Жүктілік кезіндегі өзгерістер

Жүкті болу ұрықтанудың нәтижесінде, яғни еркек пен әйелдің жыныс клеткаларының қосылуынан кейін болады. Еркектердің жыныс клеткаларын сперматозоидтар деп атайды. Олар еркектің жыныс безі — жұмыртқасында дамиды, оның басы, мойыны және ұзынша келген құйрығы болады, соның қозғалуы нәтижесінде сперматозоидтар жылжып отырады.

Ұрықтық сұйық заттағы (спермадағы) сперматозоидтар, жыныс қатынасы кезінде әйелдің қынабына түседі. Бір текше миллиметр ұрықтық затта 60 мыңнан 2 миллионға дейін сперматозоид болады. Сперматозоидтың әйелдің шәуһет клеткасымен кездесіп, қосылуы жатыр қуысының ішінде жүреді. Сол сперматозоидтардың біреуі әйелдің шәуһет клеткасының қабығын тесіп түседі де, онымен араласып кетеді.

Әйелдің шәуһет клеткасы сперматозоидпен араласқаннан кейін жатыр қуысында өсіп жатырға қарай жылжи бастайды. Бұл кезеңде шәуһет клеткасы өзіндегі бар заттардың есебінен қоректенеді. Жатырға түсіп, былжыр қабықтың бір жеріне орналасасымен-ақ шәуһет клеткасы енді ана организмінен қорек ала бастайды.

Ұрық бұдан былай дами келе қоректік затты ана организміндегі жатынның қан тамырлары арқылы ала бастайды. Жатын мен кіндіктің қан тамырлары арқылы ана организмінен, су, оттегі, гормондар, углеводтар және ұрықтың дамуына қажетті басқа да заттар барып тұрады. Ұрық пен жатырдың көлемі бірте-бірте ұлғая береді.

Жатырда өсіп келе жатқан ұрық (бала) дорба тәрізді ерекше қабықшамен қоршалған, оның ішінде жыныс маңындағы су деп аталатын сұйық зат бар. Осы сұйық заттың қатысуымен ұрық қозғалысқа келеді де, 18—20-шы аптадан бастап, оны әйелдің өзі де сезетін болады.

Әдетте жүктіліктің ақырғы кезінде бала жатырдың ішінде бойлай жатып, басын жамбас қуысына қарай бағыттап, төмен қарай орналасады. Сондықтан да босану кезінде бала жамбас қуысы шеңберінен алдымен басымен шығады. Баланың артқы жағымен төмен қарай орналасуы әлдеқайда сирек кездеседі, ал мұның өзі босану кезінде балаға кейбір жағдайда қауіпті болады.

Сондықтан баланың бұлай орналасуы кезінде екі қабат әйел әйелдер консультациясына мұқият барып, ұдайы дәрігердің бақылауында болуы тиіс, ал босануына екі апта қалғанда әйелдер босанатын үйге жатқаны жөн. Баланың көлденең келуі — өте сирек болатын жағдай, мұндай кезде өз бетімен босану мүмкін емес. Сондықтан әйелге екі қабат кезінде немесе босану үстінде тікелей арнайы көмек көрсетіледі.

Жүктіліктің негізгі белгісі етеккірдің тоқтауы екені мәлім. Алайда бұл құбылыс басқа себептерден кейін де байқалуы ықтимал, сондықтан айтылған жағдайға қарап, екі қабат екенмін деуге болмайды. Басқа белгілерге сүт бездерінің үлкеюі мен ауруы, емшек ұшы мен оның айналасындағы терісі түсінің қошқылдануы жатады. Сонымен қатар қара дақ маңдайда, мұрынның қырында, жоғары ерінде, іште, кіндік пен шап аралығында пайда болады.

Кейбір әйелдердің аузынан қара судың бөлінуі күшейіп, дәмді сезуі өзгереді, лоқсып құсқысы келеді. Әдетте, бұл құбылыстың барлығы да таңертеңгілік мезгілде, аш қарында байқалады, ал көптеген әйелдерде бұл құбылыс жүкті болғаннан кейінгі 3—4 айдың ішінде қойып кетеді. Лоқсу мен құсу күшейген жағдайда әйелдер консультациясының дәрігеріне қаралу керек немесе емделу үшін әйелдер босанатын үйге жату керек.

Кейде кіші дәрет қышап, зәр сындырғысы келе береді, алайда бұл негізінен жүктіліктің соңғы кезінде болады, оның себебі баланың басы қуықты қыса түседі. Жоғарыда айтылған барлық белгілердің жиынтығы — ананың жүкті болғандығын дәлелдейді. Сондықтан мұндай белгілер білінісімен-ақ уақтылы консультация алу үшін дәрігерге қаралуы тиіс.

Жүкті болып, баланың шапшаң өсуіне байланысты әйел организміне өзгеріс ене бастайды. Нерв жүйесінің қызметі, зат алмасу, ішкі секреция бездерінің жұмысы өзгеріп, қанның жалпы көлемі көбейеді, жүрек-қап тамырлары жүйелеріне түсетін күш артады. Жүктіліктің соңғы айында өкпе мен жүрек өсе бастаған жатырмен қатар аздап жоғары көтеріледі, сондықтан бұл кезеңде екі қабат әйелде ентігу болуы мүмкін. Бүйректің қызметі де едәуір күшейе түседі.

Терінің кейбір жерлерінде, мысалы, сүт бездерінде, қарында, кейде бетте қара қош- қыл таңба (секпіл) пайда болады. Бұл әсіресе аққұба әйелдерде анық білінеді. Қарынның терісінде әжімге ұқсас сызықтар пайда болады. Жыныс ағзасының сырты ылғалданып, сәл үлкейеді, кейде осының маңында вена тамырының кеңейгендігі байқалады. Қынаптың кіре берісіндегі терісі көкшілденіп, одан бөлінетін заттың көлемі бірнеше есе артады.

Жатыр да үлкейеді, оның үлкеюі бұлшық ет талшықтарының артуы, олардың өсіп, жуандауы есебінен, сонымен қатар қан тамырларының жетілуі нәтижесінде болады. Егер жатыр жүкті емес кезде орта есеппен 60 г. болса, ал босанар алдындағы оның салмағы 1000 грамға дейін жетеді. Жатырдың мойны босаңсиды да, бұл баланы туар кездегі оның ашылуын едәуір жеңілдетеді.

Көп балаға жүкті кезде әйел организмінде болатын өзгерістер, әдеттегі жүктіліктен бір- шама өзгеше келеді. Егіз бала туу едәуір жиі кездеседі, бірақ кейде үшеу, төртеу, тіпті бесеуге дейін туатындар бар, ал алты бала және одан да көп бала туу өте сирек кездеседі. Көп бала көтеруде ата-тегіндегі тұқым қуалау факторы үлкен роль атқарады. Мұның екі жолы ғана бар. Олар: эмбриондардың екі немесе одан да көп ұрықтанған аналық клеткаларда

жеке дара дамуы немесе бірнеше эмбриондардың ұрықтанған бір ғана аналық клеткада дамуы. Көп бала көтеру кезінде оларда патологиялық өзгерістердің болмауынан, кейде ұрықтың дамып, жетілуі біркелкі болмайтындығы байқалады, бірақ екі қабаттылықтың соңғы кезінде егіздердің бойы мен салмақтарындағы өзгерістер бір-бірінен алшақ кетпейді. Көп балаға жүктілікті анықтай қою оңайға түспейді, себебі қарынның үлкеюі судың көбеюі кезінде немесе баланың ірілігінен де болуы мүмкін.

Жүктіліктің соңғы кезінде көп балаға екі қабат болғандықты анықтау әлде- қайда оңайға түседі. Әйелдерде, әдетте, босанар кездегі құбылыс күшті білінеді: аяқ-қолдың вена тамыры жиі-жиі кеңейіп, қарынның айналасы 100 сантиметрден асатын болады. Екі қабат әйел кейде баланың барлық қозғалысын сезінсе, ал кейде баланың қай жағынан күштірек қозғалатынын айта алмай қалады.

Жүктілік мерзімін анықтау және екі қабат әйелдерге арналған кеңестер.

Туу яғни босану процесі қалай болады.

Жүкті әйелдер гигиенасы. Әйел организмі құрылысының ерекшеліктері.

Босанудан кейінгі кезеңдегі әйелдің тазалығы (гигиена).

   
Пікірлер6
  1. Маржан

    Ана болу арманым. Жолдасым екеуіміз осы бір бақытты сәтті күтіп жүрміз. Бұндай мәліметтер әр әйел қауымына қажет.

  2. Жанар

    Жақсы нәрестені дүниеге әкелу ана үшін үлкен бақыт

  3. ТАЗАГУЛЬ

    Дұрыс тамақтану күнді жоспарлай білу қажет

  4. Айгерим

    Ия жүктілік бақыт. Босанған соң өз қалпыңа қайта келу одан да өткен бақыт. Артық салмақ, іштің қалуы, шаштығ түсуі. Барін уакытында қолға алмасан ……. жаман болады. Бірақ баланыңа қарап бір сат естен шығарасың

  5. Мақпал

    рахмет. пайдалы жағы көп екен.

  6. Айнагүл

    өзіме керек мәліметтерді алдым рахмет коп

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ