Алтын сақа ертегісі

Ерте ерте ертеде бір бай өмір сүріпті, ол бір перзентке зар болыпты, зарыға жүріп ақыры перзентті болыпты. Бай бір күні жылқысын суара көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп, суға жоламайды.

Әлгі жерде бай жылқыларын қанша айдаса да, су ара алмайды. Сол кезде бай тұрып судағы жүзіп жүрген өкпені құрықпен түртіп көреді.

Өкпе суға батып кетіп, сәл уақыттан соң жалмауыз кемпір болып судан шығады да, байдың жағасынан ала кетеді.

Бай көзі алақандай болып, қорқып кетеді. Бай жалмауыз кемпірге: — Ат басындай алтын берейін, қоя бер, — дейді. Жалмауыз кемпір жібермейді. — Осы жылқыларымның бәрін берейін, қоя бер, — дейді. Кемпір көнбейді. Кемпірден сасып: — Енді не берейін? — дейді бай.

Кемпір: — Жалғыз балаңды берсең, жіберейін, — дейді. Бай жалғыз баласын бермек болады, кемпір байды қоя береді.

Кемпір байға: — Балаңды қай жерде бересің? — дейді. Сонда бай: — Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың, — дейді. Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады. Ертеңінде көшеді, жалғыз баласының алтын сақасын ұмыттырып жұртқа тастап кетеді.

Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Асық ойнайын десе, сақасы жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, жылайды. Сонда әкесі: — Кеше көшіп жүргенде жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой, — дейді. Бала бармақшы болады да, әкесінен: — Әке, қандай тайға мініп барайын? — деп сұрайды. — Жылқышыдан сұрап мін, — дейді бай.

алтын сақа ертегісі

Жылқышы балаға: — Құрығыңды құлдыратып, жүгеніңді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай бетіңе қараса, соны мін, — дейді. Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді.

Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Бала кемпірге: — Шеше, анау жатқан сақамды алып берші! — дейді. Сонда кемпір: — Шырағым, өзің түсіп ал. Кәріліктен отырсам — тұра алмаймын, тұрсам — отыра алмаймын, — дейді. Сонда бала: — Мен жастықтан түссем — міне алмаймын, мінсем — түсе алмаймын, — дейді.

Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде тайдын бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады.

Тай әлсірейін дейді. Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір бәйтеректің түбін кешке дейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де, кемпірге: — Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап демал, — дейді. Кемпір жатады. Түлкі тісті суға атады да, қазған шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады.

Кемпір тұра келсе, тісі де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып, бәйтеректі каза береді. Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп: — Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын, — дейді. Сонда жалмауыз кемпір: — Сен кетпенімді алып қашып кетесің, — дейді. Сонда түлкі: — Ол қырдың қызыл түлкісі, мен сайдың ақ түлкісімін.

Баяғыда бұл баланың әкесі аң аулап жүргенде мені қуып, соға жаздаған болатын. Сондықтан бұл балада менің кегім бар, — дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін суға лақтырып жібереді де, шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ.

«Олда, ойбай-ай, алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жаақындайды. Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарғалар өтеді. бала қарғаға: — Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар.

Жайлаудағы бес төбетіме хабар айта кетіңдерші, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, — дейді. Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір уақытта баланың төбесінен үйректер ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді.

Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен ары-бері ұшып жүреді де, баланың қасына келіп қонады. Бала қарлығашқа жылап тұрып, өз өтінішін айтады. Бұрын бала қыстауда болғанда ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан бала қарлығашпен дос екен.

Сонымен, қарлығаш баланың өтінішін төбеттеріне айтып барады. «Осындай пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін жалмауыз кемпір қазып жатыр, енді құлатуға таяу тұр», — дейді қарлығаш баланың төбеттеріне. Мұны естіген соң төбеттер шапқаннан шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге құлайды. Баланың төбеттері, жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт қылып, жүн-жүнін шығарып, талап тастайды. Бала төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне жетеді. Бала жалмауыздан аман-сау әке-шешесіне оралғанына қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады.

Содан біраз күндер өткен соң, сол баяғы жалмауыз кемпірдің қызы, құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің жүнжүні шығып, өліп қалғанын көреді. Кім өлтіргенін білу үшін сол жерді қарап жүрсе, иттердің ізін көреді. Мұнан соң қыз иттердің ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. Ол енді ауыл жақын екенін біліп, жүріп келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың үйіне алып келеді.

Осы кезде үй алдына жалмауыз кемпірдің қызының келгенін сезіп, бес төбет жалма-жан тұра ұмтылады, қыз кемпірдей емес, өте-күшті екен, бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала, садақпен атып, қыздың көзін шығарады, садақпен екінші рет атқанда қыз өледі. Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі құтылады.

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер32
  1. Исмаилова Алма Ораковна

    Балаларға берері мол ертегі

  2. Мақпал

    балалар осы ертегіні өте жақсы көреді. Рахмет сіздерге

  3. Калбиби

    тәрбиелік мәні зор

  4. Баян

    курылымы оте курдкли ертегі тусиндиру жургизу барысы киындау болуы мумкин

  5. Алия

    Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі — ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан – ұрпаққа ауызша жеткізіп келеді. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз.

  6. Стэлла

    Осы ертегісі өзім жақсы көремін, себебі тәрбиелік бар.

  7. Елена

    Бала кезіміздегі ертегі, таиаша, рахмет!! Балалық шаққа саяхат болып келдім))

  8. Жумамуратова Жулдыз

    Ертегіні тыңдап балалық шағым есіме түсіп кетпесі барма.Керемет мағыналы балалар үшін таптырмас дүние.сау болыңдар Сайттан қалаған ертегімізді таптық.алғысымыз шексіз

  9. Рахметова Айтолқын

    Осы ертегімен ер жетіп, мыстаннан қорқып, алтын сақаны армандап өскен едік. Қайран балалық шақ десеңші.

  10. Айгүл

    бала кезіміздегі ана-аналарымыз айтатын ертегі, осы ертегіні ойласам, оқысам әкешім есіме түседі. рахмет.

  11. Сауле

    Ертегі өте жақсы. Балалық шақты еске түсіреді.

  12. Айдын Қанатқызы

    Жаксы екен. Бала кезімізде есімізге түсірді. Рахмет. Көркейе беріңіздер

  13. Ирода

    Ертегі маған ұнады балаларғо мен өзіме қатты ұнады

  14. ҒАЛИЯ

    Дауыс ырғағын мәтін желісі бойынша қызықтыра оқыса екен деген ұсыныс жасағым келіп тұр. керемет ертегі ,балалар үшін қызықты.тәрбиелік маңызы зор

  15. Айгерім

    Өзіміз бала кезде осы ертегімен ұйқыға жатушы еді . Қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігін бейнелейді.

  16. Гулмира

    Ертегі баланың ойлау қабілетіне жақсы екен

  17. Гүлжан

    Ертегіні мәтін түрінде және аудио түрінде жасағандарыңызға рахмет. Себебі балалар мәтінді оқыу арқылы және аудио ертегіні есту арқылы есте сақтау қабілеті дамиды.

  18. лаура

    Тағы да ертегі түрлері болса керемет болар еді

  19. Ерсайын

    керемет ертеги

  20. Бекзат

    Ертегі қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтін ертегі. Соның ішінде асық. Демек бұл ертегі қазақтың ұлттық ойындары жайлы мәліметтер береді.

  21. Шынар

    ертегі өте керемет, ұнады, ертегіні тыңдай отырып балаларға асық туралы да мағлұмат бердім, ұмытылып бара жатқан асықты таныстыруға қызықтыруға көмегі тиді, рахмет

  22. Шынар

    Сіздердің жариялаған мақалаларыңыз мұғалімдерге таптырмас көмекші екені сөзсіз

  23. Таңшолпан

    Ертегі қызықты, балаларға ұнады. Мұқият тыңдады рахмет.

  24. Жанар

    «Алтын сақа» ертегісі ұнады, өте жақсы. Күйбең тіршілікпен жүріп ертегі оқымақ түгілі, телефонымызға келген хатты оқуға уақыт таппай жатамыз, Еркетай ұжымына рақмет

  25. Жанар

    «Алтын сақа» ертегісін отбасымызбен бірге оқып, тыңдадық. Рақмет сіздерге еркетай ұжымы

  26. Динара

    Ертегі өте жақсы жазылған. Мазмұны түсінікті. қызықты. Ұнады

  27. Серікболсын

    Балалық шаққа саяхат. Өте пайдалы дүниелер екен. Шығармашылық табыс тілеймін

  28. Анар

    ертегі өте жақсы екен аудионы естіп ,жүре бересің,
    5 сыныпта оқып едік

  29. Анар

    өте жақсы екен аудионы естіп ,жүре бересің,б
    5 сыныпта оқып едік

  30. Қаһарман

    Ертегі өте жақсы екен. балалық шақ бал даурен еске түсті. маған ұнады.

  31. Айжамал

    ертегі өте керемет Балалық шақты еске алдық

    1. МАРЖАН

      Заманнын дамыганнын осындай ертегиден билесин керемет

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ