Медиастенит ауруының білінуі

Медиастениттің білінуі де оның пайда болу себептеріне байланысты. Дегенмен аурудың клиникалық біліну ерекшеліктерін жалпылама білінуі және медиастениттің пайда болған орнының қабынып білінуі деп екіге бөлуге болады.

Жалпылама біліну кезінде бала беймазаланып, тынышы кетеді, арқасы, мойыны немесе ішінің жоғарғы жағы шаншып ауырады, сұрланып, ентігеді, әлсіреп суық тер басады, қалтырап-дірілдейді, температурасы көтеріледі.

Медиастениттің пайда болған жеріне қарай мынандай белгілер білінеді. Өңеш бойы сыздап ауырады, жұтынған кезде қатты шаншиды, сілекей ағады, дауысы қарлығып, мойнының  тесілген өңеш тұсы ісінеді, тері астына ауа жиналғандай болып іштің алдыңғы еттері қатаяды. Осы айтылған медиастениттердің клиникалық белгілеріне бірнеше мысал келтірейік.

8 жастағы Мараттың өңеші осыдан 1 жыл бұрын сірке қышқылынан күйген еді. Дәрігер бала өңешінің орта тұсы қатты күйгенін ескертіп ата-анасына баланы тексеруге әкеліп тұруын өтінген. Алғашқы кезде баланы ата-анасы дәрігердің айтқан уақытында әкеліп, көрсетіп алып жүрген.

Кейін алыста тұратындықтарын сылтауратып баланың өңешін емдеу мерзімін үзіп алады. Марат соңғы екі айда алдымен қою тамақ, ал кейінгі жарты айда тек сұйық тамақ қана ішетін болады. Егер қою, қатты тамақ жесе қолын аузына салып құсатын болған. Азып, әлсіз әрі тез ашуланғыш болады.

Ауруханаға алып келгеннен кейін өңешін рентгенмен тексергенде бала өңешінің орта бөлігінің қатты тарылып кеткені анықталды. Емдеуші дәрігер Мараттың өңешін арнайы аспаппен көріп кеңейтпекші болды. Аспап арқылы өңештің тарылған жерін қарағанда тесік көлемі 2—3 мм-дей, ауыз қуысынан 14 см жерде орналасқан, айналасын сіңірлі тканьдер басқан.

Эзофагоскоптың көмегімен дәрігер арнайы буждарды өңешке тығып итерді. Дәрігер буждардың әрең жүргенін, қанға былғанып шыққанынан байқады. Бала наркоздан ауыр оянды, ол тым мазасызданып, төсекте дөңбекшіп, қаратерге малынды, денесі бозарып, дем алысы тым жиілеп кетті.

Дем алғанда, жұтынғанда арқа тұсының шаншып қатты ауыратынын айтты. Өкпесінің оң жағы дем алуға қатыспады, денесінің ыстығы тым жоғарылап, сілекейінен қан көрінді. Міне, ата-анасының немқұрайлылығы баланы осылайша азап тартуға душар етті.

Енді бірде сірке қышқылымен уланып өңеші күйген 2 жасар Дәулет жазылып келе жатқанда темір шарикті жұтып қойды. Темір шарикті кезекші дәрігер балаға наркоз бермей-ақ аппаратпен алмақшы болады. Бала қатты ышқынып жылап аппаратпен көруге қарсыласады.

Аз уақыттан соң мойын, кеуде тұсының көлемі өзгеріп, оның арасына ауа еніп, кіртілдейді. Баланың беті, желкесі, басының терісі де томпайып кернеген белгі пайда болады. Баланың тынысы тарылып, дем алысы жиіледі, дөңбекшіп қатты мазасызданады.

Мұны көрген кезекші дәрігер жасап жатқан манипуляциясын тоқтатады. Балаға қайтадан жалпы наркоз беріліп, содан соң ғана өңеште тұрып қалған темір шарикті алып тастайды.

Тағы бір оқиға санитарлық авиациясының кезекші дәрігері 14 жасар баланың өңеші жарылып, ауыр халде облыстық ауруханада жатқанын айтты. Ауруханаға келіп баланың жағдайымен танысқанда, ол осыдан 8 күн бұрын ет жеп отырып түйіліп, оның ішіне сүйек кетіп қалғанын айтты.

Бала қою тамақ іше алмай, тек сұйық тамақ қана ішеді. Денесінің ыстығы кешке қарай қатты көтеріледі, аузынан тамақтың жағымсыз иісі шығады. Мойны сәл ісіңкілеу, сол жағына қарай қисайып тұр. Қатты қозғаса желке тұсы ауырады. Өңеш ішін аппаратпен көргенде дәрігер сүйек таппаған, оның есесіне өңештің жұтқыншақ жағы екіге бөлініп жараланып қалталанғанын айтады. Ал рентгенмен түсірілген суреттерде барийдің ерітіндісінің өңештің жоғарғы бөлігіне қалталанып тұрып қалғаны көрінеді.

Балаға дереу наркоз беріп өңеш ішін аппаратпен қайта қарағанда, өңештен сүйек табылған. Ол өңешті екіге бөліп тұрған. Ал алғаш көрген дәрігер мұны байқамаған. Сүйекті суырып алғасын, жараның орнынан өңеш ішіне, ауызға ірің аға бастады. Баланы 10 күн бойы арнайы түтікшемен (зондпен) тамақтандырды. Бала кейін жазылып шықты.

Осы айтылып отырған жайлардан медиастениттің белгілерінің әр түрлі болып келетінін көреміз. Кеуде тұсындағы медиастенит аса қауіпті оны білу, емдеу аса қиын. Ал мойынға жақын орналасқан медиастенитті байқау, емдеу жеңілірек.

Дер кезінде қойылған диагноз аурудан ертерек жазылудың алғышарты екені белгілі. Ал өңеші тесіліп, омыртқа мен төс сүйек арасы қабынған жағдайда алдын ала дәрігерге көрініп диагноз қойғанның маңызы ерекше. Ал адамда кездесетін іріңді аурулардың ішіндегі ең ауыры әрі емдеу қиындау да осы медиастенит.

Сондықтан да диагнозын дәл қойып, ем қолданғанда ғана баланың өмірін құтқарып қалуға болады. Егер баланың өңеші тесіліп, төс сүйегі мен омыртқасының арасына ірің жинала бастаса, оның жағдайы күрт төмендейді. Өңеші тесіліп кетті-ау деген қауіп болса баланы тез рентгенге түсіріп тексеру қажет.

Егер науқастың өңеші тесіліп медиастенит ауруы басталса, кеуденің ортасы кенейеді, өкпені көкірек ортасынан бөліп тұрған көк еттер «ығысып», өкпеге қарай жылжиды. Көбінесе кеуде қуыстарына газ бен сұйықтық жиналады. Оның үстіне өкпе семіп, жиырылып, кеуденің орта бөлігіне қарай ығысуы да мүмкін.

Өңештің тесілген жерін дәл табу үшін айнаға түсірген жөн. Бұған суда еритін йод араласқан сәуле ұстағыш заттардың маңызы ерекше. Ондай заттарға: верографин, уротраст, кардиотраст сияқты арнайы ерітінділер жатады. Рентгенге баланы жатқызып, түсірген дұрыс.

Баланың жағдайы ауыр болса, қиғаш жазықтықта да түсіруге болады. Өңеш тесігін табу үшін рентгенге түсірер алдында йодолипол немесе барий ерітіндісін қолдану тиімсіз. Себебі бұл сәуле ұстағыш заттар өңеш айналасында тұрып қалады.

Диагноз қою үшін өңеш ішін эзофагоскоп аспабымен де тексеруге болады. Бұл аспапты өңештің тесілген жерін алғашқы 6—8—12 сағат аралығында ғана тексеруге- қолдануға болады. Өңештің жарақаттанғаныңа 24 сағаттан асса, өңешті аппаратпен көрудің пайдасы жоқ. Қайта ол өңештің ішін одан әрі жарақаттауы мүмкін.

Медиастенитті анықтау және емдеу үшін омыртқа төңірегін инемен шаншып тексеруді 1978 жылы ғалым Ю. Ф. Исаков ұсынды. Ол білеуленіп ісінген кеуде омыртқасын жансыздандырып, оны инемен шаншып көрді. Егер өңеш айналасында ірің болса, онда ол инемен бірге шығады. Сол ине арқылы өңеш айналасына антибиотиктерді де егуге болады.

Соңғы жылдары Ш. Жураевтың (1982) клиникада қолданып жүрген трийотраст дәрісін медиастенитті анықтауға қолданып жүр. Трийотраст ауыз, асқазан, ішектер арқылы қанға сіңбейді, ол зәр арқылы түгелдей денеден шығады. Бұл әдіс арқылы медиастенит ауруын тез-ақ анықтауға болады.

Балаға 50%-тік трийотраст дәрісінің 20 мл ішкізіп, 30—40 минуттан соң зәріне тұз қышқылы ерітіндісін тамызады. Микроскоппең қарағанда қара қошқыл кристалды тұнба көрінеді. Медиастенитті анықтау үшін қанның зәрдің анализдерін алады, медиастенитте қызыл қан түйіршігі азайып, ақ қан түйіршіктері қатты көбейеді, СОЭ да өте жоғары болады.

Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының іріңдеп қабынуы.Медиастенит.

Медиастенит ауруын емдеудің қандай тәсілдері бар.

Остеомиелиттің созылмалы остеомиелитке жедел ауысатын түрлері

Сүйектің бүлініп қабынған бөлігін емдеу жолдары.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ