Бездер

ағзадағы бездер

Адам ағзасында өте көп әр түрлі заттар түзетін ерекше мүшелерді бездер деп атайды. Кейбір бездер ағзадан затта бөліп шығарады, мысалы тер. Ол өте кішкентай тер бездері арқылы бөлінеді. Бездер өзінің атқаратын қызметіне қарай: сыртқы секреция бездері — бауыр және сілекей бездері, ішкі секреция бездері — қалқанша без, гипофиз, бүйрек үсті безі, эпифиз деп бөлінеді. Тәулігіне адам ағзасында 1,5 литр тер, 8 литрдей асқорыту сөлі және бар-жоғы бір миллиграмға жетпейтін гормон жиналады.

Сүт бездері

Кеуденің алдыңғы жағында екі емшек орналасады. Олардың түсі жалпы адамның терісінің түсінен өзгеше болады. Жыныстық жетілуге дейін ұлдар мен қыздарда олардың айырмашылығы байқалмайды. Бірақ қыздарда балиғатқа толу кезінде олардың көлемі ұлғайып, кеуденің алдыңғы жағынан білініп тұрады.

Біртіндеп бұл жерде пішіні жарты шар тәрізді, жұп мүше — сүт бездері жетіледі. Қыздарда сүт бездері — аналық жыныс гормондарының әсерінен дамиды. Осы дамыған сүт бездерінде жаңа туған нәрестені қоректендіретін — ана сүті түзіле бастайды. Сүт бездерінде сүт әйел босанар алдында пайда болады.

Сілекей бездері

Егер тамақ жеген кезде, адамның аузы кебірсіп, құрғап кетсе, онда шайнаған тамақ қиын жұтылады. Ал адамның тамаққа тәбеті жақсы болса, онда сілекей бөлініп, ауыздағы тамақ оңай жұтылады. Сонымен сілекей ауыздағы тамақты суландырып, оның оңай жұтылуына мүмкіндік жасайды. Сілекейдің құрамында 99 пайыз су, қалған 1 пайыз минералды заттар, белоктар және ферменттер болады.

Осы ферменттердің көмегімен ас қорытылуы ауыз қуысында басталады. Ауыз қуысындағы тамақтың құрамындағы қанттың күрделі молекулалары жай заттарға ыдырайды. Сілекейдің құрамындағы минералды заттар тіс түбіне тұнып, тістің сыртына тас жинақталады. Сілекей бездері — шықшыт безі, тіл асты безі және жақ асты бездерінен бөлінеді.

Кейбір химиялық заттар, мысалы темекінің түтінен шығатын никотин, сілекейдің пайда болуын тежейді. Сондықтан, ондай кезде адамның аузы құрғап кетеді. Қалыпты жағдайда сілекей бездерінен тәулігіне бір литрге жуық сілекей бөлінеді.

Тер бездері, тер шығару

Адам ыстық болғанда, ауыр жұмыс жасағанда және спортпен шұғылданғанда терлейді. Сондай-ақ, қатты қорыққан кезде немесе бір нәрсеге ренжігенде де терлейді. Біздің денеміздің ылғалданып, терімізді ұсақ тұзды тамшылардың жауып кететінін не деп атаймыз? Тер шығару — адам денесіндегі температураны реттеудің негізгі әдістерінің бірі. Адамның терісінде өте кішкентай тер бездері болады.

Бір квадрат сантиметр теріде 500-дей (ал маңдай терісі мен қолтық астындағы теріде одан да көп) тері бездері орналасады. Адамның бүкіл денесінің терісінде 2,5 миллиондай тері бездері кездеседі, олар тәулігіне орта есеппен 300—400 миллилитрдей тер бөледі. Ауыр жұмыс жасаған кезде немесе өте ыстық болғанда, адам денесінен 5 литрдей тер шыға- ды. Дене қызуы көтерілгенде де тер шыға бастайды.

Ол терінің бетіне шыққаннан соң буланады, соның әсерінен адам ағзасы тоңазиды.Шыққан тердің құрамында су және суда еріген мочевина мен кейбір қышқылдар болады. Бұл заттардың өзіне тән иісі бар, олар терінің сыртына шыққаннан кейін сырттағы ауаның әсерінен ыдырайды. Міне, кейбір адамдар терлегенде, олардан жағымсыз иіс шығатыны осыдан. Сондықтан, ондай иіс шықпау үшін үнемі жуынып, таза жүру керек.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Шықшыт безі дегеніміз не?

Жетілу процессі

Ішек дегеніміз не және оның атқаратын қызметі.

Бүйрек және Бүйрек үсті безі туралы ақпарат.

   
Пікірлер5
  1. Акмарал

    Бездер қандай кішкентай болғанымен олар адам өмірінде өте маңызды функцияларды атқарады екен

  2. үміт

    макаланызда пайдалы кызыктыратын акпарат коп екен

  3. Эльвира

    Сыртқы секрециялық бездер адам өмірінде қажетсіз өнімдер ғой, жақсы жазылған екен

  4. Жанар

    Сүт бездері туралы ақпарат керек болған, рахмет!

  5. Гүлбану

    Сілекей безі туралы ақпарат қызықтырды

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ