Күбірткенің түрлері және оның емі

Күбіртке — саусақтың қабынып іріңдеуі. Оның бірнеше түрі бар.

Тері күбірткесі — терінің эпидермис қабатымен негізгі қабатының арасына шығады. Отқа күйген секілді, іші іріңге толып күлдіреп тұрады.

Тері асты күбірткесі — терінің астына шығады. Ол бірден біліне қоймайды. Саусақ солқылдап ауырады, ісініп үлкейеді, қабынған жері қызарады.

Сіңір күбірткесінде саусақ жалпы ісінеді. Ісінген саусақты жұма алмай қалады, жұмғанда қатты ауырады. Сіңір бойымен ауру қолтыққа дейін таралады. Ауырған саусақтың терісі көп уақытқа дейін қызармайды. Бас бармақ пен шынашақтың сіңірі қабынған кезде ірің білекке жайылуы мүмкін. Ондай кезде баланың білегі ісініп, қолдың қимылы нашарлайды .

Буын күбірткесінде саусақ ісініп қимылдамай қалады. Саусақ ептеп бүгіліп тұрғанмен қимылдаған кезде қатты ауырады .

Сүйек күбірткесі немесе саусақ остеомиелиті — күбірткелердің ішіндегі ең ауыр түрі. Науқас баланың ұйқысы қашады. Қолы ісініп, саусағы ине шанышқандай қатты ауырады. Ауру бірнеше күнге немесе айларға созылуы мүмкін.

Күбірткелерді олардың түрлеріне байланысты емдеген дұрыс. Тері күбірткесі арнайы жансыздандыруды қажет етпейді. Саусақты спиртпен жуып тазалаған соң, үлбіреп ірің толып тұрған терінің қабатын түбінен қайшымен кесіп алып тастайды да, орнына фурациллин, синтомицин болмаса Вишневский майларын қойып, таңып тастайды. 2—8 күннен соң тері толық қалпына келеді.

Тері астындағы күберткені жарып іріңін шығару үшін оны новокаин дәрісімен жансыздандырады. Жансыздандыруды саусақтың түбіне кішкене бұрау салып, содан соң саусақтың екі жанына инемен новокаин жіберу арқылы жасалады. Новокаинға антибиотик қосса, тіпті жақсы.

Күбертке шыққан жерді саусақты екі жағынан тіледі. Екі жараны қосып жалпақ жұмсақ резинадан дренаж қояды. Келесі күндері жылы марганцовка ерітіндісіне салып жуып тазалайды. Жарадан ірің толық тазаланғанша дренаж алынбайды. Содан соң май жағып, таңып тастайды. Физио емдеуді ірің азая бастағанда қолданған тиімді.

Сіңір күбірткесін (тендовагинитті) емдеу күбірткенің басқа түрлеріне қарағанда күрделірек. Оның себебі бас бармақ пен шынашақтың сіңірі білекке дейін созылып жатуында. Оның үстіне сіңір саусақтарды қозғалысқа келтіріп тұратын негізгі бұлшық еттердің тамыры.

Егер ол қабынса, қол жұмысқа жарамай қалады. Сіңір күбірткесінің алғашқы, белгісі білінісімен-ақ осы сіңір қабығының ішіндегі іріңді сорып алуды ойластыру керек. Ол үшін сұқ саусақ: ортаңғы саусақ, аты жоқ саусақтардың төменгі жағынан сіңір жүретін жолды инемен шаншып, одан ірің алған соң түрлі антисептиктермен жуады.

Бас бармақ пен шынашақтың сіңір қабын білектің екі жағынан табуға болады. Егер сіңір күбірткесі асқынып бара жатса сұқ саусақ, ортаңғы саусақ, аты жоқ саусақты новокаинмен жансыздандырып, екі жағынан ұзындығы 1,5—2,0 см-дей кесіп іріңін шығарып, жоғары, төменгі жағынан жұмсақ резинадан дренаж қояды.

Бас бармақ пен шынашақты екі жерден тілуге тура келеді, бірі — саусақ түбінен, екіншісі, білектің төменгі буынға жақын бөлігінен. Бұл жерге жиналған іріңді білектің екі жағынан да кесіп шығарған дұрыс, өйткені бас бармақ пен шынашақтың сіңір қабы буында қосылып жатады. Бұл кеңістік медицинада Пирогов — Паррон кеңістігі деп атайды. Буын күбірткесін инемен шаншып жуып тазалайды, ал ол тиімсіз болса, тіліп тазалайды.

Сүйек күбірткесін тіліп тазалайды, сүйекті де тазалап жуады. Бұл ауру шіріген сүйекті тазалап, алып тастағанда ғана тезірек жазылады.

Қолдың флегмонасы саусақтың күбірткелері, түрлі жаралары дұрыс емделмесе, қолдың клеткаларының шел қабатының іріңдеп қабынуына әкеп соғады. Қолдың анатомиялық ерекшелігі сондай, флегмона көбіне алақанда, ал ісік керісінше сыртында болады.

Флегмона кезінде қол ісіп ауырады, терісі қызарады, қолдың ештеңеге жарамсыздығы білінеді. Баланың жалпы жағдайы нашарлайды. Ол тамақ ішкісі келмей, денесінің ыстығы көтеріледі, қолы сыздап ауырып, ұйқыдан қалады.

Флегмонаның түрлері көп, ол алақан аппеноврозының сыртында және іш жағында пайда болады. Алақан сыртындағы флегмона терінің астында, саусақтардың арасында пайда болады. Ал, аппеновроздың астына шыққан флегмона — аппеновроз асты, алақанның ортасы бас бармақ пен шынашақ астындағы кеңістікке орналасқан флегмона болып бөлінеді.

Емдеу кезінде осы флегмоналарды бір-бірінен ажырата отырып жасаған операция тиімді болмақ. Саусақ пен қолдың флегмонасын тіліп, емдеуге болады. Қолдың флегмонасын әр қашанда ауруханада емдеген дұрыс. Күбірткелерді жарған соң, флегмоналарды іріңнен тазартқан соң емдеу процесі тоқталмайды. Балаға антибиотик, витамин, тағы басқа да дәрі беріледі.

Күбіртке (панариций) ауруының сипаттамасы мен белгілері.

Ірің дегеніміз не және оның ағзаға туғызатын қауіпі.

Жас нәрестенің кіндігінің қабынуы (омфалит) себептері.

Жас нәрестелердің терісінде пайда болатын түрлі іріңді аурулар.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер2
  1. Жанар

    Күйеуімнің сұқ саусағы сырқырап сүйегін жеп жатқандай ауыртады.саусағы қышығанда қышуы қанбайды ,саусағы ісініп кетті

  2. Талшын

    Саламатсызба. Менің жолдасымның бас бармағы(саусағы) қанша күн болды ісініп, іріңдеп, солқылдатып ұйықтай алмай қалды. Сыздатып ауыртады дит. Не істесе болады

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ