Екі қабат әйелдің гигиена шаралары

Екі қабат болу әйелдің денсаулығына зиян келтірмейді, қайта оған пайдалы физиологиялық процесс. Бұл уақытта әйелдің организмі жұмысын атқара бастайды, жай уақыттағымен салыстырғанда, оның екі қабат кездегі атқаратын функциясы онан сайын арта түседі.

Сондықтан шаршау, әр түрлі толғану, күнделікті жұмыс істеу, дем алу, тамақтану тәртіптерін бұзбай, жеке басының гигиеналық шараларын сақтауға тырысу керек. Ал мұндай жағдай ананың да, іштегі нәрестенің де денсаушылығына үлкен әсер етеді.

Жұмыс істеп жүрген екі қабат әйелдер өндірісте де, ауыл шаруашылығында да ауыр жұмыстардан босатылып, жеңілдеу жұмыстарға көшірілуі керек.Бұл ананың да, баланың да денсаулықтары үшін өте қажетті шарт.

Екі қабат әйелдер күнделікті істеп жүрген үй жұмыстарынан қол үзбеулері керек. Ешнәрсе істемей бос отырса, денедегі бұлшық еттердің дағдылы қимылын бұзып, оларды әлсіретеді, жақсы тамақтанса, бұлшық еттердің араларын май басып кетеді. Сондықтан екі қабат әйелдер босанғанға дейінгі демалысқа шыққаннан кейін үйде жата бермей, шамасы келгенше қимылдағандары жөн.

Ол үшін дене шынықтыру жұмысымен машықтанып, тамақ ішіп болғаннан кейін күнде кешкісін қыдырып жүрулері қажет. Әсіресе босану уақыты жақындағанда көбірек жүрген өте пайдалы, өйткені әйел қиналмай, жылдам босану үшін бұл әдеттің маңызы өте зор.

Кейбір жағымсыз заттар екі қабат әйелдің бойына тарап, негізгі органдарға (бауыр, бүйрек, ми, жүрек, өкпе) әсерін тигізумен қатар, іште жатқан нәрестенің де өсуіне үлкен зиян келтіреді.

Мұндай заттарға темекідегі никотин, арақтағы алкоголь жатады. Сондықтан екі қабат әйелдердің өздері темекі тартпаулары керек, ал үйде немесе басқа жерде темекі тартатындардан темекіні сыртқа шығып тартуды өтіну қажет. Өйткені никотин қан тамырлары мен нерв жүйелеріне тарап, олардың атқаратын қызметіне қысым жасайды.

Сөйтіп бұл, ананың денсаулығына ғана емес, қан арқылы қорек алып, өсіп келе жатқан нәрестені де улайды. Темекідегі никотин емшек бездеріне әсерін тигізіп, олардың сүтін және сүт арқылы нәрестені улауы мүмкін.

Ал, арақтағы алкоголь ананың қаны арқылы баланың қанына тарайды, сөйтіп жатырдағы нәрестенің өсуіне зиян келтіруі ықтимал. Кейбір жағдайда іштегі баланың нақұрыс немесе денесінің кейбір мүшелері кем болып, немесе өлі тууына, сондай-ақ, күніне жетпей ерте тууына себебі болады, сонымен қатар ана сүтінің азаюына да, сапасына да үлкен әсерін тигізеді.

Екі қабат әйелдің дұрыс тамақтануының да маңызы зор, себебі адам денесіндегі заттар алмасулары сол ішкен тамақтың құнарлылығы мен түрлеріне байланысты. Әйелдің екі қабат кезін бірінші және екінші жартысы деп екіге бөлуге болады. Бірінші жартыда, яғни 4 айдың ішінде іштегі нәресте үшін ерекше тамақтанудың ешқандай қажеті жоқ.

Ал екінші жартыдан, яғни 5-ші айдан бастап екі қабат әйелдің тамақ ішуіне ерекше мән беріледі. Мұнда тамақтың тек саны ғана емес, сапасы да оның құнарлылығы да, химиялық құрамы да және тамақтану тәртібі де ескеріледі. Ал іштегі нәресте бес айдан бастап (екінші жартыдан) тез өсе бастайды. Оған адамның негізгі формасы бітіп, оның әрбір мүшелері өзіне тиісті қызметін орындауға кіріседі.

Егер екі қабат әйел семірмейтін болса, тамақтың құнарлылығын арттырған дұрыс, бірақ тамақтың құрамында белоктың, майдың, углеводтың болғанын ескерген жөн. Мұндай жағдайда ішетін тамақтың көбі қант, картоп, ұннан пісірілген түрлі тағамдардан болса, адамды семіртіп жібереді.

Сондықтан екі қабат әйел семіруге бейім болса, ішетін тамақтағы углеводтарды азайтып, белокті көбейту керек. Белогы ең көп тағамдар: сүт және сүттен жасалған — айран, кефир, ірімшік, сүзбе, сыр. Қуырып немесе пісіріп, күніне 1—2 жұмыртқа жеуге болады. Піскен ет пен балықты күніне бір-ақ рет жеген дұрыс, ал қуырылған ет асқазанның жұмысын ауырлатып жібереді. Көкөністен, сүттен, түрлі жемістерден пісірілген сорпаларды ішуге болады.

Тамақтың құрамындағы углеводтарды көбейткенде оларда көкөніс, жемістер, қара нанның көп болуын ескеру керек. Өйткені олар ішектің жиырылу қызметін күшейтеді де, ананың және нәрестенің организміне керекті минералдық тұздар мен витаминдердің бойға жақсы тарауына үлкен себепкер болады.

Екі қабат кездің екінші жартысында адам организмі витаминді көп керек етеді. Ал оның бірінші себебі іштегі нәрестенің өсуіне қажет болса, екінші себебі нәресте жарыққа келгеннен кейін алғашқы кезде оның өсуі үшін жасалған витамин қоры болып есептеледі. Демек, екі қабат әйелдің ішетін тамағында витаминдердің, әсіресе В1, В2, С, Д, Е витаминдерінің көп болғаны жақсы.

Екі қабат әйелдің ішетін тамағында витаминдердің жетіспеушілігінен барып емшекте жарық, жара, жарақат пайда болуы мүмкін. Әсіресе витамин В2-нің жеткіліксіздігінен адамның терісі құрғап, түлеп, тері ауруларына шалдығады. Құрғақ тері тез жарылатындықтан емшек ұшында жарық, жара, жарақат пайда болады.

Міне, осындай әсерлер болмау үшін екі қабат әйелдер витамин В2, С, В, комплекстерін де ішіп отырулары керек. Бұларды мына мөлшерде С — 200 миллиграмм, В1 — 20 миллиграмм, В2— 10 миллиграмнан күніне 3 реттен ішу қажет.

Витамин Е-нің екі қабат әйелдер үшін маңызы зор, бұл ішкі жыныс бездерінің түрліше қызметтерін атқаруына жақсы әсерін тигізеді. Бұл витамин жас көкөністерде, бидай нанында болады. Екі қабат әйелдер өздерінің ішетін тамақтарында минералды тұздардың жеткілікті мөлшерде болуын қадағалаулары керек.

Мысалға, тәттіні көп жесе, адамның жүрегі айнып, тамаққа тәбеті тартпай қояды. Ал болашақ ана өзінің екі қабат кезеңінің екінші жартысында минералды тұздарды керекті мөлшерде қабылдамаса, нәрестенің өсіп жетілуіне минералды тұз жетіспейді. Ал минералды тұздар жас нәрестенің сүйектерінің, бекіп қатаюына қажет.

Сондықтан іштегі нәрестеге ананың денесіндегі минералды тұздардың қоры жұмсалып, ана денесіндегі минералды тұздар азайып, анасына зиян келтіруі мүмкін. Атап айтқанда, ананың денесінде болатын минералды тұздардың қоры жұмсала бастаған уақытта, екі қабат әйелдің тістері түсіп, сүйектері босайды. Мұндай жағдай босанып жүрген әйелдердің көбіне мәлім.

Екі қабат кездің екінші жартысынан бастап ащы тамақтарды жемей, ас тұзын кеміту керек, өйткені шөлдеп суды көп ішеді де, денеде су мөлшері көбейіп кетеді. Бұдан кейін нәресте, су егіз болып, екі қабат әйелдің жүріп-тұруы қиынға соғады. Сондықтан тамаққа шамалы тұз салып, тұздалған тағамдарды (балық, колбаса, селедка, т. б.) тіпті жемеу керек.

Тамақты әрдайым бір мезгілде, жиі-жиі, аз-аздан ішу қажет. Тамақты қатты тойып ішсе, қарын керіліп көк етті көтеріп, адамның тынысын тарылтады, жүрек соғуын ауырлатады. Екі қабат әйелдің соңғы айларда күніге 5—6 рет, әрбір екі сағат сайын тамақтанғаны жөн.

Әйелдің бойына бала біткеннен кейін мақтаны жылы суға малып, емшектің ұшын мезгіл-мезгіл жууы керек. Ал бұдан кейін емшекті құрғатып, сүртіп қаймақпен немесе тұзсыз маймен ептеп сылап қойған дұрыс. Мінекей осындай дайындық жүргізілмеген жағдайда нәресте жақсы еме алмай, өзінің қызыл иегімен емшектің ұшын жаралайды.

Екі қабат әйел жеке басының тазалығын сақтауы қажет. Ал ол үшін 2—3 күнде жылы суға түсіп тұру керек. Ваннаға түсуге болмайды, себебі инфекциялар жыныс мүшелері арқылы организмге еніп кетуі мүмкін.

Теріні күте білудің де маңызы зор, жарақатсыз сау тері инфекцияны, микробтарды өткізбейді. Заттар алмасуларынан пайда болатын зиянды заттар (зәр) адам терісіндегі қаптаған тесіктері арқылы термен бірге сыртқа шығады.

Міне, осы айтылған кеңестер дұрыс орындалған да ғана екі қабат әйелдің терісі арқылы ешқандай инфекция өтпейді. Сондықтан екі қабат әйелдер монша мен душқа жиі-жиі түсіп, таза жүргендері жөн.

Қолтық жүнін қырып немесе жұлып тастап, оны сулы салфеткамен сүртіп отыру керек. Емшектің ұшын жылы сумен жуып, сүлгімен сүртіп, созғылап қойса, жақсы болады. Егер тері майлы болса, әртүрлі майлы теріге арналған иіс сабындармен жуып, сүртіп, құрғатып тұру керек.

Кей уақыттарда емшек ұшына жиналған сүт қатып қалады. Егер ол, сумен жуғанда кетпесе, вазелин жағып, таңып тастау керек. Содан кейін ғана өзінен-өзі жұмсарып, түсіп қалады.

Екінші жартыда екі қабат әйел жатар алдында және ертеңгілікте терезенің форточкасын 10—15 минуттай ашып қойып, белуарға дейін шешініп, үйде жүруге немесе төсекте жатуына болады. Бұл процедура адам терісімен дем алып, сонымен бірге емшек ұшы терісінің құрғақ болуына да пайдалы.

Әйелдер өздерінің емшегінің формасын сақтауы үшін емшек тартқыш киюлеріне болады. Ал емшек тартқыш емшектің формасына қарай шақ болуы тиіс.

Егер емшек тартқыш кішкене болса, семіз әйелдердің денесіне батып, емшегін қысып, қолайсыз жағдай тудырады. Кейде емшек тартқыштар болса, теріні қысып жара болуына әсер етеді. Сондықтан емшек тартқыш емшегіне шақ болғаны дұрыс.

Емшек ұштары ішіне кіріп немесе болар-болмас шығып тұрса, оларды ерекше дайындау керек. Ол үшін қолды тазалап жуып, сүрткеннен кейін емшектің ұшын жуып, сүртіп, екі немесе үш саусақтың басымен қысып ұстап тұрып, тартқылап, созу керек. Мұны 2—3 минуттан күніге екі-үш рет жасау керек.

Бұл әдісті босануға бір ай қалғаннан бастап босанғанға дейін жасау керек. Оны алғаш рет дәрігер немесе акушерка көрсетеді, ал содан кейін екі қабат әйелдің өзі жасай береді. Жаз айларында күнге күйген өте жақсы. Емшектің ауырмауы үшін оны ультракүлгін сәулелермен анда-санда емдеп қойған дұрыс.

Міне, осындай ұқыпты күтімнен кейін емшек бездері өздерінің формасы мен сүт шығару қабілетін сақтайды да, түрлі ауруларға қарсы төтеп береді.

Мастит емшектің қабынуы және оның алдын алу профилактикасы.

Босанғаннан кейін емшекке дақ түсірмеу шаралары.

Жас аналарға арналған баланы емізуге байланысты кеңестер.

Жас ана емшегінің күтіміне арналған пайдалы кеңестер.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ