Қан жүйесі туралы не білеміз

 қан

Мазмұны:

Қан дегеніміз не?

Қан айналу

Қан қысымы

Қанның ақ түйіршіктері — лейкоциттер

Қанның қызыл түйіршіктері — эритроциттер

Қан тамырлары

Резус-фактор

Қан тобы

Қан ұюы

Қан дегеніміз не?

Егер байқамай қалып, саусағыңды кесіп алсаң немесе жарақат алсаң, сол жерден қан шығады. Қан адам ағзасындағы тіндердің бірі, бірақ ол ерекше тін — сұйық тін. Өзінің қасиетіне қарай, қан адам денесінің барлық мүшелері мен бөліктерінде кездеседі. Егер қанды түтік шыныға құйып қойсақ, біраз уақыттан кейін сары түсті сұйықтық пен қызыл тұнбаға айналғанын көреміз.

Бұдан біз қанның неден тұратын анықтаймыз. Сары түсті сұйықтық — плазма, ал қызыл тұнба — кішкентай қан түйіршіктері — қанның клеткалары. Қан клеткаларының ішіндегі қызыл түйіршіктер — эритроциттер , ақ түйіршіктер — лейкоциттер , кішкентай қан талшықтары — тромбоциттер , деп бөлінеді. Плазманың 90 пайызы су, онда қан клеткаларынан басқа белоктар мен тұздар болады.

Қанның 55 пайызы плазмадан, 44,55 пайызы эритроциттерден, ал 0,45 пайызы лейкоциттер мен тромбоциттерден тұрады. Тірі ағзада қан үнемі қозғалыста болғандықтан, оның құрамдас бөліктері әрдайым бір-бірімен араласып жатады, сондықтан қан біркелкі сұйықтық түрінде болады. Қан қан тамырлары арқылы біздің ағзамыздағы барлық мүшелер мен тіндерге ағып өтіп, оларға оттекті, қоректік заттар және гормондарды жеткізеді.

Қан тіндерді көмірқышқыл газы мен басқа зат алмасу өнімдерінен босатады. Сонымен қатар қан ағзаға бөгде заттардың түсуінен және ауру тудыратын бактериялардан қорғайды. Осы қанның арқасында біздің денеміздің барлық бөліктерінде бірдей және тұрақты температура сақталады. Салмағы 50 килограмм болатын адамның қан тамырында 5 литрге жуық қан айналады. Қызыл сүйек кемігінде, көкбауырда және лимфа түйіндерінде әрдайым қанның клеткалық бөліктерінің жаңаруы болып тұрады.

Қан айналу

Қан адам ағзасында үнемі қозғалыста болады. Олардың ағу жылдамдығы өте жоғары, бүкіл қан бар-жоғы 23 секундта денедегі бар қан тамырларынан ағып өтеді. Қанның ең негізгі атқаратын қызметінің бірі — өкпеден алып шыққан оттекті ағзадағы барлық тіндерге жеткізу. Бұл процесс қан айналу жүйесі арқылы іске асады.

Қан айналу жүйесінде — кіші немесе өкпелік қан айналу шеңбері және үлкен немесе жүйелік қан айналу шеңбері ажыратылады. Кіші қан айналу шеңбері оң жақ жүректен басталып, қан өкпе артериясы, ұсақ тамырлар (капиллярлар) және төрт өкпе венасы арқылы сол жақ жүрекке келіп құяды.

Кіші қан айналу шеңберімен аққан қан өкпеде көмірқышқыл газынан тазарып, оттекпен қанығады. Үлкен қан айналу шеңбері сол жақ жүректен басталып, қолқа артерия тамырларына тармақтала келіп, ұсақ тамырлар түзеді. Осы ұсақ тамырларға келген артерия қаны өзінің құрамындағы оттектің біраз бөлігін тіндерге беріп, оның орнына зат алмасу процесінің нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газын сіңіріп, вена қанына айналады. Осы қан вена қан тамырлары арқылы оң жақ жүрекке келіп құяды. Міне осыдан кейін қан айналу қайтадан басталады.

қан айналым

Қан қысымы

Қан қан тамырлары арқылы белгілі бір қысыммен ағады. Кейде қан тамырыңды жарақаттап алсаң, қанның жарадан қалай аққаның тіпті фонтанша атқылағанын көресің, яғни бұл қанның қысымның әсерінен ағуы. Жүрек насос сияқты жұмыс жасап, қанды артерияға қарай итереді, соның нәтижесінде қан тамырларында қысым пайда болады.

Негізгі артерияда қан қысымы жоғары, жіңішке артерияларда қысым төмен, ал венада өте төмен болады. Қан қысымын арнайы аспап — тонометрмен өлшейді. Адамның қалыпты жағдайдағы қан қысымы, жүрек жиырылғанда — 120 миллиметр сынап бағанасына жуық, ал жүрек босаңсығанда — 70 миллиметр сынап бағанасындай болады.

Қарт адамдардың қан тамырларының созылғыштық қасиеті төмен болғандықтан, оларда қан қысымы жоғары болады. Кейде жас адамдардың да қан қысымы қалыпты мөлшерден жоғары болуы мүмкін, ондай жағдайда бұған гипертония ауруының белгісі деп қарау керек.

Қанның ақ түйіршіктері — лейкоциттер

Біздің денеміз ағзаға түскен инфекциямен күресе алады. Ол үшін адам денесінде миллиондаған ерекше клеткалар бар. Оларды — қанның ақ түйіршектері немесе лейкоциттер деп атайды. Қанның құрамында лейкоциттер, қанның қызыл түйіршіктері — эритроциттермен бірге жүреді. Бірақ эритроциттерге қарағанада, лейкоциттердің көлемі үлкен және өздігінен қозғала алады.

Біздің ағзамызға ауру тудыратын микроб түссе болды, сол сәттен бастап, лейкоциттердің олармен күресі басталады. Бір сөзбен айтқанда, лейкоциттер микробтарды біртіндеп жұта бастайды. Міне, осы құбылыс фагоциоз деп аталады. Ағзада лейкоциттер 200 күндей тіршілік етеді және осы уақыт ішінде өте көп жұмыс атқарады. Олай дейтініміз бір лейкоцит ондаған мың микробты жойып жібере алады. Біздің денемізде отыз миллиардтан астам лейкоцит бар.

Бірақ, олардың күн сайын алтыдан бірі өз тіршілігін жойып отырғанымен, оның орнына соншама жаңа лейкоциттер пайда болады. Жаңа лейкоциттер сүйектің қызыл кемігінде (лейкоциттер дән түрінде кездеседі) немесе лимфа түйіндерінде (дәнсіз түрлері) жетіледі. Қанның ақ түйіршіктері біздің денемізде үнемі қозғалыста болып, өз жұмысын белсенді түрде атқарады. Егер ағзаға түскен микроб өте көп болса, лейкоциттер оларды жою кезінде, өздері де өледі. Микробты ұстаған, тірі лейкоциттер мен өлі лейкоциттер ағзада ірің түзеді.

Қанның қызыл түйіршіктері — эритроциттер

Эритроциттер өте кішкентай клеткалардың бірі, сондықтан оларда ядро да болмайды. Қанның бір куб сантиметрінде бес миллион эритроцит кездеседі. Олардың пішіні ортасынан қысылған, кішкентай дискіге ұқсайды. Олардың диаметрі миллиметрдің жеті мыңнан бір бөлігіне де жетпейді. Эритроциттер негізінен өкпедегі оттекті ағзаның барлық тіндеріне жеткізу қызметін атқарады.

Ал қан кері қарай аққанда, өкпеде көмірқышқыл газының алмасуына қатысады. Эритроциттер оттекті өкпе капиллярларынан (уақ тамырлардан) алады. Оның себебі, капиллярлар мен эритроциттердің диаметрінің көлемі бірдей, сондықтан олар бір-біріне жақындағанда, оттек капиллярдан эритроцитке оңай өтіп кетеді.

Эритроциттің құрамына енген оттек, бірден оның қызыл пигменті — гемоглобинмен байланысады. Гемоглобин — оттекті тасымалдап қана қоймайды, ол сонымен қатар құрамында темірі бар, күрделі белок. Эритроциттің және адамның жалпы қанының қызыл болуы да осы гемоглобинге байланысты.

Ол тек қанды қызыл түске бояп қана қоймайды, сенің мүшелеріңе оттекті тасымалдайды да, өзіне көмір қышқыл газын сіңіріп алады. Осылайша сенің өкпеңді таза оттекпен қамтамасыз етеді. Қанның 1 литрінде 165 грамм гемоглобин болады. Ал ересек адамның бүкіл қанының құрамында оның мөлшері — 175 грамм. Егер ағзада гемоглобин жетіспесе, ол қаныаздық деп аталады. Мұны ағзада оттектің жетіспеушілігі деп түсінген жөн.

Эритроциттердің тіршілік ету мерзімі онша ұзақ емес, олар 3—4 айдай ғана өмір сұріп, көкбауыр мен бауырда ыдырайды. Ыдыраған эритроциттердің орнына сүйектің қызыл кемігінен жаңа эритроциттер келіп түседі. Эритроциттердің құрамында ядро болмағандықтан олар бөлінбейді.

қан құрамы

Қан тамырлары

Біздің денемізде күрделі жүйесі бар ерекше түтікшелер орналасқан. Осы түтікшелер — қан тамырлары деп аталады. Егерде біз осы тамырларды бір түзу сызықтың бойына жинасақ, онда оның ұзындығы 150 000 километрді құраған болар еді. Бұл Жер шары шеңберінің ұзындығынан үш жарым есе көп деген сөз.

Қан тамырлары жүрекпен қосылып, ағзадағы қан айналу жүйесін құрайды. Біздің денемізде қан тамырлары енбеген жер жоқ, өйткені солар арқылы ағзаның барлық мүшелері мен тіндеріне қан барады. Қан тамырларының екі түрі бар. Біріншісімен оттекке қаныққан, жүректен шығып, дененің барлық бөлігіне баратын қан жүреді. Оны артерия қан тамыры деп атайды.

Екінші түрі қанды мүшелер мен тіндерден жүрекке апарады. Мұндай қаннан ағзаның тіндері өздеріне қажетті оттекті алады да, оның орнына қанды көмірқышқыл газымен қанықтырады. Мұндай тамырларды — вена қан тамыры деп аталады. Артерия және вена қан тамырлар жүйесі бір-бірімен өте ұсақ тамырлар — капиллярлармен жалғасады. Қан тамырларының ұзындығы ғана емес, олардың жалпы ауданына да қайран қаласың. Себебі, олардың алып жатқан жалпы ауданы — 9000 квадрат метр, бұл — екі футбол алаңының ауданы.

Резус-фактор

Хайуанаттар паркіне барып, маймылдар павильонын аралап жүргенде, міндетті түрде “макака резус” деген жазуды оқисың. Бұл — кішкентай, құйрығы ұзын, тар танаулы маймылдардың бір түрі. Олар Азияда, Африкада және Еуропада тіршілік етеді. 1940 жылы австриялық дәрігер К.Ландштейнер адам мен макака маймылының қанынан ерекше белоктық зат тапты.

Оны маймылдың атымен — резус-фактор деп атады. Зерттеулердің нәтижесінде адамдардың 85 пайызының қанында резус-фактордың болатыны, ал қалған 15 пайыз адамдардың қанында оның болмайтыны анықталды. Сондықтан қазір адамдардың қанын екі топқа бөледі: оң резус- факторлы қан, теріс резус-факторлы қан.

Қан құярдың алдында адамның қанының тобын ғана емес, сондай-ақ, қан беруші адамның да (донор) және қан құятын адамның да (реципиент) қанының резус-факторын да анықтайды. Өйткені, теріс резус-факторлы қаны бар адамға, оң резус- факторлы қан құюға болмайды.

Қан тобы

Егер адам ауыр жарақат алса немесе әр түрлі аурулардың әсерінен көп қан жоғалтса, ауруханаларда ондай адамдарға жоғалған қанның орнын толтыру үшін донор қанын құяды. Қан құятын адамды — реципиент, ал қан беретін адамды — донор деп атайды. Құятын қанды дәрігерлер әбден тексеріп алады.

Ең бірінші донор қанының тобы науқас адамның қан тобымен сәйкес келуі керек. Олай болмаса, құйылған қан науқас адамның қан тамырларында ұйып қалады да, ауру адам өліп кетеді. Қан топтары туралы алғашқы деректер 19-ғасырдың аяғында пайда бола бастады. 20- ғасырдың басында австриялық ғалым Карл Ландштейнер мен чех дәрігері Ян Янский адам қанының эритроциттері мен плазмасынан ерекше белокты заттарды тапты.

Олар осы заттардың құрамына қарай, қанды төрт топқа бөлді. Бірінші топқа жататын қанның құрамында бұл заттар болмаған, сондықтан олар — 0(І) формуласымен белгіленеді. Екінші топты — А(ІІ), үшінші топты — В(ІІІ), ал төртінші топты — АВ(ІV) формулаларымен белгіленеді. Әр адам өз қанының тобын тұқым қуалаушылық жолымен — ата-анасынан алады және ол өмір бойына өзгермейді.

Осы қан топтарының ішінде ең жиі кездесетіні — I және II қан топтары, олардың бүкіл адамзат әлеміндегі үлесі — 36 пайыздай, III қан тобы — 22 пайыздай, ал ең сирек кездесетін — IV қан тобы, оның алатын үлесі — 7 пайыз.

Қан ұюы

Егер құлап тізеңді жарақаттап немесе саусағыңды кесіп алсаң, сол жерден қан ағады. Біраз уақыттан кейін аққан қан өзінен өзі тоқтайды. Жарақаттың бетінде қатып қалған қан пайда болады. Кейін ол қатпарланып, жара сол қатпардың астында қалады да, біртіндеп жазыла бастайды.

Қанның қатып қалуы — оның ең маңызды қасиетінің бірі — ұюды көрсетеді. Жара- қаттанған жерден қан шығысымен- ақ, онда күрделі химиялық процестер жүреді. Соның нәтижесінде қан жабысқақ, қоймалжың массаға — ұйыған қанға айналады.Егер осы ұйыған қанды микроскоппен қарасақ, онда көптеген жіңішке талшықтарға оратылып, ұйысып жатқан қан клеткаларын көруге болады.

Осы ұйысқан қан клеткалары қан шыққан жерді желімдеп, ары қарай қанның ағуына кедергі жасайды. Қан кейбір ауруларда қан тамырларынан шықпай жатып, ұйып қалатын кездері де болады. Мұндай жағдайда ұйыған қан, тығын сияқты қан тамырын жауып қалады. Бұл адам өмірі үшін өте қауіпті.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Лейкоз немесе ақ қан ауруының белгілерімен сипаттамасы.

Тромбоциттер дегеніміз не?

Қаназдық немесе анемия сипаттамасы және оның түрлері.

Жүрек-қан тамыр аурулары

 

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер5
  1. Гүлсая

    қан адам ағзасында үнемі қозғалыста болады

  2. Әлия

    Резус- фактор жайлы 1-ші рет естідім .

  3. Эльвира

    Рахмет, кең түрде жазылған екен!

  4. Айдана

    Мына тақырып ұнады өте ауқымды, түсінікті жазылған.

  5. Гаухар

    түсінікті,жалпақ тілде жазылған

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ