Ізденген жетер мұратқа

«Өмір бойы білім алу» — әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс»,

Елбасы халыққа арнаған Жолдауынан.

Мен — 33 жылдан бері ұстаздық етіп, білгенін  балаға үйретуден жалықпай  келе жатқан ұстаздардың бірімін.  Бірінші  «бетпе — бет»  кезеңінің бірінші сабағында  танысу барысында : «Мен базардан қайтып келе жатқан адаммын. Артыма қарасам базардан әлі  де алынбаған затым бар екен. Соны алуға келдім», — дегенмін. Шынында да, менің алатыным әлі бар екен.  Оған осы курсқа келгенде  көзім жетті.  Педагогикалық қызметкерлерінің 3 айлық курсын аяқтағаннан  кейінгі  төрт айдағы  менің   іс-тəжірибем түбегейлі өзгерістерге толы болды.  Әрине  көптеген қиыншылықтар болды. Алғашқы кезде  «оқушылар осы тапсырманы орындай алар ма екен?» деген күдікті сұрақтарды  көп ойлайтынмын. Келе-келе ол күдіктен де арыла бастадым. Бұрын мен өз сабақтарымда  топтық  жұмысты пайдаланғаныммен, сол топтармен ынтамақтастықта нәтижелі жұмыс атқаруға жете көңіл бөлмеген екенмін.Ал осы курстан кейін мен топтық жұмыстың сан алуан  əдіс-тəсілдерін меңгере отырып,оның оң жақтарын түсініп, өзімнің іс-тəжірибеме енгіздім. Топқа бөлу кезінде көптеген қиыншылықтар да кездесті. Өйткені сыныптағы оқушылардың  жас ерекшеліктеріне  қарай  қабілеті әлсіз оқушылар бір топқа жиналып қалуы мүмкін.  Бұны болдырмау үшін топқа бөлу кезінде  әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып,  оқушылардың топқа  дұрыс бөлінуіне көңіл бөліп отырдым. Сонымен бірге, топтағы барлық оқушының сөйлеуін қадағалап отырдым.zhma

Выготскийдің оқыту моделі оқушы диалог құру нəтижесінде білім  алады деп жорамалдайды.  Осы орайда оқушыларға  қызғылықты тапсырмалар мен ойлауын дамытатын сұрақтар беріп, білімін дамытуға  қолдау жасап отырдым.  Диалог құру, сауал, топпен жұмыс тәрізді  іс-әрекеттер баланың білімін жетілдіріп отырды. Оқушыда ізденіс пайда болды. Дұрыс қойылған сұрақ, оқушының дұрыс ойлауына жол ашатынын байқадым.   Сабақта  оқушыларға қойылатын  дəстүрлі сұрақ орнына  жоғары дəрежелі сұрақтардың қойылуы оқушыны бір-бірімен ой бөлісуге  жетеледі.Сабаққа қызығушылығы төмен оқушыларда серпіліс пайда болды.

В.И. Павловтың пікірінше оқушылардың  бейімділіктері мен қабілеттерін дамыту үшін  оларға өз күштерін əртүрлі жұмыс түрлерінде  байқап көру мүмкіндігін беру қажет. Мерсер  енгізген «Оймен бөлісу» диалогі арқылы  жүзеге асады, олар ойымен, білімімен бөлісу  барысында əңгіме пайда болады. Мерсер  əңгімелесудің үш түрін: əңгіме дебат, топтық  əңгіме жəне зерттеушілік əңгіме түрлерін  анықтайды. Мен  сабақта осы  əңгімелесу түрлерін пайдалануға тырысқаныммен, топтық әңгімеге ғана қол жеткізе алдым.

Бағдарламаның  модульдері бір-бірімен  тығыз байланысты. Оқыту мен  оқудағы жаңа тəсілдер: қалай оқу керектігін  үйрену, сын тұрғысынан ойлауды үйрету, оқыту үшін бағалау жəне оқуды бағалау, оқытуда  АКТ қолдану, талантты жəне дарынды балаларды оқыту жəне оқушыларды жас ерекшеліктеріне сəйкес оқыту модульдерін бір- бірінен  ажыратып пайдалану мүмкін емес. Модульдердің барлығы қазақ тілі мен әдебиеті пəні сабақтарында  қолдануға ыңғайлы жəне өте тиімді. Мен бағдарламаның жеті модулін түрлі əдіс-тəсілдердің көмегімен сабаққа  кіріктіру арқылы тек пəнге ғана үйретіп қоймай, оқушыларды жан-жақты дамыған, метатанымы жоғары, өмірде осы алған білімдерін қолдана алатын тұлға қалыптастыру керек екенін түсіндім.  Топтық, жұптық жұмыс барысында оқушылардың қызығушылығы жоғарылады, балалар бір-бірлерін тыңдауға, өзара сыйластыққа,басқаның пікірін қабылдай білуге үйренді.

Сабақтың тұсау кесер бөлімінде қолданған ДЖИГСО әдісі  тиімді болып шықты. Өйткені бұрын мұғалім түсіндіріп, өздері тыңдап үйренген балаға сабақты өз бетінше  меңгеріп, оны сыныптастарына түсіндіру ерекше әсер етті. Бұл кезеңнен байқағаным, оқушылар  топта жұмыс жасаған кезде жауапкершілікті сезіне алды.  «Не айтар екен» дегендей  бір — бірін ықылас қоя отырып тыңдады.  Сонымен бірге, топ мүшелері ынтамақтаса отырып жұмыс жасады. Бұл жұмысым сәтті өтті. Өз  бетінше  түсінуге, түсіндіре алатындарына көздері жетті, сенімдері оянды.

Кембридж бағдарламасының  үш айлық   курсында қаншама  қызықты əдіс-тəсілдерді үйрендім.  Инсерт, қос жазба күнделігі, сұрақтар бұрқасыны, кезбе тілші,  ойлаудың алты қалпағы,     аквариум, джигсо  əдіс-тəсілдерін қолдана отырып өткізген сабақтарым сəтті шықты.    Бұл әдіс-тәсілдер менің іс-тәжірибемді ғана толықтырып қоймайды екен.   Сонымен бірге оқушылардың да топтық жұмыс барысында табысты жұмыстар атқаруының кепілі болатынын білдім.  Шульманның «мұғалімнің үш көмекшісі»   ұстаздардың  жұмысының  табысты болуына өз үлесін  қосатынына  көзім жетті.

Джон Хэттидің «Көзге көрінетін оқытуда»  айтылғандай «Жақсаруға қол жеткізудегі ең  ықпалды қару – кері байланыс» демекші  оқушылардан  алған кері  байланыс   сабақ жоспарын жасауға  көп көмегін  тигізді. Солар арқылы əрбір оқушының    жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік берді, солар  арқылы қандай əдіс-тəсіл ең тиімді болды, қандай тиімсіз екендігін, солар арқылы нені өзгерту керек екенін күнделікті анықтап отырдым. Кері байланыс тек қана сабақ соңында ғана  жасалып отырды.  Кері байланыс жасауда сабақ соңындағы рефлексия және  «Сұрақтар  қорабына»  жазылған сұрақтар  өте  тиімді болды.          Lesson study–дің басты мақсаты- оқушыларға білім алуға көмектесу .  Жеке оқушылардың қажеттіліктеріне қарап оқыту, мұғалімдермен біріге отырып жұмыс істеу.  Осы орайда мен  ғана емес барлық мұғалімдерде қиындық туды деп есептеймін.  Тәжірибелік  білімді әріптестермен   бөлісу  тек көрнекі сабақтарда ғана жүзеге асты.  Ал күнделікті сабақта Lesson study жүйелі  түрде жүзеге асты деп ойламаймын.

Бағалау барысында ең әділ төреші оқушы екеніне көзім жетті. Алғашында  түсінбестік болғанымен, кейін бағалаудың маңызын  түсінді. Өзін-өзі бағалау, жұптық бағалау кезінде оқушылар белсенділік танытты. Олар не үшін бағалағандарын білді   және  критерийлерді түсіндіріп айта білді.   Бағалаудың жауаптылығын сезіне білді.Өзін — өзі бағалау  оқушының өзіне деген сыни көзқарасына ықпалын тигізді. Мысалы, тест  тапсырмасын орындап болғаннан кейін оқушы өз жұмысына талдау жасап, жұмыстың қалай орындалғанына көзін жеткізіп отырды. Жұптардың бірін — бірі  бағалау   кезінде жұмыстың қалай орындалғанын,   бағаны не үшін қойып жатқанын  білді. Мысалы  «Әйтекенің  Орманбет биге «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң, жауыңа  найзаң тисін», — деуінің себебі неде?»  деген тапсырманы орындау барысындағы бағалауда, жұлдызын бере отырып, «грамматикалық қатесіне көңіл бөл», —  деген ұсынысын айтты.

Өзін және сыныптастарын жоғары деңгейде  бағалау дәрежесене  жеткен оқушы  өзіндік «мені» қалыптасқан оқушы. Ал өзіндік «мені» қалыптасқан оқушы мұғалімді де бағалай алады. Ол — сыни тұрғыдан ойлау қабілеті жетілген оқушы.  Мен осы төрт айдың ішінде  осындай   нәтижеге жеттім деп айта алмаймын. Бірақ бағалау барысында  бала бойынан жауапкершілікті, алға ілгерілеушілікті   байқадым. Бұл да бала  бойындағы  өзгеріс деп білдім.

Өзімнің   тарапымнан әр оқушының жұмыс үдерісін  бақылап, ақпарат жинауға тырыстым.  Сонымен бірге балаға  қолдау жасап отырдым. Менің байқағаным,  осы кезге дейін оқушыны аса көп мадақтамайды екенмін. Мұғалімнің «жарайсың», «бәрекелді», «тамаша»  деген сөздерінің өзі оқушыға үлкен сенімділік береді екен..  Тіпті, рефлексияға «осындай сабақтар жиі болса екен» деген  ұсыныстарын  жазған. Сабақты топтық, жеке, жұптық жұмыстар, кері байланыс, екі жұлдыз, бір ұсыныс, диалог жүргізу, критериалды бағалау  сияқты    әдіс — тәсілдерді қолдана отырып  жүргіздім. Топтық, жұптық  жұмыстарды бағалау кезінде оқушы жасалған жұмысқа сыни тұрғыдан қарауға үйренді. Нені   бағалау   керек екенін, қалай бағалау керек екенін білді. Сонымен бірге оқушының шығармашылық  қабілеттерінің ашылуына да көмегі тиді деп айта  аламын.

Адам қиыншылықтармен бетпе-бет кездесе отырып, кедергілерді  жеңе  отырып, өзгеріске ұшырайды. Ол үшін берік ұстаным, дұрыс бағыт болу керек, сонда ғана  өз әрекетін реттей алады. Жаңалыққа жаны құмар адамның құлағы түрік  жүреді,   үнемі  ізденіс үстінде болады. Ізденген адам әрқашан мұратқа жетері анық.   Ал менің мұратым — алдымда отырған қазақтың каракөз балаларын   жан — жақты  дамыған, талантты азамат етіп тәрбиелеу.

Жаңабаева Майра  Абдуллақызы

Қызылорда  облысы, Арал қаласы, №220 орта  мектебінің қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі

   
Пікірлер5
  1. Алмагуль

    Мақалаңыз жақсы жазылған. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша алынған әдіс-тәсілдерден алған әсеріңізбен бөліскеніңізге рақмет.

  2. гаухар

    Жазған мақалаңыз ұнады. Өз тәжірибеңізбен бөліскеніңізге рақмет. Сіздей білімді мұғалімдер өз тәжірибесімен бөлісе отырса, пайдасы мол болар еді…

  3. Әйгерім

    Майра апай менің апайым. Керемет жазылған. Барлығын оқып шықтым, өте жақсы, түсінікті.

  4. Нұрбану

    Оқушыларға берілген тапсырма олардың әрқайсфысының деңгейіне байланысты болуы керек.Жаңа бағдарлама жайлы өз тәжірибесімен бөліскен.

  5. Нұрбану

    Мақала ұтымды жазылған.Елбасымыздың жолдауынан алған сөздер мақалаға дәйек болып тұр.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ