Менингит (делбе)

Менингит (делбе). Бұл аурумен жаппай ауыру алғаш рет 1805 жылы Женева қаласында, сонан соң Визе қаласында болды. Ал Россияда ол 1863 жылы Калуга губерниясында, 1866 жылы Москва қаласының өзінде шықты. Менингит 1917—1918 жылдары және 1937—1940 жылдары қайталанды, көптеген адамдар ауру зардабынан мүгедек болып қалды. Ол 1967—1968 жылдары тағы да қайталанды.

Делбеге қарсы күресу соңғы кезде мықтап қолға алынды. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ-дың) деректеріне қарағанда, 150 мемлекеттің 123-інде бұл ауру көбіреқ тараған, соның ішінде әсіресе Африка елдерінде өте ауыр түрі кездеседі екен.

Делбе ауруын туғызатын менингококк. Бұл микроб ылғалды жағдайды жақсы көреді. Сондықтан да көктемнің басы, күздің соңғы айлары мен қыс мезгілінде жиі кездеседі. Делбемен тек адам ғана ауырады. Сау балаға ауру сырқат адамнан және кейбір жағдайда ауру қоздырғыш менингококкі бар сау адамдардан жұғады.

Ауру қоздырғыш вирус тек ауа арқылы ғана тарайды. Делбе вирусы мұрын қуысында және мұрын қуысы мен жұтқыншақтың түйіскен жеріндегі шырышты қабықта шоғырланады да, өсіп-өне бастайды. Егер баланың қорғаныш күші мықты болса, ауырмауы да мүмкін. Ол кейде тұмау тәрізді басталып, тез жазылып кетеді.

Баланың басы ауырады, тамағы жыбырлап, жұтқыншағының шырышты қабығы қызарады, ісіңкірейді, мұрны бітіп, тамағы ауырады. Денесінің қызуы аздап, кейде 39—40 градусқа дейін көтеріледі. Басы айналып, құсқысы келеді. Көп терлейді, тамаққа тәбеті болмай, жата береді. Көңіл-күйі нашар болып шуды, қатты сөйлегенді жақтырмайды. Дәрігерге ерте көрініп, дұрыс, уақтысымен емделген бала бір немесе бір жарым апта ішінде айығып кетеді.

Баланың қорғаныш күші нашар болса, мұрын қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабығында өсіп-өнген менингококк қан құрамына енеді де, ми қабығына барып шоғырланады, сонымен қатар денеге, бүйрекке, жүрекке, буындарға, тағы да басқа органдарға «орнығып» өзінен улы заттар бөледі. Улы заттар әсерінен клетканың қызметі нашарлайды. Ал қан құрамынан көп мөлшерде белокқа бай заттар бөлініп шығып, ісіну процесі басталады.

Менингококк өзі шоғырланған жерде өсіп-өне отырып, улы заттар мен денені түршіктіретін аллергиялық «өнімдер» бөледі. Бұл бөлінген заттар миды, мидың қабығын, қан тамырларын ісіндіреді, зат алмасуын және организмде болып жатқан басқа процестерді бұзады.

Делбемен балалар да, ересек кісілер де ауыра береді. Дегенмен, көбіне 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер жиі ауырады. Ауру қоздырғыш — менингококк сау баланың организміне түскен соң 10, көп жағдайда 5—6 күннен кейін аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды. Ауру басталар алдында бала кейде 1—3 күн бойы ауырып, делсал болып жүреді де, біртіндеп тамағы жыбырлап, мұрны бітеді, кейде мұрнынан су ағып, дем алуы нашарлайды. Басы айналып, лоқсып құсатын болады. Денесінен суық тер шығады. Тамаққа тәбеті шаппайды, ойынға зауқы соқпай, өте көңілсіз жүреді. Сонан соң түсі бозарып, ерні кезереді, тамағы кебеді, қызуы көтеріліп, мазасы кетеді.

Кейбір балалар бірден қатты тоңғандай қалтырап, дірілдей бастайды. Жас бала дегбірсізденеді, шырылдап жылап, жиі-жиі құса беретін болады. Беті мен мойын еттері ісінеді, қызарады. Ерніне, мұрнына, құлақ жарғақтарына бөртпе ұшық шығады. Тілі мен ерні кезеріп, тамағының ауырғанын айтады. Ал тілін шығарса, ол дірілдеп тұрады. Ауыр жағдайда бала есінен танып, үлкен дәреті мен кіші дәреті жүрмей қалады.

Жүрек соғысы жиілеп, қан тамырларының соғысы нашарлайды, желке еттері тырысады. Ауру бала басын шалқайтып, аяқтарын ішіне бүге, бір жақ бүйірімен қозғалмай жатады. Егер сәл қозғалса болды басы қатты ауырып, лоқсып құса береді. Шуды, жарықты, қатты дыбыстарды, сөзді жақтырмайды. Көзінің көру, құлағының есту қабілеті күннен-күнге нашарлай береді. Есеңгірейді, кейбір жағдайда сандырақтайды, көзі қыли тартып, беті мен қол-аяғы тырысадьі. Жас нәрестенің еңбегі ісініп, тырсылдап тұрады.

Ауруханада бала арнаулы оқшауланған бөлмеде емделеді. Антибиотиктерден пенициллиннің, ампицилиннің және тағы да басқа дәрілердің мол дозасы белгіленген сағаттарда салынып, нистатин немесе леворин беріледі.

Қан тамырларына тамшылатып сұйық, сондай- ақ жүрек пен қан тамырларының соғысын жақсартатын дәрілер жіберіледі. Ауру ауыр түрде болса, преднизолон, гидрокортизон, контрикал, дексаметазон, тағы да басқа гормонды дәрілер беріледі. Баланы дәрі-дәрмектермен емдегенде күнделікті және басының гигиенасына, ішетін тамағына, көңіл күйіне, ұйқысына көп көңіл бөліп отыру керек.

Делбемен ауырған балаға стрептомицин, мономицин, неомицин, канамицин, гентамицин сияқты құлаққа әсер ететін дәрілерді қолданбаған жөн. Баланың жағдайы жақсарып, көңіл-күйі көтеріле бастаған соң антибиотиктерді салуды доғарып, олардың орнына сульфоперидазин, сульфален дәрілерін жас мөлшеріне қарай береді.Ауру баланың күтімі жақсы, тамағы құнарлы да дәмді, витамин мен организмге керекті минералды тұздарға бай болуы керек.

Егер бала дер кезінде дәрігерге көрініп, жедел түрде ем қабылдаса, онда екі аптаның (12—14 күнде) ішінде жазылып кетеді. Ауруын асқындырып алған балалар мүгедек болып қалуы мүмкін; мысалы, сөйлеу қасиетінен біржолата айырылады. Ой- өрісінің дамуы нашарлап, оқта-текте қояншығы ұстап қалуы мүмкін.

Емделіп жазылған баланың мұрын қуысынан және мұрын қуысы мен жұтқыншағының түйіскен жеріндегі шырышты қабығынан екі рет анализ алынады. Анализі жақсы болып, қанының құрамы дұрысталса, онда бала ауруханадан үйіне шығарылады. Жазылып шыққан бала белгілі уақытқа дейін диспансерлік бақылауға алынады.

Жеміс-жидектерді, олардың шырынын мол пайдаланған дұрыс, таза ауада мейлінше көп болу қажет. Балды, бүлдіргенді, қара жидекті, құлпынайды мейлінше көп жегені абзал.

Бала ауырған кезде онымен бірге болған адамдар 10 күн бойы бақылауға алынып, ауруға қарсы 7—8 күн бойы дәрі ішеді. 2 рет анализ алынады. Алғашқы анализ дәрі-дәрмек берілмей тұрып, ал екіншісі 7—8 күн дәрі қабылдағаннан кейін алынады. Егер анализдері жақсы болса, онда 10 күннен соң байқау-бақылау тоқтатылады.

Ауру бала жатқан бөлменің едені хлорамин қосылған сумен күніне бірнеше рет жуылып, терезе, есіктері сүртілуі керек. Ультракүлгін сәулелермен бөлмені сәулелендіріп алғанның пайдасы мол. Егер жас нәрестелер және әлсіз балалар болса, оларға гаммаглобулин егіледі.

Полиомиелит ауруының негізгі белгілері қандай?

Сүзек бұл қандай ауру және ол қалай басталады.

Сальмонеллез қандай ауру және ол қандай жолмен жұғады.

Бала тұмаумен ауырса қандай көмек көрсетіледі.

   
Добавить комментарий


ErKeTai.KZ