Спортшы мұғалім

«Егер сен тәнді шынықтыру, ерік – жігерді
шыңдау, жүректі ізгілендіру, ақыл – ойды
жетілдіру және сана – сезімді теңестіру
әдістерін білетін болсаң – онда сен нағыз
ұстаз, тәрбиешісің».
Летурно

Жақсы жанның ізгілік қасиетін, өзгенің жан сарайын жадыратар жақсылығын сөз етсем, адамгершілік риясыз қасиеттерін тарата айтсам, шәкірт тәрбиелеудегі төгілген ащы тері мен сол тердің нәтижесінде келген жүлделі жеңістерін жазсам, ол бүгінгі оқырман үшін де, өскелең жастар үшін де үлгі өнеге болары хақ.

Ұлы Абайдың даналықпен айтқан «Бала – балқыған қорғасын» деген зерделі ойы осы жанның шәкірт тәрбиелеудегі ұлы ұстанымы ма деп қаламын мен кейде.

Өйткені бүгінгі менің әңгімемнің кейіпкері — шәкірт тәрбиелей отырып, олардың әдемі мінез — құлқын, кесек бітім – болмысын, өмірге деген суйіспеншілігі мен көзқарасын, терең дүниетанымын қалыптастырып, болашағына жарқын бағдар беріп, өмірден өз жолдарын адаспай табуға бірден бір ықпал етіп, шәкірттерінің алғысы мен құрметіне бөленіп, олардың жан дүниесін өзінің ең жоғарғы адами болмысымен жаулап алып, тәрбиелеген шәкірттерінің жүрегінде: тек «Біздің Дархан ағай!», «Біздің ағай!», «Біздің ағай керемет!» деген тамаша теңеулермен ұлығыланатын ардақты ұстаз.

Дархан Зейноллаұлы Қосдаулетов Жасқайрат деп аталатын шағын ауылда ұстаздар отбасында дүниеге келіп, туған топырағында асыр салып ойнап, осы ауылдағы Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінде білім алып, Гурьев педагогикалық институтының денешынықтыру бөлімін аяқтап, өзі тәлім алған білім ошағына ұстаз болып оралып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы бір қасиетті де киелі мамандық шәкірт тәрбиелеуді өз өмірінің басты мақсатына айналдырып алғалы да 26 рет алғашқы қоңырау мен соңғы қоңырау үні соғылыпты.

мұғалім жайлы.Осы ширек ғасыр уақыт ішінде ұстаз алдына келген мыңдаған шәкірттің санасына тәрбие мен білім деген егіз ұғымды қатар сіңіріп, томағасын түріп, үлкен өмірге жолдама беріп, сәт сапар тіледі. Осы жылдар ішіндегі ағайдың тәрбиелеген шәкірттерінің қол жеткізген табыстары өз алдына бір төбе болады.

Атап айтсам, 2009 – 2010 оқу жылында «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына» орай, мектеп оқушыларының аудандық спартакиадасында волейболдан ұлдар командасы І орын, қыздар командасы ІІ орын алған.

2010 жылы «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен облыстық мектеп және колледж оқушыларының Ү жазғы спартакиадасында ұлдар командасы І орын және облыстық спартакиаданың «Үздік ойыншысы» атағын Б. Мадияров иеленді.

2011 – 2012 оқу жылында «ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығын» насихаттауға арналған жасөспірімдер арасындағы аудандық біріншілікте волейболдан ұлдар командасы І орынды иеленіп, облысқа жолдама алды.

Әр кезеңде ұстаздың есінде ерекше қалатын, жанына жақын, жақсы шәкірттері болады ғой. Ағайдың сондай шәкірттерінің бірі Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінің 1999 жылғы туылған, биылғы түлектері. Олардың ішінде волейболдан қыздар командасы. Осы оқушыларды алғаш 5 – сыныпқа келгенде ағай денешынықтыру пәнінен дәріс беріп, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, волейбол ойнаудың, доп ұстаудың қыры мен сырын меңгертті, ережесін үйретті, тәрбиеледі.

Үлкен жеңіске жету жолында уақытпен санасу дегенді білмеді, талай тер төгілді. Спорт зал сәл босай қалса оның ішінде 7-8 қыздың ортасында допты олай да бұлай соғып, ала допты ұршықша иіріп ағай жүретін. Ер адамға қыз балалармен жұмыс жасау үшін үлкен жүректілік пен асқан нәзіктік керек шығар. Әйтеуір ағайдың тәрбиелеген осы қыздары ұстаздарын ата – анасынан да артық көретін.

Ағайдың айтқаны — олар үшін бұлжытпай орындайтын заң. Осындай ұстаз бен шәкірттері арасында тереңге тамыр тартқан үлкен достық орнады. Нәтижесінде шәкірттерінің ұстазға деген сенімі мен құрметі артты. Ұстазы қыздарды спортты сүюге, соның ішінде волейбол ойынын меңгеруге ынталандырды. Сондай ақ, ала доп сол қыздардың жанына серік болды десем, артық айтқандығым емес. Оқушыларды дайындыққа уақытында келтіру арқылы олардың бойында үлкен жауапкершілік қалыптастырды. Жүйелі жүргізілген жұмыс пен тынымсыз жаттығулардың нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.

Ал биылғы жыл Дархан ағай мен оның қыздарының жұлдызды жылы деуге әбден лайық. Өйткені 2015 – 2016 оқу жылында «Біз нашақорлыққа қарсымыз» ұранымен аудандық біріншіліктің екі дүркін жеңімпазы болып облысқа жолдама алды. (Түрлі себептермен облыста жарыс болмай қалды.)

Осы жылы аудандық оқушылар арасындағы спартакиадада қыздар командасы волейболдан І орын алып, бұл командаға аудан мектептерінің ешбірі бәсекелес бола алмады және осы жарыстың «Үздік ойыншысы» атағын команда капитаны Н.Шелбай иеленді. 2016 жылы 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған аудандық біріншілікте ағайдың осы қыздары тағы да жеңіс туын желбіретті.

Ал 2016 жылдың 23 – 31 наурыз аралығында өткен облыстық ҮІІІ спартакиададан тағы да І орын иеленіп, ауданымыздың, мектебіміздің атағын шығарып, абыройын асқақтатты. Әр жарыс жолына аттанар алдындағы ағайдың ұстанымы, яғни айтатын сөзі: «Арық сөйлеп, семіз шық.»

Сайысқа шығар сәтте ағай қыздарын үнемі қанаттандырып, жақсы сөзбен жігерлендіріп, мерейлерін өсіріп, мадақтап отыруды әдетке айналдырған. «Осы сайыста жеңсеңдер, бәріңе бір – бір сникерс» — деп қолпаштап отыратын ұстаздары қыздары аудандық сайыста І орынды жеңіп алып, облысқа жолдама алғанда: «Бұл жолы сникерс емес, сірне» дейді.

Және айтқанын екі етпей, қыздарын үйіне шақырып, бала деп емес дана деп қарап, жеңістеріне риза болып қонақ етіп, сырласып, болған ойынның қызығы мен шыжығын әңгімелеп, сірнемен сыйлағаны атына заты сай ағайдың қазақтың кең даласындай дархандығы мен ұстаздық ұлылығы емес пе!?

Дархан ағайдың сенімінен шығып, мектеп абыройын ауданда асқақтатқан, ауданның мәртебесін облыста жалаулатқан кешегі түлектер бүгінде өздері қалаған мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атанып, ағайларының мерейін тағы да бір тасытты.

Олар Қоныс Ақбаян Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы ҚҰТЗУ – дың грантын иеленді. Серік Әсем — Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы ҚарМУ – дің заң факультетінің студенті, Шелбай Назгүл — Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы университеттің заң факультеті студенті, Қуат Мөлдір – Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің студенті атанса, Г.Ығылман, Ш.Мұратқызы, Б.Нығыметоллақызы, І.Мұхтар өз қалауларымен Атырау қаласындағы колледждердің студенті атанды.

Дархан ағай мектепте шәкірт жүрегінен жол тапқан нағыз ұстаз болса, отбасында ардақты әке, асыл жар. Осындай жаны жайсаң жанның бабын келтіріп, бағын ашып, ошағының отын жағып отырған Құралай апайдың да еңбегін атап кеткен артық емес. Ағай мен қыздарды жарыс жолына аттандырып салып, олардың жеңіспен келетінін алдын ала біліп отыратын көрегендігі мен асқан сабырлылығы ол кісінің бойына ғана жарасатын қасиет.

Дархан ағай мен Құралай апайдың отбасында бүгінде желкілдеп өсіп келе жатқан тұңғыштары Айзада Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы университеттің психология факультетінің 3 курс студенті болса, Тілекші мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Ал кенжелері Тілеухан балабақшада.

Орыс жазушысы Лев Толстой «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» дегендей, ата – ана үшін де баласының бабын келтіріп, бақытты бала болуына септігін тигізген, тәлім берген ұстаздың орны әрқашан биікте болары сөзсіз. Өйткені олардың бойында Дархан ағайдың берген тәлімі мен тәрбиесінің ұшқыны жатқаны ақиқат.

Бақыттың үлкені — өзіңді – өзің тану десек, ұстаз өзін – өзі қай уақытта таниды дер едің? Ұстаз алдындағы өзі қанаттандырып, томағасын түрген шәкірттерінің қияға қанат қағып, өмірдің қатпары мол сан тарау жолынан өз орнын адаспай тапқан жетістігін көргенде өзінің кім екенін таниды.

Пікірлер6
  1. Гульмира

    Бала бакыты жаксы устаздын колында .Дурыс айтылған. Керемет.

  2. Хожа Балданай Жанатқызы

    Балалардың бойында салауатты өмір салтын сақтау, дені сау, рухы таза ұрпақ тәрбиелеуге, балаларға спорттық мереке арқылы ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыруға, ептілікке, шапшаңдыққа, батылдыққа баулуға арналған мақала екен, рахмет.

  3. Асемгул

    Дене шынықтыру сабағына керекті жерлерін қарадым!

  4. Aknur

    бұл мақаланы жазған бала спортты жаны сүйетін, өзінің Дархан есімді ағайын қатты сыйлайтыны көрініп тұр. спортпен шұғылдану барлығымызға ұнайды. мектеп кезінде де дене шынықтыру сабағы болса бәріміз қуанатын едік қой.

  5. Алия

    Мұғалім-Ана,Мұғалім-спортшы, Мұғалім — аспаз. Кереметпіз ғой шіркін

  6. Әлибек

    Мақаладан аларым көп. Осындай мақалалар жарияланып отырса жақсы болар еді

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ