Ұрысқақ кемпірлер және ақылды қыз

Бір ауылда екі кемпір өмір сүріпті. Біреуі өзеннің бергі жағында, екіншісі өзеннің арғы жағында тұрыпты. Бұл екеуінің ұрысқақтығы жұрттың бәріне белгілі болыпты. Екеуі екі жағада тұрып алып, күн шыққаннан кеш батқанға дейін ұрысудан жалықпайды екен. Бұлардың неге ұрысатынын, нені бөлісе алмай жүргенін ешкім де білмепті. Бір кемпірдің немере қызы бар екен. Әжесінің ұрысқақтығы оны әбден мезі етіпті. Содан кейін ол бір күні әжесіне:

— Сен өзенге барма, көршімен ұрысудың қажеті жоқ. Сен бармаған соң оның өзі де қояды, — депті.

— Не айтып тұрсың, қызым-ау! Ол мыстанның сөзін мен қалай жауапсыз қалдырамын! Бірдеңе деп көрсін, әкесін танытайын оның! — дейді кемпір.

Әжесі бір күні науқастанып, төсек тартып жатып қалады.

қыз туралы ертегі

Немересі таңертең өзенге келгенде арғы беттегі ұрысқақ кемпірдің балағат сөздерін тағы да естиді. Бірақ ол аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан кемпірге тіл қатпастан, мылқау сияқты тұра береді.

— Қарашы, мына қара есекке теріс мінгірді! — деп кемпір қызға қарай барқ ете қалады. — Қыш құмырадан сынып түскен бір елі бәле ғой мынау! Тіпті кербез ғой өзі, маңғазсынып, сөйлемейді ғой өзі! Оңбаған қара, қазір барып шашыңды талдап жұлармын!

Кемпір етегін түріп, өзенге түседі. Өзен терең болмаса да, су астындағы тастары мүк басқан, тайғақ еді. Өзеннің ортасына жеткенде кемпірдің аяғы тайып құлап, суға батып кетеді.

Қарсы жағада тұрған қыз жүгіріп жетіп, кемпірді қолтықтап көтеріп, жағаға аман алып шығады. Құрғақ тастың үстіне отырғызып, шашын тарап, орамалын түзеп тартуға көмектеседі.

Кемпір ұзақ уақыт үндемей отырады. Содан кейін өзін құтқарған қызға көзі жасаурап қарап, осы кішкентай қыздың алдында өзін кінәлімін деп санап, егіліп жылап жібереді…

Сол кезден бастап кемпірлер ешқандай балағат сөз айтпайтын болыпты. Сөйтіп, ауылдастары ұрысқақ кемпірлерден осылай құтылып, уһ деп тыныштық тапқан екен.

Пікірлер8
  1. Шынар

    барлық мұғалімдерге кеңес беремін. өте керемет сайт екен пайдаланыңыздар

  2. Гүлжан

    Ертегі өте жақсы жазылған. Балалардың тәрбиесіне қажет ақ.Осында қысқаша ерегілерді кітапша етіп басып шығарса өте жақсы болар еді.Кемпір сөзін әжейлер деп өзгертсе құлаққа жағымды естілер еді. Ертегінң видио нұсқасын жүктеп алып отырса жақсы болар еді.Әрине ғаламторы жоқ ағайындарға .Жақсы.

  3. Айжан

    Өте мағыналы екен қыздарымыздың тәрбиесіне үлгі болатын ертегі екен

  4. Айжан

    Ертегі өте мағыналы екен қазіргі ұл -қыздарымызға үлгі болатын ертегі екен

  5. Эльмира

    баланы түземе ең бірінші өзіңді түзе деп бекер айтылмаған екен. ата-анаға қарап өседі бала

  6. Женис

    Бәрекелді

  7. Алия

    Керемет жазылған ертегі екен. Маған ұнады. Елдің ертеңі болар жас ұрпақтың келешегіне алаңдаған әрбір ата — ана үлгі алар керемет ертегі желісі. Рахмет.

  8. Шаттық Мырзабековна

    Халық ауыз әдебиетінің бала тәрбиесіне берер үлгісі ұшан — теңіз. Мына ертегіні балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш және орта мектеп оқушыларына тәрбие сағатында немесе сыныптан тыс іс — шарада оқып берсек, бала дүниесін рухани байытарымыз сөзсіз. Елдің ертеңі болар жас ұрпақтың келешегіне алаңдаған әрбір ата — ана үлгі алар керемет ертегі желісі. Рахмет.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ