Датуа мен Пертикела

Баяғы өткен заманда болды ма, болмады ма, кім білсін, әйтеуір Датуа және Петрикела деген екі жігіт өмір сүріпті дейді. Бұларға ортақ бір нәрсе -екеуі де барып тұрған алаяқ, жылпос екен.

Бір күні Датуа қапшығын мүкпен нығыздап, оның бетін жүнмен толтырып сатуға алып бара жатады.Тау жотасының баурайына тырмысып жүріп келе жатқанында оған Петрикела кездеседі. Петрикеланың да арқалаған қапшығы болады. Ол қапшығын түйе жаңғақтың қауызымен толтырып, ауыз жағына ғана нағыз жаңғақтарды салған екен.

— Қайдан келесің, қайда барасың? — деп сұрайды одан Датуа.

-Жаңғақ сатуға барамын. Ал өзің қайда барасың?-дейді Петрикела.

-Мен жүн сатуға базарға шықтым. Бірақ маған қазір ғана мынадай ой келіп тұр: біз осы жүгімізді арқалап, таудан өрмелеп, шаршап, шалдығып алысқа сатуға апарамыз, одан салпақтап кейін қайтамыз. Мұның бәрінен келіп жатқан пайда жоқ. Одан да қапшықтарымызды ауыстырайық: сен өз ауылыңа апарып менің жүндерімді сат, мен сенің жаңғақтарыңды алып, өз ауылыма апарып сатайын. Келісесің бе?

-Келіспегенде?! Жақсы ойлап таптың!

Екі жылпос ештеңеге күмәнданбастан, қапшықтарын ауыстырып, әрі қарай жүріп кетеді. Алыстап, бірін бірі көре алмайтын жерге жеткенде, екеуі де тұра қалып, қапшықтарын ашады. Бірін бірі оңбай алдағанын екеуі де көздерімен көреді! Бірақ не істейсің, болар іс болды!

Екі алаяқ көп ұзамай қайта кездеседі. Сәлемдесіп болған соң Датуа Петрикелеге былай дейді:

— Менің жылпостығыма ешкім жете алмайды деп жүрсем, бауырым, сен менен де асып түседі екенсің!

-Оған таңданатын несі бар, достым! Сен жылпостық жасағанда, мен неге соны жасай алмауым керек?

-Онда екеуміз бауыр болайық!

-Болсақ болайық!

грузин ертегісі

Сөйтіп, екі алаяқ достасып, бір бай адамға қызметші болсақ деп, бірге жұмыс іздеуге шығады.

Ұзақ уақыт жұмыс іздеп жүріп, ақырында әлдебір кемпірге екі қызметші керек екен дегенді естиді. Кемпірге келіп, одан қандай жұмыс беретінін, қанша төлейтінін сұрап біледі. Кемпір оларға:

-Менде мына үй мен бір сиыр ғана бар. Сендердің біреуің сыбызғыда ойнап, чонгури тартып, дабыл ұрып, сиырды өріске жайып қайтып тұрасыңдар. Өйткені менің сиырым осындай жағдайда жайылғанды жақсы көреді. Ал екіншің еденді сыпырып, үйді таза ұстайтын боласыңдар және қоқысты ауладан алысқа шығарып тастап тұрасыңдар. Осылай істейтін болсаңдар, сендерді үш мезгіл тамақтандырамын және тиісті ақшаларыңды төлейтін боламын. Осыған келісесіңдер ме? — дейді.

-Неге келіспейміз? Әрине келісеміз! — дейді Датуа мен Петрикела бірауыздан.

Келесі күні Петрикела үй шаруашылығымен айналысуға қалады. Ал Датуа жейтін нанын алып, сыбызғы, чонгури және дабылды ұстап сиырды өріске айдап кетеді.

Петрикела үйдің бұрыш-бұрышын жуып, шамасы келгенше тазалап шығады. Қоқыстың бәрін бір жерге жинайды, бірақ оны алысқа апарып тастауға мойны жар бермейді. Одан да көршінің ауласына төге салғанды мақұл көреді. Қоқысты енді төге бергенінде, ауланың иесі тап беріп, бұл мықтап таяқ жейді.

-Ендігәрі қоқысыңды біздің аулаға төгуші болма! — деп ол мұның денесін көгерте соғады.

Тұла бойы дел-сал болған байғұс Петрикела қораның ішінде сұлай жатып, «көршінің ауласы қоқыс төгетін жер емес екен ғой» деп ойлайды.

Дату жылпосқа да сиыр бағу оңайға түспейді. Кемпірдің сиыры жайылымның біресе мына басына, біресе ана басына қашып, кешке дейін тыным таппайды. Сиырдың соңынан зыр жүгірген Датудың екі аяғына тыным болмай, оның үстіне сыбызғыны сызылтып, чонгуриді шертіп, дабылды ұрғылап, әбден азапқа түседі.

Дату өрістен қараңғы кеш түскенде шаршап, шалдығып оралады. Тіпті тамақ ішуге зауқы болмайды. Ол қораға кірген бойда сылқ түсіп жатқан Петрикеладан:

-Бауырым, саған не болған, ауырып қалған жоқсың ба? — деп сұрайды.

-Неге олай деп сұрайсың?

-Онда неге сылқ түсіп жатырсың?

-Күні бойы үйді жудым, ауланы, қораның қоқысын тазарттым, содан кейін қоқыстарды көршінің ауласына қарай ысырып тастадым. Ал көршілер мені көрген бойда қонаққа шақырып, ағыл-тегіл, аста- төк дастархан басына отырғызып әбден сыйлады. Шынымды айтсам, тамаққа тым қатты тойып алғаннан шаршап жатырмын, шарапты іше- іше басым айналды… Ал өзің уақытты қалай өткіздің?

-Керемет! Несін айтасың, өріске келген соң сыбызғыны сызылтып, чонгуридің шектерін шертіп қойып, дабылды ұрғылағаным сол еді, кемпірдің сиыры лезгинканы билей жөнелсін! Маңайдағы бүкіл еркек- әйел жиналып, той-думан басталды да кетті дейсің! Міне, қарашы, нанымды жеуді ұмытып, үйге қайтып алып келдім!

-Олай болса, бауырым, сиыр бағуға ертең мен барамын. Ал сен көршілерге қонаққа барып, осында думандатасың!

Келесі күні Петрикела Датуа бастан кешірген азапқа тап болды: сиыры құрғыры күні бойы тыным таптырмай, зыр жүгіртіп қояды! Ал Датуа көршілерден Петрикела сияқты сыбағасын алады. Оңдырмай соққы жеген ол қораға құр сүйегін сүйретіп жетеді.

Сол күні түнде екеуі де бірін-бірі алдағандықтарын мойындап, бұдан қалай құтыламыз деп кеңеседі.

-Бұл жерден тезірек қашып құтылмасақ, иә аштан, не таяқтан өлеміз! — десті олар.

Датуа мен Петрикела неде болса қашуды ұйғарады. Бірақ кемпір кешке қарай есіктерді мықтап құлыптап жауып тастайды екен.

Петрикела былай дейді:

-Ұсақ-түйек киім-кешегімізді бір қапқа саламыз. Біреуіміз арқамызды төсеп, екіншіміздің қораның төбесіндегі тесік арқылы сыртқа шығуына көмектесеміз. Сол жерден арқан тастап, заттарымызды салған қапты және іште қалған біреуімізді тартып шығарып алатын боламыз.

-Керемет ойлап таптың! — дейді Датуа оған. — Мен сенен күштірекпін, сондықтан қорадан қапты да, сені де арқанмен тартып шығара аламын!

Петрикела арқасын тосып, Датуа шатырға шығып кетеді.

Бұдан кейін ол заттарды қапқа салып, өзі де сол қапқа кіріп алып, жоғарыға қарай:

-Әй, достым, тарт мына арқанды, бұл біздіңзаттарымыз салынған қап. Содан кейін арқанды қайта жіберіп, мені тартып ал! — деп дауыстайды.

Датуа қапты тартып алып, арқасына салады да, қаша жөнеледі.

Ол ұзақ жүгіреді, қатты шаршап, демалғысы келеді. Сөйтіп, қапты бір тастың үстіне лақтыра салып, жерге сұлай кетеді. Сол кезде:

-Өй, шайтан, ақырын! Бүйірімді ауырттың ғой!-деп қаптан Петрикела шыға келеді.

-Өзің шайтан! — дейді оған Датуа. — Қаптың қандай ауыр екенін білсең ғой! Тіпті белім үзіліп қалды!

Менің не кінәм бар? Егер біз бір-бірімізді алдамасақ, беліміз де, бүйіріміз де ауырмас еді ғой! — депті оған Петрикела.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер1
  1. Шынар

    Еркетай сайтына өте қуаныштымын, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ