Есту қабілеті бұзылған тұлғаларға білім берудегі зерттеу жұмыстарының барысы

Сөйлеу тілі есту қызметінің нашарлауына тікелей тәуелді. Естімейтін балалар нашар еститіндерге қарағанда даму деңгейі төмен. Естімейтін балалар сөйлеу тілін арнайы оқыту барысында ғана меңгереді, ал нашар еститіндер өздерінің есту қызметінің қалдығы көмегімен, сөздік қорын аз да болса жинай алады. Педагогикалық дерісті дұрыс ұйымдастыру үшін сөйлеу тілінің деңгейін, арнайы білім беру мекемесін анықтау мақсатында есту қызметінің деңгейін білу қажет.Сөйлеу тілінің дамуына есту қызметінің бұзылу уақыты үлкен әсер етеді. Есту қызметі бала өмірінің қай кезеңінде болмасын бұзылуы мүмкін, сөйлеу тілінің деңгейі де осыған байланысты болады. Есту қызметі қанша ерте бұзылса, сонша сөйлеу тілінің деңгейі төмен болады.

Мектеп жасына дейінгі нашар еститін балалардың сөйлеу тіл деңгейінің диапазоны кең: бала нақты заттарға қатыстырмай, жеке буындарды айтып, былдырлағаннан қысқа сөз тіркесіне тіпті аграмматизмді және онсыз сөз тіркестерін пайдаланып, сөйлеу тілін меңгерген болуы да мүмкін. Бірақ есту қызметі бұзылған бала қарым-қатынастық сөйлеу тілі дамыған кезде де оның тілінде өзіндік ерекшеліктері болады. Дыбысталудың өзіндік бұзылушылықтары болады («жазылған» артикуляция, екпінді бұрып айту және т.б.).

Нашар еститін балаларда пассивті және активті сөздігінің көлемі қатысты, ал есту қызметі қалыпты мөлшерде пассивті сөздік қорынан әлде қайда басым болады. Есту қызметі бұзылған бала өзі сөйлеу тілінде қолданатын сөздерді ғана жақсы түсінеді. Бұл балалардың сөздігінде жалпы мағыналы сөздер болмайды (керемет, жеңіс, арман, еркін, байсалды және т.б.), сол сияқты бүтіннің бөліктерін білдіретін нақты сөздер де бар. Бала ұқсас заттардың атауын білмейді. Мысалы,үй деп шалашты да, ит үйшігін де атайды. Сол сияқты мағынасы мен дыбысталуы, ұқсас сөздерді ауыстырады (бақ-гүлзар және т.б.). Мағынасы ұқсас сөздер лексиконында қажетті сөздер болмағандықтан, есту қызметі көмегімен ажырата алмағандықтан акустикасы ұқсас дыбыстарды шатастырады.

Сөйлеу тілінің тәжірибесінің аздығы, сөздік қорының таяздығы және сөздің басы мен аяғын толық естімегендіктері тілдің грамматикалық құрылысын меңгеруге әсер етеді. Жиі кететін қателіктері тоқталып өтейік:

— синтаксистік байланыстың үйлесімділігі мен ережесінің бұзылуы;

— артық шылау сөздерін қосу, ауыстыру, қоспау;

— септік жалғауларын шатастыру;

— сөздерді дұрыс қолданбау;

— сөйлем мүшелерін тастап кету.

Нашар еститін балаларда сөздің дыбыстық құрамы туралы нақты түсініктері болмайды, бұл олардың дыбысты айтуы мен жазуынан байқалады. Бала сөзді бұрыс естігендіктен сөздерді өзгерген түрінде естерінде сақтайды, сондықтан да оны қате айтып, жазады. Жиі кездесетін қателіктер түрі:

— дыбыстарды араластырып жіберу (қатаң-үнді, ұяң және т.б.);

— аффрикат;

— дыбыстарды тастап кету;

— дара дыбыстардың орнын ауыстыру және қосу;

— сөздің екпін түспейтін бөлігін тастап кету.

Бала қаншалықты кіші болса,оның арнайы сабақ «өтілі» соншалықты аз, сондықтан да жіберетін қателері де көп болады.

Сөйлеу тілінде синтаксистік құрылымдарды пайдалану, оның сөйлеу тілінің дамуына тәуелді болады.

Нашар еститін балалардың дауыс реңі кедей, сөйлеу тілі бірқалыпты, айқын емес,көңілсіз болады. Балалар жиі қайталап сұрайды, айтқан адамның артикуляциясын бақылайды. Балалардың көп бөлігі сөзге түсетін екпінді дұрыс қоя алмайды.

Ұсынылған әдістеме нашар еститін мектепке дейінгі балалардың сөздік қор көлемін, өзіне айтылған сөзді түсінуін, байланыстыра сөйлеу тілінің даму деңгейін анықтауға бағытталған.

  1. Сөздік қор көлемін анықтау және өзіне айтылған сөзді түсінуін бағалау.

Сұрақтар мектеп жасына дейінгі нашар еститін балаларда жиі кездесетін қиындықтарды талдау үшін таңдалып алынған. Сұрақтар мазмұны нашар еститін мектеп жасына дейінгі балалардың меңгеруіне қиындық туғызатын тақырыптарға негізделген. Түсініктерді жинақтауы, адамдардың кәсібін, туыстық қатынасы, табиғат құбылыстары мен заттардың белгілері туралы білімі тексеріледі. Сұрақтың әр түрлі лексикалық – грамматикалық құрылуы, өзіне айтылған сөзді түсіну деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

А). Әр түрлі қатынасты түсінуді талап ететін сұрақтар.

Алмұрт, алма, апельсин – бұлар не?

Сен қандай мамандықтарды білесің?

Алматы, Мәскеу, Астана – бұлар не?

Сен көліктің қандай түрін білесің?

Үй (жабайы) жануарларын ата.

  1. Байланыстыра сөйлеу білу деңгейін анықтау.

Бала тапсырманы орындай отырып, сюжетті суреттегі жағдайдың бірізділігін табуға міндетті. Байланыстыра сөйлеу тілінің даму деңгейін бағалап қана қоймай, ойлай білуге үйрету.

Балаға әр қайсысы біткен істі білдіретін 4 сурет ұсынылады.

Тапсырмаға нұсқау:

«Суретке қара. Суреттерді ретімен біріншісін, екіншісін, үшіншісін, төртіншісін қой. Мұнда ненің суреті салынғанын айтып бер».

  1. Сөйлеу тіл дағдыларын тексеру.

А). Істелген іс туралы есеп бере отырып, тапсырманы орындау. Әрбір балаға алты-алтыдан тапсырма беріледі.

1. Тұр. Орындықты және басқа жиһазды көрсет.

2. Менен қарындаш сұра.

3. Апельсинді емес, алма суретін сал.

4. Кітапты ал және шкафқа қой.

5. Есікті жап.

6. Ботадан апасының атын сұра.

Ә). Сұрақтарға жауап бер. Әрбір балаға алты-алтыдан сұрақ беріледі.

1. Сенің атың кім?

2. Сенің апаңның аты кім?

3. Сенің жасың нешеде?

4. Сен қайда тұрасың?

5. Қазір қандай жыл мезгілі?

6. Бүгін ауа райы қандай?

Балалардың жауаптары бағаланады және хаттамаға жазылады.

Сөйлеу тілін тексеру, үш түрлі тексеріс түрі бар әдістеме бойынша жүргізіледі.

  1. Сөйлеу тілінің дағдысын тексеруге екі тапсырма енеді: нұсқауды орындау және сұрақтарға жауап беру.
  2. Берілген екі тапсырма сөздік қорын тексеруге арналады: дыбысталу ерекшеліктерін белгілей отырып, белсенді сөз қорын бағалау мен пассивті сөздік қорын тексеру.
  3. Балалардың грамматикалық тіл құрылысын меңгеру деңгейін және байланыстыра сөйлеу дағдыларына үш тапсырма берілген: суреттер бойынша сөйлем құрау, өзінің іс-әрекеті туралы хабарлау және сюжетті сурет бойынша байланыстыра әңгіме құрастыру.

Тапсырманың барлық түрі балалармен жеке – дара жүргізіледі.

Келесі талаптарға сүйене отырып, таңдалған сөздік материал бағдарлама талаптарына сәйкес болуға міндетті. Сөздердің тізіміне қосылатын сөздер:

— нақты заттардың атын білу үшін зат есімді, осы заттардың белгілерін білдіретін сын есімді, іс-әрекетті білдіретін етістік;

— күнделікті өмір, қоршаған орта туралы балалардың түсінігін білдіретін және әр түрлі сабақтар кезінде, түзімдік жағдайларда жиі қолданылатын сөздер;

— иллюстративтік материалды пайдалана отырып, олардың түсініктерін тексеру сөздері.

Нашар еститін балалардың сөйлеу тілінде жіберетін қателіктері жазған кезде де қайталанады. Жазу барысында жіберілетін қателіктер есту қызметінің бұзылу түріне тәуелді: кондуктивті бұзылу кезеңінде төменгі және орташа жиіліктегі дыбыстарды (У,О,Ы,Р,Л,М,Н,Д,Г,Б,Х,Т,Ц,В,К), ал нейросенсорлық бұзылыстар кезінде жоғары жиіліктегі дыбыстарды жіктеу қиынға түседі (И,Ә,Ш,Ж,Ч,Щ,С,З,Ф), сондықтан көрсетілген дыбыстарды жазған кезде олар түсіп қалады, ауыстырылады немесе араласып кетеді.

Сөйлеу тілінің дамуына баланың мектепке дейінгі тәрбиесі үлкен әсер етеді. Балаға арнайы көмек қаншалықты ерте көрсетілсе, соғұрлым оның сөйлеу тілінің қалыптасуы дұрыс дамиды. Балалардың арнайы мекемелерге баруы (балабақша, есту қабілеті мен сөйлеу тілі бойынша зертхана жанында ашылған топқа және т.б.), сол сияқты олармен мақсатты бағытта жүргізілген жұмыс балалардың мектептегі даму деңгейіне әсер етеді.

Баланың сөйлеу тілінің дамуына оның тұрақты зейіні, салмақтылығы, есте сақтау қабілеті, зердесінің дамуы және жалпы дамуының әсері, оның арнайы педагогикалық жағдайда құрылған сөйлеу тілін жақсы және тез меңгеруіне себебін тигізеді.

 

Баламен жүргізілетін дамыту түзету жұмысын дер кезінде бастау үшін, баланың өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ естуіне зер салу керек, қажетті көмек неғұрлым ерте басталса, бала еститін құрбыларынан көп артта қалмайды. Есту қызметі сәл төмен болса да, егер арнайы оқытпаса, жасқа толғанда ешқандай сөз айта алмайды.

Баланың дыбысты қабылдауы біртіндеп қалыптасады,әрбір жастың өзінің ерекшелігі бар. Бала құрсақта жатқанда да дыбысты сезінеді. Бұны арнайы құралдар көмегімен дыбыс дабылы берілгенде баланың жүрек соғысының жиілігінің өзгеруі анықтайды. Бала өмірінің алғашқы сағаттарында арнайы тексеру арқылы баланың есту қызметін анықтауға болады.

Баланың есту қабілетін өмірінің екінші-үшінші апталарынан, ешқандай арнайы құралсыз оның дыбысқа деген реакциясын бақылауға болады. Есту қызметін жұмылдыру дегеніміз –бұл бала ағзасының сыртқы тітіркендіргіштерге деген реакциясы. Бұл реакция балаға жақын жерден шыққан қатты дыбыс пен айқай кезінде пайда болады. Бірнеше секундта (кейде 15-20 сек.) бала қозғалмай тына қалады. Кейде дабылдың дауысы тоқталғанша созылады. Бұнда реация алғашқыда дыбысталатын ойыншыққа, кейіннен дауысқа пайда болады.

Нәресте өмірінің екінші айының бірінші аптасында сөйлеп тұрған ересек адамға қарап жымияды, содан сәл кейінірек (2 ай 2 аптадан соң) дауыс реакциялары пайда болады. Бала ересек адаммен сөйлескен сияқты болады. Баланың бұл жымиуы мен гуілдеуін ата-аналары баланың өздеріне Берген жауабы деп ойлайды. Бірақ бұндай реакция естімейтін балаларда да болады. Бұл реакция балаға қараған жылы жүзден, көзқарастан туындайды.

2-3 айда (шала туған, әлсіз балаларда 3,5-4 айда) еститін нәрестеде дыбыс шыққан жаққа басын бұру, көзін аудару сияқты дыбысқа реакция пайда болады. Зерттеушілер бұл реакция алғашқы реет Адам дауысына пайда болатынын байқады. Бала басқа дыбыстарға назарын кеш аударады. Реакциялардың жылдам пайда болуының өзіндік ерекшеліктері бар. Кейбір балалар дауыс шыққан жаққа сол сәтте, екінші бірі дыбыс тоқталғанда, ал басқалары тоқталғаннан кейін 0,5 минуттан соң ғана басын бұрады. Нәресте ең алдымен дыбыс бағытын оң және сол жағынан, кейіннен артынан шыққан дыбысты ажырата алады. Ең кішкентай бала 3 м аспайтын қашықтықтағы дыбысқа басын бұрады, тек алты айдан ақанда ғана 5-6 м жердегі дыбысқа көңіл аударады.

3 айдан 6 айға дейінгі көптеген балаларда айқайға немесе бөтен дыбыстарға деген кері реакциялар пайда болады. Бала тітіркеніп, көзін кең ашып, тына қалады, содан кейін бетін тыжырайтып, қызарады, кейде 10-15 сек кейін айқайға басады. Бұл реакция тұрақсыз, бұл баланың жағдайына, әсіресе оның өзіндік ерекшеліктеріне тәуелді. Бұндай реакция көп жағдайда қорқақ балалар бойында тіпті, сәл тітіркендіргіштерге де пайда болады.

Сонымен балаларды мұқият бақылай отырып, есту талдағыштар дамуының қалыпты мөлшерден ауытқуын ерте жастан-ақ байқауға болады. Егер бала дыбыс шыққан жаққа басын бұрмаса, ешқандай реакциясы болмаса, баланың жымиып күліп, былдырлағанына алданбаған жөн.

Осындай қауіпті белгілер байқалысымен, баланы жақын арадағы сурдолог дәрігерге немесе арнайы ғылыми орталықтағы мамандарға көрсету керек. Мамандар баланың есту қызметі жағдайының диагностикасын жүргізіп, қажетті жағдайда есту аппараттарын таңдайды, дефектолог педагог баламен жүргізілетін оңалту сабақтарының әдістемесімен таныстырады.

Бала өмірінің алғашқы 1,5 жылдағы жас ерекшеліктері ескере отырып, есту қызметін ПМПК жағдайында объективті әдістермен, шартсыз бағдарлы реакциясын тіркеу негізінде жүргізіледі.

Әлі отырмайтын баланың жөргегін шешіп, бөлейтін үстел үстіне жатқызады. Баланың жымиысын, аяқ,қол қозғалысын туғызу үшін сурдопедагог балаға еңкейіп, еркелете сөйлейді.

Ол ашық түсті ойыншықты баланың көз алдында 30-40 см қашықтықта оңға, солға аыстырып, баланың көңілін аударады. Көмекші сол сәтте оң немесе сол жағына қашықтықта шарманка дауысын шығарады. Сурдопедагог баланың реакциясын бақылайды. Егер балада ешқандай реакция болмаса, көмекшісі 0,5 м жерге жақындап, қайтадан дабыл береді. Реакциясы болмаған жағдайда тағы да қашықтық азайтылады, естімеген жағдайда баланың құлағынан 5-10 см қашықтыққа жеткенше жақындатыла береді. Қандай қашықтықта алынған дыбысты болмасын тексеруші белгілеп, баланың дыбысты қабылдайтын қашықтықтығын анықтайды. Содан кейін сол дыбысты басқа жағынан шығарып, реакциясын тексереді. Хаттамада баланың реакциясының болмауын, қай қашықтықта пайда болғанын, дыбыс бағытын анықтай алатын қабілетін белгілейді. Содан кейін осындай әдіспен сылдырмақ, сыбызғы, сырнай, ысқырық ең соңында даңғара беріледі.

Бұл зерттеулерден кейін тексеру сөйлеу тіліне, дауыстың қаттылығына реакциясы тексеріледі. Егер балада 1 метрден артық қашықтықта дауысқа реакциясы байқалса, белгіні сыбырлап беруге де болады.

Сәл ересек бала үстел басында шешесінің алдында отырады. Сурдопедагог қарсы алдында отырып, баланың көңілін ойыншықтарға аударады. Бұл кезде оның көңілін ойыншыққа толық аудармау керек. Бұны баланың желкесіне сәл үрлеп тексереді. Егер бала оған бұрылмаса ойыншықты ауыстырады немесе мүлдем алып тастау қажет. Ең алғашқы дабылды көмекшісі артқы жағынан 5 м қашықтықта береді, 1 м қашықтықта естілген дабылды оған оң жағынан, сонан кейін сол жағынан қайталайды. Бала дыбысты қандай қашықтықта естиді, бағытын анықтай ала а сонны білу қажет. Бұндай балалар зерттеу жоғары көрсетілген әдістермен тексеріледі.

Бұл тексеру нәтижесінде баланың дыбыстар мен дыбыстарға деген реакциясы анықталады:

1)           Баланың қандай ойыншықтың дыбысын және қандай қашықтықтан еститінін, дыбыстың бағытын анықтай білетінін білу.

2)           Баланың сыбырға және дауысқа деген реакциясын анықтау.

3)           Баланың синтетикалық дыбысқа (аудиометр екпіні), қандай жиілік пен қарқынға деген реакциясын білу.

1,5 жасқа дейінгі балаларда есту қызметінің төрт деңгейі ерекшеленеді:

Бірінші деңгей жас ерекшелігіне қарай есту қызметі қалыпты мөлшерде.

Есту қызметі қалыпты мөлшердегі балалар сөйлеу дыбыстарына жатпайтын дауыстар жинағын 3-5 м қашықтықтан естиді. Баланың барлық дауыстарды (шарманкадан даңғараға дейін) қабылдауы оның жас ерекшелігіне тәуелді, оның жасы кішкене болса, белгі жақын жерден берілу керек.

Үш айдан асқан бала дыбыстың оң, сол, артынан естілуін аңғаруы қажет.Сөйлегендегі дауысты, сыбырды 5м қашықтықтан естиді. Синтетикалық дыбысқа барлық тексерілетін жиілік диапазонында 30-70 дб қарқынында реакциялары байқалады.

Кейбір жағдайларда балаларда аудиометр екпініне реациясы болмайды. Тексерушілер бұл балалардың өмірінің бірінші жылдарында болатын жағдай деп есептейді, реакциясының болмауы баланың есту қызметі кемшілігіне емес, жас ерекшелігіне байланысты. Басқа белгілерге – дауысқа, дыбысталатын ойыншықтарға – реакция түрін білу маңызды.

Есту жағдайының екінші деңгейі – кереңдік. Бала барлық дыбыс белгілеріне көңіл бөледі, бірақ дыбысталу қашықтығы тұрақсыз 0,5-5м көлемінде өзгеріп тұрады. Максимальды қашықтықта айқын төменгі жиіліктегі дыбысталу қабылданады. Егер балалар 1м кем емес қашықтықтан шыққан дыбысты еркін қабылдай алса, онда олар дыбысты локализациялауға қабілетті. Сәл кереңдігі бар балалар 0,3 – 1м, қатты сөйлегенде дауысты ести біледі. Синтетикалық белгіні 4000-600 Гц диапазонында 45-100 дб қарқында қабылдай алады; бұл белгілердің бағыты анықталмайды.

Есту жағдайының үшінші деңгейі – ауыр кереңдік. Бұндай балалар сөйлеу тіліне жатпайтын белгілердің бірең-сараңын ғана қабылдайды. Айқын жоғары жиіліктегі дыбыстар есебінде олардың саны азаяды. Жоғары жиіліктегі белгілерді қабылдау қашықтығы 0,1-0,3м дейін, ал орташа және төменгі жиіліктегі белгілерді қабылдау, үнемі өзгеріп тұратын тұрақсыз қашықтығы 2,5-5м дейін. Егер бала 1м кем емес қашықтықта шыққан дыбыс белгісін қабылдай алса, онда ол дыбысты локализациялауға қабілетті. Көптеген балалар қатты сөйлеген дауысқа мән бермейді. Синтетикалық белгіні шектелген диапазонда (2000 Гц дейін) 50-100 дб қарқында қабылдай алады. Бұл ынталандырылушы белгі локализацияланбайды.

Есту жағдайының төртінші жағдайы – саңыраулық. Саңырау бала бірнеше дыбыстарды ғана қабылдай алады (негізінде төменгі жиіліктегі дыбыстар — даңғара). Дыбыстың шығу жеріне дейінгі қашықтық 2,5-5м дейін болуы мүмкін, кейбір саңырау балалар ынталандыру белгілерін мүлдем қабылдамайды. Синтетикалық белгіге 500-1000 Гц диапазонында 70-100 дб қарқынында синтетикалық белгіге реакциясы болады. Бұл балалар дыбыстың шығу тегін анықтай алмайды.

Есту қызметін бағалауға берілген бұл әдіс педагогикалық әдіс деп аталады. Бұл әдіс негізінде аңғарым қоюға, баланың есту қызметін біздің елімізде қабылданған жүйе арқылы жіктеуге болмайды (Б.С.Преображенский, Л.В.Нейман, Е.Н.Харшак). Бұл әдістеме есту қызметінің бұзылу түрін (кондукативті немесе нейросенсорлы), есту сезімталдық деңгейін, сүйек өткіздігішін анықтай алмайды. Бұл зерттеулер баланы зерттеуге дайындауды, немесе объективті әдстерді пайдалануды ұсынады. Баланы мектепке дейінгі мақсатты есту қызметінің деңгейін нақтылайды.

Оқыту барысында, қалдық есту қызметін дамытып, есту қызметінің жағдайын нақтылайды.

Сонымен, диагностикалық тексеру кезінде балалардың дыбысты ойыншыққа, дауыс пен сыбырға және де аудиометриялық тексеру нәтижелерін жинақтай отырып, түзету жұмыстың бастапқы кезеңінде-ақ есту қызметінің нашарлау деңгейін бағалауға болады.

Алынған мәліметтер негізінде есту қызметі қалыпты мөлшерде, кереңдіктің жеңіл, орташа, ауыр түрі бар және саңырау балалар анықталады.

Есту қызметі қалыпты мөлшерде дамыған балалар барлық ойыншықтардың дыбысталуын және сыбырды 5м қашықтықта естиді.

Жеңіл кереңдікті нашар еститін балалар ұсынылған барлық ойыншықтардың және сөйлеу дауысын 4м қашықтықтан, ал сыбырды құлақ қалқанынан 1,5-2м қашықтыққа дейін естиді.

Аудиометриялық тексеру кезінде бұл балалардың қабылданған жиіліктегі 55 дб дейінгі толық диапазонында есту қызметінің нашарлауы байқалады.

Ауыр кереңдікті нашар еститін балалар төменгі және орташа жиіліктегі ойыншықтар дыбысын 3-4м, ал биік жиіліктегіні құлақ қалқанынан 0,1-0,5м, сөйлеу дауысын 0,4-1м (сыбырды естімейді) қашықтықта естиді. Бұл балалардың есту қызметінің төмендеу диапазоны 4000-8000 Гц 75-85 дб жиілік деңгейінде болады.

Саңырау балаларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа қалдық есту қабілеті бар балалар жатады. Олар төменгі жиіліктегі, жоғары жиіліктегі ойыншықтардың дыбысталуын естімейді.

Олар сөйлеу дауысын құлақ қалқанынан 0,3м қашықтықта қабылдайды. Аудиометриялық зерттеуде қабылдайтын 2000-8000 Гц жиіліктегі 85-100 дб диапазон деңгейінде есту қызметінің нашарлауы байқалады.

Екінші топқа қалдық есту қызметі өте аз балалар жатады. Олар төменгі жиіліктегі даңғара дыбысы мен құлақ түбінде айтылған сөздерді ғана қабылдайды. Бұл балаларда есту қызметі жиілігі тарылған диапазонында 100 дб-ге дейін төмендеген.

Есту қызметін педагогикалық тексеруді аудиометриялық зерттеу нәтижелерімен салыстырғанда, әр түрлі факторларды есепке алу керек. Оның бірі төменгі жиілікті қабылдау қабілет деңгейі. 125 және 250 Гц жиілікті қабылдау қабілеті жақсы нәтижелерді күтуге болады.

Әсіресе, түзету жұмысы ерте, 1,5 жастан басталған балалардың есту қызметінің педагогикалық және аудиометриялық зерттеу мәліметтерін салыстырудың маңызы зор.

Сәби жастан балалардың есту қызметі жағдайы туралы алғашқы педагогикалық мәліметтерді баланың шартсыз бағдарлы рефлекстерін тіркеу негізінде алуға болады. Жұмыс алғашқы күннен бастап-ақ балалардың есту қызметін дамыту бойынша мақсатты бағытталған жолмен жүргізіледі. Осы жұмыс барысында 1,5-2 жастағы балаларда әр түрлі дыбыс белгілеріне шартты қимыл реакциясы қалыптасады. Осының көмегімен тек ойыншықтардың дыбысы мен дауысқа ғана емес, сонымен қатар аудиометр тонын қабылдауға да мүмкіндік туады. Ерте жастан бастап жүргізілген жұмысқа орай, есту қызметін педагогикалық тексеруде жақсы нәтиже алуға болады.

Есту қабілетін тексерудің жоғарыда берілген зерттеу әдістері баланың есту қызметі төмендеген бе, төмендеу деңгейі қандай деген сұрақтарға жауап алуға көмектеседі. Есту талдауыштарының бұзылу түрін (кондуктивт немесе нейросенсорлық) анықтаудың да маңызы зор. Бұны аудиолог – дәрігер әр түрлі аудиометриялық тестер негізінде анықтайды.

Қатты, кенеттен шыққан дыбыстарға бала өмірінің алғашқы күндерінен-ақ реакция пайда болады, ал 3-4 айда бала дыбыс шыққан жаққа басын бұрып, көзімен іздейді. Есту қызметі қалыпты дамыған бала жоғары жиіліктегі сылдырмақ, қоңырау дауысын, төменгі жиіліктерді (даңғара дауысы) қабылдайтын қашықтықты ескеру керек.

1,5 жасқа дейінгі баланы тексеруге алдын-ала дайындаудың қажеті жоқ, қайта дыбысқа деген шартсыз бағдарлы реакциялардың тежелуін тудырмас үшін, есту қызметін тексеру үшін үй жағдайындағы дыбыс белгілерін үздіксіз қайталауды тоқтатқан жөн. 1,5 жастан бастап баланы есту қызметін зерттеуге дайындауды , сөзге және ойыншықтардың дыбысына шартты қимыл реакциясын жетілдіруді бастайды. Бұндай дайындық баламен жұмысты берілген уақытта бастауға және диагностикасын түзетуге мүмкіндік береді.

Ата-анасына баланың реакциясын бақылау күнделігін жүргізген пайдалы. Күнделікте баланың қандай дыбыстарға, қандай қашықтыққа реакцияларын, дыбыстың шығу жерін анықтайтын туралы белгіленеді.

Баланың жасына байланысты күнделікке шартсыз бағдарлы реакциялар негізінде (1,5 жасқа дейін), немесе шартты қимыл реакциясын жетілдіру негізінде алынған нәтижелер белгіленеді.

Сонымен, есту қабілеті дамыған балада сыбырға 6м қашықтықта реакция болу міндетті; егер бала тексеру кезінде ешқандай белгіге көңіл аудармаса, бұл тексеруді бірнеше күннен кейін қайталау керек, осы уақыт ішінде баланы дайындау қажет; егер бір-екі белгіге ғана реакциясы болса, бұл есту қызметінің төмендеуін білдіруі мүмкін. Баланың есту қызметінің төмендеу қауіпіне байланысты, ол арнайы аудиологиялық тексеруге жіберіледі.

Мектеп жасындағы балалардың есту қызметін тексеру

Бұл тексеруге бірнеше сөздер тізімі ұсынылады, әрбір нұсқада жоғары және төменгі жиіліктегі сөздер кездеседі.

Сөздердің дәйектілігі – берілуге арналған, қайталанатын, бірақ дара сөздер (бірден төртке дейін) әр түрлі тізімде кездесуі мүмкін, бір сөздің реттік нөмірі 10 сөздің арасында бір реет қайталанады.

Мектеп оқушыларының есту қабілетін тексеру мектепке дейінгі балалардың есту қызметін тексеру әдісіне ұқсас. Берілген сөз әрбір құлаққа кезекпен қайталанады.

Есту кемістігі бар баланы психологиялық-педагогикалық тексеру оның даму еркшеліктерін Жан-жақты тексеруді қамтамасыз ететін психологиялық тексеру кешенінің бір бөлігі болып табылады.

Баланы психологиялық – педагогикалық тексерудің негізгі мақсаттары: баланың психикалық даму деңгейін анықтау, психикалық күйінің қалыптасу ерекшеліктерін жіктеу, психикалық дамудың бұзылу түрі мен деңгейін анықтау.

Психологиялық – педагогикалық тексеру міндеттері:

  1. Баланың сезімдік және коммуникативті даму деңгейін анықтау және мінездеме беру.
  2. Сенсорлық және қимыл-қозғалыс қызметтерінің даму деңгейін анықтау және мінездеме беру.
  3. Ақыл-ой және сөйлеу тіл деңгейін (сөйлеу тілінің психологиялық қызметін зерттеу) анықтау және мінездеме беру.
  4. Оқу және ойнау, манипулятивті, заттық қызметтерінің даму деңгейін анықтау және мінездеме беру.
  5. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау деңгейін анықтау және мінездеме беру.
  6. Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа мінездеме беру.
  7. Психикалық дамуды бағалау, баланың өз мүмкіндіктерін, сол сияқты түзету көмегінің жағдайы мен жолдарын анықтау.
  8. Балаға түзете көмек көрсететін ата-аналарға, мамандарға арналған нұсқауларды жетілдіру.

Психологиялық-педагогикалық тексерудің негізгі әдістеріне бала анасымен әңгіме (сұрау), баланың психологиялық жағдайын бақылау және зерттеу жатады.

Баланың анасымен әңгімелесу баланың психикалық және сөйлеу тілінің дамуы туралы нақты мәліметтерді алуға бағытталған. Анасына қойылатын сұрақтар баланың дамуын анасының бағалауына емес, оның өмірінің нақты жағдайлары туралы мәліметтерді алуға негізделген. Баланың анасымен әңгіме барысында оның балаға деген көзқарасын, онымен сезімдік қарым-қатынасын ұғынуға мүмкіндік туады. Тексеруші баланың өз пікірін сөзбен білдіруді талап ететін вербальды нұсқауды орындаудың шектеулі болғандықтан, есту қызметі бұзылған баланы тексеруде бақылау әдісі негізгі әдістердің біріне жатады. Баланы бақылау тексеру барысында жүргізіледі. Психолог бақылау барысында баланың психикалық даму ерекшеліктерін білдіретін белгілі бір кезеңдерді анықтай алады: жаңа жерге, бөтен адамдарға реакциясын, қарым-қатынасқа түсу ерекшеліктерін, вербальды қатынас құралын пайдалану, жалпы көңіл-күйін, баланың белсенділігін, қоршаған ортаға деген қызығушылығын, тапсырманы орындаудағы жетістікпен сәтсіздіктерге, ересектің ескертуі мен қолдауына, сезімдік реакциясы өз ісін сынауы, мінез-құлық реакциялары: гипо және гипер белсенділік, әсерлі лабильділік, қатты қозу, әлсіреу және т.б., сол сияқты анасының балаға деген сезімі, олардың арасындағы әсерлі өзара қарым-қатынас.

Баланың психикалық даму ерекшеліктерін терең зерттеу, оның бұзылу деңгейі мен түрін анықтау үшін «оқыту» тәжірибесі түрінде берілетін байқау зерттеу әдістерін қолдану қажет. Оқыту тәжірибесі әдістемесі баланың оқуға жарамдығын анықтау мақсатында әр түрлі көмек түрлерін енгізуге негізделген. Тексеру үдерісінде көмектің келесі түрлері пайдаланылады: іс-әрекетті еліктеу бойынша орындау, іс-әрекетті ишаратты пайдалану, еліктеу және сөздік нұсқау бойынша орындау.

Байқау зерттеулерін жүргізуде келесі қағидаларды басшылыққа алу қажет:

— баланың күнделікті орындайтын іс-әрекетін психикалық үлгілеу (заттық, ойынды, оқуды);

— берілген тапсырманың бала мүмкіншілігі мен жасына сәйкес және оларға орындау жолын түсіндіру.

Есту қызметі бұзылған балалардың көпшілігі сөйлемейді немесе өте нашар сөйлейді, сондықтан тапсырмалар вербальды емес түрде берілу қажет (ауызша түсіндіру пайдаланбайды). Орындалу жағдайы материалдың өзінде берілген немесе ишаратымен түсіндіріледі. Баланың іс-әрекеті оның жауабы ретінде беріледі. Мектеп жасындағы балаларды тексерген кезде қажет болған жағдайда сурдоаударманы пайдалануға болады:

— сапалы талдау деп берілген сынақтарды орындау нәтижесін есептеуді ғана емес, баланың барлық психикалық қызметін мұқият қарауды, оның ағымының жалпы қарқынын, сынақты орындау түрін, оқуға жарамдығын талдауды айтамыз.

Психологиялық-педагогикалық тексеруді медициналық тексеруден кейін жүргізген дұрыс, себебі есту қызметі бұзылған балада психикалық даму қызметінің диагностикасы үшін амнестикалық мәліметтер, соматикалық, неврологиялық, психикалық статустары, есту қызметі мен оның диапазон деңгейінің төмендеуі, қимыл және көру қызметтерінің сақталуы туралы мәліметтер өте маңызды. Ең алдымен бала қалдық есту қызметін тұрмыста қалай пайдаланатыны, қарым-қатынаста сөйлеу тілін пайдалануы, пайдаланса қандай көлемде екенін анықтау қажет. Психолог осы мәліметтерді талдауға, тексеруді қажетті бағытта жүргізуге, зерттеу әдіс, тәсілін мақсатты түрде қолдануына мүмкіндік береді.

Зерттеу әдісі мен тәсілін таңдау баланың жасын, оның моторлық, сенсорлық, ақыл-ой мүмкіндіктерін есепке ала отырып, оған қажетті жайлы жағдайды ұйымдастырады.

Зерттеуді балаға оңай және қызықты жеңіл тапсырмалардан бастап, баланың жас және мүмкіншіліктеріне қарай біртіндеп күрделендіру қажет.

Баланы оның іс-әрекетін сөзбен, ишаратпен, ыммен оның тапсырманы қалай орындауына қарамай үнемі қолдау қажет.

Ерте жастағы балаларды психологиялық-педагогикалық тексерудің өз ерекшеліктері бар. Балалар тексерушілермен бірден қатынасқа бармайды және берілген тапсырманы орындауға кірісіп кетпейді. Бұл біріншіден 8-9 айдан 2 жасқа дейін балаларда үйренбеген жерде, бөтен адамдарға деген қорқыныш, ұялу сезімдері, екіншіден өзндік қорқыныш (ақ халат, жанасу, кеңістікте орын ауыстыру және т.б.) қырсықтық, негативизм және т.б. көрінеді. Жағымсыз қарым-қатынаста немесе шаршағанда тексеру тоқтатылады. Алғашқы бірінші қабылдауда балаға оның жасына қарай 3-4 сынақтан артық беруге болмайды.

 

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер3
  1. Назым

    Бұл сайтқа мақаланы қалай тіркедіңіз. Мен сабақ жоспарларымды жібере алмадым.

  2. Назым

    мақала ұнады,жақсы қамтылған.

  3. гаухар

    өте керемет жазылған барі анық түсінікті

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ