Үш жасқа дейінгі балалардың соқыр ішек ауруы

Үш жасқа дейінгі балалардың соқыр ішек ауруы өте тез күшейе түседі. Бірақ өзіндік белгілері айқын емес. Балаларда орталық нерв жүйесі толық қалыптасып болмағандықтан, қабыну белгісі басқа ауруларға ұқсас болып келеді. Аурудың клиникалық белгісі көбіне тыныс жолдарының, өкпеге суық тию немесе жұқпалы ауруларға ұқсайды.

Ал негізгі белгісі баланың ыстығының көтерілуінен, және оның көңіл-күйінің өзгеруінен байқалады. Бала ешнәрсеге көңілі соқпай самарқау тартып, ойыншықтарын лақтырып, төсекте дөңбекшіп жатып алады, тамаққа зауқы соқпайды. Баланың ұйқысы бұзылады. Кейде бала кіндігінің тұсын көрсетіп, ауыратынын

айтады. Бұл айтылған белгілерге қоса баланың іші өтуі (3—4 рет), құсуы (1—2 рет) мүмкін, онда балада соқыр ішек ауруы болуы ықтимал. Жоғарыда өзіміз айтып кеткендей осы айтылған белгілер тек соқыр ішек ауруына ғана тән белгілер емес, сондықтан науқасын анықтау үшін баланы тезірек ауруханаға жатқызып тексеру қажет.

Алдымен ата-анасынан баланың қалай ауырғанын анықтап сұрап алған жөн. Диагнозды дұрыс қоюда баланың ішін тексерудің де маңызы зор. Алайда жас балалар бөтен адамға, әсіресе ақ халатты дәрігерлерді көргенде қорқып, ішін ұстатқызбай, қашқақтайды. Міне, осының бәрі диагноз қоюды қиындата түседі.

Яғни балаға дұрыс диагноз қою үшін, кейде оның ішін ұйықтап жатқан кезінде жайлап тексеріп көреді. Алайда, баланың ұйықтағанын күтетін болсақ, онда ауруын асқындырып алуымыз да мүмкін. Мұндайда баланың көңілін аулап қызықтырып әр түрлі әңгімелер айтып алаңдатып ішін басып көреді.

Баланың ішін көргенде салқын кез болса қолды жылытып сипалап көрген Дұрыс бала мазасыздана ма, түрінде өзгеріс байқалына ма соны аңғару керек. Іштің ауырған жеріне қол тиген кезде бала дәрігердің қолын қағып жібереді. Мұны соқыр ішек ауруында «қол итеру» белгісі дейді. Сонымен қатар ішке қол батыра басып көрген кезде іштің оң жағы еттерінің қатайып білеуленіп тұрғаны байқалады. Бұны соқыр ішектің жас балалардағы ең басты белгісі деп есептеу керек.

Сондықтан кейде балаға ұйықтататын дәрі беріп ұйықтатып, ауруды анықтаған да тиімді. Мұндайда бала дәрігерге қарсыласпайды, ал тексеру уақытына келетін болсақ, ол тіпті аз ғана уақытты алады. Қолданылатын дәрілердің ішіндегі ең қолайлысы және кең тарағаны хлоралгидрат ертіндісі.

Бұл дәріні ғалым А. Ф. Доронин соқыр ішек диагнозын қоюға жиі қолданған. Дәріні балаға клизма түрінде қолданады. Алдын ала жәй клизма жасалып, баланың жуан ішегін тазалайды. Жәй клизмадан соң жуан ішек ішіне (тік ішектен жоғарырақ) арнайы түтікше енгізіледі оған шприцпен жылы 3% хлоралгидраттың ерітіндісі жіберіледі.

Бір жасқа дейінгі балаларға—10—15 мл, бір жастан екі жасқа дейінгі балаларға — 15—20 мл, ал екі жастан үш жасқа дейінгілерге 20—25 мл. мөлшерде қолданылады. Бала 15— 20 минуттан соң тынышталып ұйқыға кетеді. Бұл ұйқы терең ұйқы емес, бала қимылсыз ұйықтағаны болмаса ауру белгісі басылмайды.

Зерттеу кезінде соқыр ішек ауруының белгілерінің болуы («қолды итеру», іштің оң жақ етінің қатаюы т. б.) диагнозды дәлелдей түседі. Сонымен бірге бала тыныш ұйықтап жатқанда, оның өкпесін жақсылап тыңдап, тамырының соғу жиілігін дұрыс анықтауға да мүмкіндік туады. Осының бәрі ауруды тексеріп анықтауды оңайлатады әрі уақытты үнемдейді.

Бір мысал келтіре кетейік: 2,5 жастағы Серікті ауруханаға жедел жәрдем машинасымен алып келді. Дәрігерлер балаға үш бірдей диагноз қойған болатын, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, ішектің жұқпалы ауруы (дизентерия), соқыр ішек. Баланың ауырғанына үш күн болған.

Ата-анасының айтуынша аурудың бірінші күні-ақ бала мазасызданып, тамақ ішпей сұлық жатқан. Ыстығы көтеріліп, (38,7°) екі-үш рет құсқан. Баланы көруге шақырған дәрігер тыныс жолдарының қабынғанын анықтап, тиісті дәрілер берген. Алайда, баланың жағдайы нашарлап, ентігі күшейеді, ыңырсып, ішін ұстап жылай бастаған.

Іші 2—3 рет өткен. Дәрігерді қайта шақыртқанда, баланың ішін ұстап көруге тырысқан, алайда бала оның қолын итеріп, шыңғырып жылап, қарсыласып ішін көрсетпеген. Сөйтіп соқыр ішек болуы мүмкін деп күдіктенген дәрігер жедел жәрдем машинасымен баланы ауруханаға алып келген.

Келіп түскен кезде баланың ыстығы 39° болды, түрі әбден қажыған. Еріні кезеріп, тілі құрғап, түсі сұрланып қуарғандай, өкпесін тыңдағанда қабыну белгілері бары анықталды. Жүрек соғысы жиі, іші кебіңкі. Баланың ішін ұстап, басып көруге мүмкіндік болмаған соң жәй клизма жасалды, содан кейін 3/—25 мл хлоралгидратты жуан ішек ішіне түтікшемен енгізілді. 15 минуттан соң бала тынышталып, ұйықтады ішін басып көрген кезде оң жағында қатая түскен белгісі бар екені анықталды.

Және де іштің сол жерін басқанда бала дәрігердің қолын итеріп, жылады. Ішті басып тұрып, жібере салғанда баланың селк етіп оянып кетуі оның соқыр ішекпен ауырғанына шүбә келтірмеді.

Аз ғана дайындықтан соң операция жасалды. Соқыр ішек алынып тасталынды. Іш іріңнен жуып тазартылды. Міне осындай емдеу нәтижесінде бала жазылып шықты. Бұл мысалды келтіргендегі мақсатымыз, соқыр ішек ауруын анықтау аса қиын да күрделі екенін атап көрсету.

Ал жас балалардағы соқыр ішек ауруының басты белгісі — іштің оң жақ бөлігі еттерінің қатаюы неге байланысты, оны қалай түсіндіруге болады? Балалардың көк еті (брюшина) іштің алдыңғы ет қабаттарына жақын жатады. Егер көк ет қабынса (соқыр ішек әсерінен), іштің еттері де қабынады.

Сондықтан да, ол арнайы дәрі берген күнде де білініп тұрады. Жас балалардың соқыр ішек ауруына диагноз қоюға басқа да (қанның, зәрдің) зерттеулердің көмегі тие ме? Көптеген зерттеулердің нәтижесінде, соқыр ішек ауруына тән кейбір ерекшеліктер анықталды. Мысалы соқыр ішек қабынғанда қандағы ақ қан түйіршігінің көбеюі 15—20 мыңның шамасында болуы, ал зәрде белоктардың пайда болатыны дәлелденген.

Соқыр ішекті белгілері ұқсас аурулардан ажырату жолдары.

Соқыр ішек және Шенлейн-Генох ауруының белгілері.

Үш жастан асқан балаларда соқыр ішек ауруының біліну белгілері.

Балаларда кездесетін Соқыр ішек және өт жолдарының ауруы.

   
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ