Қабынған сүйек бөлігін емдеу

Остеомиелиттің салдарынан сүйектердің белгілі бір бөлігінде ірің пайда болады. Сол сүйектердің ішінде ортан жілік пен кәрі жілікте остеомиелит жиі кездеседі. Остеомиелиті бар сүйекке, оның екі ұшына (метафиздеріне) операция жасар алдында диагнозды анықтау үшін ине қойылатынын айтқанбыз.

Сол инелер операция кезінде және операциядан кейін де қалдырылады. Операция жасайтын органды жоғарғы жағынан қатты тартып, қан жүрмейтіндей етіп бұрау салынады, содан соң қабынған жердің терісін сүйек бойымен тіледі, бұлшық еттері бір-бірінен жайлап ажыратылады да ең соңында сүйек қабына жетеді.

Егер остеомиелиттің алғашқы сатысы болса, онда сыртқы сүйек қабы қызарып, ісініп тұрады, ал кескен кезде астынан фибрин пленкалары ғана шығады. Ал остеомиелиттің асқынған сатысы болса, сүйек қабына жеткен кезде, оның тырсылдап астынан ірің кернеп тұрғаны байқалады. Сүйек қабын жарғанда қан аралас ірің шығады.

Сүйектің өзгеріске, ұшыраған жерін анықтаған соң оның ортасынан диаметрі 2 мм шамасында, бір-бірінен 2 сантиметрдей қашықтықта үш тесік теседі. Жіліншік тесілгеннен кейін, жоғарғы және төменгі ине арқылы көп мөлшерде антибиотик араласқан новокаинді, қалыпты тұздың ерітіндісін, фурациллиннің әлсіз ерітіндісін салады.

Іріңнен тазарған соң ғана жууды тоқтатқан орынды. Жараның ортасына резинадан арнайы ірің шығарғыш қалдырған жөн. Өйткені алғашқы екі-үш күн ішінде жарадан қан аралас ірің бөлініп тұрады. Операция соңында бұрауды аздап босатады да, балаға жүректің жұмысын жақсартатын дәрілер егеді.

Бұл айтылған операция жіліншік сүйектердегі остеомиелитті емдеуде қолданылады. Ал сүйектердегі қабырғалардағы остеомиелитті қалай емдеуге болады? Ол үшін остеомиелит болған органды қан тамырларының жүрісіне қарай тіледі. Тқаньдерді ысыра отырып, сүйектің сыртқы қабатын кеседі.

Сонан соң сүйекке жарасы жоқ жерден ине енгізеді. Бұл операцияда жараны тілудің қажеті жоқ. Кейде оған жақындастырушы тігіс салады. Егер остеомиелит сүйектің кеңейген жерін (эпифиздерді) бүлдірсе, сөйтіп буынға ірің жиналса, онда буынды инемен тесіп іріңін сорып алады, бұл ең тиімді емдеу жолы болып табылады.

Операциядан соң микробтарға қарсы әр түрлі дәрілер беріледі, қан құйылып, өкпе, жүрек жұмысын жақсартатын емдер қолданылады. Сүйек қалдырылған инелер арқылы күніне антибиотик дәрілерді екі мезгіл енгізеді. Сүйекке антибиотик дәрілерін 7—8 күнге дейін салады. Содан соң инені алып, сүйектің ауруға шалдыққан жеріне ионофарез тәсілімен әр түрлі дәрілер беріледі.

Остеомиелит асқынбай бірқалыпты өтетін болса, онда баланы емдеу ұзақтығы бір жарым айдан аспайды. Кейін баланы емханада дәрігерге көрсетіп, үнемі кеңесін алып отыру керек. Аяғындағы гипсі ауруханадан шыққан соң бір айдан кейін алынады. Гипсті алған соң, аяғын басуға рұқсат етіледі.

8 жасар Мұрат ауырған соң 3 күннен кейін ауруханаға түсті, футбол ойнап жүріп аяғымды соғып алдым деп дәрігерге көрінбеген. Кеште анасы баласының ыстығы 39 градусқа дейін көтеріліп аяғының ісінгенін көреді. Әр түрлі ыстықты басатын дәрі береді. Баланың жағдайы дәрі берсе де жақсармай, аяғының ауырғаны барған сайын солқылдап ауырады.

Үшінші күні ауруханаға түскенде баланың жағдайы ауыр, ыстығы 38,6° түсі бозарып беті қушиып, еріндері кезеріп тұрды. Оң аяғының ортан жілігі тұсында ісіктің бары анықталады. Аяқты тізеден бүгіп, өн бойына күш түсіріп көргенде оның өте қатты ауырғаны байқалды. Рентген суретінде жарақаттың белгісі байқалмады.

Аурудың клиникасын ескере келіп, ортан жіліктің төменгі тұсына ине енгізді. Инеден қан аралас ірің шықты. Қысымын өлшегенде жіліншік ішінің қысымы 300 мм су бағанасының мөлшеріне дейін көтерілді. Осыдан соң балаға операция жасалып, сүйегі іріңнен тазартылды. Операцияның алдында және одан кейін де балаға көптеген дәрілер беріп емдеді. Бір жарым айдан соң бала ауруханадан жазылып шықты.

Созылмалы остеомиелитті қандай жолмен емдеуге болады.

Остеомиелит (сүйек тасуы) ауруының пайда болу себептері.

Остеомиелиттің созылмалы остеомиелитке жедел ауысатын түрлері

Жедел остеомиелитті емдеудің қандай әдіс тәсілдері бар.

   
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ