Соқыр ішекке белгісі жағынан ұқсас аурулар

Жоғарыда айтылғандай, соқыр ішекті білгілері оған ұқсас аурулардан ажырата білудің маңызы өте зор. Дер кезінде дұрыс қойылған диагноз баланы орынсыз операциядан сақтап қалса, дер кезінде жасалынған операция аурудан тез айығуға септігін тигізеді.Өзінің біліну белгісі жағынан соқыр ішек мына төмендегі ауруларға ұқсас болып келеді.

Өкпе және өкпе қабының қабынуы. Өкпе мен өкпе қабының қабынуы кезінде төменгі қабырғалар арасынан өтетін нерв талшықтарының қозуынан көк ет (диафрагма) іштің алдыңғы еті мен терісі ауырып қатаяды. Бұл да соқыр ішек ауруына ұқсас белгі. Сонда өкпе және өкпе қабының қабынуын соқыр ішектен қалай ажыратуға болады?

Оның негізгі белгілері қандай? Енді осыған тоқталайық. Өкпесіне суық тиген бала ентігіп алқынады, өкпенің суық тиген жағындағы беті қызарып, алаулап тұрады, аяқ-қолын бауырына алып жатпайды. Ал керісінше, соқыр ішек ауруында бала аяқ-қолын бауырына жинап бүрісіп жатады.

Өкпесіне суық тиіп ауырған баланың ыстығы қатты көтерледі. Бұл әрине, соқыр ішектің басталуына аса ұқсамайды. Баланы сөзге айналдыра отырып ішін қолмен басып көтеру керек. Егер өкпесіне суық тиген болса, сөзге алданған бала, ішін басып көргенде қолды қақпайды, іштің сыртқы еттерінің қатаймағандығын көруге болады.

Өкпеге суық тиген кезде қанның ақ түйіршіктерінің көбейетінін естен шығармаған жөн. Соқыр ішек қабынуы кезінде қанның ақ түйіршігі 10—15 мыңға, өкпеге суык тигенде ол 20—25 мыңнан асады. Сонымен қатар, баланың өкпесін тыңдап, саусақпен соғып көру керек.

Суық тиген өкпеде сырыл пайда болып, адамның тыныс алуы ауырлай түседі. Өкпе тұсын саусақпен соғып көру әдісімен бақылағанда оның қабынған жерінде дыбыстың әлсізденгені байқалады. Ал қабыну процесі өкпеде жаңа басталып келе жатса, оған диагноз қою қиын, бұндай жағдайда рентгенге түсірген дұрыс.

Кейде мойын еттері нервтерінің айналасына новокаин енгізіп блокада жасау арқылы соқыр ішекті өкпенің қабынуынан ажыратуға болады. Осы айтылған белгілерден соқыр ішек ауруын, өкпе қабынуынан ажырату мүмкін болмаса, бұл екі аурудың да балаларда кездесетінін ескере отырып, операция жасауға кірісу қажет.

Мынадай бір мысал келтірейік. 2,5 жастағы Сәулені соқыр ішек деген диагнозбен ауруханаға алып келді. Ата-анасының айтуына қарағанда бала бұдан бір күн бұрын жайсызданып, іші ауыратынын айтқан, кешке қарай ыстығы 39 градусқа дейін көтеріліп, құсқан.

Келіп түскен кезде баланың жағдайы ауыр еді: қарсыласып ішін көрсетпейді, тыныс алысы жиілеп, оң жақ беті қызарып тұрғандай, ыстығы 39°, ішті басып көргенде оның жалпы ауыратыны анықталды. Қанның ақ түйіршіктері — 25 000. Баланы алдандыра отырып бақылаған кезекші хирург — іш көк еттерінің қатаюы уақытша екенін анықтайды.

Сөйтіп баланың соқыр ішекпен ауырмағаны белгілі болды, Кеудесін рентгенге түсіргенде оң жақ өкпесі қарайғаны анықталды. Сөйтіп баланы қажетсіз операциядан сақтап қалды.

Соқыр ішек және асқазан мен іш аурулары. Соқыр ішек ауруын іштің басқа да ауруларынан ажырату оңай емес. Іш ағзаларының қабынуы асқазанда, жуан ішекте, тоқ және ащы ішекте де болады. Бұған қоса әсіресе, жаз, күз айларында түрлі жеміс піскен кезде іштің жұқпалы аурулары балалар арасында жиі байқалады.

Ол аурулардың біліну белгісі де соқыр ішек қабынуына ұқсас. Олар негізінен балалардың іші ауырып құсқанынан білінеді. Бұл белгілер — соқыр ішек қабынуында да кездеседі. Іштің жұқпалы аурулары кезінде балалар ыстығы шұғыл көтеріліп жүрегі айнып, құса бастайды. Ал, соқыр ішек ауруында алдымен баланың іші ауырады, құсу, іш өту секілді белгілері кейіннен білінеді.

3 жасар Нұрлан ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Ата-анасының айтуынша баланың іші өтіп, құсқан. Түн ортасында ыстығы 39° дейін көтеріліп, кіндігінің тұбі ауыратынын айтқан. Анасы балаға амидопириннің жарты таблеткасын берген, марганцовканың әлсіз ертіндісін ішкізіп құстырған.

Түнімен баланың іші өтіп, бірнеше рет құсқан. Таңертең шақырылған жедел жәрдем дәрігеріне бала ішінің ауыратынын айтқан, дәрігер көрген кезде ол құспаған, іші де өтпеген, денесінің ыстығы 37,2° болған. Жеңіл-желпі жиналған деректен баланың ауруының басталуы, дамуы соқыр ішек ауруына ұқсас болғандықтан дәрігер баланы хирургиялық аурулар қабылдайтын бөлмеге алып келген.

Қабылдау бөлмесінің дәрігері баланың жағдайына қарап оның көп мөлшерде денесінен су жоғалтқанын анықтады. Бала беті ашық қалған балық консервісін жегенін де есіне түсіреді. Басқа да көптеген тексерілудің нәтижесінде балада соқыр ішек ауруының жоқ екені анықталып, ішті жұқпалы ауруына қарсы емдеу жұмыстары басталды.

Бұл мысалдан аурудың қалай басталғаны жөнінде нақтылап сұрау арқылы да диагнозды дұрыс қоюға болатынын көреміз.

Үш жасқа дейінгі балалардың соқыр ішек ауруы, біліну ерекшеліктері.

Балаларда кездесетін Соқыр ішек және өт жолдарының ауруы.

Қыздардың жыныс мүшелері ауруларын соқыр ішектен ажырату.

Соқыр ішек және зәр жолдарының қабынуы ауруы.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ