Маңғыстау түбегіндегі ортағасырлық сәулет өнерінің тарихи ескерткіштері.

moe  «Кең  дүниенің қай бұрышына барсам да, алдымнан Атамекенімнің бір қасиеті шыға келгендей  болады да тұрады. Сол қасиет мені оған қайтадан ынтықтырып, қайтадан оған жетуге асықтырады. Соның сырына түсінем деп жүріп, күллі дүниенің сырына, соның  тарихын білем деп жүріп, күллі адамзаттың тарихына құштар болдым.

Бұл – шетсіз де, шексіз кең даласы бар, киелі де қасиетті, кіндік қаным тамып, тұсау жібім кесілген ата мекенім, Маңғыстауым!», — деп, ақын Әбіш ағамыз айтқандай, Маңғыстаудың алып өңірінде шашырап орналасқан киелі орындар бүгінде көне ескерткіштердің мекені деген ұғыммен астасып кеткен. Мен қазақ жерінің  бір бөлігі болып табылатын Маңғыстаудың әулиелері мен киелі орындарының сырына зерттеуші ретінде үңіліп, тарихы мен есімдерін жалпы қазаққа, оның ішінде Маңғыстаулықтардың өзіне таныстыруды мақсат етіп қойдым. «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы болып саналатын ертедегі керуен жолдарының үстіне салынған  жерасты мешіттері, көздің жауын алардай күмбезді тамдар мен құлпытасты ескерткіштерден тұратын киелі қорымдар жайында азды-көпті айтылып жүргенімен, әлі астары ашылмаған күйінде жатыр.Тарихи жазбалар мен археологиялық материалдарға сүйенсек, Каспий теңізінің шығыс жағалауына ислам дінінің енуі б.д. VІІ-VІІІ ғасырында басталған. Бұл аймақты мекендеген көшпелі түркі тілдес тайпалардың арасында олардың дүниетанымына, тұрмыс салттарына сәйкес келіп, орныққан ислам дінінің сопылық ағымы болған.

Қазіргі таңда, қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сәйкес киелі орындар мен ондағы ата-бабаларымыздан қалған тарихи құндылықтар республикамыздың ескерткіштерінің жетпіс пайызын құрайтын, өлкенің тарихын танып-білуде баға жетпес құнды дерек болып табылады.

Маңғыстау- бұл ең алдымен халықтық сәулет ескерткіштерінің өлкесі. Бұл жерде көп ғасырлар бойы мекендеген көшпелілердің өмір салты мен қоғамдық қатынастарына сай, барлық өзіндік құрылыс шеберліктері және архитектуралық ілімдерін ата-бабаларына қойылатын ескерткіштер мен жерасты ғибадатханаларын салуға жұмсауы тарихи тұрғыда қалыптасты.

Ел аузындағы аңыз бойынша Маңғыстау түбегінде 362 әулие жерленген.

Қазіргі таңда облыстың аумағында 10 мыңнан астам, мемлекет қорғауына алынған, тарихи және мәдени мәндегі ескерткіштер бар. Олардың арасында архитектурасы жағынан шағындары неғұрлым ежелгісі болып есептеледі және сондықтан ең қызықтысы да болып есептеледі.

Маңғыстау сағаналарындағы кесенелер ерекше құбылыс. Солардың бірі-қасиет иелерінің беташары саналатын киелі орны-Бекет ата.

Бекет Мырзағұлұлы (ХҮІІІғ) –Маңғыстау, Үстірт, Атырауды мекендеген адай тегінен шыққан қазақ халқының атасы. Туған жері қазіргі Атырау облысының Жылой ауданы, Ақкиізтоғай ауылы. Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түркмен елдерімен шайқасып, халқының егемендігін қорғаған Бекет батырлығын танытып ел аузында Ер Бекет атанды. Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбітшілік орнағанын көршілес достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет құдай жолына түсіп, Хиуаға медресеге аттанған.  Қараңғы халықтың дінге, білімге көзін ашып, мәдениеттің өркендеуіне болашаққа жол ашуға себепші болған. Қолдағы бар деректерге терең үңілетін болсақ, Бекет атадан қалған асыл мұраны жергілікті халық бағалайды. Аңыздарда Бекет пірдің аққу болып ұшатындығын, астындағы тұлпарымен самғай жөнелетіндігі айтылады. Бұл аңыздардың негізі бар. Бұл ғылыми тілмен айтқанда таңғажайып сайыстардың иесі болып саналады. Адамзат бойында сирек кездесетін тылсым күш, қасиет пір Бекет атада болған. Ол оны ізгілікке, парасаттылыққа, елін дұшпандардан қорғауға пайдалана білген деседі. Қазақтардың Маңғыстауға қайта оралуына байланысты Бекет ата талай рет таңғажайып сайысқа түсуге мәжбүр болыпты. Соның бірі Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы антқа ұсталатын атақты сайыста Бекет баба тәңірге жалбарынып: «Уа, құдайым, біз айыпты десең-бізді ат, қара айыпты десең-қара атты ат»- дегенде, қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты. Қошанның астындағы ерінің алдыңғы қасына шаншылған біз анадай жерге ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби бір аунап барып түрегеліпті. Бұған көнбей дауыс алған түркмендер: «Басына келіп, ант ұстасып тұрған Қараман әулие қазақтарға жақтасып кетті. Көне Үргеніштегі Шиқабір әулиеге барып, қайта анттасамыз»- деп қиқулапты. Бекет «айтқандарың болсын, ертең таң намазда сонда кездесейік»,- деп Қошанды алып, қара сәйгүлікпен ұша жөнеледі. Сонда бұны көріп тұрған түркмендер: «Құдіретін көрер көзге асырып тұрған жұртқа тайталасып болмас»,-деп мәмілеге келіпті. Міне Бекет атаның құдіреттілігі осында. Ол суфизмді ізгілік үшін дамытқан Шопан ата, Темір ата, Баян ата, т.б аталардың ұстанымдарына адал әрі әділ болды.

Сол аталарымыздың бірі-Шопан ата орны Өзен қаласынан 60 шақырым, Қызыл судан 5 шақырымдай жерде жайғасқан әулиелік орын. Тау жынысын ойып жасаған екі бөлмелі құрылыс. Оған келіп кіргенде сәл-пәл еңкеу жерге түскендей боласың. Ішке кіргенде келушілердің жайғасып, намаз оқитын, марқұмға дұға жасайтын орында, екінші сол жақтағы бөлме. Ол марқұм Шопан атаның мәңгілік орны. Қабірінің беті жұқа тастармен тегіс жабылғанда, оның бетіне ақ мата төселген.

Шопан атаны айтқанда оның қандай тайпадан шыққанын, қандай оқу орнын бітіргенін, түбекте діннің қай саласын таратқанын, өзінің кім болғанында, ғұлама жазушы, келелі ойдың кемеңгері Әбіш Кекілбаев ағамыз ел ішінде тараған аңыздарды өрнектей келіп, Шопан атаны «Маңғыстауды жайлаған түркмендердің ата руының арғы атасы Есен Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті болған»- деп береді. Түркмендердің ата руында оғыз тайпасын ерекше құрметтейтіні сол елдің тарихынан белгілі. Ал оғыздардың ІІ ғасырдың соңында Маңғыстауға келіп, Хазарларды ығыстырып, түбекке иелік жүргізді, Шопан ата осы оғыз тайпасының өкілі.

Шопан ата Қожа Ахмет Иассауиден оқып білім алады. Оның бала кезіндегі есімі Есен болатын. Білімді насихаттап, ірі оқымыстылық дәрежеге жетеді. Аңыздың бір желісінде Қ.А.Иассауи асасын лақтырып жібереді де, Мүридтеріне қарап, «Асамды алып келіңдер» дейді. Барлық балалар жүгіріп кеткенде, Есен орнынан қозғалмайды. Сол кезде ұстазы «Жұрт асаны іздеп кеткенде, сен неге қалып қойдың»- дейді. Сонда Есен: «Пірім, сіз лақтырған аса дәл іздеп барып, тауып әкеле қоятындай жерге түспеген шығар»,- деп жауап береді. Есен ата ұстазы лақтырған асаны іздеп жолға шығады. Айлап жүріп, Маңғыстаудан асаны табады. Асаны көзінің қарашығындай күзетіп жүрген адамның қызына үйленіп, аса түскен жерді үңгіп бала оқытатын орын жасайды. Қасиетімен елге танылып, халқының сеніміне бөленген хақ адам болып шығады. Екі бөлмеден тұратын мешіті әлі күнге тұр. Алдында өскен жиде ағашын Қ.А.Иассауидің лақтырған асасы дейді. Мешіттің қүрылысына келгенде шағын ғана екі бөлме тау-тасын үңгіп, жоқтан жонып бала оқытатын орын жасаған. Алайда соның өзі түбектегі мешіт құрылысының бастамасы еді. Ғасырлар бойы Шопан атаның қалдырып кеткен мұрасын жалғастыруда.

Маңғыстау түбегіндегі ортағасырлық сәулет өнеріне жататын аса көрнекті ғимараттардың бірі-Шақпақ ата ғимараты. Ол оңтүстіктен солтүстік батысқа қарай созылып жатқан Оңғазы жотасының теңізге таяған жеріндегі Сартас деп аталатын Каспий теңізінің жағасына таяу орналасқан.

Ел аузындағы аңызға қарағанда бұл өңірде шапқыншылық жорықтар үнемі болып тұрған. Сол кезде Шақпақ ата бастаған қорғанысшылар «От ұшатын қару» қолданыпты. Ол шақпақтасты бір-біріне соққан кезде ұшатын отқа ұқсас болған. Содан бастап оны қолданушы адамды Шақпақ ата деп атапты.

Тарихи ғимараттың орналасқан жері Форт-Шевченкодан-65, Таушықтан-25 шақырым шамасында. Әрі ежелден өмір тыныстамаған елді мекендерге апаратын сан жолдардың түйіскен жерінде.

Мешітке кіретін негізгі жол ғимараттың батыс жағында. Оған негізгі есіктен кіру үшін ең алдымен қолдан қарапайым түрде жасалған баспалдақтармен көтерілу қажет. Кірер есіктің оң жағында тау-тасы жабылып тегістелген. Ол жерде тіке ойық түрінде қазылған шұңқырлар кездеседі. Олардың әрқайсысына жеке-жеке адамдар жерленіпті. Осы жерде айта кететін бір нәрсе- Маңғыстау түбегінде бұрын өліктерді жанамалап жерлеу кең тараса, Шақпақ атадан ондай жағдайлар кездеспейді. Лақаттар шағын етіп қазылады да, беті тастан әдейі жасалынған қақпамен жабылады. Тіпті таудың үстіңгі бетінде тереңдігі 10-15 см-дей етіп қазылған не ойылған лақаттар да кездеседі. Дененің қалған бөлігі лақаттың сыртына шығып жатады. Алайда, ол лақатпен бірдей етіп жасалынған іші қуыс қақпақпен қуысына енеді. Қиюластырылып жабылып сызыттың бойын түгелдей тау балшығымен бітейді. Мешіттің ішіне кірген жерде үлкен зал бар. Едені мен төбесі кірер есікке қарай еңкіш. Бұл таудың үстіңгі бетіндегі салмақтан емес, әдейі солай жасалыпты. Тарихи орындардың бірқатарында құрылыстың төбесі құлап жатады. Бірақ төбеде де қабат-қабат жіктер болады. Төбе ортаға түскенде оның бір қабаты ғана түседі. Арғы жағы тегіс күйінде қала береді. Мешіттің екінші жағында шығатын есік бар. Жаулары шабуыл жасай қалғанда шәкірттер шығыстағы есік арқылы төбеге шығып кете алады. Қабырғаға салынған малдың көбіне жылқы малының бейнелері жеткілікті. Әрі олардың бәрі де сол бір кезеңдерде салынған бейнелердің салыну жүйелері дәл солай сөйлеп тұрғандай. Себебі олар түбектің өзге жерлерінде салынған бейнелердің көшірмесі тәріздес. Айталық, сол қабырғадағы бұқаның бейнесінің Зеңгі бабаға арналып салынуы өте мүмкін. Қабырғадағы жазулардан «Башим Мұхамед» деген жазуларды Шақпақ ата шәкірттерге дәріс беру үшін жазуы да мүмкін. Шақпақ ата да салынған адамның қолдары бірнеше жерде кездеседі.Солардың ішінде орта ғасырдың бірінші бастауынан қалған бейнелерде баршылық. Әсіресе кіре берістің сол жағында салынған бес саусақ ерекше назар аударғандай. Әрі ол әйел адамның қолы екені бірден байқалады. Мешіттің ішіне кіргенде балаларға дәріс беретін орынды төрт жерден байқауға болады. Іргеде оқулықтар, өзге де құрал-жабдықтарды қоятын орындар салынған. Азан шақыратын жер де бар. Шақпақ ата сәулет өнері сол кезеңді қазіргі жағдайда көзге елестеткендей, әрі бүкіл Азияда кездесе бермейтін сәулет өнерінің айрықша түрі. Біз әңгіме бастауында Шақпақ атаға кіретін есік батыс бетінде дегенбіз. Сол есіктің оң жағында жоғарыда жерден бірнеше метр биіктікте жарқабақ бар. Шақпақ тірі кезінде ме, болмаса ол кісі ақіреттік болғасын ба қалай болғанда да сол жердің бір бөлігіне бірнеше адам жерленген. Шақпақ ата да сол жерде жайғасқан болуы керек деген болжамдар да бар. 1998 жылы сол жарқабаққа үлкен  ескерткіш тақта орнатылды.

Исан ата бір ғана перзент көреді. Оның аты-Кагерман. Бертін келе халық оны Қараман ата деп атап кеткен. Қараман ата әкесінен оқып терең білім алған аса ірі діни қайраткер. Әкесінің айтуымен ол құйылыстан 6 шақырым жердегі жазықтан мешіт қазады. Бір ғажабы бір ғана төмпешігі бар, қалғаны теп-тегіс жер. Соның астын қазып, бірнеше бөлмелі мешіт жасайды. Төмпешікті тесіп, әрі жарық, әрі ауа кіретін жер жасайды. Екіншіден соның төбесінде қарауыл тұрады. Жаудың қарасы көрінсе ішке хабар береді. Әрі мешіттің ішінде бөлме көп, сыртқа шығып құтылып кететін үш жерден терезе орнын қалдырған. Сол сияқты осы мешітте аңызға арқау болған бір жол бар. Ол аңызда өзімен бірге туған Исан атаға баратын жол делінеді. Жоғарыда біз Қараман атаны кіндіктен жалғыз дегенбіз. Ал қазақта «жалғыз жаудан да қатты» деген нақыл сөз бар. Сол жағдай өзге халықтарда бар болғандай. Оның айғағы Қараман ата тірі кезінде де кешірімсіз қатал болыпты. Ол о дүниелік болғанда да қайталаныпты. Оның айғағы екі жақ дауды шешу үшін Қараман атаның басына барып, анттасатын көрінеді. Ісі қара жағы түгелдей қырылады екен. Әрі оларды жалпы қауымдыққа қойғызбай, жолдың екінші жағына өздерін бөлек жерлейтін көрінеді.

Ел ішінде сақталған тағы бір аңыз бар. Көрші отырған екі үйдің бірі жуған шархатын сыртқа жайып қояды. Шархат жоғалып оны көршісінен көреді. Ақыры екеуі Қараман атаға барып анттасады. Үйлеріне қайтып келсе, шархат иесінің іші жарылып өліп жатыр. Міне Қараман атада осындай қасиет болған.

Қараман-ата қорымының ескерткіштері ХІІ-ХVII ғасыр

Қараман ата қорымы — ескі зират орны. Маңғыстау түбегінің орталық бөлігіндегі Қандыбас қонысынан 5 км батыста. Оны 1973 ж. Республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының экспедиторлары (жетекшісі — М.Меңдіқұлов) зерттеген. Зерттеу жұмыстарының   нәтижесінде қорымнан 473 ескерткіштер есепке алынған. Бұған ортағасырлар дәуіріне жататын құлпытастар, тас қоршаулар, 19 ғ. мен 20 ғ-дың басындағы адайлық шеберлердің қолымен тұрғызылған күмбезтамдар, сағанатамдар, күрделі ою-өрнектермен өрнектелген құлпытастар, қойтастар, тас қоршаулар мен тас белгілер кіреді. Осындағы сәулет өнерінің үлкен үрдісі саналатын атақты Шойынбай күмбезі әкелі-балалы Өмір Қараұлы мен Назар Өмірұлының қолымен тұрғызылған. Қорымның батыс жағында Қараман ата жер асты мешіті,  құлпытастар және жартылай қираған алты қырлы кесене бар. Қорымның солтүстік-шығыс және орталық бөлігіңде 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың бас кезінде салынған адай тайпасының адамдары жерленген көптеген күмбезді және күмбезсіз кесене, сағанатамдар, құлпытастар орналасқан.  Жалпы Қараман ата қорымындағы құмтастан салынған архитекторлық  құрылыстардың (мазарлар, сағанатам, сандықтас, құлпытас, қабір үстіндегі қойтас және т.б.) әрқайсысы өзінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Олар халық архитектурасын айғақтайтын ашық  аспан астындағы мұражай іспеттес. Қараман ата жерасты мешіті Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінен 35 шақырым оңтүстік-батысқа қарай, Бекі аулының батысындағы Қандыбас қырқасына таяу, Қандыбас қыстағының батысынан 5 км жерде орналасқан. Онда 1000 астам қойылым бар. Олардың ішіндегі ескерткіштер XII ғасырларға жатады. Белтас-пирамида тәріздес, ескілікті тас қоршаулар, күмбезді мавзолей, сағатам, сандықтас, үштас, композициялық қойтастар көп кездеседі.

Халық аузында айтылатын аңызда бір замандарда Ақман жане Қараман дейтін ағалы-інілі адамдар болыпты. Олар халық арасында өздерінің қасиетімен атақтары шыққан екен. Бірақ бірде Қожа Ахметпен айтысып калған олар өз руластарын батысқа, Маңғыстауға бастап Қараман атаның қай жағынан да белгілі құдірет иесі болғандығы жайлы әңгіме, аңыздар көп айтылады. Оның алғаш табан тіреп, білім нәрін таратқан орны, қазіргі соның атындағы үлкен қауым тазалық, адалдық анты өткізілетін жер болыпты. Ел мен елдің, ру мен рулар арасындағы шешілмей дауға айналып бара жатқан, арты қантөгіске ұласар қиын мәселелерге осы жер тоқтау айтқан, тәубесіне келтірген. Ертеректе осы түбекті қатар жайлап, қатар өмір сүрген екі елдің арасындағы суын жылқыға бола басталған дау арты бітпес, түйіні шешілмес мәселеге айналыпты. Егер бұл дау уақытында шешілмесе оның ақиқатына жеткенше талай-талай қантөгіс болып, талай боздақтың ат жалын құшып өмірден өтетіні белгілі болатын. Ақыры екі ел Қараман ата басында анттасуға келіпті. Ол кездегі үрдіс бойынша оған Қожаңазардың кенже баласы Қошан апарылыпты. Қазылыққа құдіретіне екі елбірдей бас иіп, мойынсұнған Бекет тағайындалыпты. Тоғыз жасар Қошанды шымқай қара киіндіріп, меңсіз қара атқа отырғызып, ерінің басына біз шаншып:

-Уа, Қараман ата, біз айыпты десең бізді ат, қара айыпты десен қараны ат,-депті.

Сонда қара ат табанда қатыпты, біз анандай жерге ұшып кетіпті. Мінген аты құлап бара жатқанда Қошанды Бекет қолтығынан көтеріп алыпты.

-Бекет, сен қандастарыңа тарттың, мұнымен келіспейміз,-деп түрікмендер шу көтеріпті.

-Онда ертең осы уақытта Қаразымның бойындағы Шекепар (Шейх-Күбірә) әулиесінде кездесейік,- деп Бекет аққуға айналып көкке көтеріліпті. Көз алдындағы кереметті көрген түрікмендер өздерінің артық кеткен қатесін түсініп, әулие алдында кешірім өтініпті дейді бізге жеткен аңыздар желісі.

Күні бүгінге дейін қасиетті жердің құдіретін сезініп, пендешілік пен қағыс басқан қадамына кешірім сұрайтын жері де осы.

Ескерткішті алғаш рет 1951-1952 жылдар М.Меңдіқұловтың өлкеге келген экспедициясы зерттеді. 2002 жылы «Казпроектреставрация» қызметкерлерімен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қаратөбе — қорым (17-20 ғасылар). Маңғыстау ауданың Тұщықұдық ауылынан шығысқа қарай 30 км жерде. Қорым алып жатқан алаң (1,8 га) көп бұрыш пішіндес. Қаратөбеде 225 ескерткіш бар. Шағын ескерткіштің ішінде 6 қырлы күмбезді кесене (19 ғ.), тік төрт бұрышты сағанатам, 2 сандықтас және қорымның орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс бөлігін алып жаткан 15 кұлпытас оқшау көрінеді. Көрхана және сағанатам сары топырақ ерітіндісімен бекітіліп, құмдақты әктастан тұрғызылған және өңделген тақтатастарды қатар-қатар алмастыра салып, ұстастыру тәсілімен қапталған. Шағын ескерткіштер (жазуы бар құлпытастар, қойтастар, шимайлы жазуы бар блоктар, сандықтастар) Маңғыстау және Үстірттің мемориалды ескерткіштері дәстүрінде жасалған. Құлпытастар модельдеу жағынан жалпақ тақталар типіне жатады. Қойтастардың құрылымында ескерткіш тұғыры мен ұшын үйлестіру тәсілі қолданылған. Сандықтастар жалпақ бедерлі ою-өрнек түрлері геометриялық (квадраттар, тік төртбұрыштар, ирек-ирек оқалы белгілер), көгеріс (бүршіктер, гүлдер, жапырақтар, «қасиетті ағаш» бұтақтарының бұрамалары), зооморфтық (қосмүйіз, сыңармүйіз, түйетабан) және космогониялық (жұлдыздар, жартыайлар) сызықтарымен өзара ұштастыру жолымен жасалған.

СЕЙСЕМ АТА

Сейсем ата қорымы   Өтес елді мекенінің солтүстік-батыс беткейінде 35 шақырым қашықтықта орналасқан қорым 1982 жылдан бері республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлыгына алынған.. 2000-ға жуық ескерткіш бар, олар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Сейсем ата миф емес, өмірде болған адам. Мавзолейінің қирандысы әулиенің оңтүстік-батысында. Адамдар бірінші сол жерге барып зиярат етеді. Сейсем атаны мамандар пантеон деп атайды. Пантеон-грек тілінен аударғанда ру басы деген сөз. Бұл жерде Маңғыстаудың атақты байлары. сахи мырзалары, елді жаугершіліктен қорғаған батырлары, адай тайпасының ру басылары жерленген Әйгілі Ер Шотан, Қонай батыр, Әнет батыр, Төлеп батыр, Сүйінғара, жаңай Қожаназар, ескелді Саназар бай, ру басы Қаржау, Матай тәрізді ел жайсаңдарының мәңгілік мекені. Аралап келе жатып, күмбез там, сағана там, сандықтас, арқартас, қойтас, бестас, құлпытастардың небір сұлу пішіндерін көріп, таңдай қағыстық. Маңғыстаудың дәстүрлі сәулет өнерінің не бір кереметі осы Сейсем атаға шоғырланған деуге болады.

Қорым туралы алғашқы деректер 1825-1826 жылдары осы өлкеге келген орыс әскери экспедициясының басшысы, полковник Бергтің күнделігінде жазылған. Онда: «Бұл конус тәрізді тас және құм үйінділерден тұратын қасиетті қорым. Қорымдағы ескерткіштердің бүтін сақталғанына қарағанда түрікмендердің немесе осы түбекке алғаш табан тіреген қырғыздардікі (адайлар) болуы мүмкін» делінген.

Сейсем ата қорымындағы ескерткіш белгілер әр кезеңнің өз дәстүріне, салтына лайықталып тұрғызылған. Түбектегі барлық ескерткіштердің үлгісі осы жерде, сандықтас, қойтас, құлпытас, сағана тамдар. Ерекшелігі осы құлпытастардың, қойтастардың бір-біріне ұқсамауы, архитектуралық жасалуы жағынан әрқайсысы әртүрлі. Мавзолейлер алты қырлы, төрт қырлы, сегіз қырлы және күмбездері де бір-біріне ұқсас емес. Түбектегі тас өнерінің дамуын тастан қашап істеген шеберлердің қолтаңбасынан анық көресіз. Жәдігерлердің барлығы 300 жылдың бер жағындағы, оғыз заманынан келе жатқан дүниелер. Ал үлкен тастардан қашап, әдемі етіп салу Маңғыстауға адайлардың келген уақытынан басталады.

Ескерткіштің ең бір қызықты жері Азербайжанның Баку қаласындағы тарихи ескерткіштерге өте ұқсайтындығы. Әсіресе, кесененің ішіндегі нақышты оюлар аумайды.

 

ҚОСМОЛА (ҚОСТАМ) ҚОРЫМЫ

Сейсем ата қорымынан солтүстікке қарай Қосмолаға қорымы орналасқан. Әулие Сисем атадан он-он бес шақырым аулақта, теңіз жағасындағы үлкен шыңның басында орналасқан. Жергілікті жердің адамдары оны Қосмола немесе Қостам деп атайды. Қостам десе қос там. Айдалада, арқасын теңізге беріп, екі сәулетті қорған қатар тұр. Қосмола-қорымындағы күмбезтамдар (14 ғ) орта ғасырлардағы көшпелілердің ерекше сәулет ескерткіштері болып табылады. Кезінде үлкен діни-сәулет құрылысы болған.

Қосмоладағы кесене пирамида тәрізді. Осы өлкедегі алғашқы салынған кесене деуге болады. Алдыңғы беті ою-өрнек түрлерімен безендірілген. Төменгі сақталған бөлігіне қарағанда негізгі формасы сегіз қырлы тамға келетін сияқты. «Қосмола» кесе несі ертеде салынған құрылысқа ұқсайды. Себебі, қаланған плита тастары өңделмеген, өте үлкен әрі көлемді. Сондықтан Қосмола кесенесін Орта Азияның архитектурасына сәйкес десек, ол XII — XIV ғасырларға тұстас келеді, — деп баяндайды жол бастаушыларымыз. Бұл Қосмола кесенесінің осы өлкедегі ең ежелгі екендігін айқындайды. Бірақ қабырғаларындағы плита тастардың әуелі тігінен, сонан соң қабырғалық тастардың көлденеңінен қойылғанына қарағанда «Қосмола» кесенесін XIV ғасырдың бірінші жартысына жатқызуға әбден болады. Осы үлгіде салынған там Сейсем ата, Үштам қорымдарында, Ақшора мен Белтұран тамдарында кездесті. Кесененің сыртқы қабырғалары кесілген тастардан тұрғызылған. Ерекшелігі кіре берістегі оң жақ қабырғаның ішкі бетінде жоғары шығатын баспалдақ бар. Осындай баспалдақтар Үштам, Кентібаба қойылымдарында да кездесті. Негізінен мұндай баспалдақты тамдар теңізге таяу орналасқан жерлерде болады. Басқа жерлерде мұндай баспалдақты тамдардың кездеспеуіне қарағанда, теңізге шыққан балықшыларға белгі беру үшін салынса керек. Кесененің сыртқы бетінде аттың тағасы, адай таңба, үйірлі жылқының суреттері тасқа ойылып, қашалып жазылған. Қосмоланы қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде үйінді тас арасынан тоғызқұмалақтың тастан ойып жасалған тақтасы табылған. Олай болса, тоғызқұмалақ ойыны жергілікті жердің халықтары арасында ерте дамыған, тарихы әріде жатыр деген сөз. Реставрация кезінде түскен не сынған плитаның орындарына өз өлшемдерінесәйкес тастар кесіліп қойылды. Қабырғалардың ортасы шойтастар, сазбалшықтармен толтырылды. Табан тастарының асты қазылып, цемент араластырылған балшықтар құйылды. Қосмола мавзолейін жасаған кезде оның күмбезі болған болмағаны жөнінде пікірталастар да болған. Бірақ біз болғандығын да байқадық. Кесене құлап жатқан кезінде археологтар, жобалаушы мамандар жұмыс жасаған. Күмбезі өзінен шыққан тастарды орнына қою арқылы істелген. Ал, мазарға қаланған тастардың бәрі осы маңдағы тас карьерлерінен әкелінген.  Сол жақтағы мавзолейде бір адам, ал оң жақтағының ішінде үш адам жерленген. Арқасы, порталы шыққан тастарға қарап отырып, дәлелденді. Күмбездің биіктігі 4, кесененің биіктігі 5 метр, сонда барлығы 9 метр болады. Қасындағы моланың биіктігі 6 метр, көлемі де үлкендеу.

Ерекшелігі алдындағы порталы шығыңқы орналасқан. Артындағы камерасы алты қырлы бөлектен құралған, 30 текше метрден тас қаланды, сыртына қойылған плиталардың өзі 100 шаршы метрден асып жығылады. Оны істеген «Маңғыстауреставрация» шеберханасының шебері Қосбол Жолдасбаев талай мавзолейді қолынан өткізген майталман.

Көшпелі заман кезінде жерлеуге арналған мавзолей, бірақ қиын-қыстау кезде адамдар осында ықтап, түнеп, паналаған да болар. Ішкі көлемі кең, кітап сөрелері, шам қоятын орындар бар. Кейін медресеге айналып, бала оқытқан ба?! Көшпелілер көшіп кеткендіктен ондағы медресеге келушілер де қоныс аударады.. Сыртқы көрінісін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи ескерткішіне ұқсаттым. Маңғыстау мен Үстірт үстіндегі тарыдай шашылып, бір-бірінен шалғай орналасқан киелі орындардағы тамдарды қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Өлкенің табиғаты, жергілікті жердің материалдарын таңдап алу, судың тапшылығы, саздың құрамын анықтау, мұның бәрі сайып келгенде төзімділік, шыдамдылықты, ғылыми ізденуді талап етеді.

Киелі Маңғыстау өңірінде тарихи ескерткіштердің саны есепсіз. Көптеген ескерткіштер күні бүгінге дейін дүрыстап зерттелмеген, ал біздерге белгісіздері қанша… Кеңес Одағы кезінде «Маңғыстау өңірінде тек бейіт-корғандар орналасқан, ал қалалар бұл жерде болмаған» деген пікірлер қолданылып келген. Мұндай пікірлерге жауаптарды біз орта ғасырларға тиісті тарихи деректерден іздейміз.

Х-ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген араб географы Әл-Истахридің «Қитаб месалик ал-мамалик» еңбегінде Каспий теңізінің шығыс жағалауында Мангышлак түбегі деп аталатын және Сиякух (Қара тау) қамалының орналасқаны туралы деректерді оқимыз. Әл-Истахри былай деп жазады

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи ескерткіштерді, соның ішінде археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмыстары мемлекетгік деңгейде қолға алынды. Маңғыстауда соңғы 2 жылдың ішінде Қосқүдық, Мерет сай, Түбіжік ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жүмыстардың қорытынды-сы — Маңгыстау өңірінде өмір сүрген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихы тереңде жатқанын дәлелдейді. Бір таң қаларлық нәрсе — архитектуралық әдіс. Екі-екі жарым мың жыл бұрын құрылған ескерткіштердің тас өндеу, қалау әдістерінің қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан кұрылыстардан айырмашылығы жоқтың қасы. Ерте замандардан XX ғасырдың басына дейін Маңғыстаудан Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткені көпшілікке белгілі. Бұл тармақ Үстірт жазығы арқылы Орталық Азия мемлекеттерін Еуропамен байланыстырған. Керуен жолдары бойында көпестерге қызмет көрсететін, аралығы 25-30 шақырым қашықтықта болған керуен-сарайлар құрылған. Бұл сауда жолдары оңтүстікте Үргеніш қаласынан басталып, Ақ-жайла, Талайхан-ата, Пулжай, Дәукескен керуен-сарайлары арқылы жүріп, Үстіртке көтеріліп, екі тармаққа бөлінген. Бірінші тармағы — Үшқұдық, Әжікелді, Қосбұлақ, Белеулі, Шұрық, Құсшы, Жезді, Белдеулі, Мыңсуалмас (Қосқұдық), Үшқан керуен-сарайлары үстінен жүріп, Хан ордалы Сарайшық қаласынан — Жайық бойына, Еуропаға қарай жол алған. Ал бұл жолдың екінші тармағы Қасқажолдан көтеріліп, оңтүстік-батыс Үстірт жазығымен Барсакелмес соры арқылы Алаң қаладан Қызылқала, Шерқала, Әмір, Қаңға-баба, Қараған, Кетікқала арқылы Каспий теңізіне шығып, ол арқылы Астрахань (Хаджи-Тархан), Дербент, Баку қалаларына жеткен. Біздің назарымыз Маңғыстауда археологиялық жағынан жақсы сақталған Қызылқалаға терең ауып отыр. Бұл қаланың ескі аты тарихи деректерде сақталмаған.

Бұрын түбек аумағы республикалық археологиялық картада ақ дақ күйінде көрсетілетін. Алғашқы археологиялық экспедиция көптеген қызықты заттарды тапқан. Маңғыстау мәдениетінің көптеген ескерткіштері — өткеннің куәлері.           Олардың ішінде жартастан шауып жасалған жер асты төрт бөлмелі Шақпақ-ата мешіті бар.

Маңғыстаудың таулы ауданында жарты ғасырлық Кызылқала қамалы табылған. Түпқараған түбегінің солтүстік тілмесі бөлігінде теңіз жағалауында өте сирек кездесетін ежелгі кешенді ғимараттар табылған. Халық шығармалығының салт-дәстүрі сақталған. Шеберлер үй аспаптары мен киімдерді, зергерлік бұйымдарды безендірген, өрнектері сақталған.

Республиканың басқа аймақтарына қарағанда Маңғыстау сәулет ескерткіштеріне өте бай. Кесенелер, сағана тамдар мен құлпытастардың іргетасы мен қашап салған соңғы иіріміне дейін барлық ойын басында ұстаған, сызба мен нұсқа атаулыны білмеген белгісіз шеберлердің дарынына таң қалмауға болмайды.    Әрбір зиратты халықтық сәулетшілік өнердің мұражайы  деп атауға болады.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер2
  1. Закиржан

    Әрбір зиратты халықтық сәулетшілік өнердің мұражайы  деп атауға болады

  2. Тарбия

    Ортағасырлар тарихы оқулығында қамтылмаған аймақтықтарихи ескерткіштер туралы мәліметпен таныстым.Өз сабағымда қосымша материал ретінде пайдаланамын.Рахмет!

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ