Қазақта «Әу демейтін қазақ жоқ» деген сөз қолданысы бар. Кез келген қазақтың ән шырқап, сайын даланы әнмен тербететіні хақ. Әнші ретінде танылып, суырыла алға шығып даралану үшін асқан дарын, тума талант қажет. Қатаң сындардан сүрінбей, өзіндік сипатпен ерекшеленуі тиіс. Әнді кең тыныспен, асқақ үнмен, шыңына жеткізе шырқай білу – шеберліктің шырқау биігі, бұл – әншіге қойылатын қатаң талап.
Тарихы тереңнен тамыр жайған Тұрмағамбет ауылының тумасы, киелі Қармақшының «Ақ баяны» атанған Раушан Дастанбекқызы Сырдың сырлы сазымен сусындап бой жетті. Жастайынан өнерге, әсіресе ән – жыр өнеріне бір табан жақын болып өсті. Күмбірлеген киелі домбыраның әуенімен жарыса салған әсем әні жиылған жұртшылықты қайталанбас әсерге бөлеп, әнге деген ынта – ықыласын канағаттандырып, сүйіспеншілігін арттырып, ерекше сезімге баурайтын.
Мектеп қабырғасында жүріп – ақ түрлі өнер байқауларына қатысып, алтын ұя мектебінің, туған елі – Тұрмағамбет ауылының атағын асқақтатып, талай жеңісімен қуантты, халқының қалаулысы болды.
Халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ата – ананың үмітін ақтап, ауылының абыройы, бауырларының «ақ тәтесі», жолдастарының жанашыры бола білген Раушанның біршама жетістіктеріне көз жүгіртсек:
2005 жылы аудандық «Туған жерге арналады әуенім» атты патриоттық әндер байқауына қатысып, үздік өнер көрсеткені үшін «Бас жүлдеге» ие болып, «Диплом»-мен марапатталды.
2006 жылы 10 наурызда аудандық білім қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты – 2006» өнер фестивалінің лауреаты атағы берілді.
2007 жылы 6 қазанда оқу – тәрбие үрдісіне қосқан елеулі үлесі үшін «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ»-мен марапатталды.
2008 жылы «Ақ баян» атты Мәдина Ералиева атындағы аудандық әншілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін «ДИПЛОМ»-мен марапатталып, облыстық байқауға жолдама берілді.
2009 жылы 23 желтоқсанда Аудандық Жыраулар үйі және «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданының 80 жылдығына орай аудандық «Отан деген Ордам бар» атты патриоттық әндер байқауында үздік деп танылып, «Бас жүлде»-мен марапатталды.
2010 жылы 23 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның орындауындағы әндерден ІІ облыстық «Ақ баян» әншілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін ІІ дәрежелі «ДИПЛОМ»-мен марапатталды.
2011 жылы Аудандық «Туған жер» атты К.Дүйсекеев әндерін орындаушылар байқауында үздік өнер көрсеткені үшін «Бас жүлдеге» ие болып, «ДИПЛОМ»-мен марапатталды.
2012 жылы шілдеде 6 шілде – Астана күні мерекесіне арналған аудандық «Елдің төрі – Елорда» атты патриоттық әндер фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін «АЛҒЫС ХАТ»-пен марапатталды.
2012 жылы Аудандық «Сағындырған әуендер» атты 1970 – 80 – 90 жылдардағы әндерді орындаушылардың ретро фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін «ДИПЛОМ»-мен марапатталды.
2012 жылы 18 қазанда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілдігінің қолдауымен Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің 20 жылдығына орай «Әнім сенсің – Байқоңыр» облыстық ретро әндер фестивалінде ІІІ орын иеленіп, «ДИПЛОМ»-мен марапатталды.
2012 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына орай білім қызметкерлерінің арасында өткізілген әскери – патриоттық әндер орындаушылар байқауына белсене қатысқаны үшін «АЛҒЫС ХАТ»-пен марапатталды.
Ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болды. Халықтың: «Сөз – күміс, ән – алтын», «Ән өмір ұзартады» деген асыл сөздері осы өнерге арналған.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да ән мен күйдің құдіретін жырлап:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй – деген.
Раушанның әрбір сызыла салған әні сәуір туып, рахмет туы көте¬ріл-гендей әсер қалдырары сөзсіз. Қашанда Қазақ дейтін қара ормандай халқыңның ай маңдай аруы болып, өнеріңнің өрге жүзіп, жұлдызыңның биіктен жарқырауына игі лебізімді білдіремін.
Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Мыңжасарова Светлана Кенбайқызы