іштің өсе бастауы белгілі дәрежеде дененің тепе-теңдік қалпын бұзып, арқа (жауырын) мен аяқ-қолдың бұлшық еттерінің жұмысын күшейте түсетін, жүктіліктің екінші жартысында өте қатты зиян.

Кейде әйелдің екі қабат кезінде аяқтарындағы күре қан тамырлары кеңейеді. Күре қан тамырлары қатты кеңейіп кеткен жағдайда, дәрігермен алдын ала кеңескеннен кейін, бинтпен орап қоюға болады.

Екі қабат кезде жыныстық қатынас жасауға шек қою керек. Әсіресе жүкті болғаннан кейінгі екі айда немесе босануға екі ай қалғанда жыныстық қатынасты мүлде тыю қажет. Жүкті болған кездің алғашқы екі айында жасаған жыныс қатынасы түсік тастау қаупін тудыруы мүмкін.

Бұл әсіресе, тұңғыш рет екі қабат болғандар мен жыныс мүшелеріне қан кету салдарынан баланы шала туатындарда болуы ықтимал. Босануға екі ай қалғанда жыныс қатынасын жасаудың тағы бір қауіптілігі — әйелдің жыныс мүшелеріне микробтар түсетіндігінде.

Бұл айтылғандарды орындамаған әйелдерде дерттің меңдеп кетушілігі, босану кезіндегі және одан кейінгі кезеңдегі қатты қиналу, жыныс қатынасын ерте тоқтатқан әйелдерге қарағанда едәуір жиі байқалады. Оған қосымша, босануға екі ай қалғанда жасалған жыныстық қатынас түсік тастауға соқтырады.

Екі қабат әйелдің денсаулығы үшін ұйқының үлкен маңызы бар. Оның ұзақтығы тәулігіне 8 сағат болуы керек. Жүкті әйел түнгі сағат 10—11-лер аралығында ұйықтауға жатқаны дұрыс. Жақсы ұйықтап, сергек жүруі үшін күнделікті бір уақытта жатып, бір уақытта тұруға дағдыланудың үлкен маңызы бар.

Ұйқыға жатар алдында таза ауада шаршап қалмайтындай серуендеп, бөлмені жақсылап желдеткен жөн. Тамақты ұйықтар алдында жеудің қажеті жоқ. Екі қабат әйелдің жеке жатқаны дұрыс. Мүмкіндігінше, төсек кең, әрі жайлы болып, алайда жұмсақ болмағаны жөн. Оң жақ қырымен жатып ұйықтаған дұрыс.

Екі қабат әйелге темекі тартуға болмайды, темекінің құрамындағы никотин және басқа да улы заттар әйел организміне зиянды әсер етумен бірге іштегі нәрестеге де зиянды әсерін тигізеді.

Жүктілік және оған байланысты болатын өзгерістер.

Әйелдер консультациясының босану кезіндегі ролі.

Босану тазалығы және әйелдің психопрофилактикалық дайындығы.

Жүкті әйелдер гигиенасы. Әйел организмі құрылысының ерекшеліктері.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер2
  1. жадра

    менин етекирим 1 февраль келди 3 февраль кетди мен жукти болуым мумкинба

  2. Айнагүл

    жүкті болу әрбір қыз баласына бұйырсын!!!
    Осындай пайдалы жазбаларды шығарап тұрса екен өзімізге керегін алатын

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ