Мектептегі тәжірибе кезінде тізбектелген сабақтар топтамасын өткізуде «Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау» модулін сабақтарыма енгіздім. Мен сабақтарымды жоспарлауда осы модульге көбірек көңіл бөлемін деген шешімге келдім, себебі бұл модуль Бірінші «Бетпе- бет» кезеңінде мені өте қатты қызықтырды. Мен курсқа дейінгі сабақ үдерісінде Қазақстан Республикасында ұсынылған екіден беске дейінгі бағалау лейблін қолданатын едім.Сол кезде көбіне оқушылардың жауаптарын нақты бағалауда қиналатын едім. Мысалы, оқушы жауабы бестік бағаға жетпей, төрттен артық болған кезде қалай бағаласам болады деп қиналатын едім.
Сондықтан салыстырмалы түрде бағалау жүргізетін едім. Бірақ бұл әрекетімнің дұрыстығына кейде күмәнданатын едім. Сол кезде мені әділ бағалауды басқаша қалай жүргізуге болады деген сұрақтар жиі мазалайтын еді. Бірақ менде бұл мәселені шешудің басқа жолы болмағандықтан, сол бұрынғы бағалауымды қолданып жүре бердім. Ал деңгейлік курстың алғашқы бетпе бет кезеңінде осы сұрағыма жауап тапқандай болдым. Сол себепті тәжірибе кезіндегі тізбектелген сабақтар топтамасына «Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау» модульін енгізбек болдым.
Курс барысында «Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау» модулінің бағалаудың ең маңызды модульдердің бірі екеніне көз жеткіздім. Мұғалімге арналған нұсқаулықпен таныса отырып, өзіме көптеген мәліметтер алдым.
Александердің мына ойынан ақ көп нәрсені ұғынуға болады.
Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою арқылы бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында тек қана обьективті немесе жеткілікті дәрежеде обьективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай- ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін -өзі бағалау, қабілеттілік және күш жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады. (МАН 52-бет ).
Осы ойды оқи отырып, бағалау тек техникалық тәсіл емес, баланың дамуына, өзіндік баға беруге әсерінің мол екенін ұғындым.
Формативті және суммативті бағалаудың ерекшеліктерімен таныстым. Бұл бағалаулардың маңыздылығын түсіндім. Әсіресе оқушыны білім алуға ынталандыру үшін формативті бағалаудың ерекше екеніне нақты көз жеткізе алдым. Мұғалім әрдайым оқу үшін бағалау әрекеттері жүргізіп отыру керек.Содан соң ғана нәтижеге қол жеткізіп, оқуды бағалай аламыз.
Және осы тақырыптарды оқып жүрген кезде әріптестерімнің бағалау үлгілерімен таныстым. Осы уақытта табыс критерийін жасауды, оқушыларды бағдаршам түстері арқылы бағалауды үйрендім. Критерий жасап үйреніп, сол төңірегінде бағалап, тәжірибе жинақтадым.
«Оқу үшін бағалау және оқытуды бағалау модулі» бойынша әрбір мұғалімнің бағалау әдістемесін, тек емтиханды өткізуді ғана емес, сонымен қатар неге және кім үшін өткізілетінін білуі керек екенін білдім. (МАН, 52- бет)
Содан кейін осы модуль мені неге қызықтырды, — деп ойланғанымда, мақсаттарым айқындала бастады.
Бұл модульді сабақтарға енгізудегі мақсатым — бұрынғы қолданған қызықсыз бағалауымды өзгерту, жаңашыл бағалау, сумативті бағалау арқылы оқушыларымның алған білімдерін нәтижесін көру, өзіндік бағалауға үйрету, қорытынды шығара білу, формативті бағалау арқылы оқушылардың белсенділіктерін арттыру, ұяң, тұйық оқушыларды ашуым керектігін түсірдім. Осы модульді таңдауыма тағы бір түрткі болғаны нәрсе — дәстүрлі сабақтарда қолданып жүрген бағалау әдістерімнің тиімді емес екендігін курс барысында түсінуім.
Мен осы модульді өз сабақтарыма енгізбес бұрын курстан өткен мектептегі әріптестеріммен кеңесіп, ақылдастым. Мектебімдегі бір әріптесім бағалауды мұқият қолдану керектігін ескертті. Сонымен қатар бағалау жүргізу үшін ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудың маңызы зор екендігін айтты. Сол себепті сабақтарымда тренингтер мен сергіту сәттерін өткізіп, сынып ахуалын жақсартуды жоспарлап, топтық бағалау мен бір -бірін бағалауда жағымды көңіл күй орнатуға тырыстым.
Өзімнің тізбектелген сабақтар топтамамда «Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалауды» модулін негізгі идеясына жүгіне отырып қолдандым. Мен алғашқы сабағымда бағдаршам түстерін былайша қолдандым:
Қызыл түс сабаққа өте жақсы қатысып, барлығына дұрыс жауап берді, жасыл түс сабаққа орташа қатысып отыр, жауаптарында қателіктер бар, сары түс сабаққа қатыспай отыр, жауаптары дұрыс емес. Сары түсті берген кезде, оқушылар мұның нашар баға екенін түсініп сабаққа қатысуға тырысты. Оқу үшін қол белгілерімен, «жарайсың», «өте жақсы», «тамаша» деген сөздермен мадақтадым. Бірінші сабағымда әр сабақтан кейін қол шапалақтатып отырдым. Сол кезде сабақтан соң бір оқушы: бүгін сабақта менің көңіл күйім өте жақсы болды. Ертең тағы да қол шапалақтап, бір бірімізге көмектесіп отыруға болады ма?- деп сұрады. Мен сол кезде тағы да формативті бағалаудың маңыздылығына көз жеткіздім.
Өз есебімде «Оқыту үшін бағалау мен оқуды бағалау» модулінің мәнін көбірек ашқым келді. Әйтседе бағдарламаның модульдері бір бірімен өте тығыз байланысты. Бағалау кезінде оқушылар сыни ойлауға дағдыланады, дұрыс шешім шығаруға үйренеді, бір бірімен әңгімелесуге, пікір алмасуға дағдыланады. Яғни, «Бағалау» модулі «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету», «Оқытудағы жаңа тәсілдер», «Көшбасшы» модульдерімен байланыстырыла жүреді. Ашып айтар болсам, неге бұл бағаны қойдың? не үшін қызыл түсті беріп тұрсың? деген сұрақтар қою арқылы оқушыларды сыни ойлауға жетеледім.
Топ жұмысын бағалатуда көшбасшылар шығып жатады. Топтың жұмысын бағалайықшы дегенімде С деңгейіндегі оқушы қайта-қайта қол көтеріп, мен бағалайыншы деп көшбасшылық танытты. Осыдан ақ, бағдарламаның әр модулін сабақтарда еркін байланыстырып қолдануға болатындығын ұқтым. Сол кезде сабақтың нәтижелігі артатындығын түсіндім.
Бағалау тәсілдері оқытуда қолдануға тиімді. Бірақ кей кезде бұл тәсілдердің барлығы бірдей жақсы нәтиже бере бермейді. Тәсілдерді қолдану алдында жоспарлап, маңыздыларын ғана қолдану керек. Бір сабақта бірнеше әдістерді қолдану сабақтың жақсы өтуіне септігін тигізбей, керісінше кері әсерін тигізеді. Кез келген тәсілді ала беру, соңғы нүктені қоюда қиындық әкеледі.
Оқушылардың өзгеруіне, өзгерісті сезінуде бағалау әдістерінің көмегі көп болды. Сабақтың тартысқа толы өтуі — білімге деген құлшыныстарын оятуға жақсы жағынан әсер етті. Мысалы, «Менің сүйікті — спортшым» тақырыбында өткізген сабағымда оқушыларға бағдаршам түстерін берген кезде олардың тақтадағы критерийлерге қарап, өз бағаларының қандай екенініне қызығушылық танытып отырғандарын байқадым.
Осы күнге дейін тек өзім ғана оқушыларды бағалап келген болсам, бұл сабақтарымда өзін – өзі бағалауға, сыныптастарын бағалауға мүмкіндік туды. Оқушылар бір — бірін бағалай отырып өз білімдерін де тексеріп, толықтырып отырды.Мәселен С деңгейіндегі оқушы көршісінің жұмысын тексерген соң, «Менің жұмысымда да, осы қателіктер болды» деп айтып жатса, А деңгейіндегі оқушы «Менің көршім каратэ туралы жазған, менде каратэ туралы көп мәлімет алдым» деді.
«Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау» модулі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятты, өздерінің қай деңгейде тұрғандарын анықтауларына септігін тигізді. Мысалы, оқушылар сабаққа келген кезде жақсы көңіл күймен келіп жатты. Және бағалау жүргізгенде түстерге, шаршыларға, смайликтерге қарап «мен де бес, төрт» деп өз деңгейлерін біліп отырды.
Бағалау модулін сабақта қолдану тиімді, ең бастысы балалар үшін қызықты, жаңа дүние, күнделікті бағаны неге, қалай алғандарын біліп отырады.
Бұл модуль бойынша әдіс тәсілдердің сабақ нәтижесін көрудегі ықпалы зор. Бұл әдіс тісілдер оқушылардың ашылуына, бір біріне сене білулеріне өз әсерін тигізді. К есімді ұяң оқушым сабақтарда өз ойын ашып айта алатын болды. Достарымен еркін сөйлесіп отырғанын көрдім. Бір бірін бағалатуда топтастарына еш қиындықсыз жұмыстарын беріп жатты.
Қолданылған әдіс тәсілдердің барлығы бірдей тиімді болды деп айтпас едім. Өйткені мен бұл модульді сабақтарыма енгізсем де, барлығын толық меңгеріп кеттім деп айта алмаймын Сол себепті кей сабақтарымда өзім күткен нәтижелер болмады. Әрине, менің 100% нәтиже күтуім де дұрыс емес еді. Бір айлық тәжірибе барысында жоғары нәтижеге жету мүмкін болмайды. Алайда, бір оқушының ашылуына жаңа бағалауымның септігі тиді. Себебі оқушыны сабаққа күштеп емес, өз қалауы бойынша оқуға тарта алдым.
Мысалы, А деңгейіндегі оқушы сабаққа өте жақсы қатысатын болды. Ол оқушының бойында өзіне деген сенімділік пайда болды. Жауаптарын қорықпай айтып отырды. Мұғалім ғана емес, өзі де, топтастары да бағалайтыны оған өте жақсы әсер етті. Өзін бір сыныптасы бағалаған кезде «Мені неге бұлай бағаладың, мен ұлттық ойын туралы өз сөзіммен жаздым ғой деп дәлелдеме келтіріп жатты.
Мен бұл модульді қолдана отырып, оқушыларды сабаққа ынталандыра алдым, бағалау түрлерін түрлендіре отырып , еркін бағалау жұмыстарын жүргіздім.
Тізбектелген сабақтар топтамсында формативті бағалау
Тізбектелген сабақтар топтамсында формативті бағалауды жиі қолдандым. Алғашқы сабағымда қол шапалақтатып шабыттандырып, ынталандырып отырдым. Келесі сабақтарымда мадақтау сөздерімен ғана шектелгенімді сабақтарымды өткізгеннен кейін ғана байқадым. Енді болашақта формативті бағалауды түрлендіруім керек. Бірінші «Бетпе — бет» кезеңінде үйренген формативті бағалауларды қолданғым келді. Бірақ менің бойымда бұлардың барлығына үлгере алмай қалармын деген қорқыныш болды. Сондықтан да жеңіл түрлерін алып, бар күшті суммативті бағалауға салдым. Бірақ болашақта «Құрмет тақтасы», «Бағалау терезесі», «Даму шеңбері» сияқты формативті бағалау түрлерін сабақтарымда қолдану — алға қойып отырған негізі мақсаттарымның бірі болып отыр.
Қашанда жақсы нәтижемен қатар кемшіліктер жүреді емес пе? Менің сабақтарымда да кемішіліктер орын алды. Бірінші сабағымда оқушылар үй жұмысы бойынша бір — бірін өте жақсы деген бағамен бағалап, «қызыл түс» беріп жатты. Оқушыларға неге қызыл түсті беріп жатырсыңдар?- дегенімде олар : ұлттық ойын туралы жазды, бәрін дұрыс жазды,- деп жауап берді.
Берілген жауаптардың мұқият тыңдалмағандығы айқын көрініп тұрды. Себебі, бір оқушым бағалау кезінде қасындағы жұптасының қандай ойын туралы жазғанын қайталап айтып бере алмады. Бұл жерде оқушылар бір — бірін әділ бағалай алмады, бір — бірінің көңілдеріне қарады. Мені ол қандай түспен бағаласа, мен де сондай түспен бағалауым керек деген ой басым болды. Олар бір — бірінің қателіктерін іздеуге тырыспады, қателікті көріп тұрса да байқамады. Мұның себебі, бұрынғы дәстүрлі сабақтарымда балаға бағалау жауапкершілігі артылған жоқ.
Оқушылар бірден мұндай өзгеріске дайын емес еді. Оқушылар үшін бұл жерде бағалау емес, қандай да болса жауап маңызды болды. Бұл жерде мен дәстүрлі сабақтарымның кері әсерін байқадым. Осы күнге дейін өзім де оқушы жауап берсе жақсы баға қойып жүрдім, ал қазір оқушы оқып, біліп қана қоймай оны қолдана алу керектігін түсіндім.
Оқушыларға бірінші сабағымды бұл идеяны нақты жеткізе алмадым, солсебепті бағалаудың қорытындысы нәтижесіз болды. Екінші сабағымда шаршыларды қолданып бағалағанымда, оқушылардың бір — бірін әділ бағалай бастағанын байқадым.
Үй жұмысын бағалауда М деген оқушы өз тобындағы 2 оқушыға жұлдызша, Р деген оқушыға төртбұрыш берді. Сен неге бұлай бағаладың деп сұрағанымда, «Оның сөйлемдерінде қателіктер бар»,- деп жауап қайтарды. Бағалау барысынд оқушылар қателіктерді іздеуге тырысты. Бірақ, топ жұмыстарын бағалағанда тағы да тек 5 бағалар қойылды. Барлығының жауабы: «жақсы айтты, жақсы жазды» дегенмен шектелді.
Бұл бағалау кезінде менен де қателік кетті. Өйткені, мен алдын ала әркім шаршыларын өздерінде сақтаулары керектігін ескертпедім, Оқушылар соңында кімде қанша бар екендігін анықтай алмады. Сол себепті топты өзімнің бағалауыма тура келді. Бірақ топты бағалауда мен оқушыларға әділ баға қоя алмадым.
Себебі, бір оқушы көбірек жақсы жауап берсе де оның бағасы төрт болды, ал басқа топтағы оқушылары «өте жақсы» деген баға алды. Себебі, топтың ішіндегі оқушыларды бөліп тастай алмадым. Менің осы уақытта тәжірибем аз болғандықтан мәселенің басқа шешімін таба алмадым. Топтағы оқушыларды жабырқатып аламын ба деген ойдан шыға алмай қалдым.
Төртінші сабақта критерийлер арқылы бағалаған кезде, оқушылар өздерін әділ бағалай алатын болар деп ойлағанмын. Бірақ күткен нәтижеме жете алмадым. Үй жұмысын өз сөздерімен айтпаса да, өздеріне үш деген балл қойған оқушылар болды. Осы жерде мен оқушылардан әділдікті талап ете алмадым. Критерийлер тиімсіз болып қалды, себебі оқушылар өздерін жоғары бағалады.
Мұның себебі, орыс сыныбы болғандықтан кейбір оқушылар критерийлердің аудармасын толық түсіне алмады. Олар сабақ соңында менен келіп аудармасын сұрап жатты. Осы бағалауда оқушылардан ауызша сұрауды ескермей қалдым. Критерий арқылы бағалаған кезде А деген оқушы мәтінді өз сөзімен әңгімеледі. Бірақ, осы жерден байқағаным осы оқушым өзін 3 деген балмен емес 2 деген балмен бағалады.
Осы модульді енгізу барысында оқушылардың пікірлерін нақты, толық ести алмадым. Кейде олар өз сөздерін дәлелдеп айта алмады, бір ауыз сөзбен ғана шектеліп отырған кездер де болды. Мұның басты себептері :
— оқушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойларын жеткізе алмауы;
— бірін — бірі ренжітіп аламын ба деп қорқуы;
— бағалаудың әділ болу керектігін жетік түсінбеуі;
«Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау» модульін енгізудегі басты кедергім осы себептердің салдарынан болды.
Осы жіберілген қателіктерімді саралай отырып, болашақта мынадай жұмыстар жүргіземін:
— алдымен ауызша сөйлеуге оқушыларымды бейімдеймін;
— неге? не үшін? сұрақтар төңірегінде әңгіме жүргіземін;
— айтқан әр сөздерін дәлелге сүйене отырып айтуға дағдыландырамын;
— психологтармен ақылдаса отырып психологиялық тренингтер жүргіземін;
-дұрыс нұсқау беруге тырысамын
Мектептегі тәжірибе кезінде теориялық білімімді, үйренген әдістерімді, әріптестерімнен алған идеяларымды қолдана отырып, өз білімді толықтырдым, жіберген қателіктерімді саралап, рефлексия жасауға тырыстым.
Болашақта, осы модульді енгізу барысында ұтымды шыққан әдістерді әрі қарай жетілдіре отырып, тиімді қолданатын боламын, кемшілік жіберген жерлерін жақсартуға тырысамын; оқушылардың бір — бірін әділ бағалауларына қол жеткіземін; тиімді критерийлер арқылы бағалауды өз сабақтарыма нақты енгіземін; бағалау кезеңдерін мұқият ойластыратын боламын.
Мен болашақта «Бағалау» модульін қолдана отырып, табыс критерийлерін әрі қара жетілдіргім келеді. Бір емес бірнеше нұсқауда критерийлерді жасақтап жинаймын. Осы курстан өтіп келген әріптестермен біріге отырып критерийлердің үлгілерін жазып шыққым келеді.
Мен бұл бағдарламаға дейін оқушыларды тек мұғалім ғана бағалайды деп білетінмін. Бағдарлама идеясынан түсінгенім бойынша қазіргі талапқа сай бағалау мынадай болуы қажет деген ойға келдім: қойылған баға түсінікті, нақты, болуы керек; оқушының психологиясы, жас ерекшелігі ескерілуі керек, бағалаудың екі түрі, яғни оқу үшін бағалау да оқуды бағалау да қолданылуы қажет.
Бағалау, соның ішінде әсіресе бір — бірін бағалау, сыныптастарын бағалау оқуда өзінің әрі қасындағы досының қай деңгейде тұрғанын көретін бірден — бір құрал болды. Оқушыларға «Сенің жазғаның дұрыс емес, жауабың қате»,- деп оқушыны жабылған үстінен жаба бергеннен гөрі, оны ынталандыру сабаққа да, алдағы нәтижесіне де көп септігін тигізеді. Мен осы модульді сабақтарыма енгізе отырып, оқушыларымды басқа бір жағынан өзгерте алдым деп ойлаймын.
Өте жаксы жазылған, пайдалы,кажетти макала.Жумысын табысты болсын.
оқырман дұрыс айтады. мұғалім үшін өзекті мәселелердің бірі. пайдалы ақпарат болды
Мұғалімдерге көмек болатындай мәліметтермен бөліскендеріңізге рахмет.
Мақала авторының ойы оралымды жеткізілген, өз ісінің шебері екені көрініп тұр. Дәстүрлі бағалау барысында осы кезге дейін барлық мұғалімді толғантқан сұрақтардың жауабын нақты көрсете алған. Табысты еңбектің шыңынан көріне беріңіз!
Мұғалім есебі керемет өз сөзімен жазылған.Мұғалімдерге көмек болатын мәліметтермен бөліскеніңізге рахмет.Өз жұмысыма бағыт бағдар алдым.Жұмысыңызға табыс тілеймін
Мақала авторы бұл үдерісті өзінің өн бойынан өткізе отырып жазғаны байқалады.Бағалау модулі көптеген ұстаздарымызды ойландырып жүрген мәселе.Алдағы уақытта өз тәжірибеңізбен кеңірек таныстырып отырсаңыз жақсы болар еді.РАХМЕТ.