Өкпе деструкциясын негізінен Т. П. Краснобаевты 1925 жылғы енгізген үш принципі бойынша емдейді. О принциптер мынау.
- Микроорганизмдерге қарсы күрес;
- Организмнің өз мүмкіндігін көтеру;
- Қабынған жерді хирургиялық әдістермен емдеу.
Медицина ғылымы 20-шы жылдардан бері зор жетістіктерге жетті, алайда Т. П. Кранснобаев айтқан принциптер күні бүгінге дейін өз мәнін әлі жойған жоқ. Енді осы принциптерге сүйене отырып өкпе деструкциясын емдеу жолын қарастырайық.
- Микроорганизмге қарсы күрес. Микроорганизмдерге қарсы алдымен антибиотик дәрілер қолданылатыны бәрімізге белгілі. Міне, сондықтан да антибиотиктерді көп жылдар бойы әркім өз білгенінше қолданып келді. Осылайша өзін-өзі емдеу және дәрі мөлшерін дұрыс қолданбау салдарынан антибиотиктердің өзінен өсіп жетілетін бұрынғы микробтардың жаңа түрлері пайда болды. Осының салдарынан бұрын жақсы нәтиже берген антибиотик дәрілерінің соңғы кезде ауруға әсері ойдағыдай болмай шықты. Дегенменде антибиотиктер микроорганизмдерді емдеуде әлі қолданыстан шыға қойған жоқ.
Антибиотиктердің ең алғашқы түрі және ең күштісі де пенициллин және оның жартылай синтетикалық түрде алынған аналогтары. Оған бензилпенициллин, феноксилметилпенициллин; жартылай синтетикалық пенициллиндерге — метициллин, оксациллин, диклоксациллин, ампициллин, ампиокс, карберциллин, карфециллиндер жатады.
Өкпе деструкциясы кезінде пенициллиндер тобындағы дәрілерді көп мөлшелде беруге тура келеді. Орта есеппен алғанда оны 500 мың бірліктен бір миллион бірлік арасында әр кг дене салмағына есептеліп денеге әр түрлі жолдарменен енгізіледі.
Пенициллин тобындағы дәрілер қанда 6—8 сағат бойы емдік мөлшерде болады. Сондықтан да бұл дәрілерді (препараттарды) күніне 4—6 рет денеге енгізеді. Кейбір дәрігерлер пенициллиннің өте үлкен дозасымен де емдейді.
Өкпе деструкциясын емдеген кезде антибиотик дәрілерді қандай жолмен денеге енгізген тиімді. Антибиотиктерді денеге егу, ингаляция түрінде, ішу, қан тамырларына инемен егу арқылы қолданады. Өкпе деструкциясы күрт басталатын ауру болғандықтан, оны антибиотиктерді қанға бірден көп мөлшерде енгізіп емдеген тиімді.
Қазіргі кезде ең қолайлы ем; бұғана астына орналасқан вена тамырға түтікше қойып, сол арқылы қанға үстемелеп дәрі енгізу. Денеге қанмен бірге баратын антибиотиктер үлкен мөлшерде өкпе артериясына жетіп оның өте ұсақ тамырларына таралады. Осылайша емдеу әдісі аурудың бетін жылдам қайтарады.
Бұғана астына орналасқан тамырға түтікшені енгізер алдында балаға 15— 20 минуттай бұрын атропин, димедрол, дроперидол сияқты дәрілер енгізеді. Тыныштанған баланың қолдарын созып, жөргекке орайды содан соң жауырынның астына көлденең тығыршықтап бүктеген жөргектер төсейді.
Одан кейін баланың басын түтікше қойылатын бұғанадан қарсы жаққа қарай бұрады. Осылай жатқызған кезде бұғана асты ашылып үлкен вена қан тамыры оңай табылады. Енді бұғананың айналасын йодпен немесе спиртпен сүртеді, новокаин ерітіндісімен жансыздандырады.
Жансыздандырар алдында бұғананың астына ине салатын жерді белгілеп алған жөн. Ол үшін бұғананы ойша үш бөлікке бөледі, төс сүйек жағы, орта тұсы, жауырын жағы. Ойша алынған осы бөліктердің ішінде инені бұғананың орта тұсы мен жауырынның тұсына жақынырақ жерден енгізген дұрыс.
Бұғананың астына бірінші қабырға орналасады, ал осы екі сүйектің ортасында оларды байланыстырып тұрған сіңірлі тканьдер бар. Ине осы сіңірлі тканьдердің ортасынан өтуі қажет. Арнайы ине кеуде терісінен шамамен 45° аралықта болуға тиіс. Инені новокаин құйған шприц арқылы еппсн жылжытады.
Ине тамырға кірген кезде бірден қою қоңыр түсті қан шприцке шығады. Одан әрі шприцті босатып алып, инеге алдын ала дайындалған оның ішіне ене алатын талшықтан жасалған жіпті енгізеді.
Қан тамырына талшықты жіпті өткізіп алған соң, оның бойымен арнайы түтікшені өткізеді де оны лейкопластырьмен бекітіп тастайды. Бұл түтікшені ұқыпты ұстаған дұрыс. Ол үшін түтікшені ас тұзының ерітіндісінде еріген гепаринмен жуып тазалап отыру керек.
Мысалы, 100 мл ас тұзының қалыпты ерітіндісінде 3—4 тамшы гепарин болса жетіп жатыр. Бұл ерітіндіден 2—3 мл түтікшеге енгізсек еш уақытта да түтікше ішінде ірің болмайды. Сонымен қатар түтікшенің айналасындағы ұйыған қанды тазалаған дұрыс.
Өкпе деструкциясында ристомицин, карбенициллин, гентамицин дәрілерін қан тамыры арқылы жіберген тиімді. Бұл дәрілер баланың жасына сәйкес мөлшерде беріледі.
Антибиотиктерді тек қан тамырларына ғана емес, оны денеге егу, тыныс жолдарына дем алдыру арқылы да беруге керек. Мұның өзі ауруға комплексті әсер ету деген сөз.
Микроорганизмдерге жақсы әсер ететін байырғы дәрілердің бірі — сульфаниламидтер. Ол дәріні баланың әр кг массасына 0,2 грамм мөлшерінде беріледі. Алайда бұл дәрілердің бүйрекке әсер ететінін ескеріп, екі жасқа дейінгі балаларға бермеген дұрыс.
Микроорганизмге әсер ететін дәрілердің қатарына нитрофурандардың қосылыстарын да жатқызуға болады. Нитрофурандардың қосылысы стафилакокктарға және де басқа микроорганизмдерге қарсы жақсы әсер етеді. Нитрофурандарға фурациллин, фуразолидон, фуразолин, фуродонин, фурагиндер жатады.
Осы айтылған нитрофурандардың ішінде өкпе деструкциясына кең қолданылатыны ерітілетін фурагин, басқаша айтқанда «фурагин-к». Балаларға берілетін мөлшері 0,05 гр күніне 0,15—0,2 аспауы қажет. Емдеу мерзімі 5—7 күн.
Микроорганизмдерге әсер ететін дәрілердің бірі — хлорофилипт. Ол дәрі эвкалиптің жапырағынан алынады. Хлороифлипт суда жақсы ерімейді, оны 96% спиртте ерітеді. Стафилакокктен пайда болған өкпе деструкциясын емдегенде қан тамырлары арқылы жіберген пайдалы.
Ол үшін оның 2 мл — 0,25% ерітіндісін 38 мл қалыпты ас тұзының ерітіндісіне қосып, жайлап тамшы түрінде қан тамырына енгізеді. Оны күн сайын 2 мәртеден 5—6 күн пайдаланады.
Өкпе деструкциясы бала организмінің ауруға қарсы қорғаныс күшінің иммуниттерінің нашарлауына байланысты пайда болады. Сондықтан да баланың бойында туа біткен иммунитетін жетілдіру үшін иммунитетті жетілдірстін дәрілерді алғашқы күннен бастап егеді.
Ол үшін балаға стафилакокке қарсы дайындалған плазманы, стафилакокке қарсы y-глобуллиндерді қолданады: бұл дәрілер донор адамдардың денесіне арнайы стафилакокктің анатоксинін енгізу арқылы алынады. Сондықтан да донор адамның қанында осы стафилакокке қарсы дененің мөлшері (титрі) неғұрлым көп болса, онда ондай плазма мен y — глобуллиннің емдеу мүмкіндігі жоғары болады.
Ауырған балаға ата-аналарынан, туыстарының қанын алып тікелей құйылады. Мұндай жағдайда балаға қанның өзі ғана емес, оның құрамындағы барлық заттардың бұзылмай баруына ерекше мән беріледі. Егерде ата-анасы донорлар сияқты арнайы анатоксиндермен егілген болса, онда мұндай қанды құю өте жақсы нәтиже береді.
Қан мен плазманың құю мөлшері шамамен 5—10 мл/кг дене шамасына, ал құю жиілігі аптасына 2—3 рет. Арнайы y-глобуллиндердің де қолданылу жиілігі емдеу шамасынан 3—5 реттен аспайды. Жоғарыда айтылған бұл дәрілердің бәрі бала денесіне дайын түрде енгізілген ауруға қарсы күресетін денелерді «береді».
Ондай денелер ауруға қарсы бала организмінің қорғаныс күшін күшейте алмайды. Міне сондықтан да аурудың беті қайта бастасымен-ақ бала организмінің иммунитетін күшейтетін анатоксиндерді бала денесіне арнайы егу керек. Егу әр түрлі.
Созылмалы түрде ол 0,2—0,3—0,5—0,7—1,0 керісінше 1,0—0,7— 0,5—0,3—0,1 мл денеге ептеп терінің астына енгізу арқылы жіберіледі. Қысқаша 0,1—0,5—1,0 мл. Ғалымдардың айтуынша еге бастағаннан соң 15—20 күннен кейін баланың қанында стафилакокк микробына қарсы көп уақытқа дейін жойылмайтын арнайы дене «антитело» пайда болады.
Өкпе деструкциясын емдегенде денедегі улы заттары шығару үшін қанға құйылатын дәрілер көп мөлшерде қолданылып, бүйректен зәр шығару процесі күшейтіледі. Ол үшін реополиглюкин, гемодез, 5—10% қант ерітіндісі, ас тұзының қалыпты ерітіндісі т. б. дәрілер қолданылады.
Құйылатын ерітінділердің жалпы мөлшері баланың салмағын есептегенде 100—150 мл/кг. Бүйректің жұмысын арттыру үшін әр килограмм дене салмағына 1 мг фуросемид (лазикс) қолданылады.
Денеге тараған улы заттардың әсерінен орталық нерв жүйесі де қатты зақымданады. Ондай асқынуларды аминазин, пипольфен, промедол дәрілерінің қоспасын қолдану арқылы бәсеңдетуге болады. Ол дәрілер мынадай мөлшерде пайдаланылады. (0,1—0,2 мл/кг).
Деструкция кезіндегі дене ыстығының көтерілуін орталық антипиретиктердің күшімен басуға болады. Олар амидопирин 1% —(1,0 мл/кг әр жылына 0,1 мл — 50% анальгин, 0,01 мл/кг аспирин).
Жүрек жұмысын жақсарту үшін жүрек глюкозидтері корглокон, строфантин қант ерітіндісімен қосып қан тамырына енгізеді. Корглюкон мен строфантиннің мөлшері баланың жасына қарай беріледі. Жүрек глюкозидтері тәулігіне екі рет қолданылады.
Өкпе тамырларын кеңейтіп, жүрек жұмысын жақсартатын эуфиллин дәрісі де кеңінен қолданылады. Өкпе деструкциясында денеде түрлі қышқыл заттардың көбейгені байқалады. Осы қышқыл заттар (сүт қышқылы, т. б.) клеткадағы микроэлементтерінің құрамын өзгертуге де себепші болады.
Сонымен қатар қанның қышқылдануы кішкене (микротамырлардың) капиллярлардың ішіне, қан ұюы процесін жеделдетеді. Сондықтан да қабыну неғұрлым ауыр болса, оны тудыратын асқынулардың алдын алған дұрыс. Ол үшін дененің 1 кг. салмағына есептеліп 100—200 бірліктегі гепарин„ 500—1000 бірлік мөлшердегі контрикал, трасилол т. б. дәрілерін пайдаланады.
Жоғарыда айтылған дәрі-дәрмектермен қоса, дене клеткаларының жұмысын жақсартатын кокарбаксилаза, АТФ, сода ерітіндісі және түрлі витаминдерді пайдаланады.
Бұл аурудан организмдегі калийдің азаюы мүмкін. Егер клетка ішіндегі калий элементінің мөлшері азаятын болса, баланың денесі босаңсиды, іші кебеді, жүрек жұмысы нашарлайды. Сондықтан да калийдің ерітіндісің денеге енгізудің үлкен мәні бар.
Калийдің мөлшерін күнде қадағалап қажет жағдайда өсіріп отыру қажет. Ол үшін 7,5 (—КС1 хлорлы калий) тұзының ерітіндісін лаборатория жоқ жерде 1—2 мл мөлшерінде дене- салмағының әр кг есептеп енгізуге болады. Калий ерітіндісі тамырға тамшы түрінде жәйлап енгізіледі.
Бұл дәріні денеге жылдам енгізетін болсақ, жүрек тоқтап қалатынын естен шығармағанымыз жөн. Науқас баланың жағдайы жақсара бастағанда дененің қабынған жерінің тканьдерін жетілдіретін — пентоксил, метилурацил, нерабол, ретоболилдер баланың жасына сәйкес ұзақ уақыт беріледі.
Жедел остеомиелитті емдеудің қандай әдіс тәсілдері бар.
Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.
Өкпе деструкциясын аурудың басқа түрлерінен ажырату.
Өкпе мен кеуде қуысының деструкциясы және оның алдын-алу.