Сезім мүшелері

сезім мүшелері

Адам туылған соң, өмірінің алғашқы минутынан бастап, өзін қоршаған ортамен тығыз байланыста болады. Адам мен қоршаған ортаның байланысын жүзеге асыратын — сезім мүшелері. Осы сезім мүшелері арқылы біз өзіміздің денемізде немесе айналамызда не болып жатқанын білеміз.

Адамның бойында алты сезім мүшесі бар, олар — көру, есту, иіс сезу, дәм сезу, түйсік және тепе-теңдік сақтау. Ал осы сезімдерді орындайтын мүшелер: көз, құлақ, мұрын, тіл, тері және ішкі құлақтың бір бөлігі — лабиринт. Сезім мүшелерінің құрылысы мен олардың атқаратын қызметін осы сайттан оқуларыңызға болады.

Көру

Бір сәтке көзіңді жұмып, қап-қараңғы жерде, айналандағы жарықты көре алмай қалғанынды көз алдыңа елестетіп көрші. Мұндай жағдай адамға өте жаман әсер етеді, сондықтан көзінді тез ашқаның дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, жарық дүниені күн сайын көзбен көру — адамның бойындағы баға жетпес ғажайып бір сезім деп саналады.

Көру дегеніміз — адамның жарықты (ерекше сәулеленуді) қабылдай алатын қасиеті. Адамның көзі жарықтың бір бөлігін ғана, атап айтқанда 360—760 нанометр (метрдің миллиардтан бір бөлігі) аралығындағы жарық толқынын қабылдай алады. Көздің көру қабілеттілігі жарықтың түсу қарқынына байланысты.

Егер түсетін жарық әлсіз болса, бұл адамның көру қабілетін төмендетіп қана қоймай, бірте-бірте көздің көрмей қалуына әкеледі. Сондықтан кітап оқығанда немесе жазу жазғанда жарықтың мол түсуі — көзді сақтаудың ең негізгі шараларының бірі болып табылады.

Есту

Адам күн сайын өзін қоршаған ортадан неше түрлі дыбысты естиді. Мысалы, желдің сылдыры, жаңбырдың тырсылы, тау тасқынының гүрілі, машинаның шуы, т.б. Біз айналамыздағы дыбыстардың барлығын есту мүшесі арқылы қабылдаймыз. Ауаның толқын тәрізді тербелісі дыбыстың негізі болып саналады.

Дыбыс тербелістерін адам құлақ арқылы қабылдайды. 19-ғасырдың ортасында неміс физигі Генрих Герц 1 секундтағы дыбыс толқынының тербеліс санына байланысты дыбысты өлшеу және оны ажырата білудің жолын анықтай бастады. Толқын жиілігінің өлшем бірлігі осы зерттеушінің атыменен герц (Hz) деп аталады.

Адам құлағы қабылдайтын, ең төменгі дыбыс толқынының жиілігі — 20 герц. Мұндай дыбысты музыкалық аспап контрабас шығарады. Ал флейта шығаратын дыбыс толқыны бұдан мың есе артық болады. Егер дыбыс толқынының жиілігі 20 000 герцтен жоғары болса, адамның құлағы мұндай дыбысты қабылдай алмайды.

Сондықтан мұны ультрадыбыс деп атайды. Бірақ мұндай ультрадыбысты қабылдай алатын жануарлар бар. Мысалы, жарқанаттар қараңғыда ұшқанда ультрадыбыстың көмегімен ұшу кеңістіктігін дәл бағдарлай алады. Жасанды жолмен алынған ультрадыбыс медицинада әр түрлі аурулардың себебін анықтап, оларды емдеуде қолданылады.

Дәм сезу

Тамақ жеген кезде өзіміздің қандай тамақ жегеніміз емес, оның дәміне үлкен мән береміз. Қабылдаған тамағымыздың дәмін сездіретін — дәм сезу мүшелері. Бұл мүшелер дәм бүршігінде орналасқан, өте кішкентай тоғыз мыңнан астам жүйке түйіндерінен тұрады. Дәм бүршіктері тіл бүртіктерінде орналасқан.

Дәм бүршіктерінің көмегімен біз негізінен төрт түрлі — тәтті, тұзды, ащы және қышқыл дәмдерді ажыратамыз. Тілдің әр бөлігі дәмді түрліше сезеді. Мысалы, тәтті дәмді тілдің ұшы, ащыны — тілдің түп жағы, қышқылды — тілдің екі жақ шеті, тұздыны — тілдің ұшы мен екі жақ шеті сезеді.

Тілдің ортасында дәм сезу клеткалары болмайды, сондықтан ол дәмді сезбейді. Дәм сезу мүшесі мидағы иіс сезу орталығының жүйкелерімен байланысып жатады. Сондықтан тұмау тиген кезде иіс сезу мүшесінің жұмысы әлсірейді де, адамның дәм сезуі де төмендейді.

Иіс, сезімі

Атмосферада бу және шаң-тозаң түрінде өте көп мөлшерде химиялық заттар кездеседі. Олардың әрқайсысының өзіне тән иісі болады. Осындай иістерді адам өзінің ерекше мүшесі — иіс сезімі мүшесі арқылы сезеді. Ол арқылы сезген иістер жүйке импульстері арқылы миға беріледі. Ми оларды анықтайды. Иіс сезу мүшесі мұрын қуысының кілегейлі қабығының кішкентай бір бөлігінде орналасқан, оның ауданы — 1 квадрат сантиметр.

Мұнда өте жұқа бүрмен жабылған ерекше клеткалар орналасады. Осы клеткалар жұтқан ауаның құрамымен келген иісті қабылдайды. Осының нәтижесінде пайда болған жүйке импульстері сезімтал клеткалардың өсінділері арқылы иіс сезу жүйкесіне, одан кейін мидың иіс сезу орталығына беріледі.

Кейбір жануарлармен салыстырғанда, адамның иіс сезуі төмен болғанымен, бәрібір адам кейбір химиялық заттар мен олардың таралуының иісін едәуір ажырата алады. Иіс сезімі адамның жұтқан ауасының ерекшелігін анықтауға көмектеседі (мысалы, тамақты қорыту кезінде). Егер адамның танауына тамақтың дәмді иісі келсе, ағзада өте көп мөлшерде сілекей және әр түрлі тамақ қорытатын шырындар бөлінеді.

Түйсік

Жаңа туған сәби ему үшін бірден анасының омырауына жабысады, ал сүтқоректі жануарлардың балалары туа салысымен басын бұрып, қорегін іздей бастайды. Адам мен жануарлардың әр түрлі тітіркендіргіштерге қайтарған жауап реакциясы — тіршілік жағдайларына бейімделу формасы болып саналады. Міне осыны инстинкт деп атаймыз қазақша аудармасы түйсік.

Инстинкт іштен туа біткен белгі, ол адам мен жануарлардың өзіне төнген қауіптен қорғануға, қоректік заттарын табуға және ұрпағын жалғастырып, оны сақтауға көмектеседі.

Инстинкт туралы ұғым ежелден белгілі. Сол кезден бастап адамдардың арғы тегі мен жануарларда тұрақты мінез-құлықтар пайда болып, бұл олардың тіршілік ету ортасының қалыптасуына жағдай жасаған.

Адамда инстинктінің қалыптасуына оның ойлауы, тәрбиесі, білімі үлкен әсер етеді. Сондықтан адамның мінез-құлқындағы инстинкт белгілері жануарлармен салыстырғанда әлсіз көрінеді.

Тепе-теңдікті сақтау

Адамның ең негізгі бес сезімі — көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және түйсігінен басқа, алтыншы сезімі бар, ол — адам денесінің тепе-теңдігін сақтау. Адам осы сезімнің арқасында, жерде тұрғанда денесін дұрыс ұстап, қозғалу үшін дұрыс бағыт беріп, тепе-теңдік жағдайын сақтайды.

Акробаттар мен циркте аспалы жіпте өнер көрсететін артистер (канатоходтар) ұзақ жаттығу жасаудың нәтижесінде, өздерінің тепе-теңдік сақтау қасиетін жоғарғы дәрежеге жеткізеді. Тепе-теңдікті сақтауды үйрену, әсіресе, ұшқыштар мен ғарышкерлерге (космонавтар) қажет. Өйткені, олар аспан кеңістігінде салмақсыздық жағдайында болады, ал мұндай жағдайда ұшқыш не ғарышкер өзінің тепе-теңдік қасиетін сақтай алмаса, олардың ұшақты немесе ғарыштық кораблді басқаруы мүмкін емес.

Біздің денеміздегі тепе-теңдік сақтайтын мүше — құлақтың ішкі жағында орналасқан екі кішкентай қапшықтан және пішіні үш жартылай шеңбер тәрізді өзектен (каналдан) тұрады. Бұл мүшелердің ішін ерекше сұйықтық толтырып тұрады, онда өте көп кішкентай дәндер жүзіп жүреді.

Тепе-теңдік мүшесінің ішкі қабатында өте сезімтал түктер болады. Осы мүшеге түскен салмақтың бағытына қарай, сұйықтық ішіндегі дәндер, сезімтал түктердің белгілі бір жерін қысады. Содан жүйке импульстары пайда болып, олар ми мен мишыққа беріледі. Осы хабар арқылы адам өзінің денесінің қандай жағдайда екенін біліп, тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік алады.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Ортаңғы құлақ туралы не білесіз?

Кереңдік қалай пайда болады және оның қанша түрі бар?

Ми дегеніміз не және ол қаншаға бөлінеді.

Жүйке жүйесі және оның клеткасы туралы ақпарат.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер3
  1. М

    Өте жақсы жазылған , пайдалы ақпараттар көп ?

  2. Зульфия

    сезім мүшелері адам өмірі үшін өте маңызды.

  3. Эльвира

    Өте жақсы жазылған маған қажетті ақпарат болды

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ