Қызамық (скарлатина)

Қызамық (скарлатина) — кенеттен басталады. Баланың қызуы көтеріліп, басы ауырады, лоқсып құсады. Денесі ауыр тартып, мазасы кетеді. Тамаққа тәбеті шаппайды, ештеңені жақтырмай төсекте жатып алады. Аурудың бастапқы кезеңінде немесе екінші күнге қарағанда баланың кеудесіне, иықтарына, мойнына алқызыл бөртпелер шығады, сонан соң лезде арқасына, қарнына, қол-аяғына жайылады.

Беті ісіп домбығады, қызарып тұрады, үстіңгі ерні мен иегі боп-боз болып кетеді.Ерні, тілі кезеріп, тамағының безі ісінеді. Кейде ірің пайда болады. Лимфа бездері, әсіресе мойынның, шүйденің, жақтың, қолтықтың бездері ісінеді. Ауру баланың жүрегі жиі соғып, іші ауырады, арада 4—5 күн өткен соң қызуы біртіндеп қайтып, бөртпелері кете бастайды.

Сырқаттанған аптаның соңында, екінші аптаның алғашқы күндерінде мойнының, кеудесінің, маңдайының терілері аздап түлей бастайды. Сонан соң саусақтарының, алақанының, табандарының терісі қатты түлейді. 2 жасқа дейінгі сәбилердің ғана терілері түлемейді.

Ауру жеңіл түрде өтсе, бөртпелер бірден пайда болып, тез арада кетіп қалады. Егер ауруға дер кезінде ем қолданылмаса, онда басқа органдардың, мысалы бүйректің, жүректің, құлақ ішінің қабынуы мүмкін. Бұл асқынулар бірден емес 2—3 апта еткен соң барып білінеді. Сондықтан да баланың ауырғаны байқалысымен тез арада дәрігерге хабарлау қажет.

Дәрігердің бақылауымен науқас бала үйде емделеді. Алғашқы 10 күн бойына ауру бала төсекте жату тәртібін бұзбауға тиіс.

Ауру балаға алғаш тұзды тамақ бермейді, оның үстіне асты сұйық етіп дайындайды, баланы аз-аздан жиі-жиі тамақтандырған дұрыс. Етті тағамды тек суға және буға пісіріп беру қажет. Сырқат балаға қой, жылқы еттерін бермейді. Әр түрлі бөкпендерді, ботқаларды сүтке әзірлеп, оларға сары май араластырып берген жөн. Көжелерді, сорпаларды, бөкпендерді тек өсімдік майына ғана әзірлеу керек. Бала рационында айран, сүт міндетті түрде болуға тиіс.

Ауру басталғаннан кейін 4—5 күн өткен соң жоғарыда айтылған тамақтармен бірге сырқат балаға әр түрлі көкөністер, жеміс-жидектер, салаттар беруге болады. Аурудан толық айыққаннан кейін балаға 2—3 апта бойына тұзды, майға қуырылған тамақтар, кептірілген балық, ет және тамағына бұрыш, сірке қышқылын және басқа да ащы заттар қосып беруге болмайды.

Егер жас нәресте қызамықтан ауырған кезде іші өтіп, жағдайы нашарласа, онда оны бірінші күні міндетті түрде 6—12 сағат бойы тамақтандырмай, тек әрбір 5—10 минут сайын аздап сусын беріп отыру керек. Сусын ретінде қайнаған суды, 5 проценттік глюкозаны, рингер ертіндісін, көкөніс қайнатындыларын пайдалануға болады.

Сонан кейін әрбір 2—2,5 сағаттан соң сауылған емшек сүтін немесе қайнаған су араластырған кефир, т.б балаларға арналған ұнтақ сүт қоспаларын беруге болады. 3—4 күннен кейін баланың жағдайы жақсара бастайды, яғни бұл кезде нәресте анасының емшегін емуіне немесе бұрын ішіп жүрген тамақтарын жайлап іше беруіне болады.

Жағымсыз иіс шықпас үшін, баланың аузын сода қосылған сумен (1 шай қасық соданы 1 стакан суға салып) тазартып, ал ересек балалардың тісін щеткамен тазартып отырған жөн. Бала толық жазылғанша дәрігердің бақылауында болады әрі 21 күн өткенше сау балалармен араласуына болмайды.

Өйткені науқас бала 21 күнге дейін өзінен ауру қоздырғыш микробтар бөледі. Олар ауру баланың сілекейінен, түкірігінен бөлініп ауаға тарайды, сөйтіп сау балаға жұғады. Кейде микробтар ойыншық, ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын арқылы жұғуы мүмкін.

Сондықтан да науқас баланың төсек-орны, киім-кешегі, ыдыс-аяғы, сүлгісі басқалардан бөлек болғаны жөн. Ал науқас баланы күтіп жүрген адам үстіне арнаулы халат немесе көйлек киіп, ол толық жазылған соң, бұл киімдерді міндетті түрде жақсылап қайнатып, жуып, үтіктеп алуы керек.

Науқас бала жатқан бөлменің ауасы үнемі тазартылып тұруға тиіс. Ол толық айығып кеткеннен кейін де 1—2 ай бойына күтіміне көп көңіл бөліп, оған дұрыс жағдай жасаған жөн. Сонымен бірге естияр бала дәрігерге көрініп, анализ тапсырып тұруға, дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындауға міндетті. Қызамықпен ауырып тұрған балалар бұл аурумен қайтып ауырмайды.

Бұл жұқпалы ауру ежелден белгілі. Бұдан 2500 жыл бұрын Персияда (қазіргі Иран) бұл ауруды “скиарлат” — қанды қызыл дақ деп атаған. Бұл ұғымды ежелгі Рим дәрігерлері скарлатина деп өзгертіп, аурудың аты осы күнге дейін сақталған.

Скарлатинаның қоздырғышы стрептококк тобына жататын бактериялар. Бұл бактериялардың пішіні бір-біріне жалғасқан тізбекті, өте ұсақ шарлар. Инфекция сау адамға ауа арқылы жұғады. Скарлатинамен 2-8 жас аралығындағы балалар ауырады.

Сырқат бірден қатты басталады: дене қызуы көтеріліп, құсу және бас ауыру байқалады. Денеге тұтас, ұсақ бөрткен қаптап шығады, бұл баланың терісіне қызыл құм жағып қойғандай әсер қалдырады. Науқас баланың тілі алқызыл, кейде күрең-қызыл түске боялады.

Дене қызуы түскеннен кейін тері түлей бастайды. Бір еске сақтайтын нәрсе, тері түлеген кезде түсетін қабыршақтар инфекция көзі болады. Қазіргі кезде бұл аурудан құлан таза сауығып кетуге болады. Ол үшін дәрігердің белгілеген емін бұлжытпай орындау керек. Егер ауру аскынып кетсе, жүрек пен бүйрекке, лимфа бездері мен тамырларға, құлақ пен буындарға тарайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Тілме дегеніміз қандай ауру?

Мысқыл (свинка) немесе шірінше ауруының негізгі белгілері.

Теміреткі дегеніміз не?

Қызамық ауруының белгілері мен сипаттамасы.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер1
  1. Айгуль

    Скарлатина ауруы туралы бірінші рет естідім. пайдалы ақпарат болды

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ