Алтыннан қымбат қолөнер

Баяғыда байлығы тасыған патша болыпты. Ол нәзірлері мен уәзірлеріне білдірмей, қайыршының киімін киіп, қалалар мен ауылдарды жиі аралап, өзі туралы жұрттың не айтатын тыңдайды екен.

Бір ауылға келгенде патша ай десе аузы, күн десе көзі бар керемет сұлу қызды көреді. Әдетте ол қызды көрген адам ішпей, жемей, тек сол сұлуға аузын ашып қарап қана отырады екен.

Патша сарайына оралған соң, уәзірлерін шақырып алып былай дейді:

-Пәлендеген ауылда керемет сұлу қыз тұрады. Соған барып, патша саған үйленгісі келеді деп айтыңдар.

Нәзірлер мен уәзірлер патша айтқан ауылға барып, сұлу қыздың үйін табады, бұлар да қыздың асқан сұлулығына таң қалады. Қыздың әкесі кедейлеу шаруа екен. Ол бастапқыда патшаның өз қызына ықылас білдіргеніне сене алмайды. Бірақ патшаның адамдары оны әбден иландырып, сендіреді. Сонда барып қыздың әкесі:

  • Біз патшаның құлымыз, ол қалай бұйрық етсе, сол болады, -дейді.
  • Қызым, — дейді әкесі осыдан кейін қызына қарап, — патша нәзірлері мен уәзірлерін құда түсуге жіберіпті. Оған қалай жауап береміз?
  • Оның қолынан қандай іс келеді? — дейді қызы.

-Саған не болған, қызым-ау, — дейді әкесі. — Ақылыңнан алжасқансың ба? Патшаның қандай қолөнері болушы еді? Ол әлемді бағындырып отырған адам, біз оның құлымыз, патша не айтса соны істейміз.

  • Жоқ, — дейді қызы, — менің күйеуімнің қандай да бір қолөнері болуға тиіс, әйтпесе мен оған күйеуге шыға алмаймын.

алтыннан қымбат

Қыздың жауабын нәзірлері мен уәзірлері патшаға жеткізеді. Патша таң қалады, бірақ басқа амал жоқ. Қыздың тілегін орындау үшін қолөнерін үйренуді ұйғарады. Қолөнер болғанда да, ең жеңілі деп кілем тоқуға дағдылана бастайды.

Осы өнерді жақсы үйреніп алған патша өзінің қалыңдығы үшін әдемі кілем тоқып бітіреді. Қыз ата-анасымен қоштасып, патшаның сарайына сапар шегеді. Патша жеті күні, жеті түн той жасайды. Сөйтіп, олар даңқ пен байлыққа бөленіп, бақытты өмір сүреді.

Арада бір, екі жыл өткен соң, патша тағы да қайыршының киімін киіп, қалалар мен ауылдарды аралап, өзі туралы жұрттың не айтатын тыңдауға шығады.

Осындай саяхаттарының бірінде қайыршы болып жүрген патша қарақшылардың қолына түсіп қалады. Олар оның қолөнері туралы білген соң өлтірмей, керісінше бір бай көпеске сатып жібереді.

Көпес патшаны қараңғы үйшікке қамап, қолына жүн беріп, осыдан жіп иіріп, кілем тоқуды бұйырады. Патша тоқыған кілемнің әдемілігі сонша, оған жер бетінде тең келетін кілем болмайды. Мұны көрген көпестің әйелі күйеуіне:

  • Бұл енді өте үлкен кілем тоқысын. Сен оны патшаға сыйлық ретінде апарып бер. Патша да қарыздар қалмай, бізге шапағатын тигізер, — дейді.

Көпес патша отырған үйшікке келіп:

  • Патшаға сыйлық жасағым келеді. Сондықтан сен жер бетінде жоқ кілем тоқы. Кілемнің ұзыны мен ені патша сарайының дәлізінен бір тал асып кетпесін не жетпей қалмасын! Осы шарт орындалмаса, басыңды аламын! — дейді.

қолөнер жайлы ертегі

Патша бұл ұсынысқа қатты қуанады. Өйткені өз сарайының ұзыны мен енін өзі жақсы біледі ғой. Сол себепті қожайын талап еткен кілемді ойдағыдай тоқып шығарады. Кілемнің бір ұшына өзінің әйелі ғана оқи алатындай етіп әріптерді қоса тоқып, қолға түсіп қалғанын хабарлап, өзін босатып алуды сұрап жазады.

Кілем тоқушының жұмысына разы болған көпес кілемді патшаның сарайына алып келеді.

Нәзірлер мен уәзірлер патшаның әйеліне сарайға әкелінген сыйлық туралы хабарлайды. Патшаның әйелі кілемді жайып жібергенде, ол бөлмені тұтас алып, бір талы да артық не кем болмай шығады. Әйел кілемді мұқият қарайды, сол кезде бір бұрышына жазылған әріптерді көреді. Жазылғанды оқып, күйеуінің бір пәлеге тап болғанын біледі де, өңі бұзылып кетеді. Патша бұрын да елді айлап, жылдап аралап жүре беретін. Бір күні қауіпті жағдайға тап болармын деген ой оның басына ешқашан келмейтін. Патшаның әйелі мына кілемді тоқыған адамды дереу сарайға алып келіңдер деп бұйырады.

Патшаның нәзірлері мен уәзірлері көпеске еріп барып, қараңғы үйшіктегі патшаны тауып алады. Бірақ патша өзгеріп кеткендіктен уәзірлер оны танымайды. Кілем тоқушыны моншаға апарып жуындырады, жаңа киімдер кигізіп, патшаның сарайына алып келеді. Көпес оған өзін патша сарайында қалай ұстауы керектігі жайында кеңес берумен болады.

Патша шатырға кірген кезде әйелі атып тұрып, оны құшақтай алады. Патша мен әйелі табысады.

— Сенің «қолөнер алтыннан да қымбат» деген сөздеріңнің ақиқат екендігіне енді көзім жетті, — дейді патша әйеліне алғыс айтып.

   
Пікірлер1
  1. Айгерім

    Оте сапалы ертегі.қолөнердің ештеңеге тең келмейтінін оте жаксы сипаттагаг.колөнер алтыннан да кымбат екенін балаларга ашып түсіндірілген

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ